- Тарих
- 29 Қыркүйек, 2010
Күш атасы - Қажымұқан
(Жалғасы. Басы өткен нөмірде) Міне, мен білетін палуанның «Сибкрай» өңіріндегі ұрпақтары. Ал енді Ырыстыдан қалған София мен Рашида ерте дүние салды. Рыстыдан туған Әзия қызынан бір қыз бар деп естідім, ал Шымкент маңайындағы Мүнәйімнан туған Айдархан, одан дүниеге Шаттық келді. Ең соңғы тоқалы Айшагүлден Жанәбіл туса, оның баласы Жанар. Палуанның бұл немерелерінен кімдер бары маған белгісіз. Қажекеңнің балаларын, немерелерін, жоғарыда айттық, көбі парасатты, ойшыл азамат болып өсті. Жанәбіл де ірі, палуан болды. Айдарханның баласы Шаттық та «карате-до» бойынша 2002 жылы Азия ойындарында күміс жүлде алды. Бірақ өзіне тартқан нағыз палуан, батыр әлі жоқ. Бәрі қатардағы ғана. Қажекеңнің тірі кезінде жанашыр жолдастары, замандастары аласұрып палуанға бір әйелден соң бір әйелді алдырып жүргені айтпаса да белгілі болып тұратұғын – өзі сияқты аузынан түскендей білек күшін, күш атасын тосты. Қайтесің, Құдай бермеді. «Үмітсіз – шайтан». Л.Н.Толстой айтқан екен: «Менен кейін табиғаттың берген таланты демалады» деп. Сол сияқты демалып жатуы да мүмкін. Жеті атасынан кейін қайталанады деген қазақтың ата сөзіне сенеміз де, күтеміз де.Атышулы азаматтардың жалған да балалары болған ғой. Қажымұқанның баласы Айдархан: – «Әкемнің үлкені – Халиолла, ең кішісі – Жанәбіл. Мұхтар атты тағы бір Қажымұқанов бар деп естідім. Оның жайын жетік біле бермеймін», – дейді («Қажымұқан қағанаты», 483-б.). Менің білетінім, өзінің заңды, некесін қиып алған әйелдерінен туған Халиолла, Айдархан, Жанәбіл. Ғабдолла туралы жоғарыда айттық. Осы арада Сырбай Мәуленовтің: Саусағы Алатаудың еменіндей, Жотасы Қаратаудың кемеріндей. Жүзінен шаттық, қайғы білінбейді, Тұп-тұнық Қараөткелдің тереңіндей, – деген шумағы еске түседі. Шіркін, қандай асыл сөздер. Түрін, тұлғасын көріп, мұндай жігітке кім ғашық болмайды. Біз өзіміз көп уақыт үгіт-насихат, мәдени-ағарту жүйесінде қызмет істеген адамбыз. Сондықтан халыққа, елге эстетикалық сезім ұялататын сөздерді жеткізгіміз келіп тұрады. Асқар Тоқмағамбетов: Он жігіт жауырынына жайланса да, Елу пұт білегін байласа да, Бұлқ етпей бәрін жалғыз көтереді, Үстінен пятитонка айдасаң да, – дейді. Бұл сипаттама кімнің делебесін қоздырмайды. Ат үстінде жүрген Қажекең көппен кездесті, таныс болды. Жоғарыда айтылған тұлғасы, мінезі, мықтылығы қыз-келіншек түгілі, ер адамның өзін қайран қалдырады. Әрине, палуан ағамыз жас болды, «мас» та болуы мүмкін. Өз көзімізбен оқығанымызды, өз құлағымызбен естігенімізді несіне жасырамыз. Бір кітапта былай деп жазылды: «1960 жылы Қызылордаға Мәскеу циркі келіп, ондағы Николаев деген палуан өзін Қажымұқанның баласымын деп жариялағанда, халық нөпірі отыз күндей цирктің алдын бермеді. Бұл қазақ халқының батыры Қажымұқан Мұңайтпасовқа деген құрмет, үлкен ілтипат болатын» («Қажымұқан қағанаты», «Ордабасы», 378-б.). 2005 жылы маусым айында Омбыдағы цирк директорының орынбасары болып істейтін, өзі бала кезінен цирктің аренасында қызмет істеген Евгений Юрьевичпен кездестім. Оның айтқаны: «1960 жылдары болу керек. Бізге жыл сайын бір айға келіп-кетіп, білек күшімен ойын көрсетіп жүрген Герасимов: «Мен Қажымұқанның баласымын, осы Омбы облысында тұратын менің ағайындарым бар» деп, Шарлақ, Русская поляна, Дробышев (Нововаршавка) аудандарына сұранып, апталап барып тұратын». Бұл әңгімені сол жылдары елге (Омбы облысына) амандық-саулық білуге барып жүргенде мен де естігенмін. Жайықбай деген менің жолдасым: «Еңгезердей бір орыстың жігіті келіп, «Шешемнің айтуы бойынша, менің шын әкем Қажымұқан. Әдейі іздеп келдім» дегеннен кейін ел болып қарсы алдық, мал сойып, Қажымұқан аруағына ас бердік» деген еді. Тағы бірі. Сол Омбы облысы, «Целинный» деген совхозда тұратын сағал-қыпшақ Омардың баласы Кеңес күйеубаланың айтқаны: «1970 жылдары ауданның орталығы «Русская полянаға» Башқұртстаннан келген Қажымұрат деген азамат өзінің туған әкесінің үрім-бұтағын іздеп жүр деп сол кісіні маған жібереді. Сұхбаттасқанда ұққаным: Қажымұқан Уфада 1915 жылдары болған. Бұл жайында кітаптарда да айтылады. Уфа қаласының ақсақалдары атынан хат жолдаған Мұса: «Қажымұқан мырза, сізді үлкен мерекеміз – сабантойдың құрметті қонағы болуға шақырамыз» деген. Уфада жарты айдай демалған соң палуан Қазанға жүріп кетеді. «Әкемнің аты Қажымұқан болған соң үлкен атам қызынан туған баланың атын Қажымұрат деп қойған» дейді Қажымұрат. Қажымұраттың айтуы бойынша, мұндай ескі дәстүр – жақсыдан ұрпақ алып қалу Орал бойындағы басқа да халықтарда болған. Қажымұрат сондай салттан пайда болған бала секілді. Ең ақырғысы, «Караван» газетінің 2009 жылғы 10 сәуірдегі нөмірінде Қажымұқанның немересі Шаттық былай дейді: «1996 г. мы к своему удивлению получили приглашения из Франции, где как выяснилось у Кажымукана остались дети от жены француженки. Они пригласили нас приехать, но отец (Айдархан), как член партии наотрез отказался ехать «к буржуям» и больше мы связь с ними не поддерживали». Осы Қажекеңнің балаларымыз деп жүрген азаматтар мүмкін жалған да болар, бірақ басқа ұлт өкілдері Қажымұқан деген есімді мақтан етіп, атын шығару үшін пайдаланған ғой деген ой келеді. Қажылығы туралы «Күш атасы» кітабында: «Таяу және Орта Шығыс елдерін аралады. Түріктің жауырыны жерге тимеген атышулы палуандарын жыққаннан кейін оған қажы атағы беріліп, Қажымұқан аталды» делінеді. Бұған сену қиын. Бірінші, дәлел ретінде құжат жоқ, екіншіден, ол елдің жеңіске жеткен палуанға қажы атағын беру салты болса баяғыда естілер еді. Тағы бірі, түрік халқы Ислам дінінің ережесін мықты ұстаған. Қажылық дінмен байланысты десек, ол аз, ол – бес парыздың бірі. Осыны еске алсақ, сен жақсы күрестің, жеңдің деп қажы атағын бере салуы мүмкін емес. Түркиядан келген жігіттермен де кездестім, бізде ондай тәртіп жоқ дейді. Ал енді шынына келсек, қажылыққа баруы, қажы атануы рас. Оны Омбы жағындағы елдің ақсақалдары кесіп айтатұғын: «Барған ғой қажылыққа!» деп. Жоғарыда: «Таяу және Орта Шығыс елдерін аралады...» дедік. Көрсеткен қызығына, жеңісіне риза болған араб елі сонау Ресейден келген топ палуандардың ішінде жалғыз мұсылман екенін біліп, Мұқаңды Меккеге, Мәдинеге алып баруы ғажап емес. Күшіне, күресіне айыздары қанған сол ел азаматтарының ұйымдастырған қошеметі болуы мүмкін. Мен бұл болжамымды Қажымұқанның қажылығы хақында жазған мақалаларымда айтқан едім. Болжамым расталды. Қолыма кеш түскен Әлімқұл Бүркітбаевтың 1978 жылы «Жалын» баспасынан шыққан деректі хикаясында Мұқаңның Меккеге барып, қажы атағына ие болғанын нанымды дәлелдейді. Стамбулда түріктің Нұрла атты палуанын жеңген соң Шәкір паша (генерал) мен Имам Баюр Мұқаңды құттықтап, Шәкір паша: – «Жарайсың! Менің саған берейін деп тұрған сыйлығым мына имам тапсырайын деп тұрған сыйлықпен салыстырғанда түк емес. Жақында әлемнің барлық мұсылмандары Құрбан мейрамын тойлайды. Біз Меккеге қажылыққа барғалы жатырмыз. Ол жерге ең күшті палуандар жиналады, сен сонда өзіңнің күшің мен өнеріңді көрсете аласың. Қаржы туралы қам жеме, ол біздің мойынымызда», – дейді. Сөйтіп, үш аптаға созылған керуен Орталық Таврдан, Тигр өзенінің бойымен Бағдатқа, одан әрі Үлкен Нефуз шөлімен Меккеге жетеді. Меккеде дұға оқылады, Мұқаң зәмзәм құдығынан су ішеді, Арафат тауының етегінде үш күн шатырдың ішінде түнейді, Мин аңғарында шайтанды бейнелейтін тұлғаларға тас лақтырады, Мәдинеге барып бір мешіттің есігінің артында Мұхаммед пайғамбардың табыты қойылған есікке сәлем беріп, Меккеге, көп ұзамай Стамбулға қайтады. Содан былай Мұқан деген есімі жайына қалып, Қажымұқан деген атаққа ие болады. Мұны талдап жазып отырғанымыз – Мұқаңның қажылығын растау. Кеңес өкіметінің дәуірі жүріп тұрған кезінде жасырған, бертін келе Қажекеңнің айтқан шындығы. Осыдан кейін кім сенер: – «Жауырыны жерге тимеген түрік палуанын жеңген соң Мұқанға қажы атағы беріліпті» деген жалған лақапқа. Кеңес өкіметі үстемдік жүргізіп тұрған кезде Ресейде болсын, Қазақстанда болсын, «молла», «қажы» атағына ие болған адамдар екінші санаттағы, тіпті Кеңес өкіметіне қарсы адамдар сияқты көрінетін. Сол уақыттағы коғамның құбылысын, көзқарасын байқап, палуанның нағыз қажылығын жасырып, себеп тауып, өзінің шығарған «ертегісі» ғой. Омбы жағы көбінесе Мұқан, Мұқа дейтұғын. Үлкен ұлы Ғабдолла ғана Мұңайтпасов болатұғын. Халиолла баласы, немерелері – бәрі Мұқанов болып жазылған. Қажымұқан «Алаш» партиясының мүшесі болды ма? 1937 жылдары Қажекеңнің Омбы жағынан Оңтүстік Қазақстанға келген кезі. Баршаға белгілі, кешегі актив болып жүргендері бар, жай ғана шаруасы әлділері бар, бұрынғы байлардың, төрелердің ұрпақтарын үйлерінен ұстап, алып кетіп жатты. Қажекеңнің Арқадан оңтүстікке қалай кеткенін Есенгелді төренің (Төре ауылының жігіті) біздің үйде қонақтап отырып айтқаны: «Бес жігіт Омбыға, Омбыдан Қызылжарға (Петропавловск) қарай шығарып салдық. «Әрмен қарай өзім барам, сендерге көп рахмет» деп бізді үйлерімізге қайтарды». Сол Есенгелдінің тағы бір айтқаны: «Шарлақ аупарткомының Чемоданов деген бірінші хатшысы болған. Оны 1937 жылдың басында Кобак деген ОГПУ-дың бастығы ұстап, «халық жауы» деп айдап жібереді. Чемоданов хатшы болып жүргенде Қажекең үйіне барып шай ішіп, дәмдес болып жүреді екен. Чемодановты ұстады, енді үйіне барып, жақын жүрген мені де алып кетуі мүмкін дейтұғын». Бертін келе мұндай әңгімені сол елдің басқа да тұрғындары айтатын. Мұның шындық екенін мына жағдайдан білуге болады. Біріншісі, қайда кетіп бара жатқанын, қай жерде қоныстанатынын ешкімге айтпайды. Мұнда (Төре ауылында) қалған отбасылар 1942 жылға дейін Қажекеңнің өлі-тірі екенін білмейді. Артынан ғана пыс-пыс хабар келе бастап, Оңтүстік Қазақстанда тұратыны белгілі болады. Сірә, Қажекең өзінің ұсталатынын біліп, оңтүстікке қарай жылжыса керек. Ең бір өзекті мәселе, «Қажымұқан жер шарын аралап жүріп, неге нақты Омбыда, Омбы өңіріне қоныстанды?» деген заңды сұрақ. 1910 жылдан бастап 1937 жылға дейін, 27 жыл өмірін осы арада өткізді. Бұл сұраққа жауап беру бір уақытта өте қиын болды. Ал қазір оңай. Қиын дейтініміз, сол уақытта алашордашылардың шоғырланған, мекендеген жері Омбы қаласы болды. Зиялы қазақ азаматтарының жиналып, қазақ халқына азаттық әпереміз деп партия құрып, газет-журнал шығарып, әне-міне бостандыққа қолымыз жетеді деп жүрген кезі. Қажымұқан сол зиялы азаматтардың арасында бірге жүрді. Олар – белгілі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Жұмат Шанин, Бекмұхамбет Серкебаев... Тіпті біз білмейтіндер қаншама! Кеңес өкіметінің дәуірі жүріп тұрған кезінде кім де болса айтар ма еді, мен солардың арасында болдым деп. Жоқ, онысын сол уақытта Қажымұқан да жариялаған жоқ. Бар естеліктер де, өзі де, басқалар да ләм деп ауыз ашпады. Осы арада еске салатын бір құжат. РСДРП-ның Минскіде өткен І съезінде қабылданған Бағдарламасында былай жазылған: «Патша өкіметін құлатқаннан кейін, бұрынғы қанауда, Ресей қоластында болған барлық ұлттарға бостандық беріледі. Еріктерің өздеріңде!». Соған сенген қазақ зиялысы 1917 жылғы төңкерістен кейін егемендік үшін бел шеше кіріскен. Солардың ішінде, әрине, Қажымұқан болған. Олардың серкесі Әлихан, Ахмет, Міржақыптар болса, Қажекең солардың еркесі ретінде араларында жүрген және бір жағынан алдарына ұстаған туы да болуы мүмкін. Олай дейтініміз, Қажымұқанның 1929 жылы 6 ай Новосибирскіде абақтыда болғаны. Қажекең Омбыда жүріп Новосибирскіде отырғаны, ол кезде Омбы облыс емес – округ. «Үлкен саяси қылмыстар» жоғарыда (облыста) қаралған ғой. Сол жылдары Қажымұқанның неге абақтыда отырғанын Ғазизбек Тәшімбаев басқаша жорамалдайды: «Палуан өміріндегі ең бір күрделі кезең жиырмасыншы жылдар болды. Елде азамат соғысы жүріп жатты. Бұл кезде күресті тастап, Омбы облысының Дробышев ауданының «Жаңа жол» колхозында атбағар болып жүрген Қажымұқанды кейбіреулер ақ патшаның өзінен сый алған деп әңгіме ете бастайды. Мұны естіген аңғал палуан награда қағаздарын өртеп, медальдарын астыққа айырбастап жібереді. Онысына қоймай ауыл белсенділері 1929 жылы Қажымұқанды тіпті 5-6 ай абақтыға жаптырады» («Күш атасы», 5-6-беттер). Ал енді «...медальдарын астыққа айырбастап жіберді» деген сөзге мен өзім нанбаймын. Ол жылдары «Сибкрайда» Қазақстандағы, Поволжьедегі сияқты аштық болған емес. Бұл – бір. Екіншісі, Қажекеңнің беделі ел арасында сондай биік болған. Сондықтан «медальдарын астыққа айырбастады» деген лақапқа сене алмаймын. Ал енді медальдары қайда кеткен? Дұрыс сұрақ. Қазақ халқы мал жинауды, дүние жинауды біледі, ал қағаз, медаль сақтауға үйренбеген. Қажекеңнің өз сөзі: «Күрестің мәні жеңіс пен жеңіліс емес. Оның мәні көрерменнің алдында өз бақытың үшін күресуде» («Күш атасы», 331-бет). Бұл – Қажекеңнің негізгі тұжырымы. Палуан кілем үстіндегі әр күннің қуанышына бөленген. Қайтсем мыңдаған көрерменнің ризашылығын алам деген. Ду қол шапалақтың астында, цирктің жарқыраған прожекторларының алдында жүріп, награда қағазын, медальды ойламаған ғой. Әрине, награда қағаздар, медальдар болған. Келушілер, қайырлы болсын айтушылар палуанның маңайында аз болмаған. Одан қалды, Кеңес өкіметінің атқамінерлері бір жағынан. Батыр аңқау, береген болады ғой. Біреудің қолында, қанжығасында жоғарыдағы айтылған қағаздар, медальдар кетуі де әбден мүмкін. Біздің негізгі айтайын дегеніміз – Қажекең сол алашордашылардың ішінде болды ма, жоқ па? Бір кезде «алашорда» десе ат-тонымызды алып қашып жүрдік. «Алашорда» деген атау құлақты тесіп түскендей естілетін бізге, біздің замандастарымызға. Оны солай ұқтық та. Бұл партия 20-30-жылдарда үлкен дау туғызғаны белгілі. Мәселен, А.Богачев кезінде «Алашты» «ұсақ ұлттық буржуазиялық партия» десе, С. Брайнин мен Ш. Шафиро «бұл – байлардың саяси ұйымы» деді. Ал енді ақырғы шындық анықтаманы, «Алашорданың» қандай партия екенін, тоқетерін, марқұм академик М.Қозыбаев айтып кетті: «либералды, ұлттық интеллигенция партиясы. Оның идеологиясы отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлтшылдық болды». Кім ұлтшыл емес? Ұлты жоқ адам ғана ұлтшыл болмауы мүмкін. Индира Ганди Д.Нерудің «Взгляд на всемирную историю» деген кітабының кіріспесінде: «Джавахарлал Неру гордился тем, что он индиец» деп жазған. Әрі қарай – «...подлинный интернационализм может быть основан на национализме, свободном от шовинизма» (Д.Неру. «Взгляд на всемирную историю», стр. 31). Жоғарыда «Алаш» партиясын М.Қозыбаев «либералды ұлттық интеллигенция партиясы» десе, сол уақыттағы интеллигенция тобына Қажымұқан жата ма? Әрине, жатады! Қажекең сол Омбыда, Орынборда, Семейде жиналған қазақ интеллигенциясының дәл қайнаған ортасында жүрді. Олардың сана-сезімі, бағыты, іштегі сыры әр уақытта, тіпті екі қазақтың басы қосылып кетсе әңгімесі: «Қайтсек қазақ халқын қанаудан, отаршылдықтан алып қаламыздың» маңайында болды. Омбы халқының дәстүрі – қонақжайлылығы, қыс, жаз болсын осы уақытқа дейін қонақшылдығы, сыбағаңды, омыртқаңды жеп кет деуі әлі қалмаған. Ал сол 20-30-жылдары палуан, ақын, әнші, саясаткерлердің жиналмаған, бас қоспаған бір күндері болмаған. Сондағы әңгімелері, әрине, саясат, оның арасында жүрген Қажекең де сыртта қалған жоқ. 30-шы жылдың аяғында ескі интеллигенция өкілдері қудалауға түсті. Міржақып Дулатов 1928 жылы, Мағжан Жұмабаев 1929 жылы ұсталды. А.Байтұрсынов 1929 жылдың 2 маусымы күні қамауға алынып, кейін Архангельск облысына... жер аударылды. Ал Қажымұқанды сол 1929 жылы 6 ай абақтыда отырғызғанын алдында айттық. Бұл жай ғана кездейсоқ па, әлде заңды уақиға ма? «Аргументы и факты» газетінің 2007 жылғы оныншы нөмірінде Омбы журналисі Айгүл Бескемпірова «Соотечественники под шаныраком» деген мақаласында былай деп жазды. «А в одном из дел НКВД обнаружила имя известного борца Қажымұқана. Об этом очерк «Батыра спасли друзья». Ауған соғысына қатысушы Бақытбек Смағұл: «Қажымұқан өзге елдерде жүрсе де қазақтың зиялылары құрған «Алаш» партиясына бірнеше рет ақша аударған» дейді. Қажекеңнің 1937 жылы екі отбасын Омбы өңірінде тастап кетуі жоғарыда айтылған Шарлақ ауданы аупарткомының бірінші хатшысы болған Чемодановқа ғана қатысты емес екені байқалып тұр. Бұл жылдары «Сибкрай» өңіріндегі мұрағат, газет, журналды қопара бастаған кез. Шолақ белсенділер бастарын көтеріп, «Кімдер «Алаш» партиясында болды, не айтты, кім кіммен сыбайлас болды?» деп байбалам салған уақыт. Осының бәрін еске алып, аздап қорытсаңыз, Қажымұқан сол «Алаш» либералдық ұлттық интеллигенция партиясының мүшесі болмаса да солардың ұстанған Бағдарламасын қолдаған. Және оның іске асуының тілектесі болғаны ақиқат сияқты. (Жалғасы бар) Қалиәкпар Әміржанов, Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер, мәдениеттанушы, ҚР мәдениет қайраткері Алматы
8710 рет
көрсетілді4
пікір