• Әдебиет
  • 06 Қазан, 2016

Тағлымын ұлтымның мақтан етемін...

Әуелай ОСПАНОВА ДАЛА ЗАҢЫ Ата салты — Қазақтың дала заңы, Қазақ барда қалмайды аласарып. Жалғастығын табады дәстүрлері, Жазылмаған ұлы заң толас алып. Беру керек Үлкенге сәлем кіші, Қуантқанға сүйінші әдемісін. Егін піссе, кеусенді үлестірер, Соғым сойса, сыбаға кәделісін. Малы өссе Көгені керіледі, Балаларға базарлық төгіледі. Киім алса, байғазы берген қазақ, Сәби туса, көрімдік беріледі. Дос береді Естелік еркіменен, Қалағанын алады төркіндеген. Ерулікке шақырар қоңсы болсаң, Жақсы ниет тілеген көрші деген. Жетімдерге қолқайыр бермек керек, Мүсәпірге садақа — көмек бөлек. Үлестірсе халыққа байлар шүлен, Сияпаты еңбекке берген елеп. Қуанышқа шашылсын шашуыңыз, Қалжалауға келінді асығыңыз. Отау құрған жастарға үй көрсетіп, Сәлемдеме берсеңіз тасыныңыз. Сұрау керек Алладан денсаулықты, Пайғамбардан «шапағат» деген құтты. Қыдырдан бата тілер жамағат бар, Бүтіндігін аңсаған атажұрттың. Аңшыдан сыралқы бар сұралатын, Сырқаттың көңілін сұра жаны жақын. Қарттардың қал-жағдайын білген дұрыс, Жетімнің көңіл күйін біл ақырын. Саудың да амандығын білген жөн-ақ, Бұйымтай сұралады келсе қонақ. Олжадан тәбәрік ал таратылса, Берекеге бастама оны санап. Тілеу керек Барға — тәубе, жоққа — сабыр, Төзім берсін қашанда сынаққа ауыр. Жақсылыққа алғыстан басқа айтар жоқ, Болашаққа сенімін артқан қауым. Жетістікке шүкірлік танытайық, Өткенге салауатты айту лайық. Қалғанға береке бер деген халқым, Басқа амандық тілеген, денге саулық. Тағылымын ұлтымның мақтан етем, Санасына әр қазақ сақтап өткен. Ұл-қызына мұра етіп қалдырады, Қосып-алмай дәстүрге, салтқа бөтен. Осының бәрі діл мен сіңген қанға, Міндетті іс қазақпын деген жанға. Даламның жазылмаған заңы өшпесін, Мың тәубе Хақ тағалам Жаратқанға. Ұстазыма Ұстаз көрдім, Ұлылығын ұғындым, Ақылына басымды иіп жүгіндім. Сабырына, байсалдылық қалпына, Сөздеріне жан тербеткен жылындым. Ұстазымның ұлағатын сезіндім, Жарқыраған нұрын көрдім көзінің. Ардақ тұтқан қасиеттерін адами Іздей бердім өн бойымнан өзімнің. Білім берді азық болар ғұмырға, Ұстазымның орны алтын тұғырда. Өнегесі бойымызға сіңірген Асыл байлық бағаласақ, шынында. Парасаты биігінен түспеген, Ұстазымнан толайым мол күш көрем. Тәрбиесін, бізге берген тәлімін, Жабықпастан, жалықпастан істеген. Кеңдігі бар өн бойында даланың, Іздегенді қашанда одан табамын. Бойындағы барын берген, ұстазым, Мәңгілікке шәкіртің боп қаламын.

Алматы

1920 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы