• Тіл
  • 03 Қараша, 2016

Түркітанушы ғалым

Ұлағатты ұстаз, түркітанушы ғалым, қазақ әдеби тілінің қалыптасуын зерттеушілердің бірі, филология ғылымының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдар академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлығының иегері Бабаш Әбілқасымұлы мерейлі 85 жасқа толды. 1956 жылы Гурьев мемлекеттік педагогика институты болып дәреже алған оқу орнында филология факультетінде оқып жүрген кезіміз еді. Жаңа оқу жылы басталып үшінші курста оқитын біздің аудиторияға бір жас оқытушы келіп кірді. Жүзі жылы, сөзі салмақты адам екен. Өзін таныстырған соң, «Мен сіздерге салыстырмалы грамматикадан сабақ беремін» деді де, дәрісіне кірісіп кетті.

Сөйтіп, ұстазымыздың есімі Бабаш Әбілқасым­ұлы екенін, институттың жаңадан жұмысқа келген әрі проректоры, әрі партком хатшысы екенін білдік. Жаңадан келген оқытушының осындай лауазымдарды қатар атқаруы оның осал еместігіне көзімізді жеткізді. Тіл мен әдебиетті жанындай сүйіп оқуға түскен сол кездегі студенттердің бірқыдыру ерекшеліктері бар болатын. Олар соғыстың зардабын көрген, тоқшылықты бастан кешпеген, соғыстан кейінгі бүлінген халық шаруашылықты қалпына келтіруде қолғабыс жасап еңбек еткен жандар еді. Білімге құштар, мейірімге де шөліркеген азаматтар болатын. Себебі көбінің әке, ағалары соғыстан оралмаған. Кейбірі мүгедек болып қалған. Сондықтан тең құрбылары елдегі де, өз өмірлеріндегі де материалдық кемшіліктерді көп елемейтін. Біз сол кезде Гурьев қаласының Мәскеу көшесіндегі патша заманнан қалған ескі гимназия орнында оқыдық. Көне болса да, үлкен ғимараттай, білім ұясындай санайтын едік. Бізге оқу корпусының жұпынылығы емес, ондағы оқытушы-профес­сор­лардың шәкірттерін білім мен ғылымға тәрбиелейтін ұлағаттылығы керек болды. Оқытушылардың ішіндегі Бабаш аға сияқты тұлғалы ұстаз ортамызда жүргенде одан үлгі алуға, дара қасиеттеріне еліктеуге тырыстық. Себебі ол өмір көрген, жас та болса тәжірибе жинақтаған адам еді. Осы орайда ғалымның өмірбаянына азды-көпті тоқтала кетсем деймін. Бабаш Әбілқасымұлы 1931 жылдың 2 қарашасында Атырау (Гурьев) облысының Исатай ауданына қарасты Тұщықұдық (бұрынғы Дуаберген) ауылында дүниеге келген. 1947 жылы Новобогат кентіндегі Амангелді атындағы орта мектепті тәмамдаған соң еңбек жолын мұғалімдіктен бастады. Талапты жас 1953 жылы Орал педагогика ­институтын тәмамдайды. Институт қабырғасында жүріп үздік үлгі көрсеткен шәкірт алғашқы курстан-ақ Коммунистік партия мүшелігіне қабылданады. Қазақ КСР-інің 30 жылдығына арналған студенттердің ғылыми конференциясына қатысады. Үш жыл бойы өте жақсы оқып, институтты бітіргенше Сталин атындағы дербес стипендия иегері болады. Толыққанды маман иесі атанған ол Гурьев облыстық оқу бөліміне жұмысқа орналасуға жолдамамен келіп, өзі оқыған Амангелді атындағы мектеп директорлығына тағайындалады. Көп ұзамай облыстық партия комитетінің мектептер бөліміне нұсқаушы ретінде жұмысқа қабыл­да­натын болады. Бірақ жас маман бұл қызметтен бас тартады. Себебі бар аңсары – ғылым жолына түсіп, аспирантурада білім алу еді. Бірақ облыстық партия комитетінің хатшысы ырық бермей, Бәкең обкомның қызметкері болуға мәжбүр болады. Екі жылдан кейін комитеттің үгіт-насихат секторының меңгерушілігіне тағайындалады. Осы жауапты жұмыстарды атқара жүріп ғылымға баруды бір сәт есінен тастамайды. Сондықтан ма­мандығы бойынша жұмыс істеуі керектігі жөнінде басшыларға қайта-қайта өтініш жаза береді. Ақырында, обком хатшысы: – Сіз жөнінде басқа жоспарымыз бар еді, оған қарамай, өтініш беруіңізді тоқтатпаған соң, бюро мүшелерімен ақылдаса келе, Гурьев педагогика институтының партия ұйымын күшейту мақ­сатында өзіңізді институттың партком хатшысы және институт проректоры етіп жібереміз,– деді. Баратын жаңа қызметтің ғылымға біртабан жақындағанына қуанып, институтқа жұмысқа орналасады. Партком хатшылығы мен институт проректорлығын 1958-1961 жылдары қатар атқарады. Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасына түседі. Болашақ жас ғалым қазақ әдеби тілінің тарихын зерттейді. Ол кезде әдеби тіл тарихын Абайдан, Бұқар жыраудан, Орхон Енисей жазбаларынан басталады деген түрлі нұсқалар айтылып жүретін. Ал Бабаш ұлт тарихындағы алғаш­қы қазақ газеті «Дала уәлаяты» газетінен бастау керек­ті­гін зерттеуімен дәлелдеуге тырысты. Сөйтіп, көп­те­ген жазба нұсқалардан іздестіріп, қазақтың әдеби тіл тарихын ХVІІІ ғасырдан бастауды ұсынуды ой­лайды. Бұл ғылымдағы жаңалық болатын. Ол Қырғыз ССР Ғылым Академиясының академигі, түркітанушы ғалым И.А.Батмановтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. Болашағынан мол үміт күткен Тіл білімі институтының басшылары Б.Әбілқасымовты институтқа жұмысқа қалдырады. Сөйтіп, оның түпкілікті ғылым жолына түсуіне үлкен мүмкіндік ашылады. Алғашқы ізденісі ХІХ ғасырдың 80 жылдарында Омбы қаласында шығып тұрған «Дала уәлаяты» газетінің (1888-1902) тілін зерделеумен басталса, кейін бұл газеттен 18 жыл бұрын Ташкент қаласында шығып тұрған «Түркістан ­­­уәлаяты» газеті (1870-1883) қосылады. Сөйтіп, мұндай газеттердің тілін салыстыра зерттеу нәтижесінде «Алғашқы қазақ газеттерінің тілі» атты монографиясын дүниеге әкеледі. Бабаш ағамыз ғылымға араласқан 1960 жылдарға дейінгі кезеңде қазақ әдеби тілінің тарихы тиянақты қолға алынбаған сала болатын. Тіл тарихынан мақала жазған ғалымдарымыздың еңбектері нақтылы әдеби, жазба нұсқаларды зерттеудің негізінде жазылған жұмыстар емес еді, көбіне бірер деректердің негізінде айтылған тұжырымдар ғана болатын. 1960 жылдардан бастап, яғни Тіл білімі институты жеке шаңырақ көтеріп, жоспарлы зерттеу тақырыптары енгізілгеннен бастап, тіл тарихын, оның ішінде әдеби тіл тарихын монографиялық деңгейде зерттеу қолға алына бастады. Осы орайда, ең алдымен, қазіргі ұлттық әдеби тіліміздің негізін қалыптастырған Абай мен Ыбырай шығармаларының тілі зерттеліп, олардың жаңа жазба әдебиетті қалыптастырудағы қызметі айқындалды. Алайда, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов кезінде дұрыс көрсеткендей, әдеби тіл бірер жазушының шығармаларының негізінде қа­лып­таспайтыны белгілі. Сондықтан өткен кез­дерде жарық көрген әдеби, әсіресе жазба нұс­қаларының тілі толық зерттеліп, олардың да жаз­ба әдеби тілінің қабырғасы қаланып, қатаюына ти­гізген әсері айқындалуы қажет болатын. Ғалым осы мәселеге бет бұрды және ізденістері де сәтті болды. Зерттеушілер тарапынан кейбір жазба нұсқа­лар­дың аты аталғанымен, ол деректерді Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор, Ташкент қалаларының мұрағат қорларынан іздестіруге тура келді. Б.Әбілқасымовтың бұл салада талмай ізденуінің арқасында бұрын ғылым дүниесіне беймәлім қазақ тіліндегі бірсыпыра жазба, ­баспа жәдігерлер мен құнды құжаттар табылып, олардың жазылу тарихы мен тілдік, стильдік ерекшеліктері талданып, ғылыми айналымға енді. Бұл орайда Ыбырай Алтынсариннің өз қолымен бірінші санын даярлап, баспаға ұсынған «Қазақ газеті» атты қолжазба газеті (оны шығаруға патша үкіметі рұхсат бермеген) мен «Шариат әл-ислам» атты кітабын (1884), Абайдың қатысуымен жазылған «Қарамолла съезіне жасалған ережені» (1894), Н.Ильминскийдің «Самоучитель руский грамоты для киргизов» (1861), В.Катаринский шығарған «Қазақ кальендарын» (1897), сол тұста баспа бетін көрген қиссалар мен миссионерлік әдебиеттердің қазақша аудармаларын, т.б. жиынын елуге тарта үлкенді-кішілі жәдігерліктерді атауға болады. Бұл жазба мұраларымыздың тіл ерекшелігін, жанрлық, стильдік сипатын зерделеудің арқасында ХІХ ғасырдағы жазба әдеби тілімізді жан-жақты сипаттауға мүмкіндік туды. Зерттеушінің 1982 жылы жарық көрген «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» атты монографиясы осы мәселеге арналды. Онда ол ХІХ ғасырдағы қазақ әдеби тілін көркем әдебиет стилі және ресми құжаттар стилі бағытында қарастырды. Бір сөзбен айтқанда, Б.Әбілқасымовтың ғылыми айналымға енгізілген мұрағаттарының қай-қайсысы да негізі Абай, Ыбырайдан басталатын жаңа жазба әдеби тілімізді жан-жақты саралауға өз үлесін қосатын жәдігерліктер болып табылды. Бұл сөз етілген мұралардың тілін сипаттап, олар­дың әдеби тілді қалыптастырудағы қызметін көр­сеткен зерттеуі негізінде Б.Әбілқасымов «ХІХ ға­сырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» де­ген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Мұнымен тоқтап қалмай, ғылыми ізденістерін тереңдете түсіп, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы жазба ескерт­кіштер тілін қарастырды. Солардың бірі – ХVІІ ғасырда жазылған Әбілғазы Бахадүрдің «Түркі шежіресі». Бұл шығармаға қатысты ізде­ніс­тер туынды тілінің ескі қазақ әдеби тіліне тым жақын екендігін көрсетеді. Себебін ғалым бұл шығарманың көне қыпшақ тілінде жазылғандығынан деп дәлелдейді. Оның бұл тұжырымдары 2001 жылы жарық көрген «Әбілғазы ханның «Түркі шежіресі» және оның тілі» атты еңбегінде көрініс тапқан. Бабаш Әбілқасымов Тіл білімі институтында қызмет атқарған жарты ғасырдан аса уақытта ғылыми ізденістермен қатар, қоғамдық жұмыстарға да араласумен келеді. 1967-1975 жылдары институттың ғалым-хатшысы, 1987-1991 жылдары Тіл білімі институты директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды, түркология және қазақ тілі тарихи бөлімінің меңгерушісі болды. Бірнеше мәрте Институт партия ұйымына жетекшілік етті. Институт ардагерлер алқасын басқарды. Бірқатар жыл Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының алқа мүшесі және институттағы бастауыш ұйымының төрағасы болып істеді, яғни қоғамның алғашқы қалыптасу кезеңіне көмегін тигізіп, атсалысты. Ардақты азамат бұрынғы Одақ көлемінде өткен бүкілодақтық, аймақтық конференциялар мен симпозиумдарда баяндамалар жасады. Тіл тарихынан шәкірт даярлауға да сүбелі үлес қосып келеді. 16 ғылым кандидатын, 2 ғылым докторын тәрбиелеп шығарды. Оқымыстының қаламынан 11монография, 300-ге жуық ғылыми-көпшілік мақалалар туды. Солардың басым көпшілігі әдеби тіліміздің тарихына арналған. Ғалымдығы мен ұстаздығы «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Құрмет грамотасымен, Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің озық қызметкері деген құрметті атақпен марапатталды. «Исатай ауда­нының құрметті азаматы» атанды. «Түркі шежіресі және оның тілі» деген монографиясына Шоқан Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлық табыс етілді. Ол сонымен қатар «Жаратылыстану ғылымдар академиясының» академигі. Бұлардың бәрі тынымсыз ізденістің, қажырлы еңбектің белгісі дер едік.

Қадыр ЖҮСІП, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы

17532 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6379

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5803

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3544

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2926

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2887

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2866

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2596

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2581

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы