• Әдебиет
  • 28 Наурыз, 2019

ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ ДЕНДЕП БАРАДЫ...

Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға барған ресми сапарында ел ішіндегі түрлі ысырапшылдыққа байланыс­ты келелі әңгіме қозғады. Бұл – дәл қазіргі күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе! Ысырап, даңғойлық, жалған намыс мені біраздан бері толғандырып келе жатқан. Бұл жөнінде пікірімді бұдан екі жыл бұрын да жазғам және назарымнан әлі де шыққан жоқ. Оның себебі не? Той көбейген сайын (бұл біздің қанымызға сіңген қасиет) кейбір келеңсіз жайттар да, өкінішке қарай, «жаңғырып» жатыр.

Несін жасырам, кезінде менде ысырапшыл­дардың қатарында болдым, атеизмнің ресми идеологиясы­ның әсерінде туып, өстім. Енді менің өмірге деген көзқарасым күрт өзгерді... Рухани кемелденуге бар күш-жігерімді салып жатырмын. Сондықтан, мен ысырапшыл­дықтан аулақ болуға барша отандастарымды шақырамын. Әлбетте, қазақ үшін «тойсыз» өмір жоқ. Қазақ жағдайы болмаса да, қазіргі кезде қарыз алып, қауғаланып немесе банктерден несие алып, әйтеуір, қалай да той жасауға үйір... Өйткені, досқа – күлкі, дұшпанға – таба болмауға тырысады. Осыған орай, мына бір болған нақты жағдайды назарларыңызға салғым келеді. Бейсенбай дейтін танысымыздың баласы үйленді. Сонда әкесі пер­зентіне: «Балам, өткенде сен анау Сейсенбайдың баласының үйленген тойында болдың ғой? 300 адам болды тойда. Дастарқанда құстың сүтінен басқаның бәрі болды. Енді сенің тойыңа мен 500 адам шақырамын. Сөйтіп, өзімнің де, сенің де даңқыңды асырамын. Мен одан кеммін бе? Намысымды жібермеймін! Осыны да үлкен мәселе жасаймыз ба? Банктен несие аламын! Несие алу қазір оп-оңай» деп баласының қарсылығына қарамастан кеуделеп қоймапты. Бұған дейін алынған қа­рыздардың кесірінен үй кепілде тұр... Сөй­тіп, көр­пе­сі­не қарамай көсіліп, бала­сының тойын дүркіретіп, халықтың есінде қа­латындай етіп өткізді. Өкінішке қарай, жастар өзара келісе алмай, үш айдан кейін ажырасып кетті... Сөйтіп, неси үстіне несие жапсырды, үйсіз қалу қаупі тағы бар... Ақырында осындай даңғойлыққа барғанына бармағын тістеп өкінді. Өмірдің өзінен алынған осының өзі бізге аз сабақ болмайды. Мен көзіміздің ағы мен қарасын­дай ұл-қыздарымыздың үйлену тойын өткізбейік дегеннен аулақпын. Ұлды – ұяға, қызды – қияға қондыру әр ата-ананың парызы Бірақ, әлгіндей ысырап, даңғойлық біздің ұлтымызға керек пе? Неге біздің пейіліміз бұзылды? Неге? Сосын той басқаратын асабаларды да мәдениеттілікке тәрбиелеу керек. Тіпті, кейбір тойларда құлақ қойып тыңдап отыру мүмкін емес. Таяуда бір тойда асабаның «арақ ішкен чемпион, арақ ішпеген шпион» дегенін естіп жағамды ұстадым. Неге біз бір бірімізді ішімдікке шақырамыз, ал ішпейтіндерді келемеждейміз? Неге? Осындай орашолақтықтан ада болу үшін той тізгінін білімді, байсалды, сөз қадірін білетін, зиялы, рухани сауатты азаматтардың қолына ұстатып үйренейік!

Ораз БАЙМҰРАТОВ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі

4559 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы