- Мәдениет
- 22 Қараша, 2018
КӨҢІЛДІ ТАСЫТҚАН ҚОС ҚУАНЫШ
Өткен аптаның сәрсенбісінде Ақтөбе қаласының жұртшылығы, сан қиырдан келген мәртебелі меймандар естен кетпес екі қуаныштың куәсі болды. Оның бірі – соңғы жылдардан бері күн тәртібіне қойылып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шешілген мәселе – облыстық тарихи-өлкетану музейі үшін осы замандық үлгідегі ғимарат құрылысының толық аяқталып, пайдалануға берілуі, екіншісі – сән-салтанаты келіскен үш қабатты жаңа ғимаратта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі қор көрмесінің ашылуы болды.
Салтанатты шараға ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жаңа ғимарат пен көшпелі қор көрмесінің кермежібін М.Қасымбеков, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, саналы ғұмырын музей ісіне арнаған ардагер, «Құрмет» орденінің иегері Рысжан Ілиясова, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов қиды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің әншілері әннен шашу шашты. «Айбын» Президенттік полкі Құрмет қарауыл ротасы салтанатты шеру ұйымдастырды. Енді осы екі оқиға төңірегінде қысқаша сыр ақтарайық. 1929 жылы 25 тамызда Қазақстан өлкесін зерттеу жөніндегі қоғамның Ақтөбе бөлімінің отырысында өлке тарихын таныстыратын көрменің ұйымдастырылатыны сөз болған. Осыдан кейін қала шетінде бой көтерген шағын мектеп музейі – болашақ облыстық тарихи-өлкетану музейінің қарлығашы ретінде тарихта қалды. 90 жылға таяу уақытта мекеме бірнеше рет мекенжай өзгертті. 1965 жылы бұған дейін пайдаланылып келген қонақүйдің екі қабатты ғимараты музейге берілді. Д.Темушкин, К.Черников, Р.Сәрсенова, Н.Петров және тағы басқа бірнеше адам басқарған мекеме директорлығына 1980 жылы Рысжан Ілиясова тағайындалды. Ол ширек ғасырдай жетекшілік етіп, кейін кеңесші қызметін атқарғанда іскерлігімен, ұдайы іздену қабілетімен Ақтөбедегі музейді елге танытты. Облыс әкімі қызметіне тағайындалған Бердібек Сапарбаевпен алғашқы жүздесуінде Рысжан Ілиясқызы музей ғимаратының 2014 жылы апаттық жағдайда деп танылып, жабылғанын баяндады және жаңа ғимарат құрылысын ыждағаттап қолға алуды өтінді.
Нәтижесінде жалпы құрылысына 650 миллион теңге жұмсалған, бұл қаржының елеулі бөлігін белгілі меценат, осыған дейін өзі туып-өскен Ақтөбе аймағында бірнеше әлеуметтік нысандар салып беріп, азаматтығымен танылған Исламбек Салжанов жеке қаржысынан шығарды. Аумағы 4,3 мың шаршы метрлік үш қабатты, өзгеше үлгідегі ғимарат Ақтөбе қаласында соңғы жылдары бой түзеген «Батыс-2» ауданының көркіне айрықша шырай кіргізді. Мұндағы он залда 110 мыңнан астам жәдігер минерология, палеонтология, ботаника, археология, сәндік-қолданбалы өнер, архив құжаттары тағы басқа атаулар берілген залдарда топтастырылмақ. Облыс жұртшылығы көптен асыға күткен жаңа, сәулетті мекенжайда Елбасы музейінің арнайы көшпелі көрмесінің айқара есік ашуын жиналған қауым жақсы ырымға жорыды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өлкеге келген әрбір сапары осындай тамаша шаруаларға ұласатыны – Ақтөбе халқына құрметтің айқын белгісі. Көрмені бұған дейін Алматы, Шымкент және Атырау өңірлерінде 350 мың адам тамашалады. Көрме «Елбасы жолы», «Елбасы феномені», «Әлем таныған Елбасы» және «Елбасы мәртебесі – Ел мәртебесі» атты төрт бөлімнен тұрады. Келуші осындағы аса құнды жәдігерлер арқылы Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатынан, егемендігі жарияланғаннан бергі 27 жыл ішінде еліміздің жүріп өткен жолдарынан жан-жақты мәлімет алады. «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме Ақтөбе өңірінде алдағы жылдың қаңтар айының соңына дейін жұмыс істейді. Махмұд Қасымбеков осы сапарында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерген бірнеше ғимаратты аралап көрді, әлеуметтік нысандар жұмысымен танысты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлық құрамымен, студенттерімен кездесті, оқу орнының кітапханасына Елбасы кітапханасының 350-ден астам кітабын сыйға тартты. Өнер орталығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің мерекелік концертін тамашалады.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, Қазақстанның Құрметті журналисі Ақтөбе
1123 рет
көрсетілді0
пікір