• Әдебиет
  • 15 Желтоқсан, 2017

Ұлағат

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ зиялыларының ғұмырнамалық жолы ұқсастықтарымен-үндестік­терімен ерекшеленеді.  Олар балалық шақтарында ата-аналарының 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге ұшырағанның, одан кейінгі Екінші дүниежүзілік соғыс (1941-1945 жж.) ауыртпалығы қиындықтарының зардаптарын көріп-сезініп өсті. Орта мектептегі оқушылық, одан кейінгі жоғары оқу орнындағы студенттік, аспиранттық білім алу кезеңдерінен кейінгі ғалымдық-оқытушылық қызмет белестері – бәрі жалғаса келе тұрмыс тауқыметімен арпалыса жүріп еңбекпен есейген, кемелденген тұлғаларды қалыптастырды. 

Бұл орайда, 2007 жылдан Астанадағы Еуразия гуманитарлық институтының ректоры, тарих ғылы­мының докторы, профессор, Қазақ Білім академиясының академигі Амангелді Құсайыновтың да білім, ғылым игерудегі және ұстаздық қызмет етудегі ғұмырнамалық ұлағат белестерінің отандық тарихымыздағы өзіндік көрнекті орнын танимыз. Отанымызға және алыс-жақын шетелдерге Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған іргелі зерттеу монографияларымен, мақалаларымен танымал көрнекті ғалым-ұстаздың өмір белестері туралы өзінің философиялық-танымдық мәнді ойлары да уақыт пен кеңістіктегі кемел ақыл-ой ие­леріне ортақ дүниетаным бірлігін аңғартады: «Өмір – тынымсыз ағып, уыста тұрмайтын сынап, жазылғаны да, жазылмағаны да бар дастан-кітап. Күн өткен сайын кітаптың кейбір беттері ескіріп жыртылады да, қолға алғандай болсаң үгітіліп түседі. Сақталған беттеріндегі өмір белестері әр нәрсені еске түсіріп, ойландыратындығы да шындық, уақыт тас екеш тасты да тоздыратынын мойындамасқа амалымыз жоқ» (Құсайынов А. Өмір иірімдері. – Астана: Фолиант, 2012. – 424б.; 3-б.). Бұл – сәбилік, балалық шағынан осы сәтке дейін адамгершілік-имандылық ұстанымнан айнымай, халқымыздың ата-бабалық қасиетті дәстүрін ұлықтап өмір сүріп келе жатқан ғалым-ұстаз, қайраткер азамат Амангелді ағаның ұрпақтарға ақтарған жан сыры. 1942 жылдың 29 желтоқсанында Павлодар облысының Ертіс ауда­нын­дағы Үлгілі атты ауылында дүниеге келген екен. Амангелді ағаның еңбек өтілі бастауындағы 1960-1963 жылдары осы Үлгілі ауылындағы жеті жылдық мектептегі мұғалімдік қызмет етуі – болашақтың берік негізін қалаған кезеңі. 1956-1961 жылдары Павлодардағы педагогикалық училищеге емтихансыз қабылданып, ұлағатты ұстаздардан білім негіздерін тиянақты меңгерді. Әскерден оралып, С.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде жоғары білім алды. Университеттегі оқуы жылдарында студенттердің кәсіподақ бюросының, студенттік құрылыс отрядтарының басшысы болғанда да жанындағы адамдарға, қоғамға адалдықпен, жауапкершілікпен қызмет етудің жарқын өнегесін таныта білді. Бұдан кейінгі еңбек жолында университетті қызыл дипломмен бітіріп, Алматы медициналық институтында аға оқытушы, Алматы қаласындағы партия органдарында, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де аспирант, аға оқытушы, доцент, проректордың орынбасары, проректор, аға ғылыми қызметкер болған еңбек белестері де оның қалыптасу, кемелдену кезеңдері болды. Ғалым-ұстаздың Қазақстан­дағы жоғары білімді, ғылыми дәрежелі мамандар даярлаудағы басшы­лық қызметтері де Отанымыздың тарихындағы лайықты бағаланатын маңыздылығымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, С.Сейфуллин атындағы Ақмола университетінің ректоры, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР Жоғары Аттестациялық комиссиясының (кейін комитетінің) төрағасы, Ы.Алтын­сарин атындағы Қазақ Білім ака­демиясының президенті – бәрі де Қазақстан Республи­ка­сының Тәуелсіздігі жылдарындағы жоғары білім мен ғылыми дәрежелер беру саласындағы өте жауапты қызметтер ат­қарған білікті, тәжірибелі ұстаз-бас­шының келбетін даралай таныта түседі. Қазақстандағы жоғары білім беру мен ғылыми біліктілікті бағалау салаларында еңбек еткен жылдары – Амангелді ағаның ұлттық та­ри­хымыздағы қадірлі еңбегімен танылған аса мәртебелі кезеңдері. Әсіресе, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры болған жылдары Тәуелсіз Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласында Елбасының тікелей ұйытқы болуымен ашылған осы университеттің әуелгі кезеңіндегі материалдық-техни­калық базасының нығаюын, оқу үдерісінің, ғылыми-зерттеу, тәлім-тәрбие жұмыстарының өркениет деңгейінде қалыптасуын білікті-білімді, іскер ректор, профессор Амангелді Құсайынов­тың жүзеге асырғаны – ешқашан ұмытыл­майтын тарихи шындықтың үздік көрсеткіші. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті профессор Амангелді Құсайынов ректор болған жылдары планетамыздың барлық құрлықтарындағы мемлекеттермен, олардағы жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз байланыстар орнатты. Ол басқарған университетте Азияның, Африка­ның, Еуропаның, Австралияның, Американың мемлекет басшылары, университет ректорлары, көрнекті ғалымдары бас қосқан халықаралық жиындар жүйелі өткізілді. Әрине, Әбекеңнің оқушылық, студенттік шақтағы хакім Абайдың «Ондай болмақ қайда?» деп айтпа ғылым сүйсеңіз!» деген насихатына сай еңбек етуді талантты шәкірттеріне де, замандас інілеріне де өмір бойы үлгі етумен келеді. Ұстаз-ғалым Амангелді Құсайыновқ­а тән әлеуметтік-қайрат­керлік тұлғасының айрықша даралана танылған кезеңі – ҚР Жоғары Аттес­тациялық комиссиясының (кейін комитетінің) төрағасы болған жылдары Кеңес дәуірінде өмір сүрген кезеңде он бес одақтас республикаларда қорғалған, бірақ міндетті түрде бәріне ортақ талап пен орыс тіліне аударылған кандидаттық, докторлық диссертацияларды қайтадан ресми сараптаудан өткізетін КСРО Мемлекеттік Аттестациялық Комиссиясының орнына енді Тәуелсіз мемлекеттердің бәрінде де осындай дербес мекемелер құрылды. Аталған комиссияны 2000 жылдың 22-мамырынан 2004 жылға дейін басқарған Амангелді Құсайынов Қазақстандағы ғылыми дәрежелер берудің сапасын жетілдіруге байланыс­ты көптеген талаптарды жүзеге асырды. Ғалым-ұстаз Әбекең табиғи талантты аясында сөз өнері шығарма­шылығына да қатысты қабілетімен байқалады. «Өмір иірімдері» атты ғұмырнамалық-тарих­намалық кітабында қазақ тарихын­дағы көр­некті ақындардың әдеби мұрала­рына арналған байыптауларынан әдебиеттану, өнертану тұрғысындағы тиянақты талдауларын оқимыз. Ғы­лыми-танымдық маңыздылығымен ерекше­ленетін бұл еңбектерден Отаны­мыз­дың көп ғасырлық тарихы­ның жарқын беттері болып мәңгілік жазылып қалған өнегелі тұлғалар ұлағатын сезіне түсеміз. «Абылай асуы», «Жасын сынды тағдыр», «Иса Байзақовтың әдеби мұрасы», А.С.Пушкиннің 200 жылдық мерейтойына арналған «Вечно тот же, вечно новый», «Сәкен – жа­рық жұлдыз», «Әдебиеттегі тарих тағылым» еңбектерінде жалпы адам­зат өркениетінің әлемдік тарихи үдерісіндегі көрнекті тұлғалар тағылымына ғылыми-танымдық, тарихи-философиялық тұрғыдағы маңызды бағалаулар жасаған. Әбекең оңаша қалғанда ой-толғаныс­тарын жырға қосады. Ондай­да тәп-тәуір өлең шумақтары тізіле қала­тыны бар. Мынау туған жері – Үлгіліге арнаған өлеңінен үзінділер: Жүрекке жылу құяды, Қарасу, ерке сыңғырың. Құшаққа қайтіп сияды, Қырмызы қызыл қыр гүлің?

Шарықтап өмір шыңына, Тым ұзап кейде кетемін. Жыл құсындай сырыңа, Қиқулап келіп жетемін. Көркіне қарап Көркемнің, Туған жерге табынам. Жаныма балап еркемнің, Жанарын сұлу сағынам. Иса ақындай дүлдүлі, Ұлдарың көпке танымал. Туған жерім – Үлгілі, Сағыныш сазын қабыл ал! Тәуелсіз Қазақстан Республикасы­ның жаңа тарихында жоғары білімді, ғылыми дәрежелі мамандар даярлау­дағы ұстаздық-ғалымдық, қайраткерлік қызметімен, жеке басының адамгер­шілік-имандылық қасиеттерімен халқымыздың ата-бабалық рух қуатын танытқан Амангелді Құсайынов – біздің рухани құндылықтар қазы­на­мыздың жарқын тұлғасы. Қазақ өркениетінің әлемдік кеңістіктегі мәртебелі абыройы, беделі осындай дара тұлғаларымыз арқылы мәңгілік биіктей бергей.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі

1186 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы