• Әдебиет
  • 19 Мамыр, 2016

Алаш үшін азап шеккен

Таң  атты, күн батты. Өткінші жауындай өтіп бара жатқан өмір-ай! Осыдан сексен жылдай бұрын Мәскеудегі НКВД-ның Бутырка түрмесінде Алашы үшін азап шеккен Әлихан атамыз тұтқын анкетасын өз қолымен толтырыпты. Мамандығын журналист, аудармашы деп көрсеткен. Туған жері – Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысындағы 7-ауыл. Әлеуметтік тегін қазақтың ұлымын, әкем 1900 жылы, анам 1918 жылы қайтыс болған депті. Револю­ция­дан кейін қазақтың Алашорда Үкіметінің төрағасымын деп тайға таңба басқандай жазып кетіпті. 

Тізесін бүкпеген, айылын жи­маған, ешкімнен қаймықпаған. Қазақ­тың талай арысы жапон шпионы деген жаланы азапқа шыдамай мо­йындағанда, жалғыз Әлекең ғана сынбапты. Рухы тасты да шабатын ал­даспандай болғаны ғой. Шың­ғыс ­хан­нан, Жошыдан тамыр тартатын асыл қаны бүлкілдеп соғып тұрғаны ғой. Мен білетін саясаткерлерден СССР деген алып державаның іргетасын қалап кеткен Ленин анкетасында мамандығын «журналист» деп жазған. Сталин «марксист» деп жазыпты. Бұл екеуі де негізгі мамандықтары басқа бола тұра, журналист болған. Ленин «­Искра» газетін шығарып, өзі редактор болса, Сталин бүкіл мақалалары мен сөйлейтін сөздерін өз қолымен жазған. Осы екі тұлғаны да Әлихан атамыз көзіне ілмеген. Әлекеңді әуелі Бутыркаға қамап тастағанда ескі марксист, Сталинге сөзі өтетін қарт бәлшебек, Маркстің өзін көрген В.Шелгунов: «Әй, Коба, кімді тұтқында ұстап отырсың?» деп босаттырыпты. Әлихан атамыздың үйқамақта болуы содан. Бірақ ақырында НКВД Нығымет Нұрмақов екеуін бір күнде атып тастаған. Әлихан Бөкейхановтың Ленинді де, Сталинді де бойына теңгермегеніне тағы бір дәлел бар. Ленин Алашорданы ақтап, кешірім жасағаннан кейін Қазақ елінің атынан Ресеймен келіссөз столына Алашорда Үкіметі отырады. Әлекеңнің өзі баратын жөні бар ғой. Бармайды. Алаш арыстарының ішіндегі ең жасы – Әлімхан Ермековті жібереді. Ленинмен төрт сағат ырғасқан Ә.Ермеков Қазақстанның осы бүгінгі шекарасын шегелеп, басқа да көп шаруаны тындырып шығады. Сонда Ахмет Байтұрсынов айтты деген сөз бар. «Ленинің біздің Әлімханмен төрт сағатқа сөйлесуге жарады. Осал емес екен» деген екен. Біз университетте оқы­ғанда марксизм-ленинизм классик­терінің талай еңбектерін оқыдық. Сонда Ленин алты тіл біледі деп оқытқан ұстаздарымыз – ғылым докторлары. Біздің Әлихан Бөкейханов атамыз тоғыз тілде еркін сөйлеп, көсіліп жазған. Францияның күні бүгінге дейін шығып келе жатқан «Фигаро» газетіне француз тілінде 1930 жылы екі мақаласы жарияланған көрінеді. Шіркін, тауып әкелсе ғой. Сонда кім мықты? Әлекең бе, Ленин бе? Амал нешік, бәрі НКВД-ның қызыл қасабында құрбан болды. Не дейміз? Өткенге – салауат, бүгінге – барақат дейміз. Бүгінгі ұрпақ осы Алаш арыстарындай болса екен деп армандаймыз. Ұлы Абай «Болмасаң да ұқсап бақ» деген сөзді бекер айтпайды ғой.

Мағауия СЕМБАЙ, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ҚАРАҒАНДЫ

2515 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы