• Тарих
  • 10 Наурыз, 2017

Қолдан жасалған қасірет

Өткен тарихқа көз жүгіртсек көптеген келеңсіздіктерден көз сүрінеді. Патшалық Ресей мен Кеңес одағы кезіндегі бассыздықтар, атап айтқанда қазақтың жерін өз білгендерінше басып алу, көрші мемлекеттерге беріп жіберу, ашаршылықтар, жаппай дайындықсыз ұжымдастыру, жазықсыз жазалау, қаптаған «халық жауларын» сұрақсыз ату, Сібірге жер аудару дейсіз бе, әйтеуір жазалау. Тіпті «халық жауларының» әйелдері деп жазықсыз аналарды түрмеге отырғызу, сәбилерін жетімдер үйіне өткізу, АЛЖИР, КАРЛАГ деп қазақ жерін концлагерьге айналдырғанын қалай түсінуге болады. Қайран қазағым осындай бассыздыққа амалсыз шыдамдылық танытқан. Шыдамның шегіне шыға бастағанда қолына айыры мен сойылын алып бас көтергені де аз емес. Зеңбірек пен пулеметке қарсы келіп қанша қазақ қырылды десеңші. Осы күнге дейін олардың есебін ешкім білмейді. Сондай-ақ қолдан жасалған ашаршылық жылдары қырылған қазақтардың да саны анық емес. Білу мүмкін де емес еді.

1916 жылы патша жарлығына қарсы көте­рі­ліске шыққан Қарқаралыдағы, Торғайдағы, Семейдегі, Қызылорда мен Ақтөбедегі ата-бабаларымыз ұрпақтарының түбінде егемендік алатынын сол кезде білді ме екен? Қазақстандағы ашаршылыққа байланысты тарихта әртүрлі көзқарастар бар. Шетелдік зерттеушілер ашаршылықтың басты себебін сол жылдардағы табиғи құрғақшылыққа меңзейді. Сол кездегі Қазақстанды басқарған Ф.Голощекин де осы пікірді айтып келді. Айта кетер бір нәрсе, осы жылдары егіннің шықпай қалуы және жұт туралы көзқарасты Ф.Голощекин өзін ақтау үшін ойлап тапқан болатын. 1930-31 жылдардағы күштеп ұжым­дастыру да ашаршылыққа ықпалын тигізді. Голощекин малды қорада қамап ұстаса қа­зақтар отырықшылыққа үйренеді деп ойлады. Сондықтан да тұрғын үй емес, мал қораларын салу қолға алынды. Мұндай әрекет мал шаруашылығын күйретіп қана қоймай, малдың арасында жұқпалы аурулардың жандана түсуіне жол ашты. Мал дәрігерлік көмек жолға қойылмаған жағдайда тек мал ғана емес, халықтың да әртүрлі ауру-сырқауға шалдығуын күшейтіп жіберді. 1926 жылы елде 25 миллион 729 мың бас мал болған. Алайда мал басы 1929 жылдан бастап азая бастады. 1929 жылы 39 миллион 394 мың мал болса, 1933 жылы 2 миллион 428 мың бас мал қалған. Мал басының қысқаруына 1929 жылдан бастап шамадан тыс ет дайындау науқаны әсер етті. Ет дайындау науқанын 1929 жылғы 20 желтоқсанда Мәскеудегі Орталық Комитеттің «Ет проблемасын шешуге байланысты шаралар» атты қаулысы өршіте түсті. Мәскеу мен Ленинградты, тағы басқа өндіріс орталықтарын етпен қамтамасыз ету Қазақстанға тапсырылды. 1925 жылы Қазақстанға басшы болып келген Ф.Голощекин бұл тапсырманы асыра орындады. Ол екі жарым ай өтпей-ақ «...ауылда шын мәнінде Кеңес өкіметі жоқ. Сондықтан «Кіші Октябрь жүргізу керек» деген қорытынды шығарды. 1927-1932 жылдары Алаш қозғалысына қатысқан немесе олармен байланысы болды деген 70-тен астам интеллигенция өкілдері сотқа тартылып, жер аударылды. Голощекиннің айтқанына көніп, айдауына жүре бермейтін С.Қожановты орталықпен келісіп Мәскеудегі Коммунистік ­Академия жанындағы марксизм курсына тыңдаушы етіп жібергеннен кейін С.Сәдуақасовты, А.Мыңбаевты және Н.Нұрма­қовты да қызмет­терінен біржола аластатып тынды. Оларға «ауылдағы әлеуметтік-экономикалық «ауылдағы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды өзгер­тудің революциялық» әдістерін және «жерг­іліктендіру ісін дұрыс түсінбеді» деп айып тақты. Осындай әрекеттердің нәтижесінде Голощекин өзіне қарсы келетін интеллигенттерден құтылып, ойына келгенін істеді. Керісінше, Голощекинді қолдаушылар да болды. Мәселен, 1930 жылғы маусымда өткен VII конференцияда Голощекиннің сіңірген зор еңбегін атап өте келіп, «Барлық еңбектері орыс және қазақ тіліне басып шығарылсын» деген қаулы қабылданған. Осы қаулыға қарап жағымпаздар сол кезде де көп болғандығын байқауға болады. Амал қанша? Халықтың тұрмысы нашарлай берді. 1932 жылы 7 тамыздағы «социалистік меншікті ұрлағаны» үшін өлім жазасын беру жарлығы (жеңілдетілген жағдайда 10 жыл түрме) пайда болды. «Бес масақ туралы» жарлық ­бойынша 1932 жылдың тамызынан 1933 жылдың қаңтарына дейін 56 мың адам сотталған. Оның екі мыңнан астамы атылған. 1932 жылғы астық ­дайындау науқаны ауылдардағы астықты толығымен сыпырып алу жолымен өтті. Соның өзінде де жоспар орындалмады. Сол жылы 180 миллион центнер астық дайындалды. Сол кезде мемлекеттік жоспарлау мекемесінде қызмет істеген Нұрмұқанбетов: «Менің туған ­бауырым 12 жыл батырақ болған. Бір сиыры ­болып ешқашан егін екпеген. Соған қарамастан оған 5 пұт астық салық салды. Ол сол 5 пұт астықты өтеу үшін сиырын сатып, бала-шағасымен мүлде аш қалған» деп еске алады. Жоспарды күштеп орындату салдарынан Әулиеата ауданында 1929 жылы болған 500 мың бас малдан 1933 жылы 37 мың бас, Павлодар ауданында 330 мың бас малдан 30 мың ғана мал қалған. Ал Сарысу ауданындағы Сарымбаевтың үйіндегі 4 жанда 2 түйе, 5 қойы болды. Оған 80 қой және 4 сиыр өткізуге міндеттеме берген. Мұндай жағдайлар өте көп болды. Ақылға сыймайтын салық салу жүйесі арнайы тапсырма бойынша ұйымдастырылған. Сөйтіп, осылайша ажал оғын сепкен аштық басталды. Ұжымдастыру дайындықсыз жүргізілді, халықтан жинап алған малға азық дайындалмай аштан қырылды. Масақ тергендердің алды атылып, арты он жылға сотталды. Осындай қолдан жасалған геноцид 1985 жылға дейін айтылмай оған тыйым салынды. Ғ.Ахметов айтқандай «Голощекин енді бір жыл тұрғанда қазақ түгелдей қырылатын еді». Қырылғандар жөніндегі деректер көп. Бірақ сандар әртүрлі. Мәселен, Қазақстанның санақ басқармасының орынбасары Н.Мацкеевичтің мәліметіне қарасақ, бір ғана 1933 жылы қысқарған ауыл халқы 1 миллион 70,5 мың адамды құрайды. Қазақстанның егіншілік Халық Комисса­риатының мәліметтері 1930-1932 жылдары ауыл халқының кемуі 1 миллион 831441 адам деп көрсетеді. М.Тәтімов пен Ж.Әбілхожин 1 миллион 700 мың десе, Б.Төлепбаев пен В.Осипов 1 миллион 100 мың қазақ өлген дейді. Енді бір сенімді дерек – М.Саматовтың 1937 жылдың 5 наурызында Л.Мирзоянға берген мәліметі. Онда әр жылдың 1 маусымындағы салық есептері негізінде Қазақстандағы ауыл халқы санының өзгерістері жөніндегі мәлімет берілген. Ол мәліметте 1930 жылы 5 873,0 мың, 1931 жылы 5 114,5 мың, 1933 жылы 2 493,5 мың, 1934 жылы 2 681,8 мың, 1935 жылы 2 926,0 мың, 1936 жылы 3 287,0 мың адам өлді деп көрсетілген. Ашаршылық 1933 жылы да жалғасты. Сонда 1930-1933 жылдардағы аштан қырылу көрсеткіші 2 миллион 200 мың адамнан асып отыр. Ал 1921-1922 жылдарда қуаңшылық болып астық шықпай қалды. Ал қыста малдың 80 пайызы қырылды. Астықты аймақтардан азық-түлік отрядтары құрылып ауылшаруашылық өнімдерін орталыққа зорлықпен әкетті. Ашығушылар 1921 қарашада 1 миллион 508 мың адам, 1922 жылғы наурызда 2 миллион 303 200 адамға жетті. Аштыққа індет қосылып 1922 жылғы ­маусымда Батыс Қазақстанда ашыққандар мен аурулар көрсеткіші 82 пайызға жетті. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде шекара асып Қытайда аштықтан қырылғандар жайлы деректер бар. Ол бөлек тақырып. Ашаршылық пен зорлап ұжымдастырудан қорыққан халық басқа аймақтарға үдере көшті. 1932 жылы 4 шілдеде «Бесеудің хаты» ­болып тарихта қалған хат жазылды. Хат жазушылар Ғ.Мүсірепов, М.Ғатаулин, Е.Алтынбеков, М.Дәулетқалиев және Қ.Қуанышевтар жағдайды толық баяндап, Сталин мен Голощекинге хат жазғанымен олардың өздерін қуғынға алды. 1929 жылы желтоқсанда Сталиннің нұсқауы­мен БК(б)П ОК комиссиясы ұжымдастыру туралы шешімді дайындады. Бұл шешім Голощекин сияқты Сталиннің қол шоқпарларына іздегенге сұраған болды. Осы жылдары ашаршылық пен зорлап ұжымдастырудан қысым көрген қазақтар басқа жаққа көптеп көше бастады. Мәселен, 1930 жылы 121,2 мың адам, 1931 жылы 1 миллион 74 мың адам көрші елдерге қопарыла көшкен (Алматы басқару институтының мұражайы, 5192-іс.,1-п.) Жағдайдың қиындап кеткеніне көзі жеткен Т.Рысқұлов Сталинге үш рет хат жазады. Оның алғашқы екі хаты 1932 жылдың соңында, ал соңғы хаты 1933 жылы 11 наурызда жазылған. Хатта аштан өлген, басқа жаққа қоныс аударған және мал шығыны туралы нақты мысалдарды ашып көрсетеді. Сонымен қатар нақты ұсыныстарды да жазады. Онда ашыққандарға шұғыл көмек көрсетуді, осы тұрғыда 400 мың пұт астық бөлгізуді, отырықшылыққа өткендерге тұрғын үй тұрғызуды және шаруашылықтарға мал сатып алуды ұсынады. Сол жылы қазан айында елден ауа көшкен қазақтардың барған жерлерімен байланыс жасап, оларға қамқорлық жасау жөнінде арнайы хат жазып, жауап алып отырған. Сондай хаттың бірінде БК(б)П Башқұрт облыстық комитетінен 1933 жылы 14 қазан күні Ресей ХКК төрағасының орынбасары ж.Рысқұловқа: «...Сіздің қазақ босқындарды орналастыру туралы хатыңызға байланысты арнайы шешімді ұсына отырып, қазақтарды жұмысқа орналастыру, оған жауапты адамдар бөлу, тапсырманы орындамаған адамдарды жауапқа тарту шаралары қолданылатынын мәлімдеймін» деген жауап хат алған. Осы 1933 жылы 21 қаңтарда Орталық Комитет Ф.Голощекинді орнынан алып Қазақстанға Л.Мирзоянды жіберген еді. 1930 жылдары Қазақстанға жер аударылып келген профессордың қызы Т.Невадовская ашаршылықты былай еске түсіреді: «1932-33 жылдары жергілікті тұрғындар аса күйзелісті жағдайда болды. Қазақтар ауылдарын тастап кетті, аштықтан отбасымен түгел қырыла бастады. Қыста үсікке ұшырады, өліп жатқандардың есебі жоқ. Қазақтардың қазіргі ұрпақтары аштықтан өлген адамдарды, балаларды, қарттарды және адамдары кетіп, құлазып бос қалған қыстақтар мен ауылдарды, далада үсікке ұшырағандар мен ауруға шалдыққандарды ұмытпаса екен деп тілеймін». Ол 1980 жылы «Қазақстандағы қасірет» деген тақырып қойылған күнделігі мен сол жылдарда түсірген суреттерін Орталық мұрағатқа өткізгенін айтады (В.Михайлов. «Ғаламат жұт шежіресі»). Ескерте кетер бір мәселе, Қазақстанда тұрған басқа ұлт өкілдерінен аштықтан өлді деген деректі дәлелдеп беретін ресми құжатты кездестіре алмадым. «Қазақстанда ашаршылық болғанына қарамастан орыстардан басқа да кейбір халықтардың саны өсе түскен. Мәселен, ашаршылық жылдары немістердің саны 29466, ал татарлардың саны 11369 адамға өскен. Осындай мысалдар алапат аштықтың басты құрбаны көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы қазақтар болғанын дәлелдей түседі» (Т.Омарбеков. «Тарих тағылымы не дейді?»). Аталған жылдары аштық бола қалған жағдайда оның алдын алуға толық мүмкіндік болған. Алайда орталық ашаршылықтан құтқару жұмыстарын ұйымдастырмады. Бұл нағыз жоспарлы түрде ұйымдастырылған геноцид еді. Осыншама бейбіт халықты қырып тастағаны үшін ешкім де жазаға тартылмады. Кино режиссер Еркін Рақышевтің «Ашаршы­лық» атты деректі фильмі ашаршылық болған жылдарды тарихи деректермен, нақты мысалдармен көрсетеді. Бұл фильмді әр қазақ міндетті түрде көруі керек. Аштықтың құрбаны болғандардың иманы жолдас болсын. Ашаршылықтың биылғы 85 жылдығын ел болып еске ала отырып, құрбан болғандарға құран бағыштау елдігіміздің белгісі болмақ.

Беркін Әкебаев, Республикалық «Алтын қалам» байқауының жүлдегері

6994 рет

көрсетілді

714

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы