• Тарих
  • 10 Наурыз, 2017

АНА ӘЛДИІНЕ НЕ ЖЕТЕР... Жалдамалы бала күтуші қазаққа жат еді ғой

Қазақ отбасы іңгәлап өмірге келген нәрестені ана сүтімен, ана әлдиімен тәрбиелеген. Дене бітімінің дұрыс өсіп-өнуіне, ақыл-ойының дер кезінде дамып-жетілуіне көңіл бөліп, сәбидің барлық қызық-қуанышына сүйсініп, көз алдында өткізген. «Малды баққан өсірер, Баланы тапқан өсірер», «Бала – ананың бауыр еті, көз нұры», «Ананың сүті – бал, Баланың тілі – бал» және т.б. ана мен баланың арасын жалғайтын қазақтың қанатты сөздері мен мақал-мәтелдері жайдан-жай туындамаса керек. Ата-анасының көз қуанышына айналған сәбиді ата-әжесі еміреніп, бауырына салып алатын дәстүр де болған. Ол бір жағынан жас отбасының өзара түсінісуіне, отбасы іргетасының беріктігіне әсерін тигізген. Ал қазір ше? Өмірде ата дәстүрімізде болмаған, тіпті естіп-көрмеген бала күтуші деген термин қолданысқа енгелі біраз болды. О заманда бұ заман қазақ әйелі баласын біреуге бақтырып па еді? Отбасы тәрбиесіне көлденең көк аттыны араластырып па еді?

Елімізде күн өткен сайын жалдамалы бала бағушылардың саны артып, бұл да табыс табудың көзіне айналып отыр. Ата мен әженің, ана мен ененің рөлін иемденген бала күтушінің тәр­бие­сінде өскен балдырғанның мейірімге бөленіп, ұлтжанды қасиеттерді сіңіріп өсуі мүмкін бе?.. Жұмыс іздеушінің кейпіне еніп, Алматы­да­ғы бала күтушінің қызме­тін ұсынатын бірнеше мекемеге хабарластық. «Сая», «Няня», «Счастливый дом», «Атлас», «Агентство 7я», «Добрый ангел», т.б. бірнеше агенттіктердің мемлекеттік тіл – қазақ тіліне немқұрайдылық танытып, шекесінен қарайтыны «Я не понимаю, можно на русском» деген сөздерінен-ақ байқалып тұр. Жә, бұл енді басқа әңгіме. Сонымен, бала күтуші болуыңыз үшін ал­ды­мен жеке куәлік, тұрғы­лықты жерінен анық­тама, соттал­мағаны жөнінде анықтама, №86 медициналық анықтама, бұрынғы жұмыс орны­ның мінездемесі, ­диплом көшірмесі және т.б. бір­неше құжат талап етіледі. Орынды талап. Себебі бала күтушінің мінез-құлқы іс-әрекетіне сай болуы тиіс. Зерттей келе білгеніміз, бұл қызметке педаго­ги­калық білімі бар мамандар тартылады. Олардың арасында ғылым кандидаттары мен докторлары да бар. Олар мұндай жұмыс істейтінін көп жағдайда жасырып қалуға тырысады. Соңғы он жылдан бері өзінің кандидаттық қызметін «няняға» ауыс­тырған Б.Сәрсенбаева айлық табысына көңілі толатынын, сол он жылдың ішінде жағдайы түзеліп, нәпақасын кандидаттықтан емес, соңғы жұмысынан тауып жүргендігін айтады. Ұлттық тәрбиеге қатысты әңгіме қозғаға­нымызда өзіне жақсы таныс екі отбасы­ның ата-аналарын бұл мәселе толғантпайтыны туралы айтқан кейіпкеріміз, «Сіз қазақ тілі дейсіз, қазір орыс тілінің өзі ағылшын мен қытай тілінің көлеңкесінде қалып қойған» деген ол, бес жасар қыз баланы онлайн жүйесі арқылы Америка пен Қытайдан мамандар жалдап, оқытып отырғандығын тілге тиек етті. Бұдан бөлек әр минуты санаулы сәби бассейн, шаңғы, фортепиано, би, акробатика, бейнелеу өнері секілді бірнеше үйірмеге қатысады. Атап өтерлігі, мұндай агенттіктерге көбінесе қалталы азаматтар хабарласады. Себебі агенттіктің делдалдық қызметіне алатын қаржысы қомақ­ты, яғни «няняның» алғашқы еңбекақысының 70-80 пайызын ­клиент агенттікке төлеуге міндетті. Бала күтушінің еңбекақысы да біз ойлағаннан жоғары болып шықты. Ең төменгі жалақы 80 мың теңге, мұндай ақшаға келісетін бала күтуші өте сирек. Бала күтушілердің дені бес күн жұмыс істеп, айына орта есеппен 120-250 мыңға дейін табыс табады. Тіпті еңбек өтілі көп, бір үйде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бала күтуші сол үйдің 2-3 баласына қатар қарап, айына 300-500 мың тең­геге дейін еңбекақы алады екен. Әрине, мұндай мәліметтерді агенттік қыз­мет­керлері ашып айта бермейді, әр агент­тіктің жеке құпиясы саналады. Жұмысқа қабылдаудың алғышарт­тары мен бала күтушіге қойылатын талаптар жөнінде Қазақстан нарығында он жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан «АИСТ» агенттігінің қызмет­кері Әсел Есендікова былай дейді: «Қазір бала күтушіге сұраныс жоғары. Сұра­ныс­қа орай жұмыс іздеушілер де көп. Күніне кем дегенде 3-5, кейде одан да көп өтініш түседі. Жұмыс іздеушінің жас мөлшеріне шектеу қойыл­май­ды. Басты талап – жоғары білімді педагог болуы керек. Егер жоғары білімі болмаса, кемінде осы салада бес жыл еңбек өтілі болуы шарт. Белгіленген, қатып қалған әдістеме жоқ, әр отбасының қалыптасқан қағидасына қарай баланы тамақтандыру, серуенге шығару, сабағын оқыту, ұйқыға жатқызу, музыкалық білімін дамыту, т.б. іс-әрекеттер ата-ана мен бала күтушінің өзара келісімімен іске асады. Біз алдымен жұмыс берушінің ұсынысын қанағаттандырамыз. Бірі шетелге кеткенде баласының жанында күндіз-түні қалатын, бала-шағасы жоқ, тұрмысқа шықпаған, жұмыстан қайта-қайта сұрана бермейтін жас қызды іздесе, енді бірі көрген-білгені мол, жасы қырықтан асқан, балаға мейірімді мамандарды дұрыс көреді. Әр адамның қалауы әртүрлі, сондықтан біз жұмыс ұсынушының талап-тілегін орындауға тырысамыз». Жарнама газеттері мен ғаламторда жариялан­ған хабарландыру арқылы да баланы қарайтын адам табуға болады екен. Мұндай кездері көп жағдайда жоғарыда атап көрсеткендей құжаттар талап етілмейді, тек ауызекі келісім мен жеке бастың куәлігі болса болғаны. Осындай хабарландыру арқылы бала күтушіні алған бір ата-ана үш жасар ұлының түсініксіз әрекеттер жасай бастағанын, мінез-құлқындағы өзгерісті байқап, пәтеріне бейнебақылау орнатады. Нәтижесінде, бала күтушінің бет-пердесі ашылып, өзге діннің жетегінде жүргендігі анықталады. «Сондықтан сырын білмейтін адамды ұрпақ тәрбиесіне араластырмай, қажет адамды өзіңнің айналаңнан, туған-туысқан, тамыр-таныстарыңның арасынан іздеу қажет» дейді үй иесі. Өзінің еңбегін сағатына қарай бағалайтындар бар. Бұлардың қатарына жасы ұлғайған маманды немесе студенттерді жатқызуға болады. Мәселен, С.Асфендияров атындағы медициналық университеттің студенті Балжан (есімі өзгертіліп алынды) «Көктем» ықшамауданында тұратынын, күннің екінші жартысында қолы бос кезінде екі жасар Аидаға қарайтынын айтады. «Өзім он баланың кенжесімін. Баланы өте жақсы көремін, балажанмын десем де болады. Сондықтан өзім тұратын ауданнан жұмыс тапқаныма ата-анам да, өзім де қатты қуандым. Қажет кезінде балаға массаж да жасаймын. Денсаулығына аса мән беремін, таза ауада көбірек қыдыртамын. Аидаға әбден бауыр басып кеттім, әрі оқуымды тәжірибемен ұштас­тырып жүрмін десем де болады» деп, бір жылдан кейін оқуын тәмамдайтынын, алда тұрмысқа шығып, бала сүйгісі келетін жоспарымен бөлісті. ...Жақында бір танысым хабарласып, нәрестесі өмірге келе сала балабақша кезегіне №145 болып тұрғанын, кезектің екі жылда тоғыз адамға ғана жылжығанын, амалсыздан бала күтуші жалдауға мәжбүр екендігін айтып қалды. Балабақшаның жетіспеушілігі де «бала бағу бизнесіне» кең жол ашып беріп отыр. Елімізде 1990 жылы 8880 балабақ­ша болған екен. Қайта құру жылдары біраз балабақшаның есігіне қара құлып салынып, ғимараттары жекенің қолына өтіп кеткені де белгілі. Елбасы 2011 жылғы Жолдауында «Мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі 2015 жылға қарай 74 пайызды, 2020 жылға қарай 100 пайызды құрайтын болады. Менің тапсырмам бойынша қабылданған «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде тек 2010 жылы ғана 35 балабақша, 1534 мини-орталық, 137 жекеменшік балабақшалар салынды. Бұрын жекешелендіріліп кеткен мектеп жасына дейінгі мекемелерді қайтару есебінен 172 балабақша ашылды. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдар­мен қамту 30-дан 55 пайызға дейін өсті» деп атап көрсеткен еді. Бұл іске дәлел ретінде, былтыр Астана қаласында 4 мыңға жуық орынға арналған 44 жекеменшік балабақша ашылғандығын да айта кеткен ­абзал. Дегенмен, Үкімет тарапынан айтарлықтай жұмыс атқарылып жатқанымен, әзірге кезегін күткен ата-аналардың шыдамы таусылып, бала күтушінің көмегіне жүгінуде. Ата-ана. Балабақша. Бала күтуші. Бүгінгі күннің ұрпағын тәрбиелеп, елдің ертеңін өсіріп жатқан осы үштіктің алдында қандай маңызды міндеттер тұрғанын сезінетін азамат шамасы келгенінше баласын өз қолына алып, тәрбиелегісі-ақ келеді. Өкінішке қарай, қазіргі қымбатшылық жас отбасының күн­көрісіне қиындық туғызып, нәрестелі ана құшағындағы сәбиін бала күтушіге тапсырып, амалсыз жұмысқа шығады. Бұған керісінше, таңнан кешке дейін өз қамын ғана ойлап, сән салондары мен фитнес клубтардан шықпайтын, дүкен аралағанды жақсы көретін сылқым келіншектер де кездеседі. Отағасының тапқан-таянғанына бала күтуші жалдап, соны мақтаныш көретін, бала тәрбиесін басы бүтін «няняға» тапсырып қойған бұл бикештер ұрпақ тәрбиесін бір шетке ысырып қойған. Олар сондай-ақ балаларын біз мезгіл шетелге апарып қыдыртып келгендеріне мәз. Жиырма жылдан бері бала күтуші болып жүрген Арайдың айтуынша, қазіргі балаларда мен­­мендік, өркөкіректік басым. Тіпті олар пайда­лан­ған, іске аспайтын заттардың өзін өзгеге қиғысы келмейді. Мәселен, өзіне қажет емес ойын­шықты немесе суретті кітапшаларды өзгеге берген­­нен гөрі, қоқысқа тастағанды жөн санайды. Яғни көпшіл емес. Ағайын-туыс, дос-бауырға көмек­тесу­дің не екендігін түсінбейді де. Арай осыған налиды. Халқымызда «Не ексең – соны орасың» деген қанатты сөз бар. Ата-ананың бүгін жіберген қателіктің орнын ертең толтыра алмайтынын елемеуі балаға жасаған қиянат болар еді. «Біреудің отбасында нең бар, не істесе де өз еркі» дейтіндер де табылар. Бұған келісе алмаспыз. Отбасындағы тәрбиенің ұрпақтың болашағына, бүтін бір ұлттың болашағына қатысы барын әркім түсіне білуі тиіс. Қазір немересіне ертегі оқып, шүйіркелесіп әңгімелесетін қарттар да сиреді. Қалада тұратын кейбір апаларымыз «бала бағуға шамам келмейді» деп, немересінен бас тартатын жағдай да күнделікті өмірде кездесіп жатады. Осындайда немересін бір иіскеп алып, батырлар жырын оқытып, ауыз әдебиетінің небір құндылықтары­мен сусындататын кешегі әжелерді аңсайсың. Әженің ертегісін тыңдамаған, ананың мейірімі мен сүйіспеншілігіне бөленбеген, туған тілінің қадір-қасиетінен нәр алмаған, салт-дәстүр дегеннің не екенін білмей өскен баланың санасында ұлтжандылық, отаншылдық сезім қайдан болсын. Осыны кейбір ата-аналардың ескермейтіні өкінішті.

Бағдагүл Балаубаева

17694 рет

көрсетілді

12

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы