• Қоғам
  • 02 Ақпан, 2017

«Тәйт» дейтін қазақ қалмағаны ма?

Бүгінгі қазақтар бүкіл той-томалақ, мереке-мейрамды түгел адақтап, енді шет елдердің бізге жат мейрамдарын тойлауға көшті. Сондай мейрам, мейрам емес жас ұрпағымызды ұлттық санасынан, ұлттық ар-намысынан жұрдай ететін «Валентин күні» де келіп қалды. Шетел миссионерлері онсыз да ата-баба дәстүрінен ал­шақтап кеткен қазақ жастарының санасына оны «Махаббат күні» деген атпен сіңіріп жіберді.

Бұл залымдық мейрамға Қа­зақ­станнан басқа Өзбекстан, Әзер­байжан, Түркіменстан, Тәжік­стан сияқты бізбен тілі, діні, салт-дәстүрі бір республикалардың бәрінде ­тыйым салынған. Ал не мектебінде, не университетінде қазақтың ұлттық тәрбиесі, ата-баба салт-дәстүрі, ұлттық ар-ұяты туралы бір пән түгіл бір сағат өткізілмейтін Қазақстанда орысша, ағылшынша сөйлеп, солардың әнін салып, қимылынан адам шошитын билерін билеп, сонысын үлкен жетістік деп білетін қазақ қыз-жігіттері осы зымияндық мейрамның улы буына басы айналып шыға келді. Басы айналмай қайтсін, бұл мейрамның шарты бойынша қыз бен жігіт бұл күні ойына не келсе соны істеуіне болады. Одан артық қандай малғұндық бар? Бір ұлтты тілінен, дінінен, ұлттық ар-ұятынан айырып, құртып жіберудің ең оңай тәсілінің бірі – осы ­зымиян мейрам! Сонымен, бүгінде әйел жыныстысы күйеуге тимейтін, тисе оны күйеуім, ерім демей «напарнигім», «жолдасым» деуді дәреже көретін, бала туудың орнына ит пен мысық асырайтын, ­сонысын «өркениеттілік» деп білетін, еркек еркекке үйлене­тін, соның бәрін заңдастырған елдер енді осы хайуандық қылықтарының бәрін емін-еркін ­таратуда. Бұл күні қазақ жастарының жүріс-тұрысына, қылықтарына қарап тұрып бұл өзі қазақтың «ұлттық мейрамына» айналған ба дерсің. Олар киелі Нау­рыз тойын да бұлай тойламайды. Ал «қасапшыға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы» дегендей, базарды да – базар, көшені де – базар қып қолына түскенін түгел сатып жүргендерге бәрібір, олар сол күні саудасы жүріп, бір қарық боп қалады. Базарлар мен көшелер қанқызыл қып боялған қағаздан жасалған жүректерге, «махаббатым сенсің», «бүгінгі түн біздікі», «таңды бірге қарсы алайық» деген еліртпе сөздері бар ашық хаттарға толы. Не үйде, не мектепте, не университетте ұлттық тәрбие деген сөзді естіп көрмеген қыз бен жігіт сыңараяқ соқпақтай тар тротуардың қақ ортасында ерінге-ерін жабысып, бұл дүниені ұмытып балқып тұрады. Оларға «тәйт» деп жатқан бір қазақ жоқ. Әншейінде, теледидардан «Мен жастарға сенемін» деген жаттанды да жәдігөй сөзді жүз қайталайтын ақсақал-сымақтар мен депутаттардың бірде-бірі мына хайуандыққа тыйым салайық дегенін бір естімейміз. Оның орнына бұл күні Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында, метроның кейбір бекеттерінде алуан түрлі қондырғылар орнатылып, енді бір алаңқайларда күмпілдеген музыка ойнап, өткен-кеткендерге «валентинка» пішініндегі купондар таратылғанын да көрдік. Тіпті әртүрлі ойындар мен жарыстар өткізіледі. Құшақтасып, сүйісіп, жас сәбиін төбесіне қойып суретке түсіп жатқандар қаншама?! Ал «Мега», «Спутник», «Ритц Палас» атаулы сауда, ойын-сауық орта­лықтарындағы сән көрсе­тілімдерін, лотерея ойындарын үлес­тіріп жатқан бәйгелер мен сыйлықтарды көргенде қазақы тілмен айтқанда «мыналардың әкесі тіріліп келген шығар» деуге болады. Қысқасы, Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлаған Қазақстандағы Наурыз мейрамы мынаның қасында «жіп есуге жарамайды». Біле білсек, Наурыз мейрамы Ұлт ұлылығының, Ұлт заңғарлығының, дегдарлығының шырқау шыңы әрі ғаламзерттеу (астрономия) ғылымының шамшы­рағы емес пе?! Заңғар жазушы М.Әуезов өзінің өкшесін басып келе жатқан жастарға «Осы сендер ой, айттық қой, ой, жаздық қой, оны!» дейсіңдер. Айта беру керек, қайталап айтып отыру керек. Төбеден тамшылаған су да күндердің күнінде астындағы тасты тесіп шығады» дейді екен. Біз де ұлтымыздың ұлттығына, ұрпағымыздың санасына зор апат әкелетін, бер жағы Ресей, ар жағы ­батыстан келіп жатқан рухани, мәдени кеселдерге тосқауыл қою керектігі туралы айтып та, жазып та келеміз. ­Шетел саясаткерлері, философтары мен мәдениеттанушылары сұрқиялықпен ойлап тапқан отарлау­дың жаңа, зымиян түрі – «Валентин күні», «Татьяна күні», «Хэллоуин» сияқты рухани азғындату мейрамдарының ұрпағымызға тигізер залалын айтып тауыса алмайсың. Осыны жақсы түсінген мұсылман елдері мен түркітектес елдер өз ұлтын мұндай қасіреттерден сақтаудың, ұл-қыздарына ұлттық намыс пен ұлттық сананы, ұлттық тәрбиені сіңіруді қолға алуда. Ал біз ше? Біз жас ұрпағымызға оны үй­ретудің орнына елімізге келіп жатқан қандай жат дәстүр, жат қылық, жат үрдіс атаулының бәріне кең жол ашып қойдық. Тіпті өз ұлтың туралы азырақ, өзге ұлттар туралы көбірек ойла, соларға қамқоршы бол дегенге шейін бардық. Орыстілді ақындарымыз бен орыстілді мәде­ниеттанушыларымыз «общечеловеческое мышлениеде», «планетарный масштабта» ойлап, солай сөйле деген сияқты ерсі сөздерді құйды ұл-қыздарымыздың құлағына. Қазақ ешқандай «Валентин күні», «Татьяна күнісіз-ақ» өз ұл-қыздарының бір-бірімен таныс-біліс, сырлас, мұңдас болуына, бір-біріне ынтызар (ғашық) болуына кедергі жасамаған. Оның бәрін тізіп дәлелдеп жатпай-ақ, ойын-тойларда қатар отырып ән салып, әзіл-қалжың айтуына, қыз бен жігіт айтысына рұқсат беріп, «отырмақ», «ақсүйек», «алтыбақан тебу» сияқты әртүрлі ойын-сауықтар ұйымдастырып отырған. Бірақ соның бәрі бүгінгі «Валентин», «Татьяна» күндеріндегі сияқты қалың елдің көзінше бір-бірінің аузына желімше жабысып сүйісу, күйеуге шықпай-ақ бала туу, өзге де әдепсіз қылықтарсыз-ақ асқан сыпайы, биік мәдениеттілік жолымен атқарылған. Ендеше, егер мына алмағайып заманда қазақ деген ұлтымызды аман сақтап қалуды ойласақ, Парламенті, Үкіметі бар, басқа қоғамдық ұйымдары бар бәрі ақылдасып ұлттық тіл, ата-дәстүр, ұлттық тәрбие, ұлттық мәдениет, ұлттық мейрам атаулының басын қосып бір Заң қабылдайтын кез келді.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

3299 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7245

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6223

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3964

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3354

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3313

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3282

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3009

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2998

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы