• Тарих
  • 04 Тамыз, 2016

«Қызылжар» қыстауы

Нұрлан Ердәулетұлы, еңбек ардагері

Облыс орталықтары –Петропавл, Өскемен және Павлодар қалаларының атауларын өзгерту туралы ұсыныстар баспасөз бетінде көп айтылып жүр. Бұл ұсыныстар негізсіз емес. Қазақ тарихында қай жер кімнің қыстауы болғаны осы күнге дейін белгілі. Петропавл қаласы 1752 жылы Дәулеткелді, Тұрыпкелді деген ағайынды қазақтардың Қызылжар қонысына бекініс болып қабырғасы қаланған.

Павлодар IX-XII ғасырларда Қимақ хандығы орталығы болған. Ресей әскерінің капитаны Унковский Коряков бекінісі орналасқан алқапты қазақ қыстауларының атымен атағанын атап көрсетеді. Ол 1720 жылы ­Коряков әскери бекеті салынардан бұрын қазіргі Павлодар қаласының орнында қазақтардың Керегежар аталатын қыстауы болғаны, оны орыстар «Коряков Яр» деп бұрмалап айтқаны және жаңадан салынған форпосты (әскери бекет) солай атағаны байқалады. Бұл Олжабай, Малайсары, Жасыбай қорғаған ұлан өлке, Естай, Жаяу Мұса, Майралар әсем әуенімен аялаған өлке, ғұлама Мәшһүр, кемеңгер Марғұлан, дана Қаныш, ардақты Шәкен, жырау Бұқар сүйген киелі өлке. 1861 жылы патша Александр баласы құрметіне, сый есебінде Павел атын алған. Сайда саны, құмда ізі жоқ Павелден арылып, түпкі тегін, түпқазығын табуға тиіс. Өңірді тау мен көлдер кестелеген, Баянауылы арудай арайланған, Әулиетауы елін тіл-көзден қорғаған, тарихы аңыз, елі абыз өлкенің отарлық салқын атаудан арылатын кез жетті. Өскемен отарлау саясаты негізінде Үлбі өзенінің Ертіске құятын сағасында 1720 жылы И.Лихачев басшылығымен салынған бекініс. «Устья каменнных гор» сөз тіркесінің бірінші буындары қосылып, қазақша айтылуынан пайда болған атау. Бұл 4 шаһардың бүгінгі атауында отарлау саясатының көрінісі бар. Көрші Ресей елінде Ленинград, Сталинград, Ульяновск секілді қала, басқа да жер аттары өзгерiп жатқанда, біз «Жиенқұлға дегенде шықпайды үнім» деген Сараның кейпін бастан кешіп жүрміз. Ресейдің синолог-ғалымы Я.Би­чурин­нің «Орта Азия байырғы ұлт­тары­­ның тарихы», И.Андреев, А.Левшин, И.Спасский, С.Броневский, М.­Кра­совский сияқты тарихшылардың еңбек­теріне көңіл бөлетін болсақ талант ашылар еді. Теріскейдегі Петропавл қаласының түпкі атауы Қызыл жар екенін дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Арғын, ашамайлы Керей тайпасы, Уақ, Қарауыл рулары қоныстанған өлкеде XVIII ғасырда Петропавл қаласы орнында мекендеген Дәулеткелді,Тұрыпкелді, Қантай ұрпақтары облыстың Жамбыл ауданында тұрып жатыр. Әз-Тәуке тұсында Ордабасы болған, атақты батыр, ақын Қожаберген жырау (1663-1763) «Қызылжар» өлеңінде «Көлденең көк Есілдің жарқабағын, әкеміз Қызылжар деп атап кеткен» деп нақ осы арада әкесі – Толыбай сыншының «Қызылжар» атты қыстауы болғанын жырлайды. XVIII ғасырдың ортасында Пе­т­ро­павл төңірегінде жоңғар-қалмақ­тарымен болған шайқаста Мықтыбай батыр (атында көше, ауыл, қыстау, қорымы бар, облыс энциклопедиясына енген) жекпе-жекке шығып, қалмақтың батырын найзаның ұшымен Есілдің жар қабағынан төмен өзенге лақтырғанын, сол шайқаста қалмақ әскері үлкен шығынға ұшырап, өзеннің жары, суы қызыл қан Қызыл жар өңіріндегі шайқас деп аталғанын үлкендер аңыздай айтатын. Ғ.Мүсіреповтің еңбектерінде Қызыл­жар атауы кездеседі. С.Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында: «Бұл қаланың «Қызылжар» деп аталуы – Есіл өзенінің топырағы қызғылт түсті жарына орнағандықтан екенін білеміз» деп түсініктеме береді. Ш.Уәлиханов Қызылжар қоны­сын «Қарқаралы сыртқы округы болыс­тарының қыстаулары» деп көрсетеді. 1911 жылы өңірді зерттеген А.П.Нифонтов: «Судя по обнажениям в берегах реки Ишим, здесь распространение пород третичного возраста, выраженных пестроцветными глинами и песчаником... Глины плотны, плас­тичны, жирны на ощупь и окрашены в разные яркие цвета (белый, желтый, розовый, красный и т.д.)» деп қаланы жанай ағып өтетін Есіл өзенінің тік жар қабағының ерекшелігіне назар аударады. Халқымыз осындай географиялық ерекшеліктерді ертеден байқап, бұл жерді «Қызылжар» деп атаған. Ілияс Есенберлин: «...Талды-Қоянды өзенінің сағасында Қарқаралы өкірігі, Қызылжар бекінісінің жанында Көкшетау өкірігі, ...құрылды» деп орыстың отарлау саясатын ашып көрсетеді. Теріскейде Қызыл жар тарихын ­Абылай ханның атымен де байланыстырады. Қала төңірегінде ханның шаруашылығын Құлсары мен Құлеке батыр басқарған. 1759 жылы Қызылжар маңынан Абылай хан ашқызған жәрмеңкені халық «Қызылжар жәрмеңкесі» деп атап кеткен. Бұл мәліметті «Аблай настаивал на организации «сатовки» (места торговли) в крепости на Ишиме» деп белгілі ғалым Е.Бекмаханов та растайды. Қызылжарда өткен жәрмеңкеде Тортуыл Бозінгеннің өзіне қол жұмсауы Абылай ханның Түркістанға көшуіне себеп болғанын да ескеруге болады. Жамбыл ауданы Жекекөл ауылынан батысқа қарай 7 шақырым жерде Сорлы, Сазды деп аталатын екі көл жанында ұзын шоқ қайың орманды Гүлтөбе деген жерде Қожаберген жырау, Толыбай шешен, Сегіз Сері, т.б. зираты маңындағы жасыл алаңда 1764 жылы жырауға берілген асқа Абылай хан қатысқан. Тарихи мәлімет бойынша, Петропавл қаласы осыдан 264 жыл бұрын «Қызыл жар» деп аталған жерде бой көтерген. Шаһардың осы тарихи ­атауын қайтарып беру туралы Кеңес Одағы тұсында да қозғалыпты. 1925 жылғы шiлденiң 18-iнде Ақмола губер­ниялық атқару комитетiнің (Қызылжар губерния орталығы) төралқа­сы Петропавлды ресми түрде «Қызылжар» деп атау туралы Қаулы қабылдайды, оны Қазақ Республикасы орталық атқару комитеті бекітеді. 1925 жылы Мәскеудің «Правда» газеті Петропавлдың «Қызылжар» болып өзгергенi туралы хабар жариялаған. Бұл құжаттың түпнұсқасы Мәскеудегi Бүкілодақтық орталық атқару комитетіне, көшiрмесi Қызыл жарға жiберілген. Бұл құжаттар Ресей мұрағатынан табылды. Қала атауын «Қызылжар» деп өзгертуге байланысты жергілікті «Мир труда» газетінде Андрей Бедный деген ақын «Красный Яр» деген өлеңінде тұрғындардың көңіл күйін былай суреттейді: ... Шли сегодня русский и казах. У казаха губы лепетали, – Объяснил, что значит: «Кзыл Джар», – – Город был Петра и Павла, – А сегодня – он уж – «Красный Яр». Кезінде Мәжіліс депутаты болған Ж.Сүлейменов Петропавл қаласының атын Қызылжар деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасағанымен қолдау таппағаны қынжылтады. Тарихқа көз жүгіртсек, 1752 жылғы наурызда Сенаттың Тобылдағы «Звериная голова» жанынан Омбы бекінісіне дейін ұзындығы 565 шақырым Новоишим немесе Қасірет белдеуін салу туралы жарлығы шығады. Сол жылы жазда Қожаберген жырлаған атақонысы – Қызылжар ауылының тұсында бекініс салына бастайды. Қазақ жеріндегі осы өзгерістер жайын­да жергілікті өлкетанушы М.И.Бенюх көз тірісінде көп жазған. Ол: «Обращаясь к администрации, Аблай – султан Среднего жуза, часть родов которого кочевала южнее новой Ишимской линии, называл ее Красноярской (в русском переводе) крепость» дейді. Аңыз бойынша, Қызылжар қыста­уында қазақтың байына екі орыс жігіті 16 жыл адал қызмет жасаған. Екі жігіт өгіздің терісіндей жер берсеңіз, өз ісімізді алып жүрер едік деп қолқа салады. Бай келіседі. Жалшылықта болған ағайынды Петр мен Павел иленген өгіздің терісін таспа қылып тіліп, екі жаққа тартып 16 гектар жерді қоршаған шеңбер жасап иеленген екен. Үлкен қаланың Исаның екі апостолы есімдерімен аталып кетуі Ресей патша өкіметінің отаршылдық саясаты салдарынан болған іс. Павел патшаның орыс тарихында құрметтелмейтінін бәріміз білеміз. Ата Заң бойынша зайырлы мемлекетте қала атауы діни тұлғаның атында болмауы керек. Петропавл – байырғы қазақ жеріне тұрғызылған қала. 1886 жылғы деректе қазақ пен татар – 6517, орыстар – 7258, 275 еврей болған. 1914 жылы 7 мешіт, 6 шіркеу, 1 синагога болған. 1926 мен 1936 жылдар қала халқы өсімі 84 пайыз болған. Қазақ халқы голощекиндік апатта аштан қырылып, біразы туған жерінен көшіп жатқанда Ресейдің батыс өңірінен 172 мың жер аударылғандар облысқа тоғытылған. Басшылықта қазақ аз болатын. Тың игерушілердің көбі облысқа қоныстанды. Осы факторлар қазақтың солтүстіктегі үлесін азайтып жіберді. Т.Сүгірбаев деген автор республи­ка­лық газеттердің бірінде «Абылай ханға бір көшесін қимаған Қызылжарда Лениннің 83 көшесі бар» десе, комсомол атауы берілген – 72, Октябрь аталған 45 көшенің, Қостанайға дейін жүріп өтсеңіз, ауыл аттары өзгеріссіз тұр. Жамбыл ауданы орталығының атауы ХІХ ғасырда жазалаушы отряд командирі Преснов атында. 2014 жылы екеуінде ғана қазақша атауы болған аудандағы 16 селолық округтің бірі – Баянауыл округі (Баян ауылы) мен Архангелька округі қосылып, Баянауыл атауы тарих қойнауына кеткен. Петропавл, Преснов атауы сырттан таңылған, жер тарихына қатысы жоқ. Стратегиялық маңызды аймақтар әкімшілік орталықтың дін әулиесінің не болмаса жазалаушы отряд командирінің атымен аталуы қисынға келе ме? Бұл ұлттың намысына тиетін, бодандықта болған кезеңнің елесі іспетті жағымсыз құбылыс. Сыйластыққа қатты мән берсек, оның да реті бар ғой. Тарихи оқиғалармен байланысты жер-су атаулары – халықтың тарихы, шынар ой, ұшқыр қиял, зердесі мен ұлттық мінез-құлқы, болмыс-тірлігінің көрінісі, адамдардың жеке басы, іс-әрекетімен біте қайнаған мәдени мұра.

Солтүстік Қазақстан облысы

4404 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы