• Әдебиет
  • 30 Маусым, 2016

ЖЕҢІМПАЗДАР ТОЙЫНЫҢ МӘЗІРІ

«Жібектей есілмеген   жолға» аңдатпа

Сергей Плеханов – бүгінгі белгілі орыс жазушыларының бірі. Көбінесе ол тарихи тұлғалар төңірегінде қалам тербейді. Орыстың тұңғыш қағаны Святослав, соңғы патшасы Екінші Николай, жазушы Писемский жайындағы романдары жұртшылық жүрегіне жол тапқан тұщымды туындылар. Таяу Шығыстың танымал Мемлекет басшылары Оман сұлтаны Кабус бин Сайд, Катар әмірі Хамад бин Ханифа эль Тани, ирак билеушісі Саддам Хуссейн жайында жазған еңбектерінен оқырман қауым көрнекті қайраткерлердің елі мен жері, өмірі мен қызметі жөнінде қыруар деректер, тың мағлұматтар алады. Ал оның дүйім дүние таныған даңғайыр қайраткер, кемел ойлы саясаткер, абзал азамат Нұрсұлтан Назарбаев жөніндегі «Жібектей есілмеген жол» атты кітабы өткен жылы «Халықаралық қатынастар» баспасының «Әлем көшбасшылары» ұласпасының беташары болды. Онда Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің көшелі қайраткер болып қалыптасуы Кеңес Одағының қарыштауы мен құлдырауын, ақыры құлап тынуын, жаңа дербес мемлекеттің өмірге келуін айқындайтын оқиғалар аясында айшықталған. Елде баянды бейбітшілік пен қылаусыз тыныштықты сақтай отырып, ойлағандай осы заманға мемлекет құрып, бұрынғы кеңес республикаларымен, Шығыс пен батыстың айтулы елдерімен өзара тиімді серіктестік қатынастар орнатып, халықаралық бейбіт бастамаларға ұйытқы болып отырған елбасшымыздың ерең еңбегі мен өнегелі өмірі шығармада өте нанымды бейнеленген. Сондықтан оны аударып өз оқырмандарымыздың назарына ұсынуды парыз санадық.

Сарбас АҚТАЕВ, жазушы

1991 жылдың 16 тамызында Алматыға Борис Ельцин келді. Бір күн өткен соң Ресей мен Қазақстан Президенттері «Біртұтас экономикалық кеңістік туралы» мәлімдемеге қол қойды. Ол барлық республикалардың экономикалық тұжы­рым­­дамасын жасауды қарастырады. Одақ­тық шартқа қол қойылғаннан кейін оған қатысты мәселелердің барлық жиын­тығын кешіктірмей қараудың қажеттігі туралы мәлімделді. Ельцин әдет­тегісінше «буын босатып», содан Мәскеуге ұшуы кеш­і­гіңкіреп қалды. Ал ақыры ол аттанып кеткеннен кейін көп ұзамай, 19-ының ертесінде астанада түсініксіз әлденелер басталды. Теледидар құлақтандырылған ха­бар­­лар­дың орнына Үлкен театрдың қойылымындағы «Аққу көлі» балетінің жазбасын көрсетті. Сосын оған хабарлар түсе бастады. Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік Комитет құрылыпты. КОКП Орталық Комитетінің Хатшылығынан жаңадан пайда болған Комитеттің нұсқау­ларын қолдау жөнінде түсіндірме түсіпті. Ондағы не абыр-сабыр? Горбачев дұш­пандарының билікті басып алуы ма? Ал мына ТЖМК-дағы қайраткерлер онсыз да билікте жүр емес пе – Вице-президент, Премьер, Қорғаныс министрі, МҚК төрағасы, Ішкі істер министрі. Одан жоғарылағанда қайда бармақ? Президенттің мақұлдауынсыз қимылдамақ тұрсын, мыңқ дей алар ма олар деген күмән-күдік туды. Бірақ оған тағы да шаң жұқпайды – демалып жатыр. Араға апта салып Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Жоғарғы Кеңесі депутаттарының алдында сол бір мазасыз күндерде не болып, не қойғаны жайында айтып берді: «Жасыратыны жоқ, төңкеріс туралы хабар естен тандырарлық болды, өйткені сіздер құсап не болып жатқанын мен де 19 тамызда таңертең естідім. Шынын айтқанда, Янаев тобының басты сенгені тұтқиылдан қимылдап, армияның, МҚК мен ІІМ-ның қолдауымен күш қолданып, қысым жасау, сөйтіп кез келген қарсылықтың бетін қайтарып, үстемдікке қол жеткізу. Менің кабинетімде Мәскеуден естілген алғашқы қоңырау МҚК-ның бұрынғы төрағасы Крючковтікі болуы тегін емес. Паңдана қамқорси сөйлеп ол орталық биліктің ТЖМК-ның қолына көшкенін хабарлап, ол қылмыс пен мафияның көзін құртады деді. Менің М.С.Горбачев қайда, оқиғаның бұндай бетбұрысына оның көзқарасы қандай? – деген сұрағыма Крючков КСРО президенті Қырымда, денсаулығы нашар, тіптен ауыр халде, мемлекет басқаруға мүлдем қабілетсіз, қабылданған шешімдерге келісті, – деп жауап берді. Заңдық рәсімдердің бәрі сақтала отырып, бұл уақиға таяу сағаттарда құжаттармен бекітілетін болады-мыс. Мен бірден КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Лукьяновпен байланыстым. Алайда ол жөнді ештеңе түсіндіре алмады, демалыстан енді ғана оралғанын, жағдайды білмейтінін айтты. Келесі әңгіме премьер Павловпен болды. Крючковқа қарағанда ол әңгімені сенімді арнаға бұрып, былайынша, ауыздың дәмін кіргізгісі келді. «Елдің экономикасы құзға құлап бара жатыр дегеннен бастап, оны дағдарыстан шығару үшін төтен шаралар керек, ал ол үшін барлық әдіс жақсы, – деді. Бұл арада конституциялық қимылды ойлауға мұрша жоқ. Төтенше жағдай тек белгілі бір жерлерде ғана әңгімеленеді, үкімет бұрынғысынша түбегейлі эконо­ми­ка­лық реформалар бағытын жүргізе береді, – деп сендірді». Төтенше жағдайдың алғашқы күні Қазақстан Президенті сақ отырды. Саясаткер толық ақпаратқа ие болмай тұрып, оқыс қимыл жасап алса, оның салдары тым ауыр болады. Оның үстіне Назарбаев Қазақстанда тұрақтылық пен тәртіп сақталады, биліктің барлық буындары Конституцияға сәйкес жұмыс істейді деп мәлімдеп те қойды. Республикалық теледидар, сонан соң газеттер қазақстандықтарды ТЖМК-ның күллі құжаттарымен таныстырды. Тыныштыққа шақыратын үндеу жариялауға нұсқау беріп, президент республикада басқарудың ерекше тәртібін енгізудің қажеті жоқ деп мәлімдеді. ­Ортаазия округының әскерлері мен ІІМ бөлімдері сақадай-сай тұрғанымен, қалалардың көшелеріне шығарылмай, казармаларында жатты. Назарбаевқа ВЧ арқылы Янаев телефондап, жағдайды өзіне тиімді райда түсіндіргісі келді. КСРО вице-президенті Горбачев болып жатқандардың барлығынан хабардар деп сендірді. Одан көп ұзамай (Алматыда онда ақшам болатын) орталық теледидар журналистері алдында ТЖМК-ның мүшелері келген баспасөз конференциясынан хабар таратылды. Янаевтың мәлімдемесі оның телефонмен айтқанын бекіте түсті. «Михаил Сергеевич Горбачев қазір Қы­рымда демалып, емделіп жатқанын айтуға тиістімін. Шынында да, осы жылдары ол қатты шаршады, сондықтан денсаулығын түзету үшін оған бәзбір уақыт керек. Михаил Сергеевичтің тез оңалып, өз міндеттерін атқаруға қайта оралатынына сенетінімізді айтқым келеді. Михаил Сергеевич Горбачев 1985 жылы бастап берген бағыттан біз бұдан былай да таймаймыз». Бәрі де президенттің ТЖМК-ның мақсаттарын шын мәнінде бөлісетінін көрсетті. Олай болса, эфирге оның мәлімдемесін неге бермейді. Бәлкім, бұл оның кезекті қулығы болар – басқаның қолымен от көсеуге тырысып, онысы сәтсіз болса, кінәні жоспарды жүзеге асырушыларға аудара салу ежелгі әдеті емес пе. Алайда Комитетке кірген қайраткерлер өзін арандатуға тартқанын білмейтін соншалық ашықауыз аңқау болғаны ма? Олардың бірі КСРО Қорғаныс Кеңесі төрағасының орынбасары, Саяси бюроның мүшесі, Орталық Комитеттің хатшысы, Қорғаныс өнеркәсібіне басшылық етеді. Тамыз оқиғаларының алдында ғана Алматыға келіп, Назарбаевпен Семей полигонында америкалықтармен бірлесіп ядролық оттұмсықтарды сынау және жарылыстардан зардап шеккен республика тұрғындарына үш миллиардтай өтемақы төлеу мәселелерін талқылаған-ды. Білікті де жауапты адамның кейпін танытқан еді өзі. Өзгелерімен де Нұрсұлтан Әбішұлы Мәскеуде талай кездесіп жүр, оларды Қазақстанда да қабылдағаны бар. Жоқ, олардың ойланбастан әбес қимыл жасауы миға сыймайды. Келесі күні Назарбаев халықты тыныштандыру үшін теледидардан сөйлеуге бел буды. Өзінің мәлімдемесінде ол экономиканың құлдырауы салдарынан, саяси тұрақсыздықтан Кеңес Одағында өмір қатерлі шекке жетті, оның аржағында қоғамның толық құлауы ғана тұр, – деп атап көрсетті. КСРО халық депутаттарының төртінші съезінде Горбачевты өзгерістер жүргізудегі дәйексіздігі мен батылсыздығы үшін сынағанын еске салды. Төтенше жағдайға қатысты оны тек заңнамада қарастырылған тәртіп бойынша ғана жариялауға болады, – деді. Сондықтан КСРО мен республикалардың Жоғарғы Кеңестерінің мақұлдауынсыз өздерін ТЖМК деп жариялаған бірнеше кісінің әрекеті күмәнді, ал шығарған құжаттары республикалардың егемендігін аяққа басу және елдің нарықтық экономиканы таңдап алған бағытын елеп-ескермеу. О күндері абдырағандар көп болды. Әскери округтар командашылары мен ішкі әскер округтерінің командашылары бүкіл ел бойынша өздерінің тікелей бастықтарының, яғни Қорғаныс министрі мен Ішкі істер министрінің бұйрықтарын ғана орындады. Бірақ бастапқы өкімнен әрі ештеңе болған жоқ. Генералдардың маршал Язовпен байланысуға тырысуынан тәулік бойы ештеңе өнген жоқ. Назарбаев онымен 21-і күні ғана байланысты, онда ТЖМК-ның астанаға бақылау орнату әрекетінен ештеңе шықпайтыны белгілі де болған. Нұрсұлтан Әбішұлы Язов 80-ші жылдардың басында Ортаазия әскери округының қолбасшысы болып тұрғанда онымен достық қарым-қатынаста болып, отбасыларымен араласып тұрған-ды. Не болып жатыр өзі? – деген сауалына Назарбаев «Ақымақтармен байланысып қалғаным» деген жауап алады. Ардагерді авантюраға тартқандары айқын болды. Енді Қазақстан басшылығы ТЖМК-ны құрған бір топ кеңес басшыларын айыптауға шықты. Сол күні кешкісін ВЧ арқылы ­Назарбаев­пен байланысқа Горбачев шықты. Ол үш күн бойы оқшаулықта болғанын айтып, Мәскеудегі әрекетті «оңшыл әскери төңкеріс» деп атады. Күллі қазақстандықтарға және Назарбаевтың жеке өзіне заңды сайланған билікті қолданғаны және айнымағандығы үшін алғыс айтты. Сонан соң өзінің қабылдау бөлмесінде Крючков, Язов, Бакланов пен Тизяков отырғанын, сондай-ақ Жоғарғы Кеңес Төрағасы Лукьянов пен КОКП Орталық Комитеті бас хатшысының орынбасары Ивашко ауызба-ауыз әңгімелесу үшін келгенін хабарлады. Әрі қарай КСРО президенті өзі атаған адамдардың төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеттерін жеке-жеке сипаттап беруін өтінді. Назарбаев жедел теледидарға аттанып, республика халқына үндеу тастап сөйледі, онда ол Горбачевпен әңгімелескенін айтып, қатерлі кезеңнің біткенін мәлімдеп, жұртты бүкіл ел мен республиканы жаңғыру жолын­дағы бұдан былайғы жұмысқа шақырды.

[caption id="attachment_37770" align="aligncenter" width="700"]Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Б.Ельцинмен. 1992 жыл Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Б.Ельцинмен. 1992 жыл[/caption]

Ал оқиғалар қарыштап өршіді. Орталық теледидар Мәскеу көшелерінен репортаждар бере бастады, танк мұнарасына шығып алып құжынаған тобырдың алдында сөйлеп тұрған Ельцинді қайта-қайта көрсетті. Үш суреттен тұратын ежелден таныс пьеса ойналып жатқандай әсер туды: броневиктегі Ленин, жанталасып жүрген сорлы премьер Керенский, Қысқы сарайға шабуыл. Тек қазір большевиктер көсемінің рөлін Ресей Президенті өзіне алған да. Горбачев – Уақытша үкімет басының орнында қалған. Ол үкіметтен олар 1917 жылы абыройсыз айырылған жоқ па еді... ТЖМК-ның құрылуын бүлік деп атады. Бірақ бүлікшілер неге КСРО президенті жанұясымен үкімет саяжайында жатқан Қырымға жөңкіледі. Олар келгенін хабарлап, Горбачевтың Назарбаевқа телефон шалуы тағы да түсініксіз. Алайда анықталғанындай, олармен әңгімелесуге зауқы жоқ ол Ельцин жіберген ұшақпен Мәскеуге тартып отырады. Ал оның ізімен оралған гекачепшілерді траптан тұтқынға алады. Шамасы, бүлікшілерді тәуекелге салып пайдаланған болса керек. Егер заң шығарушы және атқарушы биліктің бұлар бас көтерер алдындағы іс-әрекеттерінің бірізділігін қадағаласаң, Горбачевтың оқиға барысын белден басып, өз пайдасына бұру пиғылына әкеп соқтыратын саяси дамудың бұлжымас қисынын байқайсың. ТЖМК-ның алғашқы даярлығы Литвадағы әрекет болды. Әскерилердің телеорталықты басып алу жөніндегі әрекеті жергілікті компартия хатшыларының бірі басшылық еткен Ұлттық құтқару коми­тетінің құрылуына үйлес келді. Жұмысшы жасақтарын құруға қарекет жасалды. Вильнюсьтің ізін ала Латвияда төңкеріс сценарийін жасады. Рига ОМОН-ы Ішкі істер министрлігінің ғимаратын басып алды. Компартияның жергілікті басшылығының қала мэрі Риги Рутикс бастаған бөлігі Одақтық орталыққа ниеті түзу үкімет құруға әзір болды. 1990 жылдың 3 сәуірінде КСРО Жо­ғарғы Кеңесі «Төтенше жағдайдың құқық­тық тәртібі туралы» Заң қабылдады, ол жеке өңірді немесе тұтас елді басқарудың айрықша тәртібін ретке келтірді. КСРО-ның жаңа піскен президентінің тапсырмасымен бұл заңды іс жүзінде қолданудың тәсілдері жасақталды. Дәл осының өзі ТЖМК-ның бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін тоқтату жеке жиын­дар мен шерулерге тыйым салу жөніндегі іс-қимылының құқықтық негізі болды. Сценарий жасалған екен, тиісті құ­қық­тық база әзірленді дей бер, демек көрсетілім болуға тиіс. Ал оның бүге-шігесіне дейін ойластырылмауы режиссердің орындау­шыларды түпкі ойымен бақайшақтап таныстырмағанын дәлелдейді. «Сендер бастай беріңдер, нұсқауды мен жағдайдың өрістеуіне қарай беремін» деуі әбден мүмкін ғой оның. Алайда барлығы дайын болған соңғы сәтте қастандық машинасын тоқтату мүмкін болмай қалғанда, кенет бір жаққа жалт береді ол. Горбачев Қырымға демалысқа аттанар алдында 3 шілде күні КСРО үкіметінің мәжілісі өтіп, онда дағдарыстан шығу үшін төтенше шаралар қажет деген пікір басым естіледі. Президент жалпы көңіл күйді қуаттап, былай дейді: «Сондықтан да төтенше шаралар қажет, яғни төтенше. Барлығын мәжбүрлеңдер... Сөз мынау туралы, егер төтенше шараларды жағдайдың өзі жасатып тұрса, барлық мемлекеттер төтенше жағдайда қимылдаған және қимылдай да береді». Қорытындысында ол жиналғандарға тілек тілеп: «Мен ертең сіздердің келісімдеріңізбен жұмыстарыңа бөгет болмас үшін демалысқа кетемін» деді. Бүлікшілер кейін Горбачевтың Қырым саяжайына жіберілген өкілдері одан: «Сайтан алсын сендерді, не ойласаңдар, соны істеңдер» деген екіұшты жауап алып, сосын президентпен қол қысысып, Мәскеуге аттанғанын айғақтады. Резиденциядағы телефондардың кейбірін алып тастап, өзінің дәлелін де әзірлеп қойған. ТЖМК-ның іс-қимылы оның өзі атқарушы орган болып табылады да, шешім шыға­рушы орталық Комитеттен тыс тұрады деген ойға жетелейді. Олардың іс-әрекеті бәз­біреудің нұсқауларын күтіп, ол бола қой­маған соң үрейге бой алдырады дегендей әсер қалдырады. Тегінде осы ­баты­м­­­­сыз­дықты Ельциннің төңірегін­дегі­лер бай­қап, оны КСРО президентінің оғаш оқшау­лануымен байланыстыруы заңды. Олар бір айғақ тауып, Горбачевқа диктатура әзірлеуге қатысты екенін сездіріп, оның айтқанға көнуін күтіп отыруы әбден ық­тимал. Шынында да, Ресей басшылығы үшін төңкерісті әзірледі деп оны ашық айыптау өте ерсі болар еді – онда ТЖМК-ның әрекеті заңды болып шығады ғой. Ал қар­маққа түскен Горбачевты айтқанға көн­діріп, айдағанға жүргізу недәуір оңай болды. Үшкүндік «қамаудан» кейін Мәскеуге оралған Горбачев өзін жеңімпаз ретінде көр­сете алмай, Ельцин мен оның айнала­сын­­­дағылардың қолындағы қуыршақ сияқты болды. Ресей Президенті де, демо­к­­­­­­раттардың көшбасшылары да «құтқа­рыл­ғанға» ешқандай құрмет көрсеткен жоқ. Олардың митингілері мен жиналыстарында сөз алып жүрді ол, бірақ алғашқы лекте емес, тізімнің соңғы жағында тұрды. Әсіресе, оның 24 тамызда төңкерісшіл тобырға лық толған Манеж алаңына шығуы керемет қорлық болды. Шара соңында микрофонға зорға жеткен ол әскерлерді Мәскеуден шығарған күні бронетранспортердің астына түсіп опат болған үш жас жігітке Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы жарлықты оқудан жақсы ештеңе таппады. Ал олардың қазасында салғырттықтан басқа ешқандай батырлық болмайтын, тек қайғылы кездей­соқ­тықтың құрбаны болғандарды аяйсың. Бұлай жалбақтау Горбачевқа бедел қосқан жоқ, керісінше, бұқараның сезік-сезімі оған кешегі піріңді жел ұшырып әкетті дегендей болды да, оның саяси тәбеті тұтанып, ол КОКП Орталық Комитетін де, МҚК-ны басып алуға әзір тұрды. Тек қана демо­кратиялық төңкерістің Гавриил Попов тәрізді көсемдерінің араласуы арқасында қырғынның алды алынды. ­Горбачев мұндай сын сағатта үндемей құтылды. Тіпті журналистердің «қырым тұтқыны» жөніндегі сауалдарына сақтықпен әрең жауап берді. Өзін қарсы алуға жиналған баспасөз өкілдеріне болған жайдың барлық шындығын ешкімге де айтпайтынын мәлімдеді. Ресей парламенті депутаттарының жиналысында Ельцин Горбачевты тағы да қорлады. Таяудағы «тұтқын» сөйлеп тұрған мінберге тақап келіп ол Компартияға тыйым салу туралы жарлықты жариялады да, табан аузында көптің көзінше оған қол қойды, ал КОКП-ның бас хатшысы бірдеңені міңгірлегендей болды да сап тыйылды. Осының алдында ғана баспасөз конференциясында партияны жер-көкке сыйғызбай мақтап, оның қатарында қайта құрудың жақтаушылары көпшілік екенін айтып, Орталық Комитет хатшылары қайта құру идеяларына берілген абзал адамдар деп көпірген-ді. Ал мына жерде депутаттардың кекесінді көзқарасы астында «лениндік өсиет­тердің жалғастырушысы» тілін жұтып қойғандай үнсіз тұр. «Еңбекшілер аван­гар­ды­ның» тарихы осылай абыройсыз аяқталды. Сол күні, 22 тамызда Нұрсұлтан ­Назарбаев Саяси бюро мен КОКП Орталық Комитеті құрамынан шығатынын жариялады. Оның уәжін, яғни өз шешімін бүлік күндері партия басшылығы ­Саяси бюроның мүшесі ретінде сөз салып, ТЖМК-ны қолдау жөніндегі мәлімдемеге қол қоюын сұрағанымен байланыстырды. Қазақстан Президенті сондай-ақ респуб­лика коммунистерінің алдына КОКП-дан шығып, дербес партия құру жөнінде мәселе қоймақ ойы барын мәлімдеді. Бірнеше күннен кейін Горбачев та өзінен КОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы өкілеттігін түсіретіні жөнінде хабарлап, шын мәнінде партияның тарағанын жариялады. Бұл әрекеттерді мақұлдау үшін Орталық Комитет пленумының қажеті болған жоқ. Бұл күндері Н.Назарбаевта Қазақ­стан­ның, сондай-ақ бүкіл одақтың алдын­да не тұрғаны жөнінде айқын түсінік қалыптасқан еді. Сол кезде Қазақ КСР-нің Мәдениет жөнін­дегі Мемлекеттік комитетінің төра­ғасы болған Қанат Саудабаев былай еске алады: «23 тамыз күні мені Н.Назарбаев шақырды. Ұзақ кіріспесіз Нұрсұлтан Әбішұлы тоқетерін айтты: «Енді бізде Мәскеумен мүлдем басқа серіктестік қарым-қатынас болады. Бұдан былай партия болмайды, сондай-ақ таяуда Кеңес Одағы да болмас. Сондықтан Мәскеуде Қазақ КСР-нің КСРО-дағы Өкілетті өкілдігі ашылмақ. Қарсы болмасаң, сені Өкілетті өкіл етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қоямын». Ал 16 қыркүйекте Нұрсұлтан Әбішұлы мені осы лауазымда М.Горбачевқа алып барды, қинала қалжыңдап ол: «ел тарихындағы Подвойскийден кейінгі екінші Полпред қой бұл» деді. Нақ сол кезде оқиғалар өршіп өрістей берді. Украина тәуелсіздік жариялады. КСРО Халық депутаттарының съезі өзін-өзі тарату жөнінде хабарлады. Одақтық шартқа әзірлік кезекті рет тоқтап қалды. Барған сайын Горбачевтың күні санаулы екені айқын бола бастады. Назарбаев іс насырға шауып, Одақтың құлауына апара жатқанын сезді, енді күн тәртібінде – Қазақстанның толық тәуелсіздігі. Ол республиканың меншікті алтын қорын қалыптастыруға дереу кірісу қажеттігін мәлімдеді. Басқа да республикалар сияқты, Қазақстан да егемен мемлекет ретінде мойындауы үшін Біріккен Ұлттар Ұйымына шықты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің мәжілісінде 26 тамыз күні сөйлеп Қазақстан Президенті әлі де Одақтық шарт жайында айтқанымен, оның одақішілік қатынастарды түсінуі бұрын айтқандарынан мүлдем бөлек болып шықты: «...Біз конфедеративтік шарт жа­сауды ұсынамыз. Тек сонда ғана біз респуб­ликалардың шынайы теңқұқы­лы­ғына қол жеткіземіз деп кәміл сенемін. Тек осы арқылы ғана нағыз федерацияға келе­ті­німізге сенімім мол. Айтқандай, ­новоогарево шарты іс жүзінде конфедеративтік еке­нін атап айтқым келеді. Демек, кәне адал мо­й­ын­­дап ақыры бәрін өз орнына қояйықшы. Бейэкономикалық шарттың қорытын­дысы тек тұрақты да тыныш жағдайда, тек адам құқығын толық кепілдендіре бір-біріне сенетін республикалар арасында ғана болуы мүмкін». Бүліктен кейінгі кезеңде Назарбаевтың қоғамдық істерге ықпалы айқындаушы болды, ол шынайы саяси ауыр салмақтыға айналды. Содан бастап негізгі мемлекеттік мәселелерді Горбачев, Ельцин, ­Назарбаев үштігі шешетін болды. Немесе тіпті басқа тәртіпте – Ельцин, Назарбаев, ­Горбачев. Атап айтқанда, КСРО прези­ден­тінің уәкілдік беруімен Назарбаев Халық депутаттарының төтенше (және соңғы) съезінде одақтық президент пен респуб­ликалар жоғары жетекшілерінің өтпелі кезеңдегі мемлекеттердің өмір сүру қағидат­тары баяндалған мәлімдемесін жариялады. Назарбаевтың бастамашылығымен 1 қа­занда Алматыда әзір сөз жүзінде Одаққа кі­ретін егемен мемлекеттер басшыларының кездесуі өтті. Онда республикалар ара­сын­дағы экономикалық келісімге қол қою жоспарланды. Ол келісім шын мәнінде Одақтық шартты алмастыруға тиіс болатын. Ельциннің болжамы бойынша бұл Горбачевтан билік өкілеттігінің қалғанын біртіндеп тартып алар қадам. Қайта құру атасы қатты абыржып, кездесу қарсаңында Қазақстан Президентіне телефон шалды: – Егер мұндай жоба қабылдайтын бол­саңдар, оны өздерің жасаңдар, Нұрсұлтан... Мен сенен күдіктенген жоқ едім. Бәлкім, мәселені экономикалық келісім саяси одақпен өзара байланысты болатындай етіп қоярсыңдар. Бір аптаның ішінде оны жетілдіріп, қол қойып, сосын жеті-сегіз мемлекет ратификациялайтын шығар. Одақтық базар қалыптасады, ал қалғандарға сол одақпен істес болуға тура келеді. Бізге мәселенің басын ашып, кімнің қайда тартатынын анықтап алған маңызды. Борис Николаевич Одақтық шарт айлардың шаруасы дейді. Назарбаев оны Одақтың шартқа тезірек қол қойылуына күш саламын деп жұбатты. Әрине, ол жалғыз өзі бұған кепіл бола алмайтын-ды. Ал Ельцинге ықпал етер тетік Горбачевтың қолында жоқ еді. Бұл кезде Қазақстан өзі туралы ха­лық­аралық аренада сеніммен айта ­бастаған-ды. 1991 жылдың басында-ақ Түркия Прези­денті Тұрғұт Өзал Нұрсұлтанның шақыруы­мен республикаға келіп қайтты. Одақтық билікке соқпай мұндай сыртқы ­саяси байланыстарды жүзеге асыру өкілеттігі бұрын КСРО субъектілерінің бірінде де болмаған. Өзінің әлем елдеріне сапары барысында Қазақстан Президенті көптеген жетекші саясаткерлермен, атап айтқанда, АҚШ Президенті Бушпен, Ұлыбритания Премьер-министрі Джон Мейджермен, Оңтүстік Корея Президенті Ро Дэ Умен, Сингапур саясатының атасы Ли Куан Юмен тікелей байланыс орнатты. Қытайға барған сапары кезінде ҚХР басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, бірқатар келісімдерге қол қойылды. Ельцинмен бірге Назарбаев Таулы Қарабахқа сапар шегіп, онда екеуі армян-әзербайжан қақтығыстарын реттеу жөнінде келіссөздер жүргізді. Сөйтіп, барынша ықпалды екі елдің президенттері құлауға айналған одақтық орталықтың міндетін өз мойындарына алды. Соған қарамастан Горбачев өз мәнді­лігін жоймағансып, әр істің басын бір шалды. Саяси консультативтік кеңес құрып, оған Александр Яковлев, Шеварднадзе, Бакатин, Собчак сияқты күні өткен оншақты тұлғаны тартты. Алайда оқиғалардың барысына бұл ұйымның ешқандай ықпалы болған жоқ, сондықтан Кеңес Одағының президенті құрған Федерация Кеңесі, Президент кеңесі... секілді басқа да жаңа құрылымдар құсап, ол да тез тарады. Басты бақталасы Ельцинге қарағанда Горбачевтың бағыт-бағдары тым әлсіз болып шықты. Халық депутаттарының съезі сайлайтын «номенклатуралық» жолды артық санап, КСРО президенті сайлаушылардың тікелей ризалығын алған жоқ. Оның барынша ымырасыз бақталасы бүкілхалықтық баламалы сайлауға түсіп, жеңіп шықты да, Кеңес Одағының ең үлкен республикасы халқының ең заңды өкілі болып, парламент сайлаған президенттен беделін асырды. Нұрсұлтан Назарбаев пен республи­каның басқа да көшбасшылары бұдан тиісті қорытынды шығарып, тікелей сайлауға дайындалды. Қазақстанда сайлау желтоқсанға белгіленді. Дауыс берер бюллетеньде тек бір кандидат Назарбаев қана тіркелгенімен, сайлау науқаны кезіндегі сайлауалды жиналыстары мен бұқаралық ақпарат құралдарында қызу пікірталастар туды, сол себепті сөзсіз сайлануға ешқандай кепілдік жоқ еді. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы республиканың түрлі өңірлерінде болып, сайлаушылар алдында жиі-жиі сөз сөйледі. Баспасөз бен теледидарда қарсылық білдірушілер мен сын ескертпелерге жауап қайтарды. Нәтиже – 99% дерлік, сайлаушылар даусы, әрине, кеңес сайлауларының көрсеткішін еске түсіреді, дегенмен Назарбаевтың абырой-беделіне қарасақ, бұл ауызбірлік ешқандай күмән туғызуға тиіс емес. Ұлт көшбасшысына бұл әбден жарасымды. Оның беделі рес­публикада ғана емес, сонымен бірге бүкіл Кеңес Одағында аса мәнді саяси байлыққа айналды, ағынмен ығып бара жатқан астам державаның капитаны да амал-айласында соған есеп жасайды. Горбачев жармасып айырылмай жүрген Одақтық шартқа қол қою кейінге ысырыла берді. Оны жақтаушылар да азайып барады, Ельцин мен Кравчук пікірін үнемі өзгертеді де отырады. Тек Назарбаев қана берген сөзіне берік, сондықтан КСРО президенті соған ғана жүгініп, бәзбір ғажайып күтеді. Ельцин Нұрсұлтан Әбішұлын айнал­шықтап, Горбачевтың Одақты жаңғырту идеясына берілген ең ықпалды одақтасын бейтараптандырғысы келеді. Ал іс жүзінде «славян бауырлары» Кравчук, Шушкевич­пен сепаратистік келісім жасап, сөз байласады. Ақыры, 8 желтоқсан да жетті, келесі күні Одақтық шартқа қол қою жоспарланған. Күңгірт суық кеште Назарбаев президент ұшағына берілген траппен үкіметтік Внуково-2 әуежайына түсіп келе жатты. Оны Қазақстанның КСРО-дағы өкі­летті өкілі Қанат Саудабаев және алдағы уақи­ғаларға ынта қойып қызыққан журна­лис­тер­дің үлкен тобы күтіп алды. Нұрсұлтан Әбішұлы Горбачевтың Ресей, Украина және Қазақстан Президенттерімен күтіліп отыр­ған кездесуіне оптимизмен қарай­тынын айтты: Одақтық шартқа қол қоюдың мүмкіндігінен де күдер үзбейді екен. Оған қол қойылса, республикалар үшін де, бүкіл жаңар­тылған Одақ үшін де өркендеу мен ын­тымақтастықтың жаңа кезеңі ашылар еді.

[caption id="attachment_37769" align="aligncenter" width="700"]Халық ақыны Шәкір Әбеновтің Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бата беру сәті.  1991 жыл, желтоқсан. Халық ақыны Шәкір Әбеновтің Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бата беру сәті.
1991 жыл, желтоқсан.[/caption]

Баспасөз өкілдерімен қысқаша тілдесу аяқтала бергенде оған Ельциннен телефон арқылы өзімен дереу байланыс жасасын деген хабар жетті. Тұтқадан Ресей Президентінің даусы шыққанда оның тәп-тәуір сілтеп алғаны білініп тұрды. Оның үздік-создық әңгімесінен Ельциннің Украин, Беларусь әріптестерімен бәзбір құжатқа қол қойғаны белгілі болды. Беловежье нуында Одақтық шартқа қол қоюдан бас тартып, оның орнына Тәуелсіз Мемлекеттердің ынтымақтастығы деген түсініксіз бірдеңені құруға келісіпті. Өз атынан және қол қойған екеудің атынан Ельцин Назарбаевты өздеріне шақырады. Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай мәселелерді Мәскеуде КСРО президентінің қатысуымен шешу керек еді деді. «Біздің Горбачевпен кездесуіміз ертеңге белгіленген. Сонда әңгі­мелесерміз» деп Назарбаев әңгімені үзді. Автомобильдердің салтанатты шеруі Ленин даңғылымен зырлап Кремльдің қасынан, КОКП Орталық Комитетінің бұрынғы ғимараты қасынан өтіп, қар басқан Чистопруд бульварымен келіп, рес­публика президентінің резиденциясы бар Қазақстан өкілдігі үйінің қақпасына кіріп, көрінбей кетті. Ертең Беловежье үштігі Мәскеуге келетін сияқты. Бәлкім, барлығы ойлағандай күрделі де емес, сындарлы әңгіме үшін мүмкіндік бар шығар. Бірақ президент өзін қалай сендіргісі келсе де, көңілі алай-түлей – Беловежьедегі ішіс елге тым қымбатқа түсуі мүмкін, экономикалық өзара байланыс онсыз да көз алдында бытырап үзіліп жатыр, енді тым құрыса бұрынғы кеңес республикаларының қорғаныс одағы сақталып қалса жарар еді. Назарбаев Горбачевқа: не істейін, үйге қайтайын ба? – деп телефон соғады. Ол келі­­сілгендей, таңертең Кремльге кел деп өтінеді. Оның кабинетіне кіріп, Назарбаев мүлдем құлазыған, өзіне деген сенімді­лі­гінен айырылған, астам державаның көшбасшысына еш ұқсастығы жоқ жуантық мырзаны көреді. Горбачевтың қонағын қынжылтқан алғашқы сөзі: – Байқайсың ба, олар бірінші маған телефон шалуды қажет деп санамаған Бірден Бушпен байланысқан... – болды. Тіпті қазірдің өзінде оны бәрінен бұрын басымдық мәселесі толғантып тұр. Орамалымен күреңітіп кеткен туабітті қалы бар маңдайын бір сүртіп қойып, әлде біреуді сыбырлай сыбап алып, ВЧ аппаратына қол созды да, қайта тартып алды. Есіктен Ельцин көрінгенде КСРО прези­денті оған бірден бас салды, жалтыраған қара көзінен шынайы өшпенділіктің оты жарқылдайды. Оның еңгезердей бақталасы да ыза буып қарсы тұра қалды, зады мықтап ішкеннен онша айығып кетпеген тәрізді. Горбачев шабуылға шықты: көзі тірі президент тұрғанда бұған батылдарың қалай барды, бұл не деген сепаратистік сөз байласу, Конституцияны таптадыңдар ғой... – Сіз не, тергеуге шақырдыңыз ба мені? – Ағы қызарып кеткен көзін кабинеттің қожайынына зілдене қадап бұрқ етті: – Сіз енді президент емессіз. Ол тұрып, үстелді айнала жүріп, ­Горбачев бүрісіп отырған орындықты түр­тіп, салмақты үнмен бір-ақ түйді: – Мұнда мен отыратын боламын. Мен! Президент емес, әншейін ғана біреудей Михаил Сергеевич те бәлекейге басты дерсің. Кәне, бас қолбасшы кім? Конституцияның кепілі кім екен? Одан әрі барып тұрған бейпіл балағат кетті. Ельцин де қарыздар боп қалған жоқ. Ұрыс-керіс біржарым сағатқа созылды – дұшпандар, иә дұшпандар, бұған енді ешқандай күмән қалған жоқ, бір-бірі туралы не ойлайтынын айтып тауысқанша айғай-ұйғай біткен жоқ. Бастапқы бетте Назарбаев келістірерліктей ескерту жасап көріп еді, бүйірі қызған даугерлер оған құлақ асқан жоқ. Сондықтан ол Кеңес Одағын құртқан драманың ақтық көріністерінің үнсіз куәгері болып қала берді. Өздерінің билікқұмар менмендігін мыңжылдық мемлекеттің мүддесінен жоғары қойған кеудемсоқ екі адамның өзара өшпенділігі жауласқан армиялардың қол жеткізе алмайтынын қас пен қабақтың арасында жасап тастады. Оның көз алдына өткенде сан мәрте қайталанған көріністер тізіліп қайта келді – ұсақ-түйек талас-тартыс салдарынан ұлылы-кішілі мемлекеттер құлаған, атақты әулеттер ыдыраған, діндердің арасында жік шыққан. Өзінің төл Отанының тәуелсіздігі қарсаңында бұдан артық тәлімді сабақ алуға болмас. Келесі күні Алматыда республика Жоғарғы Кеңесінің алдында Нұрсұлтан Назарбаев Бүкіл халық сайлаған Қазақстан Президенті ретінде ант берді. Ал тағы да алты күннен кейін тәуелсіздік жариялау жөніндегі құжатқа қол қойды.

Сергей Плеханов

2646 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5812

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5480

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3218

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2604

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2565

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2544

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2277

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2259

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы