• Тарих
  • 27 Мамыр, 2010

«Халық жауларының» ұрпағы ұлағаттылықты бойларына сіңдіріп өсті

Әзім ағамен және Айткүл апамен кейінгі уақытта таныстым. Тағдырлары ұқсас. Екеуінің де әкесі сонау түнекті 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, атылып кеткен. Аянышты-ақ өмір. Осыдан соң екеуі де көп қиындықтар көрді. Аналарының, өздерінен жасы үлкен бауырларының арқасында өсіп-жетілді. Енді оқырман қауымға бұл екі кісіні кеңірек таныстыра кетейік. Әзім Дайрабаев 1932 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына қарасты Ырғыз поселкесінде дүниеге келді. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Қазақ кен-металлургия институтына түсіп, оны ойдағыдай тәмамдады. Кен инженері мамандығын алып шықты. Содан жолдамамен Қарағанды облысындағы Жезқазған кен басқармасына тап болды. Атақты «Петро» шахтасында ауысым, учаске бастығы, бас инженердің орынбасары қызметтерін атқарды. Жезқазған кен басқармасы кәсіподағы комитетінің төрағасы, Оңтүстік Жезқазған кеніші парткомның хатшысы секілді жауапты істерді де талаптағыдай алып жүрді. Мұнан кейінгі жұмыстар – Жезқазған қалалық партия комитетінің өндіріс-көлік бөлімінің меңгерушісі, Жезқазған мыс қорыту зауыты парткомының хатшысы, «Жезқазғантүстіметалдар» ғылыми-өндірістік бірлестігі кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары... болып кете береді. Жезқазған кен-ме­таллургия ком­би­натының кә­сіподақ комитетінде басшылық етіп жүргенде кеншілерді, метал­лург­терді, байытушыларды тұрғын үй­мен қамтамасыз ету мәселелерін ойдағыдай шешіп отырды. «Қа­зақмыс» корпорациясының жос­парлау-экономикалық бөлімінде қызмет етіп жүргенде де тия­нақ­тылығымен, білімділігімен көзге түсе білді. Әзекең төрт рет халық депутаттары Жезқазған қалалық кеңесінің депутаты болды. Қалалық кеңестің депутаты болып жүріп Жезқазған қаласының жылдық жоспарын қалыптастыруға тікелей қатысты. Ол сонымен бірге қалалық атқару комитетінің өндіріс және көлік жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары қызметін де қоса атқарды. Азаматтың адал да қажырлы еңбегі үкімет тарапынан лайықты бағаланды. Оның кеудесінде «Құр­мет белгісі» ордені, «Еңбектегі ер­лігі үшін», «Еселі еңбегі үшін», «Ең­бек ардагері» медальдары жар­қырайды. Құрмет, мақтау грамоталары да жетерлік. Әзім аға қызмет етіп жүргенде елге сыйлы ағалар, көңілдері жар­қын дос-жарандар тапты. Мысты өңірге өнер сапарымен келген әйгілі өнер иелері Ермек Серкебаевпен, Бибігүл Төлегеновамен, ағайынды Абдуллиндермен етене араласып кетті. Қайраткер азамат, қазақтың көрнекті ақыны, кезінде сол кісінің қарамағында қызмет істеген Кәкімбек Салықовпен ағалы-інілі қарым-қатынаста болды. Ақын ағасы тұңғыш кітабы – «Сыр» 1970 жылы жарық көргенде: «Құрметті Әзім! Сүйкімді мінезің мен ақ ниетті қызметіңді сыйлап, шын жүректен сырымды сый еттім» деп қолтаңбасын жазып ұсынған еді. Осы бір-екі ауыз сөздің өзінде Әзағаның адами қызметтері көрінеді. Сүйкімді мінез бен ақ ниет әркімнің бойынан кездесе бермейді. Бұл қасиеттер ағаның бойында бар. Осыны ақын жүрегі көре білген. Жалпы, ақындар адам тани біледі. Қолтаңбада Кәкеңнің Әзағаға деген ризашылық сезімі менмұндалап тұр емес пе? Солай. Әзім ағаны көпке сыйлы әрі құрметті еткен – оның ана сүтінен бойға сіңген адами таза да мөлдір қасиеттері. Жүрегінің тазалығы. «Адамдардың бәрі жақсы болса екен. Аңсаған арман-мақсаттарына жетсе екен» деген шынайы көңілі. Тағдыр қанша қиындықтарды алға тосқанымен адам өмір сүруге ұмтылады. Бұл жақсылықтарға да жеткізеді. Әзағаның өмірінен осыны аңғарасыз. Әзекеңнің зайыбы Айткүл Қуаны­шова болса, ол да ақтөбелік-ырғыздық. 1935 жылы туған. Заман­ның қиын­дығына қарамай оқу-білімге ұмтыл­ған қазақтың мақтан тұтар аяулы қыздарының бірі. Ташкент қала­сындағы ауыл­шаруашылық инсти­тутының эко­но­мика факультетін бітірді. Жезқазған кен-металлургия ком­бинатының күрделі құрылыс бас­қармасында табан аудармай отыз жылға жуық еңбек етті. Зор абыроймен құрметті еңбек демалысына шықты. «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Бес баланың анасы. Әзім ағаның әңгімесі Әкем Мұса Дайрабаев – өт­­кен ғасырдың алғашқы жылдарында халық ағарту саласында қажырлықпен қызмет еткен адамдардың бірі. Ол кісі 1882 жылы Ырғыз уезінің Құтикөл ауылында дүниеге келді. Орынбордағы мұғалімдік семинарияға түсіп, оны 1904 жылы бітіріп, елге оралды. Елге оралған соң, яғни 1909-1920 жылдар аралығында Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин салдырған мектепте, орыс-қазақ екі кластық училищеде оқытушы, директор қызметтерін атқарды. Математика, физика, химия пәндерінен сабақ берді. Аталған училищеде қазақ жеткіншектерімен бірге орыс балалары да оқыған. Ырғыздағы ауыл мектептеріне қарағанда мұндағы берілетін білім тереңірек болған. Училищені бітіргендер далада қалмаған, ұстаздықты, сондай-ақ басқа да қызметтерді атқарған. Реті келгенде Ырғыз өңіріндегі ауыл мәдениетінің көтерілуіне, отбасы, ошақ қасты шаруаның соңында жүрген ата-аналардың сауат ашуларына, балаларын оқытуларына әрдайым көмектесіп отырған. 1917 жылдың 1 шілдесінде патша өкіметі қазақ облыстарында «малдың-жанның, жер-су, шаруа­ның есебін» ала бастағаны тарихтан белгілі. «Қазақ» газетінің сол жылғы 234-ші нөмірінде белгілі қайраткерлер Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов бастаған зиялылардың қазақ халі «есебін дұрыс» бермесе «ұрылады, ұтылады» деп дәл есеп беруге шақырған үндеу-хаты жарияланды. Олар «Бұл жолғы есепте малдың-жанның, жер-су, шаруаның есебін дұрыс» көрсету арқылы қазақ халқының байтақ жерінің аумағын, көлемін, тұтастығын сақтап, ұлт­тық мүддені қорғауды қолға алады. «Енді бұрынғы қатемізді бас­палық, үлгілі жолға түселік, мына ұлы дүбірге қосылалык, тиісті бәйгемізден құр қалмайық, жұрт болалық. Егер қазақ болып мұны істемесек, кейінгі нәсіл-нәсіптің көз жасына қалғаның... Заманның сазына көзіміз жеткен. Алда да солай» деп түсіндірді. «Торғай һәм Ырғыз уезінің есебін алуға өзіміздің оқыған қазақ жігіттерін лайық көрдік» деп, ішінде менің әкем де бар, 40 жігіттің есімі үндеу-хатта атап көрсетілген. Білімді, тәрбиелі әрі халық арасында беделді әкем осы есеп алуға қатысып, тапсырманы жауап­кер­шілікпен, тиянақты­лықпен орын­дап шыққан. Зиялылардың есеп алудағы бұл құнды еңбектері кейін, 1920 жылы Қазақ АССР-ы құрылғанда ұлттық мүддені қорғауға негіз болғаны белгілі. 1918 жылы Ырғызға Әліби Жангелдин келеді. Жаңа өкімет орнату мәселесімен айналысады. Ырғыз жігіттерінен партизан отряды ұйым­­дастырылады. Осы жасаққа кірген Ұзақбай Құлымбетов, Баймен Алманов, Әбіш Тойбазаровтардың қатарында әкем де бар еді. 1920 жылы Ырғыз уездік рево­люциялық комитеті мен жұмысшы-шаруалар, солдаттар депутаттары уездік кеңесі атқару комитетінің төрағасы Темірбек Жүргенов болған кезде әкем осы комитеттің төралқа мүшесі және саяси бюросының бастығы міндетін атқарды. Темірбек Жүргенов 1921 жылы оқуға кеткеннен кейін де әкей 1922 жылдың ақпан айына дейін Ырғыз уезінде президиум мүшесі, саяси бюро бастығы қызметін атқарды. Сол дүрбелең жылдары көкірегі ояу, ел үшін, ел бірлігі үшін қызмет еткен Ұзақбай Құлымбетов, Баймен Алманов, Темірбек Жүргеновтермен қоян-қолтық жұмыс істеді. Әкем жоғарыда аты-жөндері аталған қайраткерлерден жасы жағынан үлкенірек еді. Содан да ірі қалаға жұмысқа бармай, 1922 жылдың басынан 1926 жылдың аяғына дейін Ақтөбе педтехникумында мұғалім және Ақтөбе губерниялық оқу бөлімінің инспекторы, кейіннен басқарушы болып қызмет етеді. Жазушы Ғалым Ахметов «Аға­лар, сен тыңда, жас ұрпақ, зерделе» деген бір еңбегінде «жиырмасыншы жылдары губерниялық оқу бөлі­мін Мұса Дайрабаев, Ақтөбе уез­дік оқу бөлімін Қуаныш Жұбанов басқарды. Екеуімен де қызметтес болдым, өте жақсы адамдар еді» деп жазады. Тағдырдың мынасына карамайсың ба – сол екі кісінің балалары қосылып шаңырақ құрдық. Әкем Ақтөбедегі педагогикалық техникумда оқитын шәкірттеріне математика, физика пәндерінен дәріс берген. Техникум ұстаздары да кілең ығай мен сығайлар болған. Солардың бірі атақты тілші-ғалым, кейін Қазақ пединститутының профессоры болған, ол дүние салғанда «Құдайберген Жұбанов қазақ әде­биеті мен мәдениетінің мұхиты еді. Мұхитымыздан қапыда қол үзіп қалдық қой» деп ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезовті күрсіндірген Құдайберген Жұбанов еді. Екеуі қатты араласқан. Қ.Жұбановтан бас­қа ұстаздар ішінде Шах Үдер­баев, Қуаныш Жұбанов, «Кедей» газетінің редакторы Кенжеғали Абдуллин және басқалар болған. Бұл педтехникум сол кезеңде Ақтөбе губерниясында алғашқы педагогтар дайындайтын үлкен білім ұясы болды. Педтехникум түлектері жаңағы айтқан ұстаздардан тәлім-тәрбие, тыңғылықты білім алып, ағарту, мәдениет, қаржы, экономика салаларында басшы, партия, кеңес қызметкерлері болып, еліне қызмет етті. Әкем 1927 жылдан 1937 жылға дейін Ырғыз қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте мұғалім, кейін директор болды. Осы жылдарда Ырғыздың көптеген жастарын оқытып, ауыл балаларын интернат үйіне тартып, жақсы тәлім-тәрбие бере білді. Мен үш жасқа толғанда әкем шешемді, мені алып Алматыға барыпты. Алматыда поездан түскен әкемді сол уақыттағы Қазақстанның оқу-білім министрі Темірбек Жүргенов қарсы алып, съезге келген делегаттар үйіне орналастырған. Съезд Қазақстанның 15 жылдығына арналады. Әкем съезге қатысып, «Қазақстанға 15 жыл» медалімен марапатталады. Алайда артынша адал қызметтері жоққа шығарылып, жалған жаланың құрбаны болды. 1937 жылдың 8 қарашасында тұтқындалып, түрмеге қамалды. Әлі есімде. 1937 жылдың күзі. Ырғыздағы үйімізге екі атты милиционер келіп, мені және інім Оразды сыртқа шығарып жіберіп тінту жүргізді. Әлгі екеу әкемді жаяу қалпында, алдарына салып айдап бара жатқаны көз алдымда. 1938 жылы 2 ақпанда Ақтөбе облысы НКВД «үштігінің» үкімімен ату жазасына кесіледі. Кейін бұл жаза ұзақ мерзім түрмеде отыруға өзгертіледі. Сол кезде саяси тұтқындар туралы ешқандай мәлімет алуға мүмкіндік жоқ-тын. Ол жағын «мемлекеттік жазалау машинасы» өте құпия ұстаған. Сол себепті әкейдің сот үкімінен кейінгі тағдыры тіпті белгісіз болып қалған. Оның 1943 жылдың 12 қазанында түрмеде қайтыс болғаны тек кейін – саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталған кезде ғана жарияланды. Ел мәдениетін көтеруге, мектептер аштыруға, балаларды жаппай оқуға тартуға, педагог ұлт кадрларын дайындауға үлес қосқан ағартушы-ұстаз өмірінің беттері осындай. Айткүл апаның әңгімесі Әкем Қуаныш Жұбанов 1916 жылы Ақтөбедегі мұ­ғалімдер семинариясын бітіреді. Сөйтіп, мұғалімдік қызмет атқарады. Сөйтіп жүргенде 1922 жылы Ырғыз уездік оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне жо­ғарылатылады. Бұл қызметте 1925 жылдың қазанына дейін болды. 1925 жылдың бірінші қаза­нынан Ақтөбе губерниялық оқу бөлімінің инспекторлығына және педагогикалық техникумның мұға­­лімдігіне шақырылады, екі жұ­мысты қатар атқарды. 1927 жыл­дан 1929 жылдың аяғына дейін Ақтөбе уездік оқу бөлімінің меңгерушісі мен педагогикалық техникумда­ғы мұғалімдік қызметті де қоса атқарып жүреді. Ал 1932-1937 жылдары Арал қаласындағы ба­лық комбинатының оқу комбина­тында мұғалім болып жұмыс істейді. Әкем сауатсыздықты жоюда, оқу-ағарту саласында көп жұмыстар тындырған. Уезде 218 мектепті жаңадан аштырған. Ол қызмет еткен педтехникумда қазақтың білімді, басшы кадрлары түлеп ұшқан. 1937 жыл біздің отбасымызға да үлкен қасірет болып келді. Ауыл белсенділерінің жалған жаласымен әкем түрмеге жабылды. 1937 жылы 15 қарашада Ақтөбеде «үштіктің» шешімімен ең жоғары жаза – ату жазасына кесіледі. Сол жылы сол үкімімен атылады. Тергеу кезінде ойлап тапқан айыптары: ұлттық шпиондық-дивер­сиялық бүлдіру­ші ұйымның белсенді мүшесі, Алашорданың белгілі қайраткері... Әкем ұсталған кез еміс-еміс есімде қалды. Ауылдағы бір апай­дың үйінде отбасымызбен қонақта жүргенбіз. Сырттан әскери киімді екі адам кіріп келді. Мен әкемнің алдында отырғанмын. – Сізге келдік, – деді әлгілер әкеме. Осыдан кейін бізді үйімізге жеткізді де, әкемді өздерімен алып кетті. Әкем түрмеде жатқанда анаммен бірге мен де барып тұрыппын. Кейде іштегілерді сыртқа шығарып, сап түзеп тұрғызып қояды екен. Мен солардың ішіндегі әкеме қарап жүгіретін көрінемін. Әкеммен бірге ол отырған камераға да барыппын. Өзгелері есімде жоқ. Әкемді ұстап кеткеннен ке­йін екі баламен қалған анам көп қиындықтар көрді. Бірақ ке­дергілердің бәріне төтеп берді. Сіңлім Мариям екеумізді қа­наттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Екеуміз де жо­ғары білім алдык. Үйлі-баранды болдық. Анам салмақты, көп сөйлемей­тін, ұстамды, биязы, төзімді, мейірім­ді, кешірімді кісі еді. Немереле­рін де жақсы тәрбиеледі. Негізі, анам жай жерден шықпа­ған. Ырғыз тарихында айтулы Алаш азаматтарының қатарында Алмат Тобабергенов пен оның баласы Самырат Аламатов құрметпен аталады. Ол көшпелі еліне отырықшылдықты насихаттап, жерді иелену, мәдениет­ті игеру, ауыл арасында салт-дәстүр­дің озығын орнықтыру, лауазым құдіретін ел мүддесіне бағындыру қызметімен танылған. Алмат Орынбор губернаторының қарамағындағы 54-ші дистанция бастығы лауазымына тағайындалып, зауряд-хорунжий мәртебесіне ие болды. Самырат та әкесінін ұлағатты тәрбиесімен бой түзеген. Болыс болған. 1913 жылы орынборлық делегация құрамында Романовтар әулетінің 300 жылдық мерекесіне қатысу үшін Петербургке барады. Самыраттың адамдарға деген қайырымдылығы ерекше болған. Менің анамның әкесі осы айтулы Самыраттың үлкен ұлы Әбдіқадыр болатын. Ол кісі де зор атақтарымен төңірегіне танымал болған. Анам ұзақ өмір сүрді. Ол да әкесі сияқты 92 жасында өмірден озды... *** Әзім аға мен Айткүл апаны тыңдап отырып адам көңілі тебіренбеуі мүмкін емес. Қандай күрделі тағдыр еді! Әзім аға сөз арасында кү­йеулерінен жастай айырылған Мұса мен Қуаныштың зайыптары, Айткүл екеуінің аналары Шынасыл мен Кәмиланың қайсарлықтары, төзімділіктері жөнінде айрықша айтып өтті. Олар тағдырдың қатал ісіне мойынсынбай балаларын аман-есен ержеткізу үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаған. Шынасыл ана колхозда өгіз жеккен соқамен жер жыртқан. Қыс айларында шанамен шөп тасып, қоғам малын сақтауға үлес қосқан. Кәмила ана болса соғыс жылдары тұрмыс қажетін өтеу комбинатында жұмыс істеп, жауынгерлерге жүннен тон, жылы киімдер тіккен. Әзім Дайрабаев пен Айткүл Қуанышова бес бала тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі де қазір қызмет істейді. Бірі әскери қызметкер болса, енді бірі кәсіпкер, енді біреуі ғылыми қызметкер... Немерелер де карттардың көңілін жадыратып, шадыман шаттық сыйлап жүр. Өмірден көріп-түйгені мол ерлі-зайыпты Әзім мен Айткүл тәуел­сіз қазақ елінің өсіп-өркендеуі­не, әлемдегі өркениетті елдермен терезесі тең болуына мүдделі. «Өткеннің мұң-қайғысы, ауырт­палықтары өзімен кетсін. Енді қайтып көңілді қаяу салмасын» дейді олар. Нұрперзент Домбай

3719 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы