• Әдебиет
  • 15 Желтоқсан, 2016

Аллажар,Алаш! (Поэмадан үзінді)

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын!

Әлқисса

Аударылып ақтаңдақтар астары, Ұлықталды ұлт тарихы бастауы. Сәл мызғыған рухын қайта сілкінтіп, Ұлы қазақ ұлылығын растады.

Қапылғаны жұтқызып бір шер-мұңын, Батырлары буған еді белді мың... Тұма шақ боп тұнып тұрған мына сәт – Паш етер сәт еліміздің елдігін!

Жарылар сәт ақ түйенің қарыны! Жазылар сәт арғымақтың бауыры! Құралар сәт әкімдердің бастары! Сыналар сәт ақындардың арыны!

Сор, ықпалын ығыстырып бөтеннің, О, аманат, адалдықпен өтелдің!.. Азап түбін азаттығым қопарып, Кең байтақта көк байрақты көтердім!

Бейбіт әнім шырқалатын тұс барда, Айдалада жұмсалмайды күш қанға. Іскер ұлдар іргемізді бүтіндеп, Бекінген-ді берік сақтар ұстамға.

Тыныштыққа ұйыстырдық ұлысты, Олар ортақ деп біледі бір істі. Мән бермейді сырттан сұғын қадаса, Әрекідік әрекетке жымысқы.

Орта толсын! Дәуір үнін дәл ұғын! Сал, қазағым, тәбәріктің тәуірін! Біздің ғасыр – берекенің бастауы, Бағымызға нәсіп еткен Тәңірім!

Буған жоқ-ау, желпінтетін желік құр!.. Еркіндікке еркелеген ерік бұл. Шат көңілді айғақтаған бөріктей, Шырқау көкке шарықтағым келіп тұр!

Аллажар, Алаш! Аллажар, Алаш! Аллажар!

* * *

Зәуде қазақ көрген азап көп болды, Өзегіне кер-заманнан өрт толды. Арыстанның қорлануы-ай, қорқаудан!.. Арыстардың араларын оқ бөлді!

Екі билік – қан мен қардай қызыл, ақ, Кетті мүлде шырқымызды бұзып-ақ! «Алашорда», Амангелді аңдысты, Босағамнан безінгендей Қызыр-бақ!

Кешірілмес күнәсімен ақ, қызыл, Даламыздың арқасына артты зіл. Жолайрықтың жотасында – қарт Торғай, Қос тарапта – өз ұлдары... (Нақ қыжыл!).

Тек біреуге артар болсаң мін егер, Кейкі кегі кетті кімде?.. Біледі ел! Иманов та, Жангелдин де – бос құрбан! ...Не жөнің бар, өз тұлғаңа түнерер?! ...Не жөнім бар, өз тұлғама түнерер?!.

Қайран, Ахаң! Ел қадірлер бар атың! «Әліпбиің» – бүгін де сол жаңа, тың. Ұмытылмас ұлттың ұлы ұстазы, Ашып кеткен қаймананың сауатын!

Теңеп өзін тырнақтай бір масаға, Рух ояту қамын қалай жасады, ә?! «Көкбөрімін», «барыспын» деп, Қазіргі Ұрысқақша тістенбеді тасада!

Қайран, Жақаң! Қасқайдың-ау, асқар боп! Асқақ ойда жатыр екен астар көп... Жаңа тұрды сен оятқан қазағың! (Кейбіреуі әлі ұйқысын ашқан жоқ).

Әлихан-ай! «Күн көсемнен» биік ең! Тізгініңді ұстатпады... Күйінем! Әрі нұрға шомылды да бәрібір, Сені көсем деп таныды дүйім ел!

Халық ұлын «халық жауы» дегенде, Қанша талант ілікті сол желеуге?! Қанша миға оқ қадалды десеңші! Қаншама том отты құшты еденде!

Жендет пиғыл жаусатпаққа жат елді, Ашаршылық нәубетін де әкелді. «Жаудың жары» деп қамады шешеңді, Итжеккенге айдап нақақ әкеңді!

Голощекин бұл мақсатты құп алды, Зәрезап қып, ел ығырын шығарды. Сәдуақасов Смағұлды сырт теуіп, Тұтқындатты өр Рысқұлов Тұрарды.

Құлан сынды жерімейтін қағынан, Отар елде өсіп-өніп, дамығам!.. О, Орталық Азияның бар халқы, Аз болған-ды қазақтардың санынан!

Сұм Сталин соны қауіп қылған да, Ұлтты жаппай қиған еді құрбанға. Жоя алмады Көктүріктің ұрпағын, Төбесінде Тәңір қарап тұрғанда!

Жұрт қашанғы ішқұса боп жыласын?! Мұрағатта шаң қаппайды мың асыл! Ашаршылық ақиқатын ашқандар, Түгендеуде Алаштың да мұрасын!

Аллажар, Алаш! Аллажар, Алаш! Аллажар!

* * *

Сату үшін сақталмаған ел мен жер! Жалдау үшін жалғаспаған бел мен бел! Келімсекті қаптатпасын кенеше, Өмірге тек кету үшін келгендер!

Солар сорса байтағымды қорға бай, Қолқасына салынбасын қол қалай?!. Жантық тантып, шалқып-балқып күн кешіп, Тұлымдым құл, бұрымдым күң болмағай!

Тастамауға, ластамауға лайықты Қиған абзал сөз бен іске байыпты. «Еділ, Жайық» деп өтті ғой бабамыз! Еділ кетті... Қадірлегін, Жайықты!

Семей, Торғай туған батыр, бекті де, Ұлылардан елді кенде етті ме?! Енді осы егіздейін қос мұңлық, Уды тағы жұтпаса екен деп тіле!

Қасқа залым Хрущев те зарлап тым, «Тың өлкесі» деді бәрін жан-жақтың. Сол қолымның бес саусағын кесердей, Солтүстіктің бес аймағын алмақ-тын.

Сонда қазақ сонысына төзбек те, Жерді залым бір Ресейге көздеп пе?!. Түркіменге Маңғыстауды жобалап, Ал Мақтарал кетпек еді өзбекке!

Кремльде күшенген сол кісіңді Тәубесіне ер Тәшенев түсірді! Сүйем жер де бұйыртпаған сырт елге, Болды бізге абыройлы іс үлгі!

Аллажар, Алаш! Аллажар, Алаш! Аллажар!

* * *

Қайратымды қағып беттен Желтоқсан, Ләззатты да алып кеткен Желтоқсан! Ерболымды шалып, тепкен Желтоқсан! Сәбирам тұр налып көктен, Желтоқсан!

Тоқсан желің – тоқсан тарау жоқтаудай! Қосқан демім – зор күрсініс боп қалды-ай! Аспан, жерім жұтынды ма оқпандай, Асқар, белін ер қиғанда соқталдай?!

Құзғын басып қыранымның тұғырын, Естіртпеді бозторғайлар шырылын. Көк мұз құрсап ақ гүлдердің ғұмырын, Үстем етті үскіріктей ырымын...

Жылымық бар үскірікке төнетін! Сірессе де сең көбесін сөгетін! Жауқазынды жайқалтып-ақ өбетін! ...Құзғын қайда, осы сәтті көретін?!

86 – жұтқан жыл ғой жұртым қан! Қызыл билік тұяқ серпіп, жұлқынған! Сол болсыншы сорымыздан сырт ұрған, Соңғы шайқас Азаттыққа ұмтылған!

Аллажар, Алаш! Аллажар, Алаш! Аллажар!

* * *

Еңсесі тік ерке ақын мен едім, Алшаң басқан еркіндікке егемін! Жарасым ба?.. Жағасында Есілдің Қара суға теңедім ой тереңін!

Тәуелсізбін! Өзімдікі бас қалам! Көмейімде әнұран тұр. Асқақ ән! Селдеткен көп нөсер жырдың бұлтымын, Жендеттер жоқ жігерімді жасқаған.

Жырлай берем, Азат елдің құт, бағын! Жырлай берем, ынтымақтың ықпалын! Жырлай берем, елордамның ертеңін! Жырларымның, уа, жарандар, ұқ мәнін!

Мейлі мені күнде, тілде, бәрібір! Іштарлықтан болған емен сәл ығыр. Жағымды жыр жалтақтыққа баланса, Қайда сонда Поэзия, әрі – нұр?!

Санасынан сасық иіс жойылғыр, Өзің өткен өткеліңе мойын бұр! Ол – талайлы тағдырыңның тарихы, Арғы беті – сорыңды ұрған сойыл кіл!

Отарланбай отырған соң, іш пысып, Тектен-текке шықырлайды тіс қышып. Садаға кет қыршындардан қырылған, Майдандарда майда жалды күш құшып!

Жеке басқа жақпаса кей мәлім іс, Тәубесінен бұрылған із – жаңылыс! Отаныңды олқы деуге сеп емес, Шала шамаң шашып-төккен бақ-ырыс!

* * *

Тәуелсіздік – Тәңірімнің ғазалы! Қанша ақын жырласа да, аз әлі! Лайық ода лықсытқанша ет жүрек, Лайым, өзім мызғытпаспын мазаны!

Арайлы таң көкжиекке күн ілді, «Өшкен жанып, өлгеніміз тірілді». Бұдан асқақ, қасиетті, киелі Ұғым да жоқ қазақ үшін бүгінгі!

Енді мүлде түспейтін ел кем күйге, Державадай көрінеді кей-кейде. Себебі, біз көтеріліп келеміз, Бар түркінің көшін бастар деңгейге!

Тәңір сыйлап зарлы, шерлі, мұңдыға, Нұрсұлтанды көшбасшы ұл қылды да, Бейбіт жолды үлгі етті әлемге Сары майдан қыл суырар сұңғыла!

Орыс, қытай арасында ойлы ағам Татулықтың тереңіне бойлаған. Құрандағы екі сөзді қосақтап, Әй, есімін әжесі жай қоймаған!..

Күн туса да қолды бекер сермесер, Елбасымыз – артық сөзге келмес ер. Бұрынғыдай заман емес бұл заман, Шығып, ыңғай алпауытпен белдесер!

Онсыз-дағы зарлы анау арттағы ән, Сақалынан жасын төккен қарт бабам. Тобықтан қан, толарсақтан саз кешіп, Тауқымет жоқ қазақ халқы тартпаған.

Жұрттың сағын сындырмастан жылап іш, Бұл кезеңді армандады-ау, мың арыс! Еркін тыныс алғандарға зор міндет, Азаттықтықтың аясында тынар іс!

Аз да емес қазір жеткен жетістік, Қалағанша жүріп-тұрдық, жеп-іштік... Дағдаруды айналдырмай дағдыға, Бөлену шарт ықыласқа тек ыстық!

Қиындығы «тар жол, тайғақ кешудің» Тоқсаныншы жылдар еді десін кім?!. Елордамыз жаңадан бой көтерді, Оң жағы мен сол жағында Есілдің.

Келмесе де дағдарысын жасырғым, Ол – ұсақ сөз, кесегіндей тасырдың. Бізге жайлы болды дейік одан да, Тек соңғысы жиырма бір ғасырдың!

Ер Нұрсұлтан еңсемізді етіп тік, Ел дамуын жеделдетті жетік қып. Басты-басты бағдарлама жобасын Жиырма бес жыл ішінде бекіттік.

Келсе егер білім-ғылым меңгергің, Сыртына да шыға аласың шеңбердің. Алғырлығын аңыз етті қазақтың, Ұлылары алыс-жақын елдердің.

Алла әлі жолымызды оңғарар, Жемқорлардың жегенінен қор қалар... Ойлы, ұлтшыл жастар артып келеді, Құр жібермей мүмкіндікті қолда бар.

Азаттыққа куә болса кең дала, Қазақтыққа қажеті сол жер ғана... Көршілерден кенже болсақ, өсерміз! Аптықпалық! «Елу жылда – ел жаңа».

Астанамда баспанам да жоқ менің, Аш қалам ба... Қызықтырмас тоқ кебің! Басқаларға «Қашпа, бала!» дер едім, Отан үшін жалын атып от демім.

Нұрағамыз алдын болжап елінің, Естіртті ғой бізге былай деп үнін: «Бүгіннен де кемел, нұрлы болашақ Қалыптастар күнге кәміл сенімім».

Сондықтан да ұлттық рухын, қуатын Арттырып тұр «Аллажар!» деп бұл ақын. Ұлы дала – ұрпақтарға аманат, Мансұқ етпес «Мәңгілік ел» мұратын!

Эпилог Заңғар таудай бабам жеткен зарығып, Сулы, нулы жеріміздің бары – құт! Осы жерде дербес ұлт боп танылып, Осы жерде дербес ел боп дамыдық!

Аллажар, Алаш! Аллажар, Алаш! Аллажар!

Астана

2103 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы