• Тарих
  • 27 Қазан, 2016

Оңтүстік Қазақстан облысы

СОЗАҚ АУДАНЫ

Көне Жібек жолы бойындағы ескі Созақ, Шолаққорған, Бабата қалалары мен Ақсүмбе бекеті және Таңбалы тас жері ел тарихының тылсым сырын шертеді. Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек Шу өзені бойына ту тігіп, өз алдына шаңырақ көтерген. Созақ өлкесі – қазақ елінің қара шаңы­рағы. Аудан 1928 жылдың қаңтар айында Теріскейді мекендеген 6 болыс ел мен Жылыбұлақ болысы негізінде құрылды. Аудан орталығы 1934 жылдан бері Шолаққорған ауылы деп аталады.Аудан жерінің көпшілік бөлігін тасты-құмды, шөлді жазық (Бетпақдала, Мойынкұм) алып жатыр. Қарт Қаратаудан Үшбас, Үштөбе, Торлан, Балдысу, Жы­лыбұлақ, т.б шағын өзендері ағады. Сонымен қатар Қызылкөл, Акжайқын, Айдын көлдері бар. Ауданның ең биік жері – Бессаз (Мыңжылқы), биіктігі – 2176 м. Аудан тарихи орындарға және ескерткіштерге өте бай. Созақ ауылы XII ғасырдағы жазбаша деректерде көп аталады, ал XVI-XVII ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған. Созақ топырағында Бабатүкті Шашты Әзіз, ЬІскақ баб, Қарабура, Санғыл би әулиелерінің кесенелері, тарихи ескерткіштері бар. Созақ, Бабата, Құмкент елді мекендері кезінде Ұлы Жібек жолы бойында өте маңызды орын алған. Шолаққорған ауылы. Шолақ­қорған – Созақ ауданының ор­талығы. О баста ел аз қоныс­тан­ған, сыртпен қатынасы өте аз (шола) болған. Сондықтан шола (жеке) мекен деп атапты. Кейін ол көбейіп, сыртқы жаудан сақтану үшін айналасына балшықтан қорған тұрғызған. Қорғанның биіктігі – үш жарым метр, қалыңдығы – бір жарым метр, бас жағында өркеш тәрізді кезеті бар болатын, ішкі жағы екі метр биіктіктен кейін айнала тегі бар. Ол жаудан қорғанған адамдарға қару-жарақ, ас-ауқат апарып беруге және сол текте бейімделген екен. Кезеттен сырттағы жауға садақ атып, қайнаған су шашып отырыпты. Қоршалған қорғанның күншығыс жағында елу метрдей жері батпақ болған. Ол жер корғансыз ашық қалған. Қорған сондықтан бітпей, шолақ болып қалған. Яғни Шолаққорған атанған деседі. Қорғанның күнбатыс жағындағы қабырғасы 1960 жылға дейін сақталып келді. Шолаққорған атауының тарихына байланысты мынадай деректер де бар: а) Шолаққорған оңтүстігіндегі Қаратаудан 20 шақырым, теріс­ті­гін­дегі құмнан 30 шақы­рым, шы­ғы­сындағы Құмкенттен 40 ша­қырым, батысындағы Созақтан 70 ша­қырым қашықта орналасқан. Ертедегі атпен, түйемен жүретін адам­дарға бұл едәуір жер. Сон­дық­тан маңындағы ел адамдары оны «халқы аз, оңаша, келім-кетімі кем шола қорған» депті дейді. «Шола қорған деген сөз келе-келе Шолаққорған атанып кеткен екен» деп айтады. Шолаққорған деген ат содан шыққан дейді. ә) Екінші біреу­лер қорғанның бір шеті сазға тіреліп, Өрқақпа биігіне жетпей шолақ қалғандықтан, Шолаққорған атанған дейді. Өрқақпа – Шолақ­қор­ған қорғанының терістік ішіндегі биіктеу төскейлі төбе. Ол бұрын қала болған, алғашқы мекендеген адамдар сонда тұрған деседі. Абай ауылы. Абай ауылына ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың есімі берілген. Балдысу елді мекені. Балдысу – Суындық өзенінің күнбатыс жағындағы биік тау аңғарларынан бастау алатын мөлдір сулы бұлақ. Ол жыл бойы жерге түсетін ылғалдың көп-азына байланысты кейде көбейіп, кейде азайып отырады. Бірақ суының түсі өзгеріп, лайланбайды. Ерте кезде қатты шөлдеп келіп, суын еңкейіп жатып ішкен бір дуалы ауыз адам «Не деген тәтті балдай су!» деген екен. Содан бастап бұлақ «Балдысу» аталыпты деп ел айтады. Бұлақ жағасында орналасқан елді мекен бұлақ ­атымен аталған. Қарабұлақ елді мекені. Қа­ра­бұлақ – Балдысу бұлағының күн­батыс жағындағы көк сайлы кең алқаптың қойнауындағы жар астынан кайнап шығып жатқан мол сулы бұлақ. Оның жоғары жағында таудың арғы ішіне сұғына кіріп жатқан екі сала бар. Олар Жосалы, Шіркейлі деп аталады. Осы бұлақ атымен елді мекен аталған. Жартытөбе ауылдық округі. Жартытөбе ауылы. Жартытөбе – Шолаққорғаннан Шымкентке баратын күре жолдың шығысында жеке тұрған төбе. Тау жақ беткейі кесіп алғандай жар боп тұр. Сон­дықтан жартысы жоқ деп халық Жар­тытөбе атаған. Осы төбенің аты­мен елді мекен аталып кеткен. Бабата елді мекені. Бабата – Қаратаудың терістік шығысындағы ескі кала. Онда бұрын медресе, мешіт болған. Бұл жер әулие орын деп есептейді. Елді мекен ескі қала атауымен аталған. Құмкент ауылдық округі. Құм­кент – Қазіргі Құмкент посел­кесі тұрған жердегі ескі, Кұмқорған қоршаған каланың аты. Қаланың орны төбе болып үйіліп калған. Жері құмды болғандықтан, Құмкент атанған.

«Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

21592 рет

көрсетілді

25

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы