• Тарих
  • 15 Ақпан, 2017

Хал қалай, қазақ балабақшасы?

2015-257x300Шерубай Құрманбайлы, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі

Әр баланың өз ана тілін меңгеруі отбасында басталады десек, бұл ретте балабақшаның бала тілін қалыптастырудағы орны мен рөліне  ерекше мән бергеніміз абзал. Күні бойы жұмысбасты болып, өз сәбиінің тәрбиесін  балабақшаға сеніп тапсыратын кез келген ата-ана баласының туған тілін қалай үйреніп жүргеніне бейжай қарамағаны дұрыс. Өйткені бүлдіршіннің бойындағы ана тіліне ­деген сүйіспеншілік, құрмет ­жастайынан қалыптасатыны белгілі. Ержеткенде өзге тілде шүлдірлеп, өз тілін мансұқ етіп тұратын болса, бұған бір жағынан балабақшадағы тәрбиенің теріс әсері барын айтамыз. Бұл орайда бүгінгі қазақ балабақшаларындағы мемлекеттік тілдің мәртебесі қандай? Қазақ тіліне тиісті дәрежеде мән беріліп отыр ма? Балабақшадағы бала өз тілін үйренудің орнына өзге тілді, тиісінше өзге мәдениетті меңгеріп жүрген жоқ па? Мұндай сауалдар көпшілігімізді ойландыратыны рас. Осы тақырыпқа филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы қалам тартып, көкейкесті мәселеге ­байланысты өз көзқарасы мен пайымын ортаға салады. Аталған мақаланы бүгінгі нөмірдің 5-ші бетінен оқи аласыздар. 

«Ана тіліміздің алтын бесігі қазақ балабақшаларындағы тіліміздің жай-күйі қалай?», «Балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілері әр үйдің үміт күткен көз нұрларына қазақтың ұлттық рухын сіңіртіп, ана тілінің уызына жарытып, ұлттық дәстүрді бойына дарытып тәрбиелеп жатыр ма?», «Балабақша ұжымы ұлт алдындағы жауапкершілікті толық сезініп, өзіне жүктелген аса зор міндетті ойдағыдай атқарып отыр ма?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздей бастасақ, ойланатын, ойласатын, көңіл бөлетін тұстарымыздың көп екенін дәл осы кезеңде балабақшаға бала апаратын ата-ананың бірі ретінде күнде көріп жүрміз. Қазақ балабақшасының жетістігіне сүйініп, кемшілігіне күйінетін көптің бірі ретінде осы мәселеге қатысты кейбір ойларымызды айтқанды жөн көрдік. 

Сан бар, сапа керек

Ана тілі – ұлттық тәрбие негізі. Тілді тәрбиеден, тәрбиені ұлттың тілінен бөліп қарау мүмкін емес. Ұлтымыздың рухынан бастап, бойындағы бар қасиеті тілінде сақтаулы тұр. Ұлтының барлық ізгі қасиеттерін алпыс екі тамыры арқылы тараған қан секілді ұрпағының бойына сіңіріп, халқының жанын ұғатын, оған қызмет ететін ұл-қыз өсіргісі келетін әр жұрт мұны жақсы біледі. Ұрпағын ана тілінде тәрбиелеу – ежелден-ақ біздің халқымыздың басты ұстанымы болған. Сонау ортағасырлық ғұлама Махмұд Қашқаридың «Тәрбие басы – тіл» деуі, халқымыздың «Өнер алды – қызыл тіл» деп, оны бар өнерден жоғары қоюы соның айқын көрінісі. ХХ ғасырдағы ұлт саясаты мен тіл саясатындағы солақайлық, ұлтсыздандыру ­идеологиясы қазақтың өмір-салтының өзегі болып келген осы қасиетімізден кеңестік тәрбие мен білім беру жүйесі арқылы айыруға тырысты. Ұлтты тілінен мүлде ажыратып тастай алмаса да, ұл-қызын басқа тілде оқытып, бөгде тілде берілген тәлім-тәрбие мен таным-түсінікті санасына сіңіру әдісімен ұлттың тұтастығын, ұлттық санасы мен рухын бұрын-соңды болмаған жағдайға жеткізіп, барынша әлсіретті. Екі басқа тілде білім алып, тәрбие көрген, екі мәдениеттен сусындаған қазақтың қақ жарылып қалған болмысы әлі толық тұтаса алмай келеді. Отбасынан кейінгі ұлтты тұтастыруға, ұлттық сананың дәнін егуге, ұлттық рухтың негізін қалыптастырып, ана тілінің уызына жарыған отаншыл ұрпақты тәрбиелеуге ең күшті ықпал ететін ошақ – қазақ балабақшасы. Балабақша – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың ең маңызды сатысы. Өйткені ертең қазақ мектебіне баратын, бүрсігүні маман болып қазақтілді қоғамды қалыптастыратын ұлт үміті, ел болашағы бүгін дәл осы балабақшаларда өсіп жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары балабақшалардың көбі жаппай жабылып, жекешеленіп кетті. 1990 жылдағы балабақшалар саны – 8 881 болса, 1991-ден 2000 жылға дейін республикадағы балабақшалар саны 8 еседей кеміп, 8 743-тен 1 144-ке дейін қысқарды. Сол 90-жылдардағы көрсеткішке мемлекеттік, жекеменшік балабақшалар мен шағын-орталықтарды қоса есептегенде араға ширек ғасыр салып біз енді ғана жуықтап келеміз. ҚР БҒМ жанындағы «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ дайындаған «Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің жай-күйі және дамуы туралы» ұлттық баяндамасына сүйенсек, 2015 жылғы мектепке дейінгі ұйымдар саны – 8 834 (оның ішінде 4 241 балабақша, 4 593 шағын орталық) екен. Мемлекеттік балабақшалар саны – 2688, ал жекеменшік балабақшалар – 1553. Бұлардың 4371-і мемлекеттік шағын орталықтар да, 222-сі жекеменшік шағын орталықтар. 2016 жылы олардың саны тағы артты. Жыл санап қазақ балабақшала­рының саны көбейіп, оған қазақтармен бірге өзге ұлт өкілдерінің де балаларын бере бастауы қуанарлық құбылыс. Бұл үрдістің жалғасын таба беруі осы мекемелердегі тәрбие мен білім берудің сапасына тікелей ­байланысты. Сондықтан ендігі жерде қазақ балабақшаларындағы бүлдіршіндерге қазақ тілінде тәрбие берудің сапасына барынша көңіл бөлудің маңызы зор.

Қазақ балабақшаларында балалар неге орысша сөйлеседі?

Үлкен қалалардағы қазақ мектептерінде оқитын балалардың сабақтан шыға сала мектеп дәлізі мен ауласында орысша сөйлесе­тініне қынжылып жүрсек, қазақ ба­лабақшаларындағы жағдай да жетісіп тұрған жоқ екен. Мәселен, елордамыз Астана қаласындағы қазақ балабақшаларының көбінен осы құбылыс анық байқалады.Еліміздің ертеңі, тіліміздің тұтынушысы деп үміт артып қазақ тілінде тәрбиелеп жатқан бүлдіршіндеріміз, қазақ мектебінде оқытып жатқан жеткіншектері­міз ана тілінде сөйлемесе, өзара ­қа­рым-қатынаста өзге тілді таңдаса, онда бе­рілген тәрбие мен білімнің нәтиже­сі қайда? Осы мақсатқа бөлініп отыр­ған миллиардтаған қаржының, тәрбиешілер мен ұстаздар еңбегінің өтеуін кімнен сұрауымыз қажет? Тәрбиеленушілері мен түлектерін сол тәрбие мен білім берген тілінде сөйлетіп шығара алмайтын балабақша мен мектепті қазақ балабақшасы, қазақ мектебі деп атауда қандай мән қалады? Ұл-қызымыз қазақ тілін тәрбиешінің алдынан, сыныптан шыққаннан кейін қажетсінбейтін тіл дәрежесіне неге түсіреді? Бұның себептері неде? Бұл сұрақтар баласын қазақ балабақшасы мен мектебіне беріп жүрген көптеген қалалық қазақтарды мазаласа керек. Бұл жағымсыз құбылыстың сырына үңіліп, оның белең алуының себептерін анықтау, салдарынан арылудың жолдарын іздестіру, жоспарлы жұмыстар жүргізу мектепке дейінгі тәрбиеге жауапты құрылымдардың айрықша назарында болуға тиіс. Біздің байқауымызша, мұның негізгі себептерінің қатарына мыналарды жатқызуға болады: 1. Балаларын қазақ балабақшасына берген ата-аналардың үйінде олармен орысша сөйлесуі; 2. Балабақша басшылығы, ұжымы тарапынан тілдік ортаны қалыптастыруға жете көңіл бөлініп, орыстілді балалармен, олардың ата-аналарымен жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмеуі; 3. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, қалалық білім және тіл басқармалары тарапынан балабақшалардағы тілдік ахуалдың, тәрбие жұмысының жайын қадағалаудың әлсіздігі мен оларға көрсетілетін әдістемелік көмектің жеткіліксіздігі. Көптеген ата-аналар мен ата-әжелер қазақ балабақшасына баласын, немере-жиендерін жетектеп келіп тұрып, олармен бір ауыз қазақша сөйлеспейтінін күнде көреміз. Олар мұны ерсі санамайды. Оларға «сіздер баламен қазақша сөйлесіңіз» деп жатқан да ешкімді көрмейсің. Нәти­же­сінде үйінде орысша сөйлесетін ата-аналары көптеу топтың балалары да балабақшада өзара орысша сөйлесіп, қазақ тобында орыстілді орта қалыптастырады. Сөйтіп, олар тілі қазақша шығып, ана тілінде әп-әдемі сөйлеп келген балаларды үйіне орысша сөйлетіп қайтарады. Көптеген қалалық жердегі балабақшаларда осындай жағдайдың қалыптасуынан балалардың ана тілін жетік меңгеріп, тіл ұстартуына тиісті жағдай жасалмай отыр. Балабақша меңгерушілері топтарды жасақтағанда орыстілді балаларды бір топқа көп жинамай, оларды шашыратып бөліп қазақтілділер басым болатын топтар жасақтаса, қазақтілді ортаны қалыптастыруға басынан негіз қаланар еді. Екіншіден, балабақша меңгерушілері, әдіскерлер мен тәрбиешілер балаларды қабылдап алған күннен бастап, ата-аналармен баланың тілін жетілдіруге, олармен бақшадан тыс жерде, үйінде қазақша сөйлесу қажеттілігі жөнінде кеңестер, семинарлар өткізіп, бірлескен жүйелі жұмыстар жүргізіп отырса, бұл мәселе тезірек шешімін табар еді. Ондай жұмыстарды да көре бермейміз. Үшіншіден, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, мектепке дейінгі тәрбие мәселесіне жауапты мемлекеттік органдар мен тиісті мекемелер қазақ балабақшаларындағы қазақша тәрбие мен білім берудің сапасын үнемі қадағалап, тиісті көмектерін де көрсетіп отыруы тиіс. Мәселен, өткен жылы тамыз ­айында біздің ұсынысымыз бойынша Астана қаласы тіл басқармасының қолдауымен балабақша меңгерушілері, әдіскерлер мен тәрбиешілерді ­жинап, балабақшадағы тіл мәселесіне арнап екі күндік семинар өткіздік. Педагогтар өзара ой бөлісіп, тәжірибе алмасып, тілдік орта қалыптастыру жайы талқыланды. Осы семинарда қатысушылар мұндай семинарлар мен тренингтердің өте сирек өткізілетінін айтты. Балабақша меңгерушілері тарапынан «бізді де іздейтін, балабақшаға мән беретін де күн болады екен ғой» деген пікір білдіргендер де болды. Соған қарағанда балабақша мамандарының білімін жетілдіріп, оларға әдістемелік көмек көрсету жағына жете мән беріліп жатыр деп айта алмайтын сияқтымыз.

Қазіргі жаһандану заманында біз өзімізді ұлтымыздың төлтума мәдениетін сақтап, оны заман талабына сай жаңғыртып, жетілдіріп отыратын мәдени бәсекеге де қабілетті ұлт ретінде танытуға міндеттіміз. Ол үшін ең алдымен ұл-қызымызды, жас ұрпақты ұлттық мәдениетпен сусындатып, ана тілінде тәрбиелеуіміз қажет. Ұл-қызымызға ана тілінде тәрбие беру – ұлт болашағының негізі екенін әр қазақ, әр ата-ана, әрбір балабақша меңгерушісі мен тәрбиеші жан-тәнімен терең сезінсе ғана сол негізді бұзуға емес, оны мықтап қалауға қызмет етері сөзсіз.Сондықтан ел боламыз десек, балабақшамызды түзеуге, оның материалдық және кадрлық мәселесін дұрыс шешуге жете көңіл бөлу қажет-ақ.

Тәрбиеші – тілдік орта қалыптастырушы

Ахмет Байтұрсынұлы «Мек­тептің жаны – мұғалім» дегеніндей «Балабақ­шаның жаны – тәрбиеші» десек болады. Ендеше, сол балабақшамыздың жанын қалай оқытып-тәрбиелеп, жұмысқа қалай қабылдап, оларға қандай жағдай жасап отырмыз? Біз балаларымызды таңғы сағат 8-де балабақшадағы тәрбиешінің қолына тапсырып кетіп, кешкі сағат 6-да оның қолынан алып қайтамыз. Балаларын кезекші топтарға тағы 1-2 сағатқа қалдыратын да ата-аналар бар. Ертеден кешке дейін күні бойы он сағат уақыт бала тәрбиешісінің қолында, қарамағында болады. Үйге кешкі 7-де келсе, сағат 10-да ұйықтатамыз. Сонда бала өзінің үйінде, туған ата-анасының қасында ұйқы уақытын есептемегенде 3-4 сағат қана болады екен. Сенбі мен жексенбіден, мерекелер мен ата-ананың жазғы демалысынан өзге уақыттың бәрінде ол балабақшада, тәрбиешінің қасында. Балабақшаның, тәрбиешінің (әдіскер мамандар мен педагогтар) бала өміріндегі рөлінің қаншалықты зор екенін осыдан-ақ анық көруге болады. Яғни біздің балаларымыздың нағыз қалыптасу кезеңінің көп уақыты балабақшада тәрбиешінің жанында өтеді. Бала тәрбиеші не айтса, соны тыңдайды, не үйретсе, соны үйренеді. Байқасаңыз балаңыз тәрбиеші сияқты сөйлеп, соның айтқандарын қайталап келеді. Ата-аналар балабақшадан келіп үйіндегі ойыншықтарына «аузыңды жап, үніңді өшір», «басыңды жарам», «жынымды келтірме» деп жекіп отырғанын айтып, жағасын ұстаған, керісінше, үйінде қолдана бермейтін өте сыпайы, мәдениетті сөз қолданыстарын үйреніп келетінін айтады. Осыдан-ақ тәрбиешілердің де түрлі-түрлі болатынын пайымдау қиын емес. Баланың дамуы мен адам ретінде қалыптасуына туған ата-анасынан ықпалы кем болмайтын осындай маманның бүгінгі жай-күйі, білімі мен тәрбиесі қандай? Ата-аналар үміт еткен көзінің нұрларын тәрбиелеу үшін тәрбиешіге тапсырады. Ал сол тәрбиешінің өзінің тәрбиесінің қай деңгейде екеніне мән беріп жататындар көп емес. Оған бала тәрбиесін сеніп тапсырудан бұрын өзін тәрбиелеуді қажет ететін тәрбиешілерді де көрдік. Мұның себебі көбінесе 35-40 мың айлыққа жақсы мамандардың келе бермейтіндігімен, кадр тапшылығымен түсіндіріледі. Тәрбиеші жұмысы жауапты да ауыр. Ол соған сәйкес еңбегінің ақысын алуға тиіс. Бұл мәселені шешу қажеттігі дау туғызбайды. Бірақ бұл мамандықты таңдаған адамдар жалақысының аз болғаны үшін өзіне жүктелген жауапкершілікті мойнынан алып тастай алмайды. Осы мардымсыз жалақыға жұмыс істей жүріп, өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, баланы жақсы көретін, мамандығын кездейсоқ емес, жүрек қалауымен таңдаған тәрбиешілер де бар. Ондай тәрбиешілердің қолына түскен бала бақытты. Оларға мың алғыс айта отырып, жақсы маманды қолдап, жалақысы мен қызметін, санатын көтеру педұжым басшысының міндеті. Кейбір ата-аналар «35-40 мың айлық алып отырған тәрбиешіге не деп талап қоямыз, сондықтан ол ұл-қызымызды қалай тәрбиелесе де, оларға не үйретсе де өзі білсін» деп қарайды. Мәселеге бұлай қарайтын болсақ, қатты қателесеміз. Мұнымыз ұрпақ тәрбиесіне, ұл-қызымыздың болашағына немқұрайды қарау, жаныашымастық болып шығады. Төмен жалақы алатын дәрігердің балаға дұрыс диагноз қоймағанына, дұрыс ем қолданбағанына, тәрбиешінің бала тәрбиесіне жауапсыз қарағанына көз жұма берсек, ертеңіміз не болмақ? Сондықтан бала тәрбиесіне, оған ана тілінде тәрбие беру мәселесіне бүкіл қоғам болып атсалысуымыз, жете мән беруіміз керек. Тәрбиеші туралы сөз еткенде оған қатысты мына талаптардың ескерілгені жөн деп білеміз: 1. Тәрбиешілердің базалық білімі; 2. Тәрбиешінің өз кәсібін, баланы сүюі; 3. Тәрбиешінің тіл байлығы мен сөз мәдениеті; 4. Тәрбиешінің мәдениеті мен әдептілігі; 5. Тәрбиешінің ана тілі туралы түсінігі, оған көзқарасы. Бұл тұрғыдан келгенде барлық балабақшадағы жағдай бірдей деуге болмайды. Балабақша меңгерушілері мен педагогикалық ұжымының кәсіби деңгейі мен тәрбие жұмыстарын ұйымдастыра білу деңгейіне қарай олардағы тәрбиешілердің кә­сіби деңгейі мен тәрбие сапасы да әртүрлі. Меңгерушілері білікті де іскер, тәрбиешілері тәрбиелі де мейірімді балабақшалар да аз емес. Ұлт мәдениетінің, ана тілінің қадір-қасиетін білетін, оған жаны ­ашитын, оның тағдырына немқұрайды қарамайтын, тәрбие ісін жоғары кәсіби деңгейде ұйымдастырып отырған балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілері де, керісінше, бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлмей отырған, кәсіби дайындығы мен алған білімі істеп жүрген ісіне сай келмейтіндер де бар. Мәселен, мектепке дейінгі ұйым меңгерушілері мен тәрбиешілердің кәсіби білімі де ойландыратын, алаңдататын жағдай. Олардың тек 34,9%-ы (28,2 мың) ғана мектепке дейінгі балалармен жұмыс істеуге арнайы мамандаған (12,4 мыңы жоғары, 15,9 мыңы арнайы орта білім алған). Балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілердің үштен екісіне жуығы басқа мамандық иелері болуы бұл саладағы кадр тапшылығының көрінісі. Біз көлік жүргізу үшін де куәлік, арнайы білім талап етеміз. Ал бар үмітіміз балаларымызды кім тәрбиелеп жатқанына жете мән бере бермейтініміз өкінішті-ақ. Жуырда «Хабар» арнасының «Білім» бағдарламасында осы тәрбие мәселесі арнайы сөз болды. Осы бағдарламаға қатысқан Білім және ғылым министрлігі «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Нұрланов Елдос көптеген статистикалық мәліметтерді келтіре отырып, «балабақшадағы тәрбие сапасын көтеруге көп көңіл бөлуіміз» қажет деді. Солай боларына сенгіміз келеді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі. Білім мен адамшылық екі басқа нәрсе, бірақ борышын білушілер көбейсе, төлеушілер де көбеюі ықтимал» дейді. Ахаңның «борышты білу – білім ісі» деп отырғаны – маманның кәсіби деңгейінің жоғарылығы, өз мамандығын жақсы меңгергендігі, біліктілігі. Ондай тәрбиешілерді тәрбиелеу педагогикалық колледждер мен педагог кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасынан басталады. Одан кейін түлектер арасынан кәсібін жақсы меңгергендерін дұрыс іріктеп алып, іс барысында тәжірибеден өткізу балабақша меңгерушілерінің міндеті. Айлығына көңілі толмайтын, өз кәсібін шала меңгерген немесе оны уақытша жұмыс санайтын тәрбиеші мен кадр іріктеуге, ме­кемесіндегі тәрбие ісінің сапасына жауап бере алмайтын меңгерушілерге тап­сырсақ, онда алдағы уақытта қазақ балабақшасына баратындардан гөрі одан қашатындар көбеюі мүмкін. Ал ұл-қыздарымызға ұлттың ең басты құндылығы ана тілін жетік меңгертіп, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, олар ертең қазақ мектебінде еш қиындықсыз оқитын деңгейге жеткізіп аттандыру – қазақ балабақшасына жүктелген зор міндет.

Көптеген ата-аналар мен ата-әжелер қазақ балабақшасына баласын, немере-жиендерін жетектеп келіп тұрып, олармен бір ауыз қазақша сөйлеспейтінін күнде көреміз. Олар мұны ерсі санамайды. Оларға «сіздер баламен қазаша сөйлесіңіз» деп жатқан да ешкімді көрмейсің. Нәти­же­сінде үйінде орысша сөйлесетін ата-аналары көптеу топтың балалары да балабақшада өзара орысша сөйлесіп, қазақ тобында орыстілді орта қалыптастырады. Сөйтіп, олар тілі қазақша шығып, ана тілінде әп-әдемі сөйлеп келген балаларды үйіне орысша сөйлетіп қайтарады. Көптеген қалалық жердегі балабақшаларда осындай жағдайдың қалыптасуынан балалардың ана тілін жетік меңгеріп, тіл ұстартуына тиісті жағдай жасалмай отыр.

Балаларға ұсынылатын материал­дардың мазмұны мен сапасы

Қазақ балабақшаларындағы тағы бір айрықша көңіл аударуды қажет ететін мәселенің бірі – балаларға ұсынылатын оқулық, оқу-әдістемелік құралдары мен тәрбие барысында қолданылатын түрлі әдеби-тілдік материалдардың мазмұны мен сапасы. Балабақша тәрбиеленушілеріне ұсынылып жүрген кітаптардың мазмұны мен тіліндегі кемшіліктер жеке әңгіме арқауы боларлық мәселе. Балаларға жаттауға берілетін тақ­пақ, жұмбақ, жаңылтпаш, музыка, би, айтқызатын ән, ертегілер мен балабақшада өткізілетін іс-шаралардың тәрбиелік мәні мен мазмұны министрлік тарапынан ұсынылатын арнаулы бағдарламаларға, ұлт балабақшасының мақсатына сай болуы қажеттігі еш күмән туғызбауға тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде де көңіл құлазытатын жағдайлардың куәсі болып жататын кездеріміз аз емес. Мәселен, өткен жылдың аяғында қазақ балабақшаларының бірінде желтоқсан оқиғасына арналған қойылымда ­полиция киімін киген 3-4 жасар екі баланың Қ.Рысқұлбековтің рөлін сомдаған үшінші баланы қолдарын артына қайырып, сот алдына әкеліп, оған желтоқсан қаҺарманының «...Қасқалдақтай қаным бар, атам десең, атыңдар!» деген сөзін айтқызуы көпшілікті таң қалдырды. Әлі буыны қатпаған, тарихи оқиғаның мәнін түсінетін жасқа жетпеген бүлдіршінге Қайраттың монологын жаттатқызудың еш реті жоқ еді. Бұл тіпті психологиялық тұрғыдан да балалардың санасына ауыр салмақ салатын нәрсе. Сол сияқты біздің баламыз баратын балабақшада өткен «Алтын күз» балында 4 жастағы ұл балалар қара көзілдірік киіп алып, орыстың көше әні «Черный бумерге» биледі. Әннің мәтіні мынадай: «Наш райончик на отшибе ­городском стоит, И вся округа день и ночь стаканами звенит. Ребята местные горьку пьют не знают фитнеса, Всё потому, что перспективы нет и бизнеса». Біріншіден, бұл қазақ тілінде тәрбие беріп жатқан қазақ балабақшасы. Екіншіден, тәрбиелік мәннен жұрдай бұл әнді таңдауға еш қажеттілік жоқ еді. Үшіншіден, меңгеруші, әдіскер, тәрбиеші, музыка пәнінің мұғалімі, тұтас балабақша ұжымы отырып мұндай сорақылыққа жол бермеуі тиіс еді. Балалар билейтін қазақ әндерін, рок, поп, реп музыкаларын қазақтан да табуға болар еді. Тағы бір жолы балабақшадағы вокал үйірмесіне барып жүрген төрт жастағы балаларға әнші Ә.Қалаубаева орындайтын бала жасына мүлде сай келмейтін «Көңілді күн» деген махаббат әнін жаттауға берді. Әннің сөзі мынандай: «Теріп едік жемісін сезім бақтың, Сыйластықтың алауын өзің жақтың. Сенің думан тойыңның әнін естіп, Есігіңді шыдамай өзім қақтым» деп жалғасып кетеді. Тәрбиешіге балаларға жасына лайық әндерді неге бермейсіздер десек, «Жаттағанға жеңіл, жақсы ән ғой, өзгелер сынды жаттап алып, айта берсеңіздерші» деген жауап алдық. Осы сөзі-ақ оның білімі мен педагогикалық дайындығының деңгейін көрсетіп тұр емес пе? Мұндай «тәрбиешінің өзіне тәрбие керек» десек, артық айтқандық болмас деп ойлаймыз. Ал біз балаларымыздың тәрбиесін сеніп тапсырып жүрміз. Ең өкініштісі, тәрбиеші не ұсынса да қабыл алып, мұндай нәрселерді кемшілік деп санамайтын ата-аналардың аз еместігі. Бұл қылығымыз шындап келгенде, баламыздың тәрбиесіне, оның не үйреніп, немен тыныстап жатқанына соншалықты бас қатыра бермейтіндігіміздің бір көрінісі болса керек. Балабақшаларда ата-аналар ко­митеті құрылып жатады. Солардың құрамына көбінесе бала тәрбиесін білетін кәсіби педаготардан гөрі белсенді аналар құлшынып кіріп, шараларға ақша жинау мен өз балаларына көбірек ән айтқызып, би билету мәселелерін шешіп жүреді. Ал кейбір балабақшаларда ол комитетті балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілер өздері жасақтап алады. Ондай жағдайда комитет солардың сөзін сөйлеуден аса алмайды. Ата-аналар комитеті – балабақшадағы тәрбие мен білімнің сапасын қадағалап, ата-аналар мен балаларының ортақ мәселелерін шешіп, балабақша мен ата-аналар арасына дәнекерлік қызмет атқаратын бақылау органы болуы тиіс. Сонда ғана ондай комитеттің жұмысы тиімді болады. Балабақша ұжымы мен оның жұмысын қадағалаушы мекемелер мұны да ескерсе дейміз. Кеңестік тәрбие қанына әбден сіңіп, орыс тілі өмір сүру құралына айналған буынды қыруар қаржы бөліп жылдар бойы оқытқаннан нәтиже шықпады. Өйткені оқыған тілі арқылы олардың бойына басқа рух тарап кеткен. Бізге ересектерді оқытып, босқа қаржы шығындағанша, балабақшаға енді барып жатқан жас буынды қазақша тәрбиелеп, солардың ­бойына қазақ рухын сіңіріп, қаржыны соларға жұмсаған әлдеқайда тиімді де болашағы бар іс. Мектеп жасына дейінгі қазақ балаларына арналған қазақ тіліндегі сапалы да тартымды телебағдарламаларды көбейту, ұлттық нақышы айқын қазақша ­мультфильмдер түсіру, шетелдік үздік мультфильмдерді қазақшаға сапалы етіп аудару, әсем безендірілген балалар кітаптарымен ұлттық ойыншықтарды көптеп шығарудың қажеттілігі бүгін айқын сезіліп отыр. Қазіргі жаһандану заманында біз өзімізді ұлтымыздың төлтума мәдениетін сақтап, оны заман талабына сай жаңғыртып, жетілдіріп отыратын мәдени бәсекеге қабілетті ұлт ретінде танытуға міндеттіміз. Ол үшін ең алдымен ұл-қызымызды, жас ұрпақты ұлттық мәдениетпен сусындатып, ана тілінде тәрбиелеуіміз қажет. Ұл-қызымызға ана тілінде тәрбие беру – ұлт болашағының негізі екенін әр қазақ, әр ата-ана, әрбір балабақша меңгерушісі мен тәрбиеші жан-тәнімен терең сезінсе ғана сол негізді бұзуға емес, оны мықтап қалауға қызмет етері сөзсіз. Сондықтан ел боламыз десек, балабақшамызды түзеуге, оның материалдық және кадрлық мәселесін дұрыс шешуге жете көңіл бөлу қажет-ақ.

22107 рет

көрсетілді

12

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы