• Әдебиет
  • 08 Желтоқсан, 2016

«Тәуелсіздікке тағзым»

Алматыда «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті

Айтыс — сөз мәйегі, жыр маржаны мен ой тұнығы молынан ақтарылатын саф өнеріміздің бірі. Қазіргі таңда ұлтымыздың баға жетпес құндылығына баланған төл өнеріміз – ақындар айтысы рес­публика көлемінде көптеп өткізіліп келеді. Бұл да тұғырлы Тәуелсіздігіміздің арқасы. Айтыскер ақындарымыз жүйрік аттай желпініп, көмекейлерінен жыр саулатып, тасқын судай екпіндегенде еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін сүйсініп тыңдайды. Еліміздің әр өңірінде өткізіліп жүрген айтыстарда да өнерсүйер қауымның төкпе жырдың дара өкілдеріне деген ыстық ықыласы ерекше екенін көріп те жүрміз. Қазақтың қара өлеңіне жырдан үкі тағып, шындықтың шынар биігінен жанартаудай жарқылдап, мәрттіктің, адалдықтың, адамдықтың асыл тұңғиығына бойлаған айтыскер ақындарымыздың ел алдындағы бағасы артпаса еш төмендеген емес. Жуырда Алматы қаласындаТәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тағзым» атты «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті.

Мың жылдық тарихы бар алып Алматыны екі күн бойы жырмен тербеген ақындарымыз тәуелсіз елдің жеткен биігін, алдағы айқын мақсатын, әлі де болса арыла қоймаған әттеген-айларды шама-шарқынша саралап бақты. Елдің елдігі, ердің ерлігі сөз болды. Қазақ халқының даналығы, дарқандығы, ауызбірлігі сипатталды. Қазақстанның мәдени мұраларының бірі, қазақ халқының суырып салмалық өнеріне арналған бұл айтулы іс-шара ата-бабамыздың рухани құндылықтарын қайта түлетіп, жас ұрпақты халықтың суырып салмалық өнеріне тәрбиелеуге бағытталды. Ақындардың жыр сайысын «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Республикасы ­Мәдениет және спорт министрлігі және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Шараны Қазақстан айтыс ақындары және жыршы-термешілері Халықаралық одағының төрағасы, көрнекті ақын Жүрсін Ерман кіріспе сөзбен ашты. — Қадірлі Алаш жұрты! Тәуел­сіздік мерекесіне орай өткізілген республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысына қош келдіңіздер! Өзінің 25 жылдығына қадам басқалы отырған қазақ жұртының Тәуелсіздігі – халқымыздың басты олжасы, бақыты мен байлығы. Осы айтулы мерекеміз құтты болсын! Жыл сайын желтоқсан айының алғашқы жетісінде еліміз айтыс ақындарының «Алтын домбыра» жыр сайысын өткізу дәстүрге айналып келеді. Биыл бесінші жыл өткелі отыр. Бұл айтыс бұған дейін Астана қаласында ұйымдастырылып келді. Алматы қаласына әкім болып тағайындалған, күні кеше республикалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған, ақындар айтысының үлкен жанашыры ­ Бауыржан Байбектің ұсынысымен биыл «Алтын домбыра» ақындар айтысы Алматыға ­ауысты. Ұлттық өнеріміздің інжу-маржаны – ақындар айтысын осындай азаматтар қолдаса ғана нұр үстіне нұр жауады, – деді Жүрсін Ерман.Aitys Ақындардың өнерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілов, филология ғылымының докторы Қойлыбай Асанов, «Дарын» сыйлығының лауреаты Мұхамеджан Тазабек, «Дарын» сыйлығының ­лауреа­ты ­­Дәулеткерей Кәпұлы сынды танымал ақындардан жасақталған қазылар алқасы бағалады. Республикалық айтыс Алматы қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтті. Сондай-ақ мықтылар сынға түскен жыр додасына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов қатысты. Айтыстың бірінші кезеңінде Ершат Қайболдин –­ Сырым Әділбек, Мақсат Ақанов – Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан – Жансая Мусина, Айбек Қалиев – Мейірбек Сұлтанхан, Серікзат Дүйсенғазин – Иранғайып Күзембаев, Рүстем Қайыртайұлы – Өміржан Көпбосынов, Қалижан Білдашев – ­Болатбек ­Мейірбекұлы, Еркебұлан Қайназар – Мұхтар ­Ниязов, Ержан Әміров – Аспанбек Шұғатаев, Нұрлан Есенқұлов – Нұрмат Мансұровтар өзара жұп құрап айтысты. Екінші айналымға 12 ақын өтті. Олар: Еркебұлан Қайназар, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан, Ержан Әміров, Өміржан Көпбосынов, Жансая Мусина, Қалижан Білдашев, Иранғайып Күзембаев, Серікзат Дүйсенғазин, ­Болатбек Мейірбекұлы. IDI_0908-768x511 Қазылардың шешімімен ең көп ұпай жинаған Болатбек Оразбаев пен Серікзат Дүйсенғазин, Мұхтар Ниязов пен ­Жансая Мусина «Алтын домбыра» үшін ақтық сынға өткен болатын. Айтыс қорытындысы бойынша, Гран-при иегері Мұхтар Ниязовқа «Алтын домбыра», 3 млн теңге жүлде қоры мен қосымша Дүниежүзілік қысқы универсиада демеушілері атынан 2 млн теңге табыс етілді. 1-орын иеленген Болатбек Оразбаевқа 2 млн теңге жүлде қорымен қатар,1 млн теңге, 2-орын алған Жансая Мусинаға негізгі жүлде қорындағы 1 млн теңгеге қосып, 500 мың теңге берілді. Ал 3-ші орын алған Серікзат Дүйсенғазин, Мейірбек Сұлтанхан, Иранғайып Күзембаев пен Өміржан Көпбосынов 500 мың теңгені еншіледі. Бас жүлдені Мұхтар Ниязовқа Алматы қаласының әкімі Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек табыс етті. – Бүгінгі мерекелік кешке, аламан айтысқа келген барша ағайынды Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын. Сөз қадірін білетін қалың көрермен осы жолы да тамаша айтысқа куә болды деп ойлаймын. Халықтың сүйіспеншілігіне айналған ұлттық өнеріміз өрлей берсін. Қазақ бар жерде айтыс өлмейді, мәңгі жасай береді, – деп барша көрермен қауымға жылы лебізін білдірді. Айта кетейік, «Алтын домбыра» айтысы осымен бесінші рет өткізіліп отыр. Мұхтар Ниязов /2012 жылы/ алғашқы иегері болған еді. 2013 жылы Жандарбек Бұлғақов иеленсе, 2014 жылы Балғынбек Имашевтің еншісіне бұйырған болатын. Ал 2015 жылы «Алтын домбыра» ­Аспанбек ­Шұғатаевқа бұйырды.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ

2418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы