• Әдебиет
  • 26 Қыркүйек, 2018

«БАЙҒАНИН МЕН ҮШІН СКИФИЯ, МЕН – ЕВРИПИДПІН»

ХIX  ғасырда әйгілі төрүктанушы В.В. Радлов көшпелілердің этно­мәдени өмірін ғылыми зерделеген іргелі еңбегінде «екі қазақ бір-бірімен өлеңдетіп сөйлеседі. Қазақтар Орта Азиядағы француздар» деп тұтас ұлыттың ақындық жаратылыс табиғатына, тіл байлығы мен көркемдігіне тәнті болып, шешендік өнеріне қайран қалған. Бүгінгі таңда екі қазақтың бір-біріне бұлай поэтикалық тілдескенін тек театр сахнасынан ғана тамашалай аламыз. Поэтикалық сөйлеу әдебі қадым заманда зияткерлік өре деңгейді танытатын ақсүйектік, бекзаттықты білдіретін, сондықтан ойын өлең­сөз­бен жұптау биік мәртебе саналды. Поэзия мен философияның тамыры бір. Философия деген не? Дүниенің құпиясын ұғынып, түйсінгенін астарлап жеткізу. Шындығында, қазақтың ежелгі руникалық төлтума жазба мәдениетінен айырылуға мәжбүр еткен тарихи дәуірде сыртқы күштердің пәрменді ықпалына байланысты ұлыттың бағына екінші тынысы ашылып, мыңдаған жылдық қордаланған рухани құндылығын ұрпақтан-ұрпаққа жадына тоқып, ауызша дамытқан айырықша феномендік қабілеті оянды. Тектік құнары мықты, ен даланы еркін жайлап, сауық-сайран құрған сері де мәрт халық тағдырдың тәлкегімен небір зобалаңды, мемлекеттік дағдарыс пен жойқын зұлматтарды басынан кешірсе де рухы асқақ талант иелеріне ешқашан кенде болған емес. Сондай бойына өлеңсөздің киесі қонған қазақтың ғаламат ақыны, биыл туғанына 80 жыл толып отырған – Өтежан Нұрғалиев. Қоғамдық өмірдегі келеңсіздік пен әділетсіздікке төзбей, әманда көзқарас пікірін ашық айтатын ақын «Ұлы болу үшін өлу керек» дегенін естігеніміз бар. Бұл қазақтың ұлыттық мінез-құлқын, ділін терең зерделеген жанның ақиқатты тануы. Данышпан Абайдың «Қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ» дегенін еске алсақ, шынында, Өтеағаңның пікірімен келісуге тура келеді. Нұрғалиев поэзиясын шын сүйетін оқырман қауым оның көзі тірісінде-ақ қазақтың ұлы ақыны санатына қосып қойған.

[caption id="attachment_49744" align="alignleft" width="300"]Өтежан Нұрғалиев. 1978 жыл. Суретті түсірген Аманқос Мектеп-тегі. Өтежан Нұрғалиев. 1978 жыл.
Суретті түсірген Аманқос Мектеп-тегі.[/caption]

Әркімнің өз әлемі бар, перілердің өз әлемі бар, бірақ саналы пендемен кездестірмейді, себебі Құдай әдейі шектеу жасап қойған. Біздің өмір сүріп отырғанымыз материалдық әлем, сондықтан қоғамдағы адамдардың көпшілігі дүние қуып кетеді. «Алтын көрсе періште жолдан таяды». Мәңгі өмір сүретіндер бұл әлемде өмір сүре алмайды, өйткені бұл реалды әлем. Демек, әрқайсысының өз уақыты бар. Материалды әлем алма-кезек, циклді қайталанып дамиды, ал рухани әлем тігінен тіп-тік, вертикалды дамиды. Материалды әлем бірде өрлеп, бірде құлдиласа, рухани әлем бірқалыпты биіктеген үстіне биіктей береді. Біреулердің стихиясы рухани әлемде жүруге лайық болса, екіншілері – материалды әлемге бейім тұрады. Осыдан келіп қоғам ішіндегі жұмыр басты пенделер арасында дүниетанымы мен мінез-құлқында едәуір қайшылық туады. Өтежан Нұрғалиевтің болмыс-бітімі мен табиғаты рухани әлемде өмір сүруге жаралған саналы қоғамдағы өте сирек құбылыс. Оны жер-көкке сыйғызбай, ұдайы байыз таптырмайтын, бойына дарыған киелі өнердің жойқын күші өзгеден оқшаулап тұратын еді. Бұдан 35–36 жыл бұрын Алматының орталығындағы «Академкітап» аталатын сауда орталығында Өтеағаңмен жиі кездесетінім тап қазіргідей көз ­алдымда. Ат шаптырым ғимарат ішіндегі ғылымның сан қилы саласын қамтитын тақырып бойын­ша жиылған сірескен кітап сөрелерінің жанында екі-үш сағат бойы ол тігінен тік шаншылған күйі, тапжылмастан үнемі құныға кітап оқып тұрады. Мені көрген сәтте ол: – Әкең тірі ме?! – деп көктен түскендей көңілге қарамай қойып қалады. Мен тіксінгенімді білдірмей, – Иә, өзіңіз көргендей шауып жүр, – деп дереу жауап қайтарсам да, әлгі көңілімді осып өткен жайсыз сұрақ әжеп­тәуір жанымды жаралап, жасытып-ақ тастайды. Бір жолы Өтеағаң қолындағы оқып тұрған кітәбін нұсқап: – Жуық арада Мәскеуде басылды, орыс газеттері мақтауын асырып, жарыса жарнамалады. Өзі у-у-дай қымбат. Күнде кітәп қараған сыңай танытып, аяғына дейін оқып шықтым, – деді. Оның дауысынан іштей көңілі толмағандығы анық байқалып тұрды. Бұл Өтеағаңның қоғамдық ғылымның қай саласында болмасын дүниедегі жаңалық атаулыны қалт жібермей, ұдайы қадағалап, бақылауда ұстайтын білімпаздығының бір қыры. Ол: ­– Дүниеде мақтау қиын ғой! Жалпы, мақтау ­– түгел өтірік болады, ­­– деді байыпты күйге көшіп, жәдігөйлікке төзбейтін кәдуілгі қайсар мінезіне тартып. Оның шындықты жасырмайтын тура­шылдығы, ешкімнің көңіліне қара­майтын, бетің бар, жүзің бар демейтін тік мінезі мен қиқарлығы айналасындағылардың бәрін өзіне қарсы өшіктіріп, дұшпан қылды. Осы табиғи жаратылысы Өтеағаңның қоғамдағы орны мен шығармашылық жолындағы өсу баспалдағына кәдімгідей кері әсер етті. Тіпті бірнеше жыл бойы қазақ әдебиетінің даму үдерісінде Өтежан Нұрғалиев есімі әдейі тыйым салғандай мүлдем атаусыз қалды. Бір қызығы, ол ондай-мұндай ұсақ-түйек пендешілік атаулыға мұрнын шүйіріп, пысқырып та қарамай, мүлде елеген де жоқ. Өтеағаңның принципі бойынша қазақтың түбіне жететін бос сөз бен өтірік мақтан. Ол кез келген мәселеге реалды жағдай тұрғысынан қарауды мақсат етті. Сондықтан Өтежан Нұрғалиевті жақын білетіндер оның тегіне тартқан шыншылдық, сыншылдық, міншілдік қадір-қасиетін ризашылық сезіммен, түсіністікпен қабылдайды. Алматыдағы «Жұлдыз» кафесінде (27.11.03) Жұмекен Нәжімеденовтің соңында қалған бала-шағасы ас беріп, еске түсіру жиынын өткізді. Есенғали Раушанов тамадалық қызмет етті. Жиналған жұрт сараңдау сөйлеп, көңілді толқытарлық сыр шертілмегендей әсерде қалдырды. Асқа келгендер арасында Жұмекеннің қанаттас достары Қадыр Мырза Әлі, Қабдеш Жұмаділ, Әкім Тарази, Мұқтар Мағауин, Марал Сқақбаев, Сайын Мұратбеков, т.б. өздерінің көкейінде жүрген естеліктерімен бөлісті. Енді ғана шешіле сөйлей бастаған зиялы қауым әңгімесіне бөгет жасаған молдаекеңнің аяқ астынан асығыстығы болды ма деймін, әйтеуір Құран оқылысымен бәрі орындарынан дүр етіп көтеріліп, кетуге оқталды. Жұмекеннің зайыбы Несіп жеңгей: «Уа, ағайын, асықпаңыздар?!» дегенмен ел орнынан бір тұрған соң қайтадан отыруға бет бұрмады. Әлгінде жұрт Жұмекен туралы лебіз білдіре бастағанда көзкөрген әріптесі, қатар жүрген рухтас ақын хақында бір ауыз пікір айтуға ыңғай таныта қоймаған үстел басында отырған Өтекеңнің жанына келдім. Әрі-беріден соң мен: – Қаламдас ақын жайында Сіз ләм-мим демедіңіз ғой?! – деп одан сыр тарттым. Ол: – Жаңағылардың сөздерінен кейін сөйлеуге ықыласым болмай қалды. Сөз берсе, амалсыз сөйлер де едім. Алайда сөздің қадірін кетірмейін деп, ішімнен сөйлеп отырдым, – деді Өтеағаң. Бұл сөздің қасиетін кие тұтқан арынды ақын­ның имандай шыны, кез келген ортада жөнді-жөнсіз мұрнын сұғып, көрініп қалуға, ұпай жинауға ұмтыла қоймайтын қанына біткен тәкаппарлық мінезі. Бәлкім, айтса шындықты жағдайға қарай бұрмалап, бұқпантайламайтын жаратылысы біреулердің көңіліне тиіп, қаяу түсіруді қош көрмеді ме кім білсін!? 1964-1965-ші оқу жылы. Мен Жарқамыс орта мектебінде 5-класты қазақша оқыдым. Ауданның орталығы Темірге көшуіне байланысты мен оқыған орыс класы жабылған еді. Өтеағаң бізге денешынықтыру пәнінен, Күләш апай биологиядан сабақ берді. Әлі есімде ағайымыздың үстінде кинофильмнен көретін қызыл комиссарлар киетін су жаңа қара былғары күрте, басында күнқағары бар қара былғары кепкі және үлкен-кішінің назарын бірден аударатын тізеден төмен түрлі-түсті жылтыраған түйме қадалған аспан көк кең балақ шалбары, дөңгелек аққұба жүзіне біткен отты жанары, қап-қара бакенбарды мен жұп-жұқа тебіндеген мұрты оны денешынықтырудан гөрі сән үлгісінен дәріс беретін мұғалімге көбірек ұқсайтын. Алғашқы денешынықтыру сабағында ұстазымыз мектеп ауласына алып шығып, футбол ойнауға еркімізге қоя берді. Допқа таласып жүріп «ер шекіспей бекіспейді» демекші Жайлыбаев Ержан досым екеуміз жұдырықтасып, төбелесіп қалдық. Ағайымыз табан астында бурадай буырқанып: ­­ – Бар бәлені бастаған сенсің, жүгенсіз, сотқар!.. Сенің жеке тәртібің туралы мектепте арнайы мәселе көтеремін, ­­егер ата-анаңды ертіп келмесең, ендігі са­бақ­қа мүлдем кірмейсің,­ – деп, ашуға бу­лығып, маған қатты шүйлікті. Мен үйден анамды шақырып, екінші рет бұза­қы­лықты қайталамауға уәде бергенім бар. Өтеағаңның ҚазМУ-ді бітіріп, жолдама бойынша ауданға келісімен мектеп бағдарламасындағы әдебиет пәніне түзету енгізіп, реформа жасамақ ниетін желдей ескен ұзынқұлақтан кейінірек естідік. Аудандық оқу бөлімінің басшылығы жас маманның асқақтаған бұл әрекетінен секемденіп, әдейі әдебиеттің орнына денешынықтыру пәнін беріп қойған екен. Өтеағаң Алматыда жүздескен сайын балалық балдәурен шақтағы сол бір күлкілі оқиғаны ұмытпай, еске салғанды ұнататын.

[caption id="attachment_49746" align="aligncenter" width="705"]Өтежан Нұрғалиевтің қолтаңбасы. Өтежан Нұрғалиевтің қолтаңбасы.[/caption]

Өтежан ылғи да ашық түсті жарқыраған киім киюге әуес. Жұрт қара, қоңыр аяқ киім кисе, Өтеағаң ешкімде жоқ жасыл көк немесе ақ туфлимен ерекшеленетін әдеті. Оның талғампаздығы сондай – үстіне қона қалатын түрлі-түсті бояуы қанық, ажар-көркін ашатын тапсырыспен тігілген стильдік киім үлгісі әрдайым замандас әріптестері жанында маңғаз, сымбатты етіп тұратын. Бір жолы Өтеағаңнан осы дресс-код таңдаудың сырын бөлісуді сұрадым. Ол: – Мен киімді әуелден өз қалауыммен таңдаймын. Көп жылдан бері «Мода» журналын үзбей аламын. Кедей адамға моды қуған өте тиімді. Себебі – әрі жарасымды, әрі сәнді, әрі арзанға түседі ғой, – дейді. Өтеағаңның елу жыл отасқан жары Күләш апай: – Өтежан Нұрғалиев – 1938 жылы 15-тамызда Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Ақжар елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Нұрғали Қалниязұлы екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен. Анасы Ақбөпе Қалнияз келіні, әжесі Үзілдік – жетім қалған үш қызбен жалғыз немересін тәрбиелеп өсірген. Әжесі керемет қайратты, сұлу, ісмер жан болған. Түр-тұлғасы атақты күйші Дина әжеміздің дәл өзі дерлік. Үзілдік анамызды – ел Мәме дейді екен. Ер мінезді, халық қамқоршысы болған деседі. Қоныс тепкен Ақжар жері, Төбегең маңы – кең жазира, көгалды алқап. Шөптің неше түрі өседі, сол шөптердің атын, қай жерде өсетінін тап басып, жинап, бүкіл елге сабын жасап береді. Ұлы Нұрғалидан қалған алты қанат шаңырақты өле-өлгенше көзінің қарашығындай сақтап, көктем келгенде сол киіз үйді тігіп, күзге дейін отыратын. Аса құрметтейтін сол ­­– үлкен анамыз 1964 жылы күзде 89 жасында бақилыққа аттанды. Өтежан ақ жуып, арулап еліне жерледі. Мәмеміздің бір жылын өткізіп, Алматыға көшіп кеттік, – дейді. «Екі баланың ортасындағы қарт – бала болады, екі қарттың ортасындағы бала – дана болады» демекші Өтежан шыр етіп жерге түскеннен жөргегінде ел-жұртының зұлматтан шеккен зар-запыран, құса-мұңы, соғыс ылаңы салған қайғы-қасірет, шер-шемені, тылдағылардың тынымсыз ауыр тұрмыс тауқыметін жүрегімен нәзік сезініп, екі анасының тәрбиесінде ерте есейіп, өмірге қанат қақты. Өз әжесі – Үзілдік пен анасы – Ақбөпе «тұлпар орнын тай басар» деген үкілі үмітпен тарықтырған, торықтырған жоқшылық, таршылық кезеңнің қиыншылығы қысқан алапат сынға мойымай, жалғыз ұлды бетінен қақпай өсіреді. Ақынның жары – Күләш апайдың шыққан ортасы да тәрбиелі, текті атадан. Әкесі Мүниянов Әбілқаш – математик, оқу-ағарту саласында ұзақ жыл қызмет еткен. Атасы Құсни Оралда әйгілі Алаштың ардақты азаматы ­Халел Досмұхамедұлымен бірге жүрген. Құсни атасының інісі Нұғымединов Оқас ауымаған Лев Толстой сияқты сақалы аппақ күмістей зиялы кісі-тұғын. Ол – ауыз әдебиетінің үлгілерін, Махамбет жырларын бастан-аяқ жатқа білетін аса зерек, қиялы жүйрік, ізденімпаз жан екен. Күләш апай осы кісінің тәрбиесі мен қамқорлығында өскен. Өтеағаңның бабы мен шығармашылығына жағдай жасауға және өлеңдерінің алғашқы тыңдаушысы мен сыншысы да Күләш апай болатын. Өтежан Нұрғалиевтің тырнақалды жыр жинағы «Менің махаббатым» 1962 жылы студенттік кезінде жарық көрді. Оның алдында «Жырға сапар» атты жинақта бір топ өлеңдері жарияланды. Зерттеушілер Өтежан еңбегін үшке бөледі. Бірінші – лирикасы, екінші – өмірбаяндық балладалары («Соғыстың соңғы жазы»), үшіншісі – философия тақырыбына жазылған «Афина мектебі». Ақын қаламынан туған отызға жуық жыр жинағы басылды. Олар: «Менің махаббатым», «Түрлі-түсті кітәп», «Ақ нөсер», «Нөсерден кейін», «Кемпірқосақ», «Қайыңды тоғай», «Ай астында ақ боз үй», «Таңдамалы», «Соғыстың соңғы жазы» (4 кітәп), «Афина мектебі», тағы басқа еңбектері. Өмірінің соңғы жылдары 1000-ға жуық өлең-балладалар жазған, өкініштісі, ақын мұрасы әліге толық күйінде жарыққа шықпады... ...Өтекең оқыстан сырқаттанғанын, шұғыл аурухананың жансақтау бөліміне түскенін күрмелген тілі кекештеніп, үзіп-үзіп, әрең баяндады: – Мынау дүниенің өтірік екенін білемін ғой!.. Сонда да, сол жалған дүниеде істеген ісің еш кетіп, жазған еңбектерің жарыққа шықпағанын мен ойламаймын, маған бәрібір сияқты, бірақ адамда екі ми болады: біреуі – жаңағы ештеңе ойламайды, екіншісі – алдын ала бағдарламалап қояды, сол орындалмаса, қайғырады, қамы­ғады. Содан болар?! – деді ол өз дертінің дауасын. – Ол менің шындығым. Әркімнің өз шын­дығы бар ғой! Бұл менің шындығым. Мен сол өзімнің шындығым тұрғысынан айтамын... «Тарбағатайда тұрғам жоқ Таулары тума орманмен. Жетісуда да туғам жоқ ­­­­– Жәннаті жердің болғанмен.

Көгілдір Жемнің бойында Жарқамыс дейтін ауыл бар. Мен өстім соның қойнында Мен сонда тудым, бауырлар...» – деп Өтежан Нұрғалиев жырлаған Жем өзені, Байғанин топырағы талай тарихтың куәсі. Ол туралы байыпты зерттеу жүргізу алдағы уақыттың еншісіндегі игілікті іс. ...Бұрынғыдай Жем өзені де толықсып, шалқып, дөңгеленіп ақпайды. Арнасы айтса сенгісіз тартылып, кей тұстарда сыздықтап жылап ағып, жылғаланып, құмға сіңіп барады. Бір кездегі Жем жағалай өскен тобылғы, шілік, тал-терек, қоға-қамыстың бүгін тұқымы жоғалып, ізі де қалмағандай. Сумен бірге тайдай тулаған ақсазаны, жайыны, шортаны, ақтабаны мен ақбалығы, маңайды у-шуға бөлеген ақшағалалардың қиқуы да бұрынғыдан бетер азайған. Сонау кезде геологиялық барлау жұмысына қаптаған орыстарды қарық қылып, балалық аңғалдықпен шелектеп жинап беретін құйрығы сом алтындай жалт-жұлт еткен шаян, жағалауда жүзетін сүліктер де көзден бұл-бұл ұшып, ғайып бола бастаған. Сиырсалғанның жал-жал құмын ұстап тұрған иісі мұрынды жаратын өсімдік әлемі, қалың шағыр мен жыңғыл, адыраспан мен жантақ, құмаршық пен жабайы жуа, итсигек пен сүттіген, жиде ағаштары да оталып, селдіреген. Табиғи тепе-теңдік бұзылған соң көшкен құм сусып, ауылды басып, Жемді жұтуға қауіп төндірген. Жем өзенін жағалай шұрық-тесік қазып, тереңнен шикі мұнай тартқан қадау-қадау геологтар мұнарасы қоршаған ортаның экожүйесіне қаншалықты зиян келтіргенін бір Құдай ғана біледі. Оған қоса Кеңес одағы тұсында дәл осы аймақта бірнеше мәрте жер асты атом бомбасы жарылғаны мәлім. Бұл табиғат экологиясы өңірдегі мекендеген елдің денсаулығына, рухани-әлеуметтік жан дүниесіне зор әсер етті. Ұлыт мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан шығармашылық тұлғалар Тобық Жармағанбетов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Сәбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбаев, Бәкір Тәжібаев, Қажығали Мұқанбетқалиев, Мәди Айымбетов сынды ақын-жазушыларды дүниеге әкелген Жем атырабынан соңғы жылдары қолына қалам ұстаған, сөз өнерімен ел мерейін өсірген, мәртебесін көтерген азаматтар тым сиреді. 1995 жылы жаз айларының бірінде Есағаңа – Есенбай Дүйсенбайұлынан «осының себеп сыры неде?» деп ойлайсыз» дедім оңашада пікірін білмек болып. Есағаң үстел үстінде жатқан «Беломордың» қорабын қағып қалып, біреуін аузына салды. Папиросты құшырлана тістеп, шырпымен тұтатты да ол қою қара түтінді бұрық еткізе ашырқана сорып, әңгімесін сабақтады. «Біз мектепте оқып жүргенде Тобықтың әңгімесі жарық көрді. Гениальный әңгіме. Сол «Екі жүрек» аталатын әңгімесі ­– бізге үлкен ой салды. Тобық Жарқамыста әдебиеттен сабақ берді. Ол бірден әдебиет үйірмесін қолға алды. Сонда өлең, әңгіме жазып жүрген жігіттерді, әдебиетке бейімі бар жастарды, жалпы, Байғанин ауданында тұратын әдебиетке әуестенушілердің бәрін жинап алды. Әдебиет үйірмесіне трактордың тіркеушісі болып жүрген Өтежанның өзі қатысып тұрды. Аптасына бір рет пе, екі рет пе әдебиет үйірмесі жұмыс істеді. Сонда Тоқаң шығармашылық қадамын енді бастаған қауырсын қанат жастардың өлеңдерін оқытып, талқылайды. Кемшілігі неде, жетістігі неде, сонан кейін Фёдор Иванович Тютчев, Сергей Александрович Есенин, тағысын тағы дүниеде ақындар болғанын біз ең алғаш Тоқаңнан естідік. Тобық солардың кітәптарын алып келіп, кәдімгі ашып қойып, оқып беретін еді. Тобықтың Жарқамыс ел-жұрты­ның эстетикалық тәрбиесіне қос­қан үлесі сұмдық қой! Жазушылар, ақындар, Қасымдар туралы айтқанда... Әліге дейін жадымызда. Содан біз жазып жүргендеріміздің түкке тұрмайтынын Тобық арқылы білдік, балалықпен, жастықпен, біресе фольклорға еліктеп, шұбыртпалы ұйқаспен айдап «Одағым десем, ойыма шалқыған шалқар көл түсер» деп Жамбылшылап айта беретін едік. Сол кезде кәдімгідей нағыз болары болып, бояуы сіңіп, әбден қалыптасып алған ақын Өтежан екен ғой. Бұл Өтежан 5 кластан бастап бүкіл Еуропалық поэзияны меңгеріп алған екен. Өтежанның 1958 жылы «Жұлдызда», «Лениншіл жаста» жарияланған өлеңдері қарап отырсаң қазірдің өзінде классика, – деп көк бұйра түтінді аузынан будақтата, іштегі бұққан, булыққан ойын лек-легімен Есағаң жігерлене жалғастырды: «Жап-жас жігіт қой, сол өлеңдері қазірдің өзінде классика... сұмдық енді. Сонда Тобық: «Қазақ әдебиетінде мұндай ұлыттық бояуымен поэзияны әбден меңгерген Қасымнан кейінгі ірі құбылыс» деп әділ бағасын беріп, Қуандық Шаңғытбаев редактор екен, хат жазып, өзінің шығуға әзір тұрған әңгімесін бе, повесін бе алдырып тастап, орнына Өтежанның өлеңдерін бастырды ғой. Ал енді мен осы таңғаламын, қалай бұл бірден классик болып әдебиетке келді ғой. Әдебиетте жарып шыққан ақын, жалғыз осы Өтежан. Мұндай бірден үздік шыққан ақын жоқ. Төлеген Айбергенов те, Мұқағали Мақатаев та қалыптасу мектебінен өткен ақындар. Ал енді Өтежан бірден дүрілдетіп, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттері 1958 жылы «қазақ әдебиетіне Пушкин келді» деп шаттана жазды ғой. Әбділда Тәжібаевтың өзі таңдайын қағып: «Ақтөбеден, ойбай, Өтежан Нұрғалиев деген сұмдық ақын шығыпты!» деді ғой. Соған қарағанда сол топырақтың бір қасиеті, құдіреті болу керек. Оны әрине, зерттеген абзал. Неге олай? Және табиғаттың таңғажайып жыршылары шығады. Құмнан басқа түгі жоқ. Жемнің өзі құмға сіңіп, сол кезде құруға бағыт алған еді. Ал енді сондай жерден ғажайып, кәдімгідей бұлбұлдай жыршылардың шығуының не сыры бар? Мұнда бір әлеуметтік мән бар ма, әлде бір басқа себебі бар ма? Соның себеп-салдарын білу қажет. Сағидың поэзиясын қараңызшы, сыңғырлап тұр! Кәдімгідей керемет, мөп-мөлдір төгіліп тұр емес пе?! Аспан мен жердің арасын толтырып тұрған даланың бояуын Сағилар әдебиетке алып келді. Тобықтың әңгімелерін қарап отырсаң, Тобықта да лирика тұнып тұр ғой! Тобық қаламынан даланың кәдімгі итсигегі мен алабұтасы, қара шағырына дейін қасиетті, түгін тартсаң майы шығатындай поэзияның объектісіне айналып кетеді...», – деп Есағаң тамсана толғанды. Өтеағаңның «Соғыстың соңғы жазы» кітәбінен «Концерт» атты балладасын ең алғаш оқығанда, балалық шақтағы куә болған көріністі жадымда жарқ еткізіп, жаңғыртып өтті. О заманда облыстан концерт қоюға әртістердің гастролдік сапармен ауылға келуі – үлкен өнер мерекесіне айналатұғын. Жарқамыстың үлкен-кішісі, тайлы-таяғы қалмай концертті тамашалауға орталық клубқа ағылатын. Әлбетте, клуб іші ине шаншарға орын табылмай, аузы-мұрнынан шығатын. Мұндайда желдеткіштің болмауынан ба екен, іште дем алатын ауа жетпей өнерге сусаған жұрт амалсыз есік-терезені жұлып алатын. Халықтың шексіз махаббатына бөленіп, есімдері аңызға айналған Ғарифолла Құрманғалиев пен атақты биші Шара Жиенқұлованың өнерін қызықтау бақыты – өң мен түстей көңіл түкпірінде сағымданады. Шат-шадыман ойын-сауықтың әбден қызған, марқайтқан рақат сезімнің ләззатына бөленген шағында, сахнаның қақ төріне бәтіңкенің сыңары топ ете түсті де түпкі жақтан абыр-дабыр дауыстар естіліп, іле-шала конферанцқа бой бермей бір аяғы бәтіңкесіз Өтежанның атып шыққаны... Жиналған қауымның жанары түгел сахнаға қадалып, ес-түссіз тамашаға беріліп, елтіп кеткені сондай – кәпелімде істің мән-жайына түсінбей, тосын «қойылымға» аң-таң қалысты... «... Арға түскен сол бір дағын күйенің, Шамам келсе еске алмауды сүйемін. Еске алмауға дәтім және жетпейді Ал, еске алсам – сырқырайды сүйегім.

...Сол концертке бармай қалған адам жоқ Қыбырлаған, тұяқ серіпкен, жан серіпкен. Қарамайтын жанып тұрған отқа да, Жатыр едік сабан той ғып топ бала...

Біреу тұрып: «Жетер енді тарайық, Тарамайық, тағы бірден алайық, Алайық та, Өтекеңді ертіп ап, Ақтөбенің концертіне барайық?!

Көбімізге ұнап мынау ұсыныс Сыртқа шықтық – кетіп бойдан қысылыс...

...Айтуынша, «Тым жақсы боп қарқындап, Сөз бастаппын сахнадан жарқылдап». Сонан кейін билеп кете беріппін – Екі аяғым әр жерден бір тарпылдап.

...Дөң айбат қып, біреу маған ұрсып қап... Біреу мені алдап-сулап... ұшықтап... Біреу мені көтеріп ап жөнелген Бір бәтеңкем сол арада түсіп қап...» деп, ақын өткен күннің елесін құдды, айнаға түскендей бейнелейді. Өтекеңнің өлең жолдарын логика­лық екпін тәртібін сақтамай оқыса, фило­софиялық астары ашылмай, эмоцио­налдық-экспрессивтік күші әлсіреп, көркемдік-эстетикалық әсері мен бояуы солғын тартады. Ендеше, тарлан ақын­ның шығармашылық шеберлігі – оқыр­манды өлең оқу мәдениетіне тәрбиелейді. Ақынның жұптаған өлең жолдарын оқып отырып, дыбыстық өлшемі жағынан үндестік ырғағы мен әуезі, сазы мен мақамы Сүгір жыраудың термелерінің әуенін құлаққа әкеледі. Демек, Оның поэзиясы Жер-Ананың төсінен қайнап шыққан бұлақтай мөлдір. Ағамыздың өзі де осыған орай сұрағанымызда поэзия­сын­дағы мұндай құбылысты сезбейтінін білдірді. Әрине, табиғи талант, санаткер суреткер біреуге солықтау үшін емес, шығармашылық толғақ қысқанда ғана ақжаңбырдай төгіліп-төгіліп, арқасын қас жүйріктерше емін-еркін жазады. Бәлкім, шеберліктің шыңы да сол – жасампаз тұлғалар өнерінің үндестігі табиғи заңдылық болар. Дегенмен, Өтеағаң менің қойған сауалыма «Сен өзің ішкі музыкалық қабілетің бар екен ғой?!» деп жанары көз шарасынан төгілердей таңданыспен қарағаны бар. Антикалық әдебиет пен өнердің, ғылым мен мәдениеттің ірі өкілдерімен Қазақстанның шалғай шетіндегі кіп-кішкене бір ауылдың тағдыр-талайын, ондағы өмірде болған адамдардың поэтикалық бейнесін қатар қиюластырып, әдемі шендестіре философиялық астарын қат-қабат айшықтаған. Бұл қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған жаңалық, ұлыттың көркемдік-эстети­калық, тарихи танымын және бір биік сатыға көтерген талантты дүние. Сезіміңді шым-шытырық асау ойдың толқынымен тербетіп, даналықтың тұңғиық тереңіне батырып, шырқау шыңына шығаратын өрелі де өр ақынның еркін әрі эпикалық кең тынысы, табиғи қуаты қазақ әдебиетінің асқар тауындай дара құбылыс. Ақынның кейіпкерлері біздің бала кезімізден құлағымызға әбден қанық ұлыттың тәлім-тәрбиесінен уызданған, ерек өскен тау мүсін аңыз жандар. Балалық шаққа ойша саяхат жасап, Өтежан балладаларында типтік бейнеге айналдырған сол ­­– кейіпкерлер шын­дығында, ешбір қоспасы жоқ қаз-қал­пында жырдың өзегіне негіз болған. Арада қаншама уақыт кеңістігі бөліп тұрса да, ілгерідегі Жарқамыс тұрғындарының табиғи таным-түсінігі мен дара-дара мінез-құлықтары бүгінгі замандастармен салыс­тырғанда айырмашылығы жер мен көктей елеулі өзгешелігі тайға таңба бас­қандай ап-айқын «мен мұндалап» тұрады. Кеңестік «жаңа адам» жасау идео­логиялық саясаты білім мен тәрбиенің қазанында қайнаған пенденің санасын бірдей ойлап, қисындайтын биороботқа айнал­дырғаны сондай – әдеттен тыс көзқа­растағы тосын пікір айтушыларды қоғам болып жабыла аластап, шошала тиген сиырдай шеттеткенін енді сезіне бастадық. Көргенін бейнетаспаға тартып алған­дай жадында сақтайтын аңғарымпаздық зерде – Өтекеңе тән қасиет. Ол: «Сенің әкеңнің Жарқамысқа бірінші келгені дәл қазіргідей көз алдымда. Қырқыншы жылдардың аяғы. Жарқамыстағы жалғыз дүкеннің алдына полуторка тоқтады. Көліктің астауынан бейтаныс біреу түсе сап, дүкенге кірді. Әлгі кісі дүкеннен біздің елдің дағдысына әлі ене қоймаған жеміс-жидек алып, көлеңкеге шоқиып отыра ғап, шоқып-шоқып жей бастады. Біз, ауыл балалары, «шөп-шаламды талғажау еткен» бөгде жанға сырттай тосырқап, әрбір қимыл-қарекетіне қызықтап, бұрыш-бұрыштан ақырын сығалаймыз. Дүкен жанында ақ ешкі жайылып жүрген. Біреулердің «Ахаңның інісі» дегенін құлағым шалды. Ахаң – дегені Ағылепес екені ауыл-аймақтың үлкен-кішісіне түгел таныс...». Ақынның Ағылепес деп отырғаны менің атымды қойған атам. Өтекең кездескен сайын айрықша леппен: – Сенің атаң туралы «Афина мектебінде» жаздым ғой, – дейтін, жарықтық. «... Ағлепесің – 120 килограмм таза салмақ тартатын Жылтыр шеке, қып-қызыл бет болып алған сар тақым... Сол Ағылепес айтса – болды, заң болатын Сам жақта, Құр айқайдың өзі заң ғой қараңғыда заң жоқта. Одан әрі әңгіме жоқ, Ағылепестей адам бар, Ат үстінде билік айтқан өткен сол бір замандар. Пәленшенің өзі айтты деп, жалғыз ғана беделге Сүйенетін болған дейді тіріде де өлерде...» – деп ол жырға қосты. Жалпы «Афина мектебі» қуатты ойдың тасқыны, әрбір шумақтың астарында ұлыттың тағдыр-тауқыметі мен ақыл-парасаты, өмірдің өзіндей қарапайым даналық тағылымын, тарихи шежіресін қамшы өргендей грек ойшылдарымен қатар егіздеп, аңыздай көркем кестелеген. Достық пен Төле би көшелерінің қиылысында ақынның бір бөлмелі ескі пәтерінде дастарқан басында шай ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырдық. Өтекең: «Менің жазғаным мен баспадан жарық көрген «Афина мектебінің» арасында елеулі өзгешілік бар. Егер сен менің баспадан жарық көрген жыр жинақтарыма ғылыми текстологиялық талдау жасасаң, Өтежантануға қосылар елеулі үлес болар еді», –­­­ деп, «Сүйікті шәкіртім Аманғос Мектеповке – автор. 5.1.99 жыл, Алматы», – деген қолтаңбасын қалдырып, қолын қойған «Афина мектебі» кітәбін сыйға тартты. Мен Өтекеңе Кеңес дәуірінде жарық көрген өлең жинақтарының көптеген тақырыптық-мазмұндық жағынан Ленинге, коммунистік партияға арналған­ды­ғының себебін сұрадым. Сонда Өтеағаң: «Бұл өлеңдер мені Кеңес дәуірінде асырады ғой. Ленинді, коммунистік партияны жырға қоспасаң кітәбіңді шығару о заманда қиямет-қайым болатын» деді. Мұнан ақын «пір тұттырған күн көсемді», «коммунистік партия» атын жамылып, насихаттаған болып, кеңестік цензураның сүзгісінен өзінің лирикалық өлеңдері мен балладаларын сыналап енгізудің қулығы екенін байқатады. Өтеағаң хоббиінің бірі – кітәпқұмар­лы­ғы. Ақын жеке кітапханасында А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой, т.б. орыс классик­терінің тұңғыш толық шығармалар жинағы мен өнер туындыларының коллекциясын жинаудан рухани ләззат алатын. Оның сирек библиографиялық әдебиеттерді іздеп жүріп букинистен сатып алатынын және өзгелермен кітәп ауыстырғанының талай мәрте куәсі болдым. Менің әйгілі тарихшы, шығыстанушы В.В.Бартольдтың тоғыз томдық шығармалар жинағының бес томына Өтеағаңның құда түсіп, «Жоғалып кеткен Шығыс мәдениетінің ізімен», «Әлем мәдениетінің тарихы» атты сериямен басылған қырыққа жуық кітәптен тұратын еңбекке (05.01.1999) «башына баш» ауыстырған едік. Өтеағаңның табиғи болмысында маңайындағыларға көңілі тола қоймайтын тілінде ащы сарказм бар. Қиялгер-жазушы Абдол-Хамит Мархабаевтан университеттегі «Жас қалам» қабырға газетінің Бас редакторы кезіндегі «Өтежанның одасы» пародиясын естігенім бар. Пародия студент Өтежанның ұстазы Белгібай Шалабаевтың 50 жасқа толған мерейтойына тартуы: «Біздің мынау Белгекең Асқар ма екен, бел ме екен? Елу деген Бекеңе Шаршататын жер ме екен? Доцент болса бүгінде Профессор да болады. ... ... ... ... «Өмірде нелер болмайды»* *(«тырнақшаға алынған сөздер Белгібай Шалабаев кітабының аты»)... Мен Өтежан ақынның қазасын елден жырақта Польшаның Познань қаласында «Шалқар» радиосынан берілген Маралтай Райымбергенұлының «Кіндігімді кескен жер» аталатын хабарынан естідім. Өтеағаңды ақтық сапарына шығарып сала алмағаныма қатты күйзелдім. Тегеурінді жыр жампозының көзі тірісінде азаматтық ұстанымы мен шығармашылығына өз пікірімді білдіре алмағаныма жан дүнием езіліп, әттең-ай, – деп қатты қапаландым. «... Дүние деген Дөңгелек – бірімен-бірі ауысқан, Қаспағы шығып үстіне, көбігі кетіп астына, Дүние деген қу көбік – Астына... үсті ауысқан! Жастары шығып үстіне, Асқары түсіп – астына, Дүние деген Дөңгелек – бірімен-бірі ауысқан...» – деп бұ дүниеге сыймай өткен Өтежан Нұрғалиев қазақ рухани әлемінде жұлдызы биік мәңгі өмір сүрері еш шүбәсіз...

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті

1783 рет

көрсетілді

3

пікір
Алдыңғы мақала Жазушы. Журналист. Қайраткер
Келесі мақала НАМЫСЫҢ ҚАЙДА, ШЕНЕУНІК?!

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Кәкен Қамзин

13 Тамыз, 2020

Аманқостың ағаларға деген құрметі, үлкендерге деген ізеті ұнайды. Өтежан ағамызды көзіміз көрді, студент кезімізде механика-математика факультетінің акт залында өлеңдерін де тыңдағанбыз. Бітім бөлек, оригинальный адам еді. Сол образды Әбекең жақсы бере біліпті. Өтежан ағамыздың аруағы риза болған шығар.

dobson

08 Қазан, 2020

e8EMsR http://pills2sale.com/ cheap viagra

Micah

12 Қараша, 2020

loans online no credit check best online payday loans payday loans no credit check no credit check payday loans instant approval cash advance america near me

ANA TILI №48

26 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор