• Әдебиет
  • 15 Ақпан, 2017

Сырлы сазгер

Қадыр ЖҮСІП, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры

Бір жылы іссапармен Ақтауға бардым. Теңіз суына шомылдым. Теңіз шалқып жатыр. Теңіз тереңінен ызылдаған бір тылсым үн естіледі. Ұзақ тыңдадым. Каспий ән салып жатыр. Ғажап! Теңіз толқыны жағаға бір ырғақпен соғады екен. Сегіз толқын жай ғана соғады, ал тоғызыншы толқын жарға «гүрс» етеді де, аспанға жаңбырын шашады, қайраң жағаға да алғы сегіз толқындай емес, тоғызыншы толқын құрлыққа ұмтылып, біраз жерді жуып өтеді. Ақтаулықтар мұны жақсы біледі. Мен әдейі толқын санауға кірістім. Жағаға жақындадым да, әрбір жай соққан сегіз толқынның келген жеріне дейін барып тұрдым. Шынында да, сегіз толқын аяғыма тиіп, кейін лықсыды да, тоғызыншы толқын балтырыма дейін жуып өтті. Теңіз ырғағынан жаңылмайды екен. Осындай табиғаттың ғажабын өз көзіммен көрдім. Естіліп тұрған шыңылдаған үн теңіздің әні де, ал тоғызыншы толқын әннің қайырмасы екен-ау деген тоқтамға келдім. Ән де осылай емес пе еді? Бір ырғақпен бірдей айтылып келеді де, қайырмасында биік диапазонымен шырқай жөнеледі.

Міне, табиғаттың әншілігі! Біз ән мұхитында жүрміз. Оны тек сезе білу керек. Өзіміздің үндемей әнмен тербеліп жүретінімізді сезінуіміз жөн. Осындай табиғаттың туындысына ұқсап, композитордың әндері де адам көңіл күйіне үндесе кететінін қараңыз. Жетпісінші жылдардың бір жаймашуақ күнінде радио тыңдап отыр едім. Концерт беріліп жатты. Бір кезде жүрегімді суырып алардай ғажап ән естілді. Сазы да, сөзі де керемет! «Не деген құдірет» дедім ішімнен. Көзіме мөлдіреп жас келді. Әнді біткенше тыңдап, мұңға баттым. Ән аяқталысымен, іле диктор даусы естілді: – Сіздердің тыңдағандарыңыз композитор Илья Жақановтың «Жан жолдас» әні, сөзі Сәкен Сейфуллиндікі. Басқа беріліп жатқан әндерге құлақ аспастан, Сәкеннің кітабынан «Қоштасқан жер» деген өлеңді тауып алдым. Жан жолдас, ұмытылмас қоштасқан жер, Сөздерің емес тіпті естен кетер. Көзіңе жас кеп толды, сұрың қашып, Мен келіп «Қош, – дегенде, – қолыңды бер!» Дегенде: Мені ұмытпа, жан жолдасым! Сүйенді төсіме кеп сенің басың. Сүюге ерінге-ерін тиген шақта, Бетіме тамды-ау аққан ыстық жасың. «Қош, қалқам!» деп құшақтап қайғырғаның, Мөлдіреп жасың төгіп айрылғаның. Өлгенше естен кетпес көзің сүртіп, Майысып, маған қарап қайырылғаның. Әні мен сөзі керемет үндескен. Ғашықтардың аласапыран замандағы қоштасу сөзі. Мұндай күй кімнің басынан өтпеді дейсіз. Менің де мұңым сияқты. ­Содан бері Илья Жақанов әндеріне елеңдеумен жүрдім. 1974 жылы қаңтар айында жаңа ықшам ауданында салынған көп қабатты жаңа пәтерге көштік. Бұрыннан сол аудандағы үйлердің бірінде тұратын Гурьев ­педагогика институтының математика пәнінің оқытушысы ­Асылбек атты дос-інім ерулікке шақырды. Жұбайымыз екеуміз қонаққа бардық. Дастарқан басында басқа да жолдастары бар екен. Үй иесі Асылбек әнші, өнерпаз адам еді. Жақсы дауысы бар болатын. Қонақтық орталап келгенде «Сіздер Илья Жақанов деген композитордың әндерін естідіңіздер ме? Ильяның тамаша әндері шықты. Қазір теледидар мен радиода сол әндер әлсін-әлі шырқалуда. Мен оларды магнитофонға жазып алып, үйреніп жүрмін. Өздеріңіз бағасын берерсіздер» деді де домбырасын қолына алды. Асылбектің бұрын да халық әндерін айтатынын білетін едік. Ал мына әндеріне аң-таң болдық. Екі рет қайталанып айтылғаннан кейін, бәріміз де қосылып кеттік. Себебі ән сөздерін машинкаға басып көбейтіп қойған екен. Әрбіреуімізге ән мәтінін берді. «Жайлаукөл кештері», «Әсел», «Асылым» деген әндер екен. Асылбектің үйіндегі сол кеш Илья Жақановтың ән кешіне айналып кетті. Ильяның әндері жүрек тербеді, әндеріне ғашық болдық. Сөзі де, сазы да жаулап алды. Кейде жаңадан туған әндерді тыңдармандардың қабылдауы қиын болатыны бар ғой. Ал мына әндер бірден өздері жан-дүниемізге ене баурады. Асылбек келесі басқосуларда «Ильяның «Әселінен» бастайық» деп жаңа үйренген әндерді бірінен соң бірін кеп төгетін болды. Халық әндерімен «үзіліс» жасап аламыз да, Илья әндерінің тұтқынына қайта түсеміз. Илья әндерінің бір ғажабы сол, кеудеңді кере шалқи айтқанда, қазақтың кең даласының өзіне қанат бітіргендей болады. Самалы жұпар жазғы бір кеште, Ойласам болды Ыстықкөл жақты. Айтылған сырлар түседі еске, Оятқан сонда ақ махаббатты. Бұл тек біз емес, бүкіл қазақ елін билеген «Әсел» әні. Шыңғыс Айтматовтың романтикалық прозасынан жібектей есіліп шыққан сырлы әуез. Осы әнге Ильяның өзі жазған сөзі қандай! Сезіміңді баурайды. Мұнда сағыныш, арман, мөлдір сезім, іңкәрлік бар болмысыңды құндақтап, бесікке бөлеп тербеткендей. Бұған қайырманың қисындала жалғаса келіп, жүйеңді балқытып, елітетінін қайтерсің. Тулайды жүрек, Толқындай шалқып. Аңсайды жүрек, Өзіне тартып. Сағынтқан әнім, Әселім жаным! Бұл әндер біздің алтын күндеріміздің бір сәулелі шағы. Қандай жақсы сәттерді бастан кешкенбіз. Әлі күнге дейін Илья әндерімен тыныстап келеміз. Асылбектің үйінде сөзінің де авторы Ильяның өзі екенін білгенде «Бұл қазақ өнеріндегі ерекше құбылыс – феномендік» деп бағалаған едік. Бірақ біз, әрине, Әсел деген Ильяның өзінің сүйген қызы болар деп ойладық. Кейін «Әсел» де, «Асылым» да Шыңғыс Айтматовтың шығармасындағы кейіпкер­лердің махаббат сезіміне арналған Илья шығарған әндер екенін білдік. Біраз күндерден кейін Асылбек ­«Да­­нияр­­­дың әнін», «Жәмиланың әнін» ай­тып, бізді Ильяның жаңа әндерімен тағы да тербетті. Бұл әндер де Шыңғыс шығармалары кейіпкерлеріне арналған романстар екенін ұғындық. Иә, алпысыншы жылдардың бас кезінде Ш.Айтматовтың «Тау мен дала хикаялары» деген повестер жинағын табына оқығанымды есіме түсіріп, қайта-қайта шолдым. Қазір де қайта-қайта «Жәмила», «Қызыл орамалды шырайлым менің», «Құс жолы», «Алғашқы ұстаз», «Бетпе-бет» деген өлмес дүниелерді қиял дүниесінен өткіземін. Міне, бүгін Илья Жақановтың «Таңға­жайып махаббат» атты лирикалық эссесін оқып отырып, рақатқа бөлендім. – Ой, шіркін-ай, Шыңғыс пен Илья­ның бір-бірін тылсым табиғаттың ­табыстыруы әуелден, шығармалар ­тумастан бұрын, бір-біріне арналып дүниеге келгендей болды-ау! Қазақ пен қырғыз халықтарының достық діңгектерінің бір тармағы Шыңғыс пен Ильяның достықтарындай сияқты. Олар бір-бірімен рухани шырмалып, шиеленіскен екен демеске шара жоқ. Шыңғыс пен Илья – екі алып, бірі – қырғыз халқының, бірі – қазақ халқының перзенті екі елді шекарасыз бітістірген жандар. Қырғыз ақыны Соонорбай Жусуевтің «Қырғыз озса – ол қазақтың озғаны, қазақ жеңсе – ол қырғыздың жеңгені» деген тапқырлықпен айтылған сөздері осы екі алыптың достығына арналғандай. Кейініректе туған керемет «Қош, Гүлсары» повесін баурай шығарылған «Бибіжан» әні де повесть кейіпкерлерінің таңғажайып махаббаттарын автордың жүрегімен сезінгеннен туған ән. Ильяның «Таңғажайып махаббат» атты лирикалық эссесінің лиризмі, ән туғызған хикаяларын баяндауы әр оқырманның жүрегін емірентіп, махаббат жайлауын гүлдендіргендей. Бұл әндердің бәрі романс стилінде жазылған. Әр әннің қасиеті сондай, айтушының жүрек шыңырауынан шығып, тыңдарманның жүрегіне кәусардай, зәмзәм суындай құйылады. Әңгімеміздің басында Каспий теңізінің толқыны туралы айтып едік. Ильяның әндері де шалқыған теңіз. Сол теңіздің ырғағы сегіз рет толқып келіп, тоғызыншы толқыны биікке әуелетіп, көңіліңді шарықтатып жібергендей. Ой, шіркін, романс осындай болады екен! «Илья романс патшасы емес пе!» деп қаламын да, осы сұрағыма өзім сенімді түрде жауап беремін. «Иә, Илья – қазақ романсының патшасы!».

1886 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5811

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5480

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3218

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2604

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2565

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2544

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2277

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2259

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы