• Әдебиет
  • 17 Қаңтар, 2019

«360 ӘУЛИЕЛІ МАҢҒЫСТАУ»

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың: «Маңғыс­тау тұрғындарына көп адамдар өмірінде тым құрығанда бір рет болып көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған. Осы бір қасиетті жерде көптеген әйгілі адамдар, әулиелер жаны тыныштық тапқан. Лайым олардың рухы сіздерді қоршап-қорғап жүрсін. Сіздерді қолдап жүрсін, бақытты өмір жолына бағдар берсін!» деген сөздерін жолбасшылыққа алған авторлар үштігі – Сақып Керелбаев, Нұрлан Құлбаев, Бақытжан Қосбармақовтың «360 әулиелі Маңғыстау» еңбегі жарық көріпті. Әулиелер туралы мәліметтер әр кітапта, әр мақалада кездескенімен, толық күйінде тұңғыш топтастырылуы десек, асыра айтқандық болмас.

Бұл туралы: ­«...Респуб­лика бойын­ша тіркелген ескерткіштерінің жартысынан астамы Маңғыстау аймағында шоғырланған, сондық­тан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ­аясында туған жеріміздің тарихи-мәдени ескерткіштері мен нысандары, киелі әулиелері туралы кітап-альбом жазуды ұйғардық» дейді авторлар аталған еңбекті шығару мақсаты туралы. «Информ-А» баспасынан 2000 данамен 74 баспа табақ көлемде шыққан жаңа еңбекте «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қоры­ғы» мемлекеттік мекемесінің мұ­ра­ғат­тық фотосуреттері, С. Әжіғали құрастырған Маңғыстау мен Үс­тірттің архитектуралық және негізгі тарихи-мәдени ескерткіш­терінің картасы, С.Майемеров фотосуреттері пайдаланылған. Рухани жаңғырудың арқасында жарық көрген кітаптың қаржылық шығынына демеушілік көмек көрсеткен имангершілігі мол, қайырымды азаматтар «Ақтау ВS строй» ЖШС басшысы Сұңғат Мұңалбаев, «АС құрылыс» ЖШС басшысы Жұмабай Әділбеков, ­«СМК-4» ЖШС басшысы ­Самат ­Мұсабаев, «Айком ЛТД» ЖШС басшысы Иса Бимырзаев, «Оңдасын строй» ЖШС басшысы Бердіқожа Боранбаев, «Ақжол құрылыс» ЖШС басшысы Асылбек ­Жолдыбаев, «Альянс ЛТД» ЖШС ­басшысы Асқарбек ­Керелбаев, «Макс-КМ» ЖШС басшысы ­Ильяс Нұрбайқосов, жеке кәсіпкер ­Аманжол Нұғымановтарға авторлар алғыс білдіріпті. Маңғыстаудың 360 әулиесі, кейде 362 әулиесі аталып, адамзат санасында өлке тарихымен бірге жасап келе жатқанымен, осы уақытқа дейін оның санын түгендеп, әліппелік рет бойынша атын тізбектеп мәлімет берген кітап болмағанын айттық. Ел аузында әулиелер саны 360, кейде 362 болып екі түрлі айтылып, жазылып келуінің басын ашып, осы еңбек біржақты нақты жауабын бергендей. Ал қасиетті түбектің киелі 360 немесе 362 санына қатысты филология ғылымының докторы, профессор Жұмат Тілеповтің тұжырымына сүйенген автор: «Әулие» деп түрлі жағдайда адам баласына ерекше көмегі тиген, бойларында Алланың құдіретімен дарыған зайырлы қасиеттері бар адамдардың жекелеген топтары айтылады. Олар – көріпкелдер, сынық­шылар, құма­лақшылар, емшілер, аруағы қозғанда жауына мың адам болып көрінетін батырлар, кітап ашып сөй­лейтін, адамның, перінің дуасын қайта­ратын ғұлама молдалар, сөйлес­кенде перінің тілін табатын, т.б. ерекше дарын иелері» дей келіп, олардың (әулиелердің) адамзат қауы­мын жақ­сылыққа, рухани тазалыққа, мейірімге, иманға үндеу­шілер екенін, ауру-сыр­қаудан айығуға көмек бере алатын айырықша қасиет иесі болған­дықтан халық оларды тірісінде құрмет тұтып, о дүниеге аттанған соң да зираттарына түнеп, есімдеріне «ата», «баба» сөздерін тіркеп атауды қалыптастырғанын айтады. Кітап-альбом түрлі-түсті фотосуреттермен безендірілген және өңірдің гео­графиялық жағдайы, тарихы мен экономикасы, мәдение­ті туралы мәліметтік мақалалар берілген.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

1693 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы