• Әдебиет
  • 06 Қазан, 2016

СЕЛФИ еріккеннің ермегі ме?

Мешітке барған Арман Ерболды сыртта біраз күттіріп қойды. Шыдамы таусылған досы хабарласып тездетіп келуін өтінді. Сыртқа жүгіріп шыққан Арман досына қабақ шытып: «Біраз тоса тұрсаң болатын еді ғой. Әкім жұма намазға келіпті. Бәрімен суретке түсіп жатыр. Мен де селфилетіп, инстаграмға салып қояйын деп едім. Сенің кесіріңнен түсе алмадым. Бір суретке түсейін десе қылқылдап тегі» деп ренішін білдірді. Қазір техниканың дамығаны соншалық қай жерде мейлі қай елде жүрсеңіз де, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алуға болады. Оған сіздің қолыңыздағы титтей ғана құрылғыңыздың күші жетіп-артылады. Не деген жылдамдық десеңізші?

Осыдан 114 жылдай бұрын адамзат тарихында «автопортрет» дейтін термин қалыптасқанға ұқсайды. Ханшайым Анастасия Романованың 13 жасында ал­ғаш рет өзін-өзі түсірген суреті алғашқы «селфидің» бастауы болған-ды. Өзінің бейнесін өзі айнаға қарап түсірген ханшайым: «алғаш суретке түскен кезде қатты қобалжу, діріл болды» деп айтқан дейді зерттеуші ғалымдар. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын пайда болған осы бір жаңалықтың бүгінде айықпас психологиялық дертке айналарын кім білген. Бүгінгі қоғам дерті – селфи. Жастардың арасында кеңінен таралған бұл үрдіс бастапқыда кез келген адамның қызығушылығын оятқаны белгілі. Кейін келе қолданушылардың арасында, әсіресе өмірге деген көзқарасы барынша қызуқанды жандардың ортасында таласқа түсті. Олар өздерінің «селфиін» әрлеп әрі әдемі қылу үшін биік-биік таулар мен қырларды аралап жүргендігі белгілі. ХХІ ғасыр – барынша қарқынды дамып, алға ұмтылуды басты мақсат еткен уақыт. Соның әсерінен селфи күн өткен сайын жаңаша формасын өзгертіп, адамдардың қалай болсын ыңғайына бағынуға, қолайлы болуына ықпал жасап келеді. Бұл ұғымның соңы үлкен «індетке» айналып та үлгерді. Олай айтуға негіз болар жағдай да жоқ емес. Әлем ғалымдары зерттей келе, селфиді психологиялық аурудың бір түрі деп атады. Осы бір тоқтамға келуге әсер еткен бірінші жағдай, британдық жасөспірім Дэнни Боуман күніне 200 селфи жасаған деседі. Әр селфиге кеткен уақыты ол үшін маңызды болған. Тіптен бір тәуліктің 10 сағатын осы дертке құрбан еткен. Қанша суретке түсіп, өзіне-өзі баға бере алмай, бірде-бір селфиі сәтті шықпаған бозбала өмірден баз кешіп кеткен. Іштей жегідей желінген 19 жасар жігіт осы аралықта 13 кг. салмақ тастаған деген дерек те бар. Дос­тарымен де араласудан қалған. Осындай жағымсыз белгілерді сараптай келе ғалымдар бұл дерттің ақыры адам өміріне өте қауіпті екенін де баса көрсетті. Елімізде болсын немесе шетел асып кетіп жатсақ бірден «селфи» жасап, әлеуметтік желіге енгізетінімізді жасыра алмаймыз. Ол кез келген адам үшін әдет және ауру. Содан соң түскен суретіңізге мынадай аннотация жазасыз: «Демалыс. Көкшетау және Мен», «Алматы. Көктөбе. Махаббат». Осылай қайталана береді. Содан қойшы, тетік басылады, желіге кірген соң сіздің барғаныңыз, көргеніңіз, түйгеніңізді елдер талқылап пікір жазады. Содан «лайк» жинау басталады. Жарайды, бұл соған лайық деп ойлайық. Енді біраз артқа шегініп қасиетті ораза айындағы «Фейсбук» парақшасын саралап көрсек. Сәресі ішілетін уақыттан басталады, кешке ауыз ашқанға дейін бітпейтін селфи. Бұл жарнама ма? Әрине соның өзі. Тіпті, қасиетті айдың бір күні жарнамасыз өтпеді ғой. Содан қарап, кімнің ауыз бекіткенін білуге болады. «Мен ауыз ашқалы отырмын, бекіткелі отырмын. Ниет қабыл болсын!» дейтін сөздерден көз талады. Жарнамамен өткен қайран бір ай. Со­ны­мен ораза-жарнама уақыты да бітті. Енді аптаның ішінде қасиетті жұма күніміз бар. Жұма күні таңертең желілерді ашсаңыз, Алланың үйі мешіттің суреттері салынады. Ол бізге осы күнді есімізге түсіру үшін керек дейік. Ғибратты дүниелер жазылады. Оған да «лайк», «комент» қаптайды. Енді мына қызықты қараңыз. Түсте барлық мешітте «Жұма намазы» оқылады. Аллаға құлшылық ету мақсатында мешітке барып, ниеттеніп, Жаратушыдан кешірім сұраймыз. Өте дұрыс. Одан кейін Алланың үйінде суретке түсу рәсімі басталады. Бірден «Фейсбукке» салынады. Суреттің жоғары жағында: «Жұма қабыл болсын. Бүгін мешітте жұма намазына келген жамағат өте көп болды. Аман болайық!» деген сөздер желдей есіп тұрады. Содан керекті пікір өз орындарынан табылады. Бұл да жарнама. Сол жарнама жасаушылардың басым көпшілігі лауазымды қызметтегілер. Дәлел керек болса, парақша ақтарып көріңіздер. Ақыл айтатын, жас­тарға үлгі-өнеге көрсететін аға­ла­рымыз телефонға байланып, сел­филетіп жүр. Оның орнына ұлағатты сөздер жазса әлдеқайда тәуір болар еді. Ол да дұрыс шығар. Олар да адам. Алайда, алдыңғы арба қалай жүрсе, соңы да солай бағыт алады емес пе? Осыны кө­кейі­мізге түйіп алуымыз қажет шығар. Осы орайда, ғаламтор желісін көп қолданатын белгілі суретші Аңсаған Мұстафа өз ойымен бөліскен еді. – Жалпы жастардың арасында қазір «лайкомания» деген ауру бар. Олар өздеріне қызық дүние басқаға да қызық болуы керек деп ойлайтын сияқты. Әлеуметтік парақшаларға сурет салып, оған лүпіл басып, пікір жазу дегендердің барлығы да уақытша. Ал енді оразада, жұма күні суретке түсіп, өздерін жариялайтындар үшін әдет шығар. Республика бойынша «Суреттер сөйлейді» деген көрме өткен, сонда мен ғаламторға байланысты біраз суреттер салдым. Көпшілікке ұнаған сыңайлы. Сол жерде әсіресе, бала тәрбиесіндегі аналарға арналған суреттерден-ақ біраз дүние түсінсе болады. Ал мемлекеттік қызметкерлерге келетін болсақ, олар атқарған жұмыстарын көрсету мақсатында қолданатын секілді. Негізі, барлығы да уақыт өте келе қалады деп ойлаймын. Ал әлеуметтік желі арқылы өз шығармашылығын шыңдап, өзінің әндерімен қоса бейнебаян­дарын парақ­шаға салуды қолға алған ата-баба аманатын, яғни дәстүрлі әнді нақышына кел­тіріп орындап жүрген Гүлнұр Нұ­ра­сылованың пікірін білген едік: – Өз басым «Фейсбукқа» осыдан екі жыл бұрын тіркелгенмін. Бірақ ешқандай сурет, видео салмайтынмын. Ойламаған жерден өзімнің әнімді орындап, видеоға түсіріп, желіге салдым. Лүпілдер де басылды, пікірлер де жазылды. Алғыс, қошемет айтылды. Өнерді бағалайтын халық болғандықтан, көпшілікке ұнағандықтан тағы да бейнебаяндар салдым. Дос­тарым да көбейді. Жалпы, шы­ғар­машылығын ары қарай дамытамын деушілерге таптырмас тәсіл. Ал енді таңның атысынан күннің батысына дейін суретке түсіп, «селфилетіп» жүргендер психологқа көрінулері керек шығар деп ойлаймын.

Р.S. 

Уақыт – адам өмірінің баға жетпес құндылығы. Адамның босқа кеткен әрбір сәті отқа жаққан теңгемен тең. Оны қалай пайдалану керектігі адамның өзіне байланысты. Біреудің бір сағаты мың теңге болса, енді біреулердікі бір тиын. Кісінің кісілігі уақытты босқа өлтірмеуден басталмақ. Ханға да, қараға да берілетін мерзім – тәулігіне жиырма төрт сағат. Ол бізбен санаспайды. Сондықтан өмірдің әрбір сәтін бір күндік қызықтармен ғана қор қылмай, өмірдің ізсіз, мазмұнсыз болмауын қадағалау керек. Түкке пайдасы жоқ «селфимен» айналысқанша өзіңе де, қоғамға да пайда беретін дүниемен шұғылданғанымыз әлдеқайда тиімді емес пе? Жоғарыда айтқан жарнамамыз дертке айналған уақытта техникамен емес, санамен ойлап, ақылмен саралағанымыз жөн. 

Еңлік Кенебаева Алматы облысы

2223 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы