• Тарих
  • 06 Мамыр, 2010

Ержүрек барлаушының баласымын

Неміс-фашист басқыншыларымен болған сұрапыл соғысқа менің әкем Абсамет Сартбаев та қатысты. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Әкем жайлы «На врага», «На боевом посту» деген секілді майдан газеттерінде мақалалар жиі басылып тұрған. «Батырлардың дәстүрі жалғаса береді» деген мақалада жау қолынан қаза тапқан батыр-барлаушы Карпенковтің автоматы бөлімшенің үздік барлаушысы Абсамет Сартбаевқа тап­сырылғаны жайлы айтылады. Автоматты алып тұрып, әкем былай депті: «Батыр Карпенков жауды осы қарумен қалай қиратса, мен де солай қимылдайтын боламын». Бұл салтанатта ақын Сергей Островой әкеме арнап өлең оқыған. Сонда мынандай жолдар бар. Өлең орыс тілінде жазылғандықтан, қазақшаға аударуды қажет деп таппадым: «За наш родной, советский край, Как лев, сражается Сартбаев. Отважен он на поле боя, Разведчик славный, сын побед, Приняв оружие героя, Его прославит Абсамет». «Ол 300-ден астам немістің көзін жойды» деген мақалада оның осынша дұшпанды жер жастандырғаны айтылады. Әкем дүние салғаннан кейін 1976 жылдың 4 шілдесінде ол әскери қызмет жасаған №247 Рославль атқыштар дивизиясы ардагерлер кеңесінің төрағасы Николай Колесниковтен хат келді. Маған арнап жазылған хатта былай делінеді: «Сіздің әкеңіз Абсамет Сартбаев біздің дивизияда барлаушы болып қызмет жасады. Оның айбынды бейнесін, ерлік істерін біз ұмытқан жоқпыз. Бұл туралы біз дивизияның тарихына арналған кітапта жазатын боламыз» деп келеді де, әкейдің суретін, өмірбаянын, естеліктерді сұратады. 1981 жылдың 15 маусымында хат жолдаған әскери тілші С.Полушкин де әке жайлы жылы лебізін білдіреді. «Мен Абсаметпен 1942 жылдың маусымында таныстым. Оның барлаудан жаңа келген беті екен. Қолында автомат. Ол ұзын бойлы, жұқалтаң келген қазақ жігіті еді. Осыдан бастап онымен жиі кездесіп тұрдық. Мен ол жайлы газеттерге талай мақала жаздым. Маған Сартбаев ұнады, мен оны жақсы түсінетінмін. Өйткені мен де соғысты қызыл әскер ретінде бастағанмын. Мәскеу түбіндегі ұрыста жараландым. Мен ержүрек барлаушы туралы сіздердің ұлттық газеттеріңіздің бірінде жазсам деймін» дейді ол. 1981 жылы әкем қызмет еткен дивизияның құрылғанына 40 жыл және Жеңістің 36 жылдығына орай майдангерлер соғыс ардагерінің перзенті ретінде мені Мәскеуге кездесуге шақырды (суретте). Бардым. Көп әсер алып қайттым. Осында әкемді емдеген медсестра Короленко деген кісімен таныстым. Ол әкем жайлы жүректі тербетер жақсы пікір айтты. «Әкең нағыз батыр еді. Саған қатты ұқсайды» деді. Мен ол кісінің айтқан сөзіне сендім. Майдан газеттері де мақтап, кім болса соны жаза бермейтін шығар. Әкем секілді арамызда жоқ ержүрек жауынгерлерге осы күні олардың ерлік істерін ескеріп, «Халық қаһарманы» атағын берсе, мұның артықтығы болмас еді. Әмірбек Сартбаев

3023 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы