• Тарих
  • 17 Наурыз, 2017

«Кілемге бергісіз алаша бар...»

Әр халықтың рухани әлемі ең алдымен оның дәстүрлі өнерінен бастау алатыны, ал ол өнердің дамуы халықпен тығыз байланыста өрбитіні белгілі. Табиғатпен біте қайнасқан халықтың қоршаған ортаның әсерін талғампаздықпен қабылдап отырғанын ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жеткен қолөнер туындыларынан көруге болады.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында жинақталған тоқыма өнерінің бір түріне жататын алаша, жүннен тоқылған тұрмыстық тұтыну бұйымдары аз емес. Ені 25-35 см жіп-жолақтардан құ­рас­ты­рылып тігілген, төсеніш ретінде қол­данылған алашалар иесінің талғамына қарай боялып, қарапайым тоқыма станогы – өрмекпен тоқылады. «Кі­лемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар» деген сөз орамы алаша бұйымдарының эстетикалық, композициялық шешімі жағынан кейде кілем бұйымдарынан артық бағаланғанын аңғартады. Алаша өрнегінің түріне қарай жолақ алаша, өрнекті алаша; жібіне жұмсалатын материалына қарай жүн алаша, мақта алаша; жиегінің көмкерілу ерекшелігіне байланысты көмкерулі алаша, жиекті алаша, шашақты алаша деп жіктеледі. Тоқылу техникасына қарай екі қабат алаша, жалаң қабат алаша, композициясының шешіміне қарай қарапайым алаша, өрнекті алаша деп бөлінеді. Алашаның бетіне салынатын негізгі өрнектер: қошқармүйіз, сыңармүйіз, шаршы, тұмарша, қармақ, ирексу, ­аштархан теру, ботамойын, өрмекші, алабас және т.б. Алаша бүктеуге, алып-салуға, жинауға қолайлы мүлік және оны тоқитын өрмек те қарапайым, керекті жабдықтары оңай табылатындықтан Қазақстанның барлық аймақтарында жақсы дамыған. Олардың өз аймақтарына қарай өрнек мәнерінде, тоқу әдістерінде өзгешеліктер бар. Атырау өңірінде алашаның жүзтеру және түрікпен теру атты тоқу дәстүрлері сақталған. Жүзтеру алаша – шаршы ішінде бір-бірінен туындап жатқан бірнеше ою-өрнегі бар терменің түрі. Музей қорында алашаның бірнеше түрі сақтаулы. Солардың бірі көлемі 160х220 см болатын қызыл, сары, көк түсті жүн жіптерден жүзтеру тәсілімен тоқылған алаша. 18 қатар жалпақ жолақ­тардан құрастырылып тігілген алашаға қошқар мүйіз және қармақ өрнектері қайталана өрнектеліп, жолақтардың арасы ақ түсті ирексумен ажыратылған. Екі жаны көк, қызыл, сары, қара, ақ, ақшыл қызыл түсті иірілген жүн жіптермен көмкеріліп жиектелген. Өрмекке жеңіл әрі жиі қолданатын өрнектің екі түрі бар. Оның бірі «су» өрнегі де, екіншісі «тіс» өрнегі. Сондай-ақ өрмекте мүйіз, геометриялық фигуралар тәрізді күрделі өрнектер кездеседі. Мұндай тоқуды «терме» деп атайды. Термелеп тоқу әдісі қазақтың өрмек өнерінің ең көп тараған және қолайлысы саналады. Музей қорындағы тағы бір алаша қызыл, қызыл-сары, жасыл, көк түсті иірілген жүн жіптерден термелеу әдісімен тоқылып 24 қатардан құрастырылған. Жолақтары қызыл, жасыл, көк түсті қазмойын өрнегі қайталанып, араларына алақұрт өрнегінен су жүргізілген. Екі жаны қызыл-сары түсті пүлішпен көм­керілген алашаның көлемі 178х284 см.

«Шебердің қолы – алтын»

Музейде сонымен қатар шеберлердің қолынан шыққан, ағаштан жасалған бұйымдар да сақталған. Мекеме қо­рын­да ел арасынан жинақ­талған ағаш бұйымдардың бірі Атырау облысы, Махамбет ауданының тұрғыны Каден Есмағанбетовтың қолымен жасап шығарған саптыаяғын айтуымызға болады. ХХ ғасырдың үлгісінде Түркімен қазақтарының жаса­ған кебеже-сандығы да ерекше өрнегімен көз тартады. 2003 жылы тапсырылған кебежені Атырау облысы Жылыой ауданының тұрғы­ны Балкүміс Тәңірбергенова 50 жыл­дың үстінде өзінің үй тұрмысында пай­даланған. ХІХ ғасырдың екінші жарты­сында қоныс аударушы орыс шаруа­ларының ықпалымен қазақтар тұрмы­сына жаңа бұйымдар мен үй жиһаздары пайда болды. Соның бірі – ағаш ­кереует. Ата-анасынан мұра болып қал­ған сүйектен әсемделіп жасалған кереует­ті 2001 жылы Атырау қаласының тұр­ғыны Абдулкарим Қошқаров тапсырған. Sandyk Қазақтар арасында кең тараған үлкен дөңгелек, шұңғыл қымыз құюға арналған ыдыстардың бірі – тегене. Бұл тегене қолөнер шебері және өлкемізге танымал суретші Ғайса Мұқастың төл туындысы. 2000 жылы музей қорына алынған теге­не­ні қара ағаштан ойып, іші-сыртын тегіс өңдеу­мен бірге ыдыстың пішіне қарай ою өрнектер салған. Тегенемен бірге тоста­ған­дарын да дәл осындай үлгіде жасаған. «Атадан қалған мұра – ұрпаққа аманат» демекші, музейдегі этнография залынан орын алған құнды жәдігерлердің ішінде – сүйектелген шай сандық та бар.Сандық – халықтар тұрмысында ерте кезден пайдаланып келе жатқан ең ежелгі жиһаздардың бірі. Көшпелі халықтар үшін өте қолайлы болған сандық Атырау қаласы Балықшы ауылының тұрғыны Зеріп Ботабаеваға ата-әжесінен мұраға қалған. Көненің көзі ретінде халыққа насихаттау мақсатында 1999 жылы музей қорына алған сандықтың ерекшелігі бетіне сүйектен пластиналар жабыстырып, сыртынан темір қаңылтыр сәндік үшін қағылған және күмістен тамшы сияқты өрнектер жасалған. Қара ағаштың жуан түбінен ойып жасалған тағы бір бұйым – келі мен келсап. Келі тары, бидай, т.б. дәнді да­­қылдарды түю үшін қатты ағаштан жасалатын құрал. Келісапты өлкеміз­де дүниеге келген жергілікті шебер Мұхамбет Жалғасбаевтың тұрмыста пай­далануға жасаған бұйымы. «Шебердің қолы – алтын» дейді атам қазақ. Ағаштан жасалған ожаудың да түрлері музей қорында көптеп кездеседі. Мәселен шеберлер ожау ­жасауда өздерінің тамаша өнерпаздығы мен асқан шеберлігін көрсеткен. Сондай-ақ музейдегі көркемделіп жасалған бүйірлі ожау қолөнер шебері, республика­лық бай­қаулардың лауреаты, ұстаз ­Арыс­танбек Молдашевтің қолынан жасал­ған. Ожау 2000 жылы музей қорын толықтыру мақсатында қорға алынған.01 Өткен тарихымызды білмей бүгінгі күннің қадіріне жету, болашақты болжай білу өте қиын. Ата-бабамыздың жинақ­таған рухани байлығының қоры ұшан-теңіз, қазіргі таңда да өз құндылығын жойған емес. Бұлардың барлығы баршаға бірдей қазына. Бұл мәдени асыл мұраларды зерттеп, танып білу біздің және кейінгі ұрпақтың абыройлы парызы.

Л.САЛИХОВА, В.ШАПИКОВА, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері

3256 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы