• Әдебиет
  • 12 Мамыр, 2017

Өлең өлкесіндегі өрнек

Қазіргі қазақ поэзиясының жақсы ­сипатта дамып, көтеріліп келе жатқаны қуантады. Жақсы ақыны бар, жақсы оқырманы бар поэзия қашанда жаңа белестерге көтеріле алады.

Өлең өрісінде басқаға ұқсамайтын ақындардың бірі – Мұратхан Шоқан. Оның өлеңдерін оқыған кезде көктемгі самала күннің шуағына тап келгендей боласың, сөзбен салынған суреттеулеріне оқыған сайын құмарта түсесің. Ақынның мінезінен сыр шертетін «Бақыт жайлы» өлеңі көркемдігі келіскен тамаша туынды. Жылдарында, өмірдің айларында, Бақыттымын көгімде ай барында. Көңілсіз ете алмайды тірлік мені, Жел еседі әрқашан айдарымда. Қазақта айың оңыңнан тусын деген сөз бар. Ай түннің жарық нұры болса, ақын өлеңінде өмірдегі мақсатты жолы айдың сәулесіндей жарық екенін айтқысы келеді. Ол тіршіліктің күйбең тірлігі оны еш жабырқата алмайтындығына, өзінің жігері мен өмірге деген құлшынысына бек сенімді. Суреткер шеберлігін, шығарманың көркемдік табиғатын таныту оп-оңай іс емес екені анық. Мұратханның әр өлеңнің тақырыбы өміршең, идеясы асқақ. Сондай туындыларының бірі «Бір түрлі болып жүрмін» деген өлеңі. Желкілдеп тұрмаса да қияқ күнім, Күмбірлеп көңілімнен күй ақты мың, – деген өлең жолдарындағы қияқ күн – әдемі эпитет. Ақын осы тіркес арқылы аз сөзге көп мағына сыйдырып тұр. Үні кеп, ғашық құстың бақ түбінен, Тұрғандай... Сезім қанат қақты білем, – деген өлең жолдарындағы ғашық құс – метафора болса, сезімнің қанат қағуы әдебиеттегі шарттылық. Ғашықтық сезімнің әсерін қарапайым тілмен жеткізген ақынның қарапайымдылығына тәнті боласың. Ақын сыршыл сезімді тағы да мына жолдарда дамыта түскендей: Өзімді түсіне алмай отырмын мен, Жер құлап, секілденіп аспан көшкен... Лирикалық қаһарман сезімін осылай аспандатып, асқақтатып бейнелеген. Ал Мұратханның «Шарасыздық» атты өлеңі де өзіндік ерекшелігімен әсерлі. Ай шығып, Алатауға қалды ілініп, Отырмын үмітіме сәл жылынып. Бақтарды аяп қоям, қайың жылап, Қазанда жасын төккен тал бүлініп. Осы шумақтағы айдың Алатауға ілінуі шартты құбылыс және тамаша суретті көз алдымызға әкеледі. Таудың асқақтығын символ ретінде алға тартса, үмітіне сәл жылынып отырған ақынның көңіл-күйі нені аңғартады? Одан кейінгі жолдарға назар салайық: ...Бақтарды аяп қоям, қайың жылап, Қазанда жасын төккен тал бүлініп... ...Төгіліп жапырағы тал-қайыңның, Барлығы ғайып болған балдай үннің. Бірдеңе болып жатыр айналамда, Секілді көшірмесі хал-жайымның. Жапырағы төгілген қайыңның жылауы, талдың бүлінуі, балдай үндерінің ғайып болуы – барлығы әдемі суреттерді жанды бейнедей алдыңа тартады. Ол табиғат көрінісін осылай жанды суреттеуді қатар қою арқылы өз көңіл-күйін бере білген. Ақынның өлеңдеріндегі аяулы сезімінен де, ең асыл махаббатынан да жоғары тұрған ерекше бір сезім бой көрсетуі – оқырман тебіренісін ширықтыра түседі. М.Шоқан поэзиясының тілі ерекше. Әсіресе ақынның күйші Секен Тұрысбекке арнаған өлеңі оның көркем туындыларының бірі. Бір тылсым әуен тербейді жерді шығыстан, Күміс үніндей құралған көркем дыбыстан. Бояуы қандай, ай нұры дерсің төгілген, Күн нұры дерсің, шыңдарға таңда жұғысқан. Бұрқырап шашы, күй ойнап отыр бір қазақ, Бетховен сынды тәңірмен тіке ұғысқан. Өлеңді оқи отырып Секен ағаның күй тартып отырған келбеті, портреті көз алдыңа келгендей болады. Кербез күйшінің шынайы бейнесін көркем жеткізе білген. Мұратхан ақынның өлеңдерін толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Оның поэзиясы сиқырлы әлем тәрізді. Оқырманды өзіне бірден баурап алады. Қазақ поэзиясына қара өлеңнің қарапайым, табиғи тазалығын ала келген ақын жырлары сызат түспеген сыр мінез сыршылдығымен, таза табиғатымен ерекше.

Айгүл ОМАРОВА, З.Баймырзаев атындағы орта мектептің мұғалімі

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы

1863 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы