• Әдебиет
  • 12 Мамыр, 2017

«АНАМА ХАТ» әнінің авторы Мақсым Меңкешев туралы бір үзік сыр

Қатар жүрген құрбы-құрдастарынан оқшаулайтындай айрықша өмірбаян жоқ. Ол да басқалар сияқты оқыды, өсті, есейді, ағалық жасқа жетті. Алайда Мақсым өмірінің барлық кезеңіне ортақ бір жансерігі бар. Ол – әуелеген ән мен әсем күй. Әнге деген құштарлығы бала кезінен басталған жас өскін ағасы Тілеуқабыл мандолинада ойнап, гармон  тартып отырғанда жан-жүрегі елжіреп, орындау шеберлігі таңдай қақтыратын туысына әрқашан қызыға қарайтын.  Көп ұзамай гармонға қосылып ән айтуды, шекті аспаптарды Мақсымның өзі де үйренді, 8-класты бітірісімен Гурьевтегі музыка училищесіне оқуға түсті. 

Он сегіз – жастық шақ деп аталатын қызығы мол балдәуреннің бұрқ еткен бастауы, адам өміріне әрқашан нұрын шашқан шұғылалы шақ. Мақсым болса, өнердегі осындай алғашқы көктемі – өмірдегі 18 жасын айрықша қуанышпен қарсы алды. Ол он ойланып, мың толғанып, ерекше ілтипат-ынтамен ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «18 жас» өлеңіне өзі арнап жазған әсем сазды әуенін дүниеге әкелді. Алғашқы көктем, алғашқы кездесу, алғашқы ән! Бүр жара бастаған балауса гүлдей балғын сезім. Тыншу таптырмай белгісіз бағытқа жетектеген жұмбақ күш. Аласұрған көңіл тағы да әннен тағат іздегендей, Мақсымның екінші бір іңкәр сезім, үлкен толғаныстан туған «Алғашқы сезім» де араға көп уақыт салмай өмірге келіп, жастар жағы сүйіп айтатын әнге айналды. Музыка шығарушылық өнерімен қоса кішкентайынан алдына жан салмайтын өнерпаздығы бар Мақсым өзі училищеде оқыған жылдарда «Ақ ерке», «Ақ Жайық» сияқты халық әндері мен Құрманғазы күйлерін, Ескендір мен Әсет Бейсеуов әуендерін нақышына келтіре орындап та көпшілік көзіне әп дегеннен-ақ түсті. Өнерпаз жастың мұндай талпынысы ескерусіз қалған жоқ. Республикаға аты әйгілі сазгер-күйші Әзидолла Есқалиевтің өзі талабы таудай өскелең жасқа айрықша назар аударып, ақ батасын берді. Гурьев облысындағы Чапаев атындағы совхозға ән-күй сапарымен келген Әзидолла аға өнерпаз өренге «жоғары білімді музыка маманы бол, әлемдік классиканы үйреніп қана қоймай, оны шебер меңгерген майталман болуға тырыс» деп кеңес берді. Аға ақылын құп алған бозбала араға бірер жыл салып Шымкент мәдениет училищесінің ұлт-аспаптар бөліміне емтихан тапсырды. Өнер сынағынан сүрінбей өтіп, емтиханды үздік бағаға тапсырған ауыл баласы осы оқу орнына студент болып қабылданды. Сәулелі сәттер мен ән мен күйге, думанды кештерге толы махаббат, қызық мол жылдар Мақсым өмірінен ойып орын алған ерекше бір кезең еді. Туған жерінен шалғайда, ұлы әншілерді биікке самғатқан киелі шаңырақта өнер, білім қуып, күн кешіп жүрген жігіттің жүрегі қайсыбір сәттерде ауылға тартатын, алыстағы анасына және бауырларына деген сағынышқа толы болатын. Сазгер Мақсым: «Он оралып ойыңа, Былтыр ұшқан бір құсың. Қара жолдың бойына Қарай-қарай жүрмісің. Барам, апа, көктемде Жаңбыр сеуіп өткенде. Алтай алқа таққанда Бұлақ сылдыр қаққанда» деген өлең жолдарын әсем әуенмен қарашаңырақтың түтінін түтетіп отырған алтын құрсақты анасына жеткізді. Мақсымның анасына жолдаған сол бір кездердегі сағынышты сазы Шымкент, Ақтөбе, Гурьев облыстарының газеттерінде қайта-қайта жарияланып, оның атын ду көтерді, үлкенді-кішілі әуесқой һәм кәсіби әншілер жақсы әуенді әп-сәтте қағып ап өздерінің репертуарына енгізді. Өзен-көлдер мен асқар таулардан асып, қазақтың ­сайын даласында салтанат құрған осынау әнге қазақ радио-теледидарының тыңдарман-көрермендері мен әнсүйер қауым қуана қол соқты. Мақсымды талантты шәкіртім деп санайтын Қазақ мемлекеттік қыздар институты музыка факультетінің сол кездегі деканы, композитор Басыр Жүсіпәлиев: «Анама хат» – диапазоны кең, өзіне сөзі сай, сезім тереңінен айтылатын ән, Мақсым өзінің өмірлік ырғағын осы бір әнмен-ақ әлемге әйгілеп тұрғандай» – деп республикалық баспасөзде жылы лебіз білдірді. Студенттік өмірдің думанды шақтарын курстас құрбы-достарының көз алдарына Қыз Жібектің көшіндей қаз-қалпында әкелетін Мақсымның «Сол бір кез, достар» деп аталатын келесі бір әні бірге оқыған достары арасында күні бүгінге дейін мәңгі ұмытылмас естеліктей. Ал «Анама хат», «Қыз сағынышы», ­«Аяулым», «Ақсәуле» әндері болса, олар кезінде сазгер шығармашылығынан өзіне лайықты орын алып автордың музыкадағы өзгеге ұқсамайтын беталысын танытқан біртуар әуендер болатын. Өнерге құлаш сермеген Мақсым училище бітірген соң арнайы жолдамамен Шымкент қаласындағы педагогикалық музыка институтына түсіп, өзінің білікті кәсіби маман, танымал сазгер-әнші ретінде қалыптасуына зор мүмкіндіктер алды, ол институтта музыка ­теориясынан мол білім алумен қатар концерттік үлкен бағдарламаларға ұдайы қатысып, орындаушылық шеберлігін онан әрі дамылсыз шыңдай түсті. Оңтүстік облыстағы іргелі білім шаңы­рағын сәтті аяқтағаннан кейін Мақсым өзі туып-өскен Батыс өңіріне келіп, Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде ұлттық аспаптар мен саз өнерінен сабақ берді. Осы оқу орнында біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін қазақтың тұңғыш лингвист ғалымы, ұлт өнеріндегі күй жанрының тууы мен тарихы жөнінде алғаш ғылыми-зерттеу еңбектерін жазған Құдайберген Жұбанов атын жуырда ғана алған Ақтөбе педагогикалық институтына ұстаздық қызметке ауысып, осы білім ордасында музыка кафедрасының оқытушысы болып ұзақ жылдар бойы талмай, шаршамай қалтқысыз қызмет жасады. Ол білім шаңырағында тек ұстаздық қызметпен шектеліп қойған жоқ, өзі студенттерден «Балауса» жастар ансамблін құрды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе уни­верситетінде көп жылдар бойы қалтқысыз қызмет істеп профессор дәрежесіне жеткен М.Меңкешев қазір зейнет жасында болса да өзін ұстаздық істе талай жетістіктерге жеткізген университетпен байланысын үзген жоқ, музыка мамандығы бойынша оқитын талантты жастарға әрқашан ақыл-кеңес беріп, өнер әлеміне бағыт сілтеуден шаршап көрген емес «Ендігі арманым, – дейді Мәкең, – өзім қазір қолға алып, еңбектеніп жүрген жұмысым – ойымдағы, арманымдағы бір ісім – ұлы ғалым-профессордың ұлы Есет Жұбановтың сөзіне жазылған «Жұбанов университетінің Гимнін (Әнұранын)» және «Ақтөбеде Жұбановтар көктемі» атты музыкалық поэмамды сәтті аяқтап, университет шәкірттеріне өз қолыммен табыс ету, қатардағы әнші-сазгер ретінде қазақ ғылымы мен өнерінің жарық жұлдыздары болған Жұбановтар алдында азаматтық парызымды өтеу». Жетпістің биігіне шыққан замандасқа сөз соңында айтарымыз: әніңіз де, өміріңіз де таусылмай жалғаса берсін, үзеңгі дос!

Болат БАЙМҰХАНОВ, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі

17366 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы