• Тарих
  • 27 Шілде, 2016

Көңіл кілті

Ауылда туып-өсіп, ана тіліміздің бай құнарын бойына дарытқан ақын Бөрғазының Өскенін мен білгелі жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Туа-бітті ақын болып жаратылған Өсекең өлеңді өмірлік серігі мен алданышы етіп келеді. Аудан, облыс көлемінде өткен жыр мүшәйрасында шабыттана өлең оқиды. «Өзгеге көңілің тоярсың, өлеңді қайтып қоярсың» деп ұлы Абай айтқандай, көңіл шері мен ішкі иірім, толқынысын жыр шумағымен түйіп тастауды әдет еткен. Жетпістен асқан шағында оқырманға онға жуық жыр кітабын ұсынған Өсекеңнің әр жылдары жарық көрген кітаптарынан уақыт тынысын, сол кезеңге байланысты адам жаратылысының, ой-сезімінің қалай құбылып, өзгеріп отырғанын байқаймыз.

Әр жылдары «Заман-ай», «Теріскей толғауы», «Киелі топырақ», «Сағыныш» атты жыр жинағына қолтаңба жазып, өкшесін алып келе жатқан рухани інісі ретінде сыйлаған екен. Кітаптан кітапқа ақын ойы шымырланып, өлеңдерінің көркемдігі келіскен Өскен Бөрғазының жуырда ғана «Ордабасы» баспасынан жарық көрген «Көңіл кілті» атты 29 баспа табақтан тұратын таңдамалы өлеңдер жинағының орны бөлек. Бұрын-соңды жарық көрген кітаптарына енген өлеңдерінің таңдаулыларын іріктеп, қайта қарап, екшеп, оқырманға өзінің көңіл кілтін, жыр шумағын ұсынды. Адам мен табиғат, жастық пен махаббаттың үйлесімдігін терең тебіреніспен толғайды. Әрбір өлеңінде сезім шынайылығы мен жан дүниесінің терең қатпары еркін сезіліп тұрады. Тоғыз бөлімнен тұратын таңдамалы жыр жинағында тақырып пен мазмұнына сәйкес өлеңдерін топтастырып, сегізінші бөлімге жаңа өлеңдерінің басын біріктіріп, соңғы бөлімінде өзі туралы әдебиет сыншылары мен әріптестерінің әр жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларын жариялаған. Созақта журналистік қызмет атқарып жүргенде Өсекеңмен ағалы-інілі жақын сыйластықта болдық. Өсекең жастайынан оқу-ағарту, жас ұрпақ тәрбиесінде басшылық қызмет атқарды. Мектеп басшысы, кеңшар кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы, кәсіптік-техникалық мектеп директоры болып, абыроймен еңбек етті. «Құрмет» орденінің иегері, Созақ ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері. Зейнетке шыққанда ауыл ақсақалдары Созақ ауылдық әкімдігі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы етіп сайлады. Өсекең партия сарбазы болып жүргенде де көкейіне оралған жыр шумағын іркіп қалған емес, ойын батыл жеткізді: «Қанша уақыт бір сүрлеуді таптадық, Қанша уақыт тар өреге шапталдық. Социализм биігіне шықсақ та, Таза ауасын жұта алмастан қақталдық», «Проценттер қинады ғой жанымды, Проценттер сындырды ғой сағымды. Процентпен өлшенер ме, іңкәрлігі жарымның, Процентпен өлшене ме, тазалығы арымның» деген шумақтары соның куәсі. Партия жетекшісінің сол кездегі саясатқа қарсы өлең арнауы тосын құбылыс еді. Елді сүрліктіріп, жұмысбастылыққа салған, ақпар жиып, процент қуған науқангершіліктен мезі болған жан ойын іркіп қала алмады. Ақынның жыр шумағындағы тосын ойлар тыңдаушыға бөлекше естілді. «Көңілімді күпті етіп, Қайғы орнатқан заман-ай, Алаңға ту тіктіріп, Айқайлатқан заман-ай. Қызыл сөзбен жарысып, Жалпылдаған заман-ай. Кертартпалар қарысып, Талпынбаған заман-ай. Бастап жаңа қалыпқа, Мақұл еткен заман-ай. Іштегі шерді шығарып, Ақын еткен заман-ай» деген шумағында уақыт өктемдігіне ақын наразылығы атойлап, сезіліп тұрды. Бодандықтан – бостандыққа, езгіден – еркіндікке ұмтылған ақын жүрегі ұзақты күн кеңседе қағаз жазып, жоқтан бар құраған жасандылықтан ығыр болып, қарапайым халықпен бірге тыныстап, жақын болуды аңсады. Әлеуметтік тегін жіктеп тастаған уақыт пен саясат құрсауынан сытылып шыққысы келді. Төңірегінде болып жатқан құбылыс ақынды бейжай қалдырмады. Ой ұшқынын тұтатып, өлең шумағын өзіндік пайым, топшылаумен өрнектеуге талпынады. Саналы жанға күнделікті тіршіліктің қатпар-қатпар құпиясы мен күнгей-көлеңкесі ой салмай қоймайды. Осындай отты шумақтарын 1991 жылдың тамыз айында «Қазақ әдебиеті» газетінің Созақтағы күндері өткенде газет редакторы Оралхан Бөкей, орынбасары Тұтқабай Иманбековтер «Шу» кеңшарындағы Өсекеңнің шаңырағында болған кезде оқып бергенінің куәсі болған едім. «Бір күн өтті, Бір күнге өмір азайды. Өткен бір күн — Көр тышқандай қажайды. Күнің айға, Айың жылға ұласып, Уақыт — дұшпан, Тарттыратын сазайды» деген шумақтарынан ақын жаны мен болмысының нәзік екенін байқауға болады. Егделік жасқа жетіп, шабыт шалқарында құлашын кең сермеген ақын, азамат ағаның оқырманын жақсы жырларымен қуанта беруін тілер едік. «Созақ», «Теріскей» десе, мына бір жыр жолдары: «Топырағы Созақтың, Тарихы ол қазақтың!» немесе мына бір жыр шумағы: «Теріскейде қарт Қаратау күзеткен, Мәрт халық бар қонақ күткен ізетпен. Өр халық бар кедейлігін білдірмей, Жалаңаяқ табанынан сыз өткен» деген шумағы ойыма еріксіз орала береді. Теріскейдің үлкенді- кішілі жұртының барлығы дерлік жатқа айтып жүретін «Елге сағыныш» әні мен «Теріскей толғауы» атты өлеңнің авторы да қазір жырсүйер қауымға белгілі ақын Бөрғазының Өскені. Өскеннің таяу­да ғана жарық көрген «Көңіл кілті» таңдамалы жыр жинағынан да ақынның туған өлкесі – Созақ тақырыбы Теріскейдің майда қоңыр салқын самалындай жанға жайлы есіп тұрады. Қандай қаламгердің болмасын шығармашылық болмысына ақ сүт берген анадай ықпал етіп, қалыптастыратын туған жер тақырыбы ерекше етене екені белгілі. Бірақ, Өскен жырларында туған жер – құрғақ мақтаныш, риторика, екпінді пафос ғана емес, ол жүректі жарып шыққан шынайы перзенттік сезім саздары. «О,Созақтың киелі топырағы, Кейіпің терең ойға батырады. Сарытап төбелерің өркеш-өркеш, Тарихтың қойнауына шақырады». «Көтерілісте ұран болған азаттық, Тұншықтырды тажал елге азап қып. Сонан бері көрдік қанша кемсіту, Болғанымыз үшін біз тек созақтық». Осындай қа­дау-қадау жыр шумақтарында ақын туған жері туралы ағынан жарылып, кеңінен толғайды. Ақын кейбір өлеңдерін көп сырлы терең­дікпен, жан-жақты­лық­пен, кең ауқымдылықпен сомдаған. Ол өлеңдері бір-бір дастанның жүгін көтеріп тұр. Өскен поэзиясында бастауында ұлы күйші Сүгір тұрған Қаратау бойының шертпелері ерекше орын алады. Бала кезінен терең тебіреністі шертпе күйлерге қанып өскен ақын Өскен, ақындық әлеуеті кеңейіп, талант тынысы кеңи келе күй табиғатын жан-тәнімен түйсініп, күйдің тылсым да көпсырлы пәлсапаға толы тәтті әуендерін поэзия тілінде сөйлетуге сәтті әрекет жасай білген. Таңдамалыға Сүгір күйшіге арнаған «Тоғыз тарау» және «Қызғаншақ болды ма екен Сүгір күйші» атты өлеңдері енген. «Сәулетті Сүгір тіккен күй отауы, Отауда өркен жаяр ұя толы. Жаныңды, тәніңді де баурап алар, Бар шығар шертпе күйдің биотогы». Шынында да, шертпе күйдің биотогы бар шығар. Өйткені, ол ауруды сауықтырады, жабырқау жанды жадыратады, алаңсыз жанды мұңайтады, ойсыз жанды толғандырады, арман-үмітімен үндеседі. Не деген бұл тылсым күш! Ол үшін күйді түсіне білу керек, табиғатың қазақ болуы шарт. «Күйшінің жүрекжарды сыры болар, Жан пида іңкәрліктің жыры болар. «Тоғыз тарау» - Сүгірдің күй дастаны, Осы күй – көп тараудың бірі болар». Иә, Сүгір күйшінің тоғыз тарау күй дастаны болған сияқты. Сонда қалған сегіз тарауы қайда?! Әрине, бізге жетпеген. Оның жауабын ақынның өзі береді: «Сүгірдің күй әлемі – сая бағы-ай, Қуартып алдық көбін аяламай. Көп күйі жетпей қалды ұрпағына, Жүргенде тереңіне таяна алмай». Кім кінәлі? Уақыт па, заман ба? Жағдай ма? Әйтеуір, асыл қазынаның жасаушысы, иесі, ұлы күйші Сүгір кінәлі емес екені ақиқат. Кітаптың жетінші бөлімінде Сүгірдің Қаратау бойының шертпе күйін дамытушы шәкірті, дәулескер күйші Төлеген туралы кесек поэтикалық туынды – дастан берілген. Дастан 14 бөлімнен және құлақ күйі (пролог) мен түйіннен (эпилог) тұрады. «Құлақ күйінде» ақынның өзі айтқандай: «Қалмау үшін балықтай қайраңдағы, Медет бер, поэзия қайран Нары – Ілияс Жансүгіров, күйші жайлы Дастан жазған ақындар Пайғамбары!». Шындығында, қазақ поэзиясында Ілияс Жансүгіровтен кейін күйші, күй туралы тартымды да ауқымды поэтикалық дүние жазған ақын сирек. Содан да болар мұндай күрделі де қиын тақырыпқа қалам толғаған Бөрғазының Өскенінің ақындық әлеуетін байыпты байқау үшін дастанды қайта-қайта оқып шығып, талдаған болдым. Расында, Өскен өзі бекем бел буып кіріскен ауыр міндетті абыроймен атқара білген. Дастанның басты жетістігі – ақынның шертпе күй әлеміне поэзия тұлпарына мініп ене алуында. Дастанның негізгі арқауы етіп Төлегеннің туындыларын алып, күй табиғатын жан-жүрегімен терең түсініп, саз әуенін, сөз өнерінің патшасы – поэзия тілінде зор шабытпен өрнектей білген. Бұл деңгейге көтерілу үшін дарынды да шебер ақын ғана болу аз. Сонымен қатар шертпе күй құдіретін өн-бойына сіңіріп, ой-қиялымен әуен нақыштарын, сезім пернелерін дөп басып, айшықты ой тастап, мазмұндай білуі керек. «Күйде бар «Мыңжылқы» тау заңғарлығы, Көрінеді қыранның самғар шыңы. Таудан төмен ылдиға көшкен бұлттар... Әуен салған суреттер таңғалдырды». Дастанның «Сүгірмен кездесу», «Тоғыз тарау» бөлімінде ауданды «Қызыл отаумен» аралап жүрген Төлегеннің Сүгірмен «Талапты» колхозында кездесуі жырланған. «Ұлы күйші – шыңда өскен шынар еді, Көрем деген биікке шығар еді. Сүгірдей шертпе күйдің хас шеберін, Бір көруге Төлеген құмар еді». Клубтағы концерттен кейін колхоз төрағасы Тоқабайдың үйінде Төлегеннің аңсағаны орындалып, ұлы ұстазы Сүгірмен кездеседі. «Дарын дәнін діліне дәуір еккен, Ел құрметі жүктерін ауыр еткен, Көрмесе де бір-бірін жақсы білген Қос күйшіні шертпе күй бауыр еткен». KitapТөлеген баяғы Бапыш атасынан қалған көне домбырамен ұлы күйші Сүгірдің алдында бойындағы бар дарын-қабілетін жұмылдырып, зор шабытпен Қаратау бойының шертпе күйлерін асқан шеберлікпен орындайды. Ақын Төлегеннің күй орындаудағы асқақ талантын, орындау мәнеріндегі ерекшеліктерін, шертпе сазына қосқан өз сонылығын, тарту, перне басу, қос ішектен шыққан әуеннің барынша әсерлі болуы жолындағы машықты әрекеттерін шебер суреттейді. Көріп отырғандай, Өскен ақын шертпе күй өнерінің зерттеуші мамандарына тән білгірлікпен Төлегеннің күй орындау технологиясын поэзия тілінде асқан шеберлікпен бейнелейді. Күй өнерінің алыбы Сүгір «Солақай қолдан шыққан сиқырлы саз, Құшақтап жүректерді күңіренді!». «Сүгір мен Төлегеннің дарындары Кемелденіп, тұлпардай арындады. Қос шынардай жалғасқан тамырлары, Күйлер төкті тегі бір сарындағы». Қаратау бойы шертпе күйі қос алыбының ұлылығын, достығын, рухани бірлігін және сабақтастығын осылайша әспеттеп жырлаған ақын бұл дастаны көркемдік деңгейімен қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған сүбелі үлес деп білемін. Дастанды ыждағатпен оқып шыққан талғампаз оқырман бұл пікірімді қостайды ғой деп ойлаймын. Бір мақалада Бөрғазының Өскенінің «Көңіл кілті» атты таңдамалы жыр кітабына тұтастай талдап шығу мүмкін емес. Кітапта ақынның шығармашылық диапазонын, шеберлігін, поэтикалық әл-қуатын, өзіне тән сонылық қолтаңбасын айқындайтын өлеңдері аз емес. Оларды талдап, баға беруді, әзірге алдағы уақыт пен сыншылардың еншісіне қалдырдық. Кейінгі кезде науқастанып жүрген ақын, азамат ағамыздың сауығып, жаңа жырларымен оқырманын қуанта беруін тілер едік.

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

2938 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы