• Әдебиет
  • 19 Қаңтар, 2017

Роза Бағланованың алғашқы махаббаты

Өнерге өзіндік бет-бейне, дара талант, қырық қатпар қыр, сан қилы соқпақпен келген сирек жаратылыс, ерен әнші Роза Бағланова жайлы жазылған кітап, мақала, очерк, сыр-сұхбаттар мен құжатты фильм, кинохроникаларда жеке өмірі жөнінде дерек-мәліметтер сиректеу. Ал басқаларды айтпай-ақ, орыстан шыққан  белгілі өнер өкілдеріне келсек, оларда тасып төгіледі, ештеңе жасырмай, әрқайсысының бірінші махаббаты кім, тіпті қанша рет үйленді, нақсүйері кім, қанша әйелден (не күйеуден) қанша перзенті бар, қандай (көбі қайғылы) жағдайда бақиға озғанына шейін ашық айтады. Әлдеқашан марқұм болғандарды да, бүгінгілерді де жіпке тізгендей етіп. Және осы тақырыптағы телехабарлары қандай әсерлі. Жасы ұлғайғанда үйленген (нешінші екені шарт емес) әйелінен көрген екі қызы да атақты актриса болған ертеректегі әйгілі әнші Вертинский, әнші-актер Марк Бернес, жалғаннан жалғыздықтан жапа шегіп өткен әнші, актер, актрисалар: Любовь Орлова, Людмила Зыкина, Татьяна Пельцер, Татьяна Самойлова, Нонна Мордюкова, (оның тұңғыш махаббаты) Вячеслав Тихонов... барлығының шыққан биігі әлемге мәлім, жеке өмірлері бес саусақтай белгілі. Ал сен жеке өмірдің керегі қанша деуің де ықтимал шығар, бәлкім.

Пәлі! Дәл сондай қадір-құрмет олар тұрған үйлердің қабырғасына ескерткіш-тақта қойып, көше, мектеп, басқа мекемелерге аттарын бергеннен де салмақтырақ емес пе? Өркениет үлгісі екенін айтпағанда. Бір қарағанда, сенікі де дұрыс па, кім білсін. Бірақ бәлкім, біздегі (арғы-бергі) белгілі тұлғалар жөнінде көздері тіріде де, өлген соң да – бұл орайдан – жөндем ештеме жасалмай, есесіне, ақиқаттан алыс өсек-аяң, бықсық әңгімелер тоқтамай, әлсін-әлсін қоздап қоятыны сондықтан шығар. Бұл жерде әлімсақтан келе жатқан қазақы психологияны да естен шығарып керегі жоқ. Сонда да... Қазақ дарабоздарының жеке өмірлеріне жете үңілу, белгісіз қырларын тереңдеу біле түсу үшін салиқалы телехабарлар жасау түк те артық болмас еді. Тым болмаса, Құрманбек Жандарбеков пен Шара Жандарбекова, Қанабек Байсейітов пен Күләш Байсейітова, Бауыржан Момышұлы, Шахан Мусиндерді ғайбаттан арашалау үшін десек те. Жоқ! Атама! Әзірге бізде бұл жағы көктей солып, өркен жая алмай тұрғаны өтірік емес. Әйтсе де, өз тарапымыздан нартәуекелге бел буып отырған жай бар. Айтпағымыз белгілі қаламгер Камал Смайылов «Парасат» журналына редактор боп келген соң арнайы айдар етіп ашқанындай, «белгілі адамдардың белгісіз қырлары» хақында. Сәл басқаша айтсақ, ұлы тұлғалардың жеке өміріндегі жұртқа беймәлімдеу тұстарына (орыстар сияқты) үңіліп көру. Бұл жолғы таңдау ұлы әнші Роза Тәжібайқызы Бағлановаға түсіп отыр. Бұл жолғы дейтінім, бұдан он шақты жыл бұрын қазір көзі тірі киноактриса Рая Мұхамедиярованың жеке өмірі, Ғабит Мүсіреповке махаббаты, өзге де көпке беймәлім жайлар хақында жазған көлемді мақала «Парасат» журналында жарық көріп, кейін «Аңыз адам», басқа да газет-журналдар, Сұлтан Оразалин құрастырған жинақ, кітаптарда қайталап басылды. Ал енді Роза Бағлановаға келсек, мойынға артық жүк артпай, тек алғаш бас қосқан жары кім еді немесе тұңғыш махаббаты туралы сөз сабақтаумен шектелмекпіз. Роза Бағланова. Есімі Ұлы Отан соғысы жылдарында алдымен сол шақтағы күллі одаққа, одан соң Қазақстанға мәлім болған дарын иесі. Даңқы шетелдерге жетіп жатты. Концерт бригадасы құрамында майданда болған жылдарда әйгілі қолбасшылар, атақтары жер жаратын маршал, генералдар ол шырқаған әндерге тәнті болып, қол соққан қазақ бұлбұлы. Қазақстанда кейінірек танылды дейтін себебіміз, Қазалы аймағының талабы тас жаратын құртақандай қызы соғыс басталар қарсаңында арман жетегімен Тәшкенге барады. Түскен үйінің көршісі өзбектің сол кездегі жасы егде тартқан атақты әншісі Қари Якубов екен. Ол қора ішінде ертелі-кеш көбелектей қалқып, ән салып жүретін Розаны бірнеше рет сырттай байқап, бірдеңе шығатынын білген соң, жұмыс орнына ертіп барып, қабілетін байқайды. Әріптестеріне таныстырады. Филармонияға қабылдайды. Әрі қарай соғыс. Майдан даласы. Сарбаздардың көңілін аулап, рухын көтеру үшін баратын өзбекстандық концерттік топ құрамында әрдайым Роза болды. Себелеген оқ астында ән шырқап, сан рет ажалдан аман қалды. Орден, медаль, грамоталармен наградталды. Майдан қолбасшыларынан алғыс алды... Соңғы демі таусылғанша өзін Отан соғысының ардагері санады... Ұлы Жеңістен кейін атамекенге оралып, Алматыда тұрақтады. Кімсің Роза атанған әнші даңқы көкке шарлады. Ол орындаған әндер ауыздан-ауызға тарады. Халық алақанда аялады. «Жадырап күндей, Жайнаған гүлдей... ...Күткен едім, сәулем, мен сені» деп қаншама жас жүректің махаббат жалынын алаулатты. «Қол ұстасып, Судай тасып, Еңбек етіп араласып, Өтсе өмір осылай, арман жоқ» деп қаншама көңілге сенім ұялатты. Соғыстан соңғы қауырт жылдар: гастроль, фестиваль, байқау, жарыс. Алматыдан басталып, Қиыр Шығыс, Мәскеу, Ленинград... шетелдермен шендесетін сапар... Берлин, Бухарест, Будапеште өткен фестиваль, байқаулар жүлдегері, лауреат атанған жарқын күндер... Ол кездерде қазіргідей телевизор тұрмақ, жөнді естілмейтін (солай аталатын) радиомикрофон қат. Радиоқабылдағыш қасқалдақтың қанындай. Сөйтсе де, ел-жұрт Розаны білді. Жаппай. Барлық жерде. Патефоннан тыңдағанға құрсан. Гастроль ме? Ауылды атама. Аудандарды да атама. Облыс орталықтарында анда-санда. Бірде... соғыстан кейінгі жылдардың бірінде... Шымкентте Жеңіс күні құрметіне жиын өтеді. Бір Арыс ауданынан 7, өзге аудандардан 2-3 не 4-5-тен Кеңес Одағының батырлары қатысты. Алматыдан өнер қайраткерлері келді. Ішінде Роза Бағланова бар. Жиыннан кейінгі концерттен соң парк ішіндегі алаңда батырларға арнап дастарқан жайылды. Фронтовой жүз грамм, ән, күй, би. Алматылық өнерпаздар кезек-кезек ән шырқады. Өз кезегінде қонақтар жайғасқан үстел мен үстел арасында билеп жүріп ән салған Роза орта шенде отырған қалың бұйра шашы маңдайын жапқан, қастары тұтаса біткен еңсегей бойлы әсем жігіттің жанына бірнеше рет қиғаштай барып, нәзік саусақтарымен басынан сипай өтіп кетіп жүрді. Оған арнап ән шырқады: «Катюша». Онан соң екеуі дөңгелене биледі. Жігіттің омырауында «Алтын жұлдыз». Думан қыза түсті. Розаның қайда тұрасың дегеніне жас батыр: «Ешқайда тұрмаймын, Мәскеуде оқимын. Бәлкім, келешекте Алматыда тұратын болармын» деп жауап берді. «Оһо, біз жақында Мәскеуге барамыз» деді Роза. «Онда сонда жолығады екенбіз де» деді жігіт. «Күтесіз бе?» «Күтемін!». Олар осылай танысты. Роза айтты: «Қазалының қызымын» деп. Батыр айтты: «Оңтүстіктің ­Шаянынанмын» деп. Қоштасарда Роза кезекті әнін шырқады: «Ах, Самара, городок». Бұл күні олар қайтып кездескен жоқ. Батыр сол түні арнайы самолет­пен Мәскеуге ұшып кетті (бұған бес минутсыз қауіпсіздік органы офицерінің құпия құқы болатын). ...1950 жыл. Қыркүйек. Кезекті оқу жылы басталған. Сегізінші сыныпта оқимыз. Бүкіл ­ауданда «Ленин жолы» деп аталатын жалғыз ғана орта мектеп бар. Сонда аудан көлеміндегі шағын-шағын қырық-елу колхоздан бір-екі баладан жинап, қатарлас (параллель) екі класты әрең толтырған. Бұл әрісін айтпағанда, 1928-29 жылдардағы ұжымдастыру одан соңғы ашаршылық, ұзамай басталған соғыс лаңының салдары еді. Немесе халық жаппай жоқ бола жаздағанның көрінісі. Бірақ жоқ болмады. ­60-шы жылдарға қарай тұрғындар 100 мыңға жуықтады. Соған орай, жер-жерде оннан астам орта мектеп ашылды. Ал... Біз сегізінші сыныпқа келгенде (1950) жалғыз орта мектепте жоғары білімді мұғалімдер де жетіспейтін. Сегізінші сыныпта ­республика оқу министрлігінен (уақытша шартпен) келген Төлеген Мырзатаев физика-математика, әйелі неміс тілінен бір жыл сабақ берді. Келер (1952) жылы Алматыда институт, университет бітірген Өзбекәлі Жәнібеков, Сейдамат Батаев, Орынша Көкебаева, Қадыр Бақтыбаевтар келді. Бірінші еңбек жолын бізге (9 сынып) тарих, географиядан сабақ беруден бастаған болашақ қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков келген бойдан көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, бес айдан кейін аудандық комсомол комитетіне ауысты. Ұзамай бірінші секретарлыққа өсіп, одан обком, республика комсомол ұйымына жетекші болды. Кейін Алматыда көрісіп, дәм-тұздас боп жүргенде оны (баяғыша) «ағай» дейтінмін. Өзекең керемет әнші еді. Комсомолға ауысқанда қатты өкіндік. Бізге кетпегені керек еді. Себебі одан Алматыдағы айтулы өнер ордалары, оларда жұмыстанатын белгілі әнші, күйші, актер, суретшілер жайлы небір қызықты әңгімелер еститінбіз. Екі сөзінің бірі Роза Бағланова болатын. Бізден бірер сынып төмен оқитын Роза Өзенбаева дейтін қызға: «Сен келешекте Роза Бағланова боласың, ол Бухаресте өткен Жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты» дейтін. «Өзбектер барабанға (дойра) арнап нота жазады» дегенді де Өзекеңнен еститінбіз. Әне, сол 8-ші сыныпта оқып жүргенде біз сабақ бітісімен жапа-тармағай аудандық кітапханаға асығатынбыз. Оқып біткен кітапты өткізіп, жаңасын аламыз, газет тігінділерін қараймыз. Әсіресе, түрлі-түсті суреттермен шыққан «Қазақстандық Совет Одағының батырлары» деген альбом болушы еді, соны қараймыз. Өз басым соғыс батырлары туралы сол альбомнан алған мәлімет-деректер осы күнге дейін кәдеге жарап келеді десем артық емес. Кейде альбомға бірнеше бала тұс-тұстан жабыла қараймыз. Ішімізде Шаян ауданынан келген бір бала болушы еді, сол бізге альбомдағы толқынды қара шашы маңдайын жауып, қалың қастары тұтасқан әскери жігіттің күлімсірей түскен суретіне қарап: «Бұл біздің Шаяннан» дейтін. Батырлардың осалы болмайды, Талғат, Мәлік, Әлия, Мәншүк – кіл дөйлер. Әйтсе де, шаяндық батыр бейнесі көкейдің бір түкпірінде жүретін. Аты-жөні – Садық Әбжаппаров. Тікелей таныс-біліс болмаған соң, кейде соғыстан кейін не істеді, қайда екен деп те қоятынбыз. Алайда, шіркін-ай, өзін бір көрер ме еді деген қызығушылық та санадан өшпейтін. Оған себеп, бізбен оқыған шаяндық баланың Садық Әбжаппаровты жағы тынбай жерлеспіз дей беретіні болса, екінші себеп, (кейін білуімізше, бірінші жарқосағы) Розадай әншінің жылдан-жылға атағы дүркіреп, даңқы аспанға шарлағаны дер едік. Әнші Роза мен Садықтай батырға қызығушылық ешқашан бәсеңдеген емес. Алматыға кеп, қызмет істеген жылдарда да. Анда-санда ойға түсетін де, Роза туралы осы біледі-ау дегендерден сұрасақ, шамасы, білмейтін болулары керек, жөнді жауап айтпайтын. Біреулер «оны қайтесің?» деп езуіне мысқыл үйірілетін, не «өзінен сұрамайсың ба?» дейтіндер де болатын. Әншіден (Роза) сұрауға, бас екеу емес. Әйтпесе, талай кездесіп, (журнал үшін) сұхбат алып, үйіне де барған кездер болған. Оның үстіне, орыстарда болмаса, қазақтың белгілі тұлғалары, әсіресе, әйелдердің жеке өмірі хақында сөз қозғау салтта жоқ, нәзік нәрсе деп қаралатын. Ал мен өзім өз болғалы, қалам ұстаған жарты ғасырдан бері бұл тақырыпқа бір-ақ рет барып, белгілі киноактриса Рая Мұхамедиярованың ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповпен қалай бас қосып, қалай ажырасқаны жайында жазған мақалам әуелі «Парасат» журналы, онан соң бірқатар (редакторларының ұсынысы бойынша) өзге басылымдарда, авторлық жинақтарда жарияланғаны жөнінде жоғарыда сөз арасына қыстыра кеткенмін. Рая еш нәрсе жасырмай, бәрін ашық айтқан-ды. ...Өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың соңына қарай ертелі-кеш үй іргесіндегі таза ауада тыныстау үшін баратын Панфиловшылар паркінде бойы ортадан жоғары, кең жауырын, тік иық, онша толыспаған, бұрын-соңды ұшыраспаған әлдебір өзгеше пошымды, түсі әрі жылы, әрі суық (десе болғандай) қыран қабақ, қыр мұрын, өткір көзді егделеу қазақты жиі көретін боп жүрдік. Біресе ана тұс, біресе мына тұста спорт киіммен жерді солқылдата басып бара жатады. Кейде скамейкада отырған біздің қарсы алдымыздан өте шығады. Аяқ басуы нық, ширақ. Байыз тауып отырмай, ұдайы жүріс үстінде болатыны аңғарылады. Енді бірде тротуарда бетпе-бет ұшырасып, бір-бірімізге көз қиығымызды тастаймыз да, үндемей кете барамыз. Сәлемдеспейміз. Ығы-жығы жұрттың қайсы бірімен сәлемдесесің. Танымасты сыйламас деген. Әйтсе де, оны жиі көретіндіктен, түр-түсі есте жақсы сақталып қалды. Атын білмегенмен, сол екенін жазбай ­айырамыз. Дембелшең, шымыр денелі қартаңдау қазақтың жоғары қайырылған қалың шашы мен екі арасы тұтасыңқыраған қастарында бір тал ақ жоқ, бет-аузында әжім жоқ. Бізді ол да жақсы біліп алса керек, қарсы жолық­қанда өткір көздерімен жалт етіп бір қарамай өтпейді. Сәлем беруге қанша рет ұмсынсам да, бірдеңе жібермейді, не батыл жетпейді, әлде жігерсіздік. Жо-жоқ, бейтаныс қазақтың жүзіндегі жылылықтан гөрі сұсы басым, айбатты. Өткір жанары өңменнен өтпесе де, елпілдеме елпекбай деп тежейтін де сол секілді. Әйтеуір, тегін адам емес. Паркте кейін пайда болған бұл кім болды екен (дейміз үнемі). Сол шақтарда мен оларға қосылмасам да, паркке таңғы сағат алтыда келіп, бірге жаттығу жасап, бірге жүгіріп, дене шынықтыратын бір топ азамат болды. Бірі – Жамбыл атындағы филармонияның директоры Әбдімәулен Дәуітбаев, бірі – «Қазақконцерттің» директоры Ізбасар Өтешов – екеуі екі әйгілі өнер ордасының тізгінін ұстаған әйгілі дөкейлер. Осынау топ мүшелері ауа райының қалай екеніне қарамай – дауылды, жауынды, мейлі, қар жаусын, тіпті бұршақ жауса да – бір күнді қаза жібермей, ылғи да дәл таңғы алтыда бас қосып, бой сергітіп тарасатын. Кейбірі күндіз, кейбірі жұмыстан соң кешкі мезгілде де қыдырыстайтын. Бірде... Күндізгі сағат төрт шамасында күтпеген жерден «Қазақконцерттегі» қызметіне үнемі парк арқылы баратын Ізбасарды көріп қалдым. Біреумен сөйлесіп тұр екен. Ол адам мен жақындай бергеннен (осы жолы тұңғыш рет асығыстау қол алысып сәлемдестік) жұмысым бар еді деп кетіп қалды. Ол, әрине, бұған дейін талай көріп жүрген, мен үшін түр-түсі таныс та, өзі бейтаныс қазақ болатын. Аман-саулық сұрасып, елпілдей бастаған Ізбасарға: – Ізеке, анау кім? – дедім қасымыздан кетіп бара жатқан қазақты меңзеп. – Анау ма? – Иә! – Сен не, білмеуші ме ең? Сәкең ғой, Садық Әбжаппаров. Алматыға көшіп келгеніне бір жыл болды. Гоголь мен 8 марттың қиылысында тұрады. Келген бойда 4 бөлмелі үй алған. Әсет Бейсеуовпен ­көрші. Әскери адам, денсаулығы мықты. Күн сайын таңғы сағат 6-да паркте жолығамыз. Біздің топқа мүше. Үйі жақын, күндіз де, кешке де паркте жүреді, – деді әсерлене сөйлеп. – Қайталап айтайын, Сәкең Кеңес Одағының батыры. Өзі біздің жақтан, Шаяннан. Білесің бе, ол Роза Бағланованың бірінші күйеуі ғой. Екеуі соғыстан соң үйленген. Бірақ кейін ажырасып кеткен. Сәкең басқа әйелге үйленіп, қазір сонымен тұрады. Бала-шағалы, немерелері бар. Үйінде боп, жеңгемізбен танысқанмын. Роза апамыз да, шүкір, бала-шағалы. – Сәкеңді бұрыннан білуші ме едің? – Айттым ғой әскери адам деп. Органда істепті. Сондықтан үнемі қаладан қалаға көшіп жүріпті. Соңғы қызмет орны – Өскемен екен. Төрт жыл бұрын артистерді басқарып барғанымда, Сәкең жеңгеймен бірге концертке келіп, сонда танысқанбыз. Өте қарапайым, кішіпейіл. Танысқың келе ме? Келсе айт. Бүгін-ақ жолықтырайын, – деп елпең қақты Ізекең. – Бүгін болмаса да, танысқан шеккі болмас еді. Ол біз бала кезден білетін батыр ғой, Ізеке! – Бітті. Телефон бар, қашан кездесуді айтамын, жарай ма? – Жарайды. Роза Бағланованың бірінші күйеуі дедіңіз, сол жөнінде сұрасам айып болмас па екен? Қалай көресіз? – Тоқта! Тоқта! Асықпа. Розаны айтамын, олай деп аузыңа алушы болма. Көріп жүрмін, осындағы біреулер міңгірлей бастаса, ағамыз бірден тыйып тастайды: «Оны қайтесіңдер, басқа әңгімелерің жоқ па?» деп... Сен де қозғама. Алда көре жатасың. Білемін, бұл нәрсе саған қажет. Жазуың да мүмкін ғой. Солай ма? – Жарайды, сұрамаймын, не керек. – Не керек деме, әуелі таныссайшы. Бәлкім, Сәкең көңілі түссе, өзі-ақ айтар. Ол кіммен қалай сөйлесуді біледі, сол есіңде болсын. Солай деген Ізбасар ұзамай телефон соғып: «Сен туралы айттым. Сәкең келісті. Танысуға сенен де құмбыл сияқты. Пәлен уақытта кафеде жолығамыз» деді ентіге сөйлеп. «Басын ашып алайық, бір шартым бар» дедім. «Айта бер». «Қонақ ету менен. Әйтпесе бармаймын». «Ой, сен де бір... Кім қарсы? Мен бе? Келе бер. Тек ұмытпа!» Міне, солайша Садық Әбжаппаровпен ­Панфилов ­паркіндегі көп кафелердің бірінде бас қосып, бала жастан аңсаған арманға қол жеткендей болды. Ойдан-қырдан әңгіме соғып, талай сыр ақтарылды. Әрине, Роза Бағлановадан басқасы. «Апырай, ә!? Мынау егде тартқан шымыр адам шынымен Садық Әбжаппаров па?» деймін сенер-сенбесімді білмей. Кеңес Одағының батыры! «Сол! Дәл өзі!..» деп жауап бергендей болады ішімнен біреу. Айтқандай-ақ, Сәкең аса дегдар, инабатты, ішкі де, сыртқы да мәдениеті мол зипа, зиялы, үлкен-кішіге теңдей қарайтын кішіпейіл жан екен. Өмірінше әскери салада қызмет етіпті. Шені полковник, дербес зейнеткер. Зейнеткер дегенмен, Ізбасар айтқандай, денсаулығы мығым, жараған аттай. Арадан апта өтер-өтпесте «кезек менікі» деп Ізбасар екеумізге ол да шай берді. Ол кезде... «Мәдениет және тұрмыс» журналын әр жыл сайын 250 зейнеткерге тегін жаздыратынбыз. Соған орай, келесі жылдың тізіміне Сәкеңді де қостым. Жаңа жылдың бірінші санын алған бойда хабарласқан ол: «Әй, інім, саған рақмет. Алдын ала айтпаған екенсіңдер. Мен журналға өзім жазылып қойған едім. Енді ай сайын екі журнал алатын болдық. Алдағы жылы есіңде болсын, жаздырмай-ақ қой. Мен бұл журналды шыққалы бері қайда жүрсем де алып тұрамын» деді қорғасындай салмақты, ашық үнмен. Мұндайда: «Менің еңбегім ерен, абыройым зор, журналға неге тегін жаздырмайсыңдар!» деп жер тепсінетіндер еске түспей тұрсын ба, түсті. Молынан, қосақ-қосағымен... Сәкең бұл жағынан да биік екенін аңғартты... Солайша, онымен ара-тұра кездесіп, әңгімелесіп, сырлас-мұңдас боп жүрдік. Жұмысбастылықтан кейде апталап, айлап көріспей кететін шақтар да болып тұрды. Ондайда Ізбасардан сыр тартамын: «Паркке барып тұрасың ба?» деп. «Таңертеңгі алты біздікі ғой!» дейді ол. Неге сұрадың демейді, біледі. Оны қолма-қол аңғартады: «Сәкең сені сұрап қояды. Көріспей кетіпсіңдер ғой, хабарласып тұрмайсың ба?» деп. – Ой, Ізеке! Қарбалас боп кеттік қой. Сәкеңе айт, хабарласамын! деймін. Ал енді түбі бір сәті түсер деп батыр ағамыздан Роза Бағлановамен қалай бас қосқаны жайлы көпке дейін жақ ашпадым. Ізбасар алдын-ала ескертпесе де, бәрібір, өзім де сөйткен болар едім. Әйткенмен, өзі айтатын шығар деген дәмемді Сәкең де сезіп жүрді-ау деймін, шамасы. Күндердің күнінде суыртпақтап шетін шығара бастауым мұң екен, жарықтық бірден шешіліп: «Көзі ашық жігітсің ғой. Роза екеуміз бір-бірімізге Ләйлі-Мәжнүндей ғашық боп үйленгенбіз, шырағым» деді парктегі скамейкада отырғанымызда. «Саған тоқ етерін айтайын. Артистке үйленгенімді тума-туыстарым да, жақын дос, жора-жолдастарым да қостаған жоқ. Біз оған қарамадық. Алматыда тұрдық. Кереметтей пәтеріміз болды. Бірақ біз үйленгенмен, үй бола алмадық. Үй болу үшін ерлі-зайыптылар күн сайын бір есіктен кіріп, бір есіктен шығуы керек. Бізде ондай болмады. Екеуміз қысы-жазы екі жақта айлап-жылдап командировкада жүрсек, қайдан үй боласың? Мен командировкадан келгенде ол кетеді, ол келгенде мен кетемін. Ақ некеге адал болдық. Роза екеуміз өкпе-назсыз, адамша ажырасқанбыз. Кейін ол да, мен де қайта отбасын құрдық. Мен қызмет бабымен қайда барсам да қасымда болатын қарапайым қызға үйлендім. Сырттай біліп жүремін, бүгінде Роза бақытты ана, әже. Менің де бала-шағам ержетіп, орындарын тапқан. Немерелерім өсіп жатыр. Басқа айтарым жоқ». Сәкеңнің Роза Бағлановамен қалай бас қосып, отбасы құрғаны жайлы осы айтқандарына қанағат деп жүре бергеннен бөлек лаж жоқ еді. «Басқа айтарым жоқ» деген соң қайта күйсеп қайтейін. Әйтсе де, екеуі де қан майданға қатысып, анау-мынау емес, бірі батыр, бірі атышулы әнші ретінде көптің ­назарында болған тұлғалардың, тым болмаса, алғаш қалай танысқандарын егжей-тегжейлі білер ме еді деген қызығушылық арта түспесе, зәредей азайған жоқ-тын. Сірә, оны да мен айтпай-ақ, өзі шамалап жүрді-ау деймін. Бір жолы 9 мамырдағы парадтан кейін Панфиловшылар паркінде жолығып, Жеңіс мерекесімен құттықтадым. Ағамыз көңілді екен, «анда барып аяқ суытайық» деген соң, оңаша скамейкаға жайғастық. «Бір сағаттан соң офицерлер үйінде банкет болады, соған дейін саған әңгіме айтып берейін, – деді ағынан жарылып. – Соғыстан кейін біз Розамен көктемнің дәл осындай жайнаған күндерінде кездесіп, соңынан үйлендік қой...» Сәкеңнің майын тамызып айтқан сөздеріне еліккенім сондай, бір сағат уақыттың қалай өткенін сезбей де қалдым. «Міне, осылай» деді де, тұс-тұстан өзі секілді жоғары шенді офицерлер жиналып жатқан зәулім ғимаратқа қарай ширақ адымдап жүріп кетті. Өзіне әскери мундир әйбат жарасады екен. Жалт-жұлт еткен погондар, көзіне түсіре киген фуражка, омырауда Алтын Жұлдыз... бәрі үйлесіп, келісіп, жарасып тұр. Ғажап!.. Сәкеңнің сол күнгі бейнесі әлі күнге көз алдымда. Қазақшалап айтсақ, Батыр Сәкең! Садық Әбжаппаров! Кеңес Одағының халық артисі Роза Бағланованың бірінші күйеуі! Сәкеңнің сол күнгі әңгімесінен олардың жас кездерінде қалай танысып, табысқаны жайлы (осы жолғы әңгімелер негізінде) сөзіміздің басында шалқып-тасыңқырап баян еткенбіз. Соған салауат!.. Роза Тәжібайқызы ше? Өмірінің соңғы жылдарында теледидардан берілген сұхбат-хабарларда ол да алғаш жаны сүйіп қосылған жары Садық Әбжаппаров екенін құрметпен еске алып айтқанына сіз де, біз де куә болдық емес пе? Болдық! Болғанбыз! Солардың әсерінен осынау эссе-очеркті жазу құмбылдығы оянған-ды. Енді міне... оқырман қауымға ұсынар сәт жеткенге тәуба. Үрім-бұтақ, бала-шағаларына бақыт тілейміз. Ата-әжелерінің жас кездегі өмірін олар да біле жүргені ғанибет дегендей. Соңғы айтарымыз, көптеген алыс шетелдерде, көрші Ресейде, Өзбекстанда Роза секілді ұлы әншілер өмірінен түсірген көркемсуретті фильмдер баршылық. Бізде әлі жоқ есебі. Розаның өмірі дап-дайын материал емес пе және қандай! Киноға сұранып тұр. Қозғал, қазақ! Рухтары шат болсын!..

AsabayevЗәкір АСАБАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

6935 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы