• Әдебиет
  • 24 Сәуір, 2019

Жазуы дара жазушы

Дүбірге толы XX ғасыр да тарих сахнасынан көшті... Әр заманның каноны, өлшемі, сын-сынағы болады. КСРО күйресімен-ақ, оның құрамындағы әр ел өз алдына отау тіккенімен де, дағдарып қалған халықтың алдында ес жиып, етек жабумен қатар, неміс философы Ф.Ницще айтқандай, «құндылықтарды қайта саралаудың» («Переоценка ценнос­тей». – Ә.Б.) міндеті тұрды. Соның қапталында қазақ әдебиеті, оның ішінде проза жанры да дамудың даңғыл жолына шығып, пішіндік, стильдік, тақырыптық тұрғыдан тарылмай, қайта қаламгерлер дін, діл, еркіндік, Отан, ұлт боп ұйысу, өзін-өзі тану (Идентификация. – Ә.Б.) секілді өзекті мәселелер жайында жарыса жазғаны – бір қоспасы жоқ шындық.

Нобель сыйлығының иегері, ақын Т.Элиот «сөз өнерін» тілге тиек ете келе, «әр дәуірдің тыныс-тіршілігін танытатын қаламгерлер мен шоқтықты туындылар ғана бар» екендігін айрықша айтқан-ды. «Аполлондық мәдениетті» аударма арқылы меншіктеген еуропалықтар роман мен драма жанрын биікке көтергені рас. Одан қазақ та қалыс қалған жоқ, үйренді, дамыды, өсті. Төл проза – бір ғана ұлттық құндылыққа негізделген шектеулі нұсқалықтағы (Вариация. – Ә.Б.), бірақ түрліше синтезделген жанр. Қазіргі кезде диалог пен полилог арқылы сұлу сөзді сапырып, жоқты-барды тізбектеп, атынан оқырман жаңылатын қаһармандар шоғырын, көпсатылы сюжеттік желіні түзу дағдысы бірте-бірте қолданыстан қалып барады. Іштегі шер ақ қағаз бетіне қapacөз бoп төгiлді, өлeң бoп өpiлдi, сайқал сaяcaттың қыcымы кесірінен айтылмaй кeлгeн aщы шындық пен Алаш жұртының басынaн кешкен қиындықтар прозамыздың өзегіне айналды. Жазушыларымыз әдeбиeттiң классикалық үлгілерін жетілдіре келе, жаратылыс сыры мeн өмip мәнi жөніндегі аңыздар негізінде өзгеше пішінге жол ашқанын ешкім жоққа шығара алмас. Классикалық дәстүр мен жаңа стиль ­(Неостиль. – Ә.Б.) таласқа түсіп, анти-жанрлар, прагматикалық һәм тілдік дискурс та төбе көрсетті. Алдымен құндылықтардың ауысуы мен формациялардың өзгеруі автор санасында сілкініс туғызды. Әдебиетімізде философиялық, әлеуметтік, діни, этикалық контекст байқала бастады. Бұл жөнінде М.Бахтин былай дейді: «Каждая эпоха имеет свой ценностный центр в идеологическом кругозоре, к которому сходятся все пути и устремления идеологического творчества». «Ұлт ұстазына» айналған А.Байтұрсынұлы әңгіме жанры шағын болса да, көтерер жүгі өте ауыр екендігі ­туралы ерекше ескерткен-тұғын. Қиындығы сонда, суреткер оған кісі тағдырының жылт еткен сәтін сыйдыра алуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, әдебиет атты әлемге өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «ауыл прозасы» («Деревенская проза». – Ә.Б.) тақырыбымен танылған қарымды қаламгерлердің бірі – Молдахмет Қаназ. Тұтастай картинадан бірден байқалатын басқы компонент – шығармагердің нәрлі тілі. А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышында» көркем шығарма жазу турасында былай дейді: «Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас. Үйдің жақсы-жаман болып шығуы балшығынан да, кірпішінен де болады, бірақ көбінесе кірпіштерінің қалауынан болады. Кірпіш қандай жерде қалай қаланып, қандай үй болып шығуы жасаған жобаға қарай болады. Неғұрлым жоба жасайтын сәулет өнерпазы (Біздің жағдайда, жазушы. – Ә.Б.) қиялға бай болса, соғұрлым салған үй сәулетті, әдемі болып шықпақ». Бұл ретте, адамның сан түрлі шаттыққа да, қайғыға да толы тағдырының әлеуметтік астарын психологиялық һәм философиялық сипатымен суреттейтін М.Қаназдың мейірімділік, қайырымдылық, жомарттық, еңбексүйгіштік секілді асыл қасиеттермен қатар, сұрқиялық, күн­шілдік, мансапқорлық, пайда­күнемдікті көркем шындық поэтикасы негізінде кестелеудегі шеберлігі әңгіме­, повестерінен анық аңғарылады. Ол 1942 жылдың 23 ақ­панында Қызылорда облысы Арал ауданы Бекбауыл бекетінде туған. 1958 жылы Арал қаласының орта мектебін, 1963 жылы Шымкент педагогика институтының филология факультетін тамамдаған. 1963-1978 жылдар аралығында Қызылорда облысы Қазалы ауданында мұғалім, аудандық газеттің бөлім меңгерушісі, Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған. 1978 жылдан 1985 жылға шейін «Жалын» баспасының редакторы, редакция меңгерушісі болып істеген. 1992 жылдан «Денсаулық» басылымында бөлім меңгерушісі, 1993 жылдан бастап сол басылымның Бас редакторы. Кезінде автордың елде жүріп жазған «Чика – Дабылдың баласы», «Жер кіндігі» повестері жасөспірімдер мен балаларға арналған республикалық жабық бәйгеде жүлде алған. «Қияндағы күн нұры» повесі грузин тіліне аударылып, сондағы Халықаралық «Саундже» журналының 1989 жылғы №3-4 сандарында жарияланған. М.Қаназ орыс жазушысы В.Карповтың «Тірілей ұсталсын» романын, болгар жазушылары Е.Пелиннің бірсыпыра әңгімелерін, И.Милеевтің «Шатырұста мырза» повесін қазақ тіліне аударған. Сонымен қатар орыс жазушысы В.Распутиннің әңгімелерін тәржімалады. Қаламгер ғұмыр бойы Хиуа, Қоқан басқыншыларына қарсы күресумен өткен, 1856-1857 жылдары Сыр бойы шаруаларының патша үкіметіне қарсы көтерілісінің басшысы – батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлына «Жанқожа» атты үш актілі тарихи драма, бірнеше танымдық, проблемалық зерттеу мақалалар арнады. 1992 жылы сыншы, әдебиетші ­Бекен Ыбырайым: «Молдахмет Қаназов шығармаларын селсоқ оқи алмаймын, қай шығармасын оқысам да жазушының көкейіндегі ойын, көкірегіне тұнған сырын, айтайын деген шынын, жырын тебірене қабылдаймын» деп жазған еді. Оның «Ескі қыстау» әңгімесіндегі «Бопыр қораның ықтасынында жеті күшігін бауырына алып жатқан» Төрткөз – туған топыра­ғы­нан ешқашан алыстағысы келмейтін тіршілік иесі. Сөзіміз дәделді болсын: «Өріске мал айдап былай шыққаннан соң ғана құрысып қалған денесі ептеп жазылайын дегендей. Төрткөз ізінен қалмай, Бөрібасар екеуі асыр салып ере шықты. Кейде жалғыз өзі озып-озып кетіп, әр бұтаны тіміскілеп түбін иіскелейді. Азып-тозғанына қарамастан басын жерге салып жіберіп, із кескен болып олай-бұлай шапқылайды. «Шіркіннің сағынып қалғанын қарашы, – деп күбірледі шал. – Туған жер ит екеш итке де ыстық-ау». Қаншырдың алғашындағы аты белгісіз, алайда «көзінің астындағы екі бірдей бармақтай ақтаңдағына қарай жұрттың бәрі» оны Төрткөз деп атап кеткен екен. Оқушысын үйіре жетелеп отыратын аталмыш туынды композициясы тартымды. Әңгімеде ә дегеннен-ақ біртұтас екпін байқалып, сол ырғақ басынан аяғына шейін барлық уақиғаны байланыстырып тұрады. Шығарма шымырлығының ең басты сыры – автордың өмірді жақсы білуінде, зерттемпаздығында. Жазушы кейіпкерлерінің антропометриясын, олардың тыныс-тіршілігін жіті зерделеу арқылы өзі сүрген өмірді ой-қиялынан өткізіп, мұқият саралап, елеп-екшеген. Әдебиетшілер: «Жинақтау – типке, ал даралау – мінезге алып келедіні» бекер айтпаған. Сол себепті де, образ түзу амалдарына қарай қаһарманды жағымды, не жағымсыз деп бөлу – кезеңдік нәрсе. Ал қаламгер мұндай қателікке ұрынбаған. Қайта, оның ұғымындағы ірілік тазалықпен өзектес. Психологтардың аясы тарлау концепцияларын тарқата айтқанды жақсы көретін жазушының негізгі мұраты – адам жанындағы қалтарыс-бұлтарыстарды ашу. Ең ұнамдысы, Молдахмет Қаназ – елеусіздеу нәрсеге мән беретін қалам иесі. Жалпы шығармагер стилінің бір ерекшелігі – бейнелерінің ұзақ-сонар тарихын баяндай бермейтіндігінде. Керісінше, адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынасты нәзік детальдар арқылы беріп отырады. «Ескі қыстаудың» жанрлық ерекшелігі, көркем уақыт пен кеңістік («Хронотоп». М.Бахтин. – Ә.Б.) табиғатын тану автордың сюжет құру шеберлігіне назар аудару барысында ашыла түсетіні сөзсіз. Оның суреттеп отырған кеңістігі де, уақыты да – ап-айқын. Кеңістік – алыстағы Қарақуыс ауылы, уақыты – алпысыншы-жетпісінші жылдар. Жазушы уақиғаның қай мезгілде өтіп жатқанын аңдату үшін салған жерден: «Қас қылғандай биылғы күз аласат. Алдымен аласапыран есер дауыл денені қиыршық құммен шып-шып сабады. Сонан кейін бітіп болмайтын жаңбыр жыламсырап жауды да тұрды. Күн кілт салқын тартып, жерге сіңіп үлгермеген ылғал мұздаққа ұласқанына бүгін үшінші күн» деп бастайды. Әңгіме экспозициясынан аңғаратынымыз, ол оқырманды жетектеп алып келіп, қанбазар тіршіліктің ортасына кіргізіп жібереді. Жазушы Төрткөз атты итке адами сипат дарытқан. Ол ойланады, толғанады, өзіндік шешім де қабылдай алады. Ернияз бен Төрткөз арасындағы байланыста лирикалық прозаға тән элементтер жүр. Және қаламгер мұндай тәсілді туынды әсерін күшейту мақсатында қолданғанын байқау қиын емес. Төрткөз алпыстан асқан шал, мүгедек Ернияз – Қалыш қатын – Бәлдір үштігіне сырттай баға береді. Автор біреуге кінә тағудан аулақ. «Ескі қыстауда» философиялық астар мен уақыт-кеңістік категориясы үндесетінін, әңгіменің ішкі ағысы бар екенін аңдайсыз. Қаламгер көркем шығармада ұзақ уақытты қамтуды мақсат тұтпаған, жанрға сәйкес қысқалық, дәлдік пен мазмұнды алдыңғы планға шығарған. Профессор Б.Майтанов «Аңыздың ақыры»: мекеншақ пен семиозис» атты ғылыми мақаласында А.Белый­дың мына бір сөзін басшылыққа алады: «Сөз дегеніміз – символ; ол мен үшін түсінікті, бірақ түсініксіз екі мәннің қосындысы: бірі – көзіме көрініп тұратын кеңістік, екіншісі – мен шартты түрде уақыт деп атайтын ішкі дүниемдегі әлсіз үнді жан сезімім». Бұл да бекер емес. Өйткені «Ескі қыстауда» «көзге көрініп тұрған кеңістік» – Қарақуыс болғанымен де, авторлық баяндау барысында көзге көрінбейтін, бірақ сезуге болатын тағы бір кеңістік бар. Ол – Төрткөздің ойы. М.Қаназ итті толық ашып беруден саналы түрде қашуының бір себебі – интриганы жоғалтып аламын ба деген сезік. Егер жазушы бүкіл жайтты жайып салса, онда ол тікелей әңгіменің көркемдігіне кері әсер ететіні белгілі. Нәтижесінде, арғы жағы шеберлік емес, олақтық боп шығар еді. Шығармагер сырттай бақылаушы есебіндегі орталық образ – Төрткөзді былайша суреттейді: «Төрткөз текті ит емес. Әкесі – салпауыз кәупек төбет, шешесі – әйтеуір арғы бір атада тазыдан дөреген жеңілаяқ қайыңқаптал». Демек, қан бұзылған. Мұнда ол ит арқылы адам баласының мінезін ашуды көздеген, даму эволюциясын көрсеткен, ұлттық проблематиканың бір ұшығын шығарған. Әңгіме негізін қаһармандар толғанысымен астаса түскен ой ағыны, олардың көңіл-күйіндегі өзгеріс, бақыт, арман, жақсылық пен жамандық турасындағы тебіреністері құраған-ды. Молдахмет Қаназ тазалық пен жан сұлулығын Қалыш кемпірді іштей жақтырмайтын Ернияз арқылы айшықтаған: «Ит енді алаңсыз бүлкілдей жөнелді. Ернияз жар жолда шолақ жеңі бұлғалақтап, жападан-жалғыз көзі жасаурап селтиіп тұр». Бұл – оның ішкі күйін, күйініші мен сүйінішін аңғартқан, ой мен сезімді қабыстырған әсерлі штрих. Қаламгер әңгіме жанрының табиғатын, тек өзіне ғана тән заңдылығын шебер меңгерген. Себебі, біріншіден, туынды сюжетінің бас-аяғы жинақы, екіншіден, кейіпкерлер табиғаты уақиға барысында, динамика үстінде ашылған, үшіншіден, шығарма сәл көлемділеу демесеңіз (Мұны қаламгердің баяндауға басымдық берген­дігінен деп білген жөн. – Ә.Б.), уақиға аса ауқымды емес. Автор жаңалық ашуға аса асықпайды. Көп дүниеге байыппен, әртүрлі құбылыстарға асқан ұстамдылықпен, сақтықпен қарайды. «Ескі қыстау» – бала мен ата-ана, ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігінен сыр шертетін шеберлік кестесі мен пәлсапалық мәні ерек әңгіме. Сондай-ақ қаламгер өлке пейзажын ғажап суреттейді, құмның өзіне жан бітіреді. Сайын даланың сұлулығын, оқ жетпес қияндағы тау биіктігін, құла-дүздердің өзін көз алдыңа алып келгенде, соншалықты үйлесіммен жаралған бұл мекенді жатырқау, тағы қиын. Біз көрмеген жердің тау-тасы, аң-құсы, сылдырап аққан суы ақ қағаз бетіне көшкенде ғана, көпшіліктің сол жаққа құштарлығы оянатыны шындық. Жазушы кейінгі ұрпаққа өткенін ұғындыру үшін тарих түбінен сыр суыртпақтап, әңгімеге этнографизм дарытады. Профессор Т.Тебегенов М.Қаназ шығармаларының артықшылығы ретінде «ұлт жан дүниесіндегі мәселелерге терең бойлайтындығын» атап өткен еді. Қаламгердің тағы бір ерекшелігі – кестелі тілі, айрықша бітім, кең тыныс. «Намазшамда көлеңкелер өледі / Көлеңкелер өлу керек себебі / Қан жұтқандай қап-қара боп жатады-ай / Дарияның кемері» деп Есенғали Раушан жырлағандай, біз сөз етіп отырған автордың әңгімесінде лиризм басым. Және бір байқағанымыз ол қай тақырыпқа барсын, мейлі, потенциялын, интеллектін толықтай пайдалануға тырыспайды, бәрін лақ еткізіп төгіп тастамай, күш-қуатын шақтап-шақтап жұмсайды екен. Ол сомдаған кейіпкерлер өз дүниетанымына, өз жасына сай сөйлейтіндіктен де, бәрі жанды шыққан. «Ескі қыстау» әңгімесінің түпкі идеясы – иттің де туған жеріне деген ынта-ықыласы адамдікінен еш кем еместігі. А.Чеховтың Каштанкасы сияқты Төрткөздің де өмірде көрмегені жоқ. Бірақ жазушы мұның бәрін тәптіштеп айтып отырмайды, қайта сөлін сығып, соңғы түйінді оқырманның өзіне қалдырады. Қаламгердің анималистік рухта жазылған «Ит өлімі» атты тағы бір әңгімесі бар. Онда иесі өмірден өткен соң Димка атты иті қиындыққа көндіге алмай, қатты қиналып жүреді. Түбі сол баяғы өз үйінің есігі алдында иесін күте-күте үсіп өледі. Бұл картина «Голливуд» түсірген «Хатико» киносын еріксіз еске түсіреді. Бірақ туынды бұдан әлдеқайда ерте жазылған-ды. Демек, Молдахмет Қаназдың фильмге сұранып тұрған сол деңгейдегі шығарма тудыруының өзі – қазақ жұрты үшін жағымды жаңалық. Мұнда экзистенция философиясы бар. Ол – жалғыздық философиясы. Адам шындықты өзінің ішкі дүниесінен іздеуі қажет. Себебі оны сырттан табу қиын. Әңгіме түйіні – қанденнің өз иесіне деген адамда жоқ адалдығы. Алайда оның мәні, идеясы бұдан да тереңіректе жатыр деп ойлаймыз. Әуелі, автордың ит туралы әңгімелерінен өмір призмасындағы адам мен жан-жануарлар тағдырын қақтығыс-қайшылықтарымен сабақтастыра өрнек­теген шығармашылық ұстанымын аңғарасыз. Бір байқағанымыз, М.Қаназ индивидтің әлеу­меттік ортадағы даралануын, оқшаулануын ерекше назарға алады екен. «Ит өлімі» әңгімесінің алтын арқауы – өмірге ұмтылу, өз жеріңді сағыну, оны қадірлеу, құрметтеу. Туындының көркемдік әлемі мейлінше келісті. Дим­каның иесі – орыстың кемпірі ­Антонина Григорьевна. Автордың айтуынша, ­Димка екі адамды ерекше ұнатпайтынға ұқсайды. Бұның да өзіндік себебі болуға тиіс. Біріншісі – кейуананың көршісі, «көшенің арғы бетіндегі темір гаражы бар, сырнайдай алты бөлме кірпіш үйдің егесі, ұзын имек мұрынды, жағына пышақ жанығандай, мысықтабандап қана ептеп басып, ирелеңдеп жүретін тышқан көз, арық кісі» – Аполлон Исаакович, екіншісі – А.Григорьевнаның екінші «Орбитада» тұратын үлкен қызы – Ольга Григорьевна Калашникова. Туынды: «Фатиха Галилуллинадан күрек сұрап алып, Димканы қапқа салып, қаланың шетіне алып барып, иесінің аяқ жағына көміп қайттық. «Итті де иесімен қинасын» деген, әнекей, сол» деп аяқталады. Димканың басындағы күй – қазақтың күйі. Сондықтан да, аталмыш әңгіменің ашық талқылауға келе бермейтін, тек сергек оқырман талғамына ғана аманатталған екінші қабаты, пласы бар. Жалпы, бұл жазушының таным айнасына түсіріп, тел түйсікпен зерделей қарауға сұранып тұрған астарлы шығармалары жеткілікті. «Ит өлімінде» болсын, «Ескі қыстауда» болсын, автор мына дүниеге ит көзімен қарап, саралап, олардың тіршілігін өте аянышты етіп суреттеген. Орыс жазушысы М.Булгаковтың «Ит жүрегі» («Собачье сердце». – Ә.Б.) повесіндегі Шариковтың ғылыми тәжірибеден соң, адамға ұқсап сөйлеп, адам тәрізді балалайкада ойнауы сол кездегі әдебиетте үлкен жаңалыққа баланған-ды. Қазақта «ит өлім», «ит өмір», «иттей ұлып қалды», «ит жүрек» секілді фразеологизмдер бар. Ол жағымсыз каннотацияға ие, әрине. Сол сияқты, жоғарыдағы екі әңгімеде де ит арқылы қазақтың жай-күйі, хал-ахуалы, рухани атмосферасы анық көрсетілген. Жапон новеллисі Р.Акутагава ұстазы – Н.Сосэкиге жазған хатында: «Бүгін Чехов әңгімелерінің ағылшын тіліндегі жаңа басылған аудармасын оқыдым. Дәл бұлай жазуды үйрену үшін бүкіл ғұмырың жетпеуі мүмкін...» деген. Шеберлік – өнімді жазу мен өмірді танып-білу арқылы толысады. Автор сөз-сөйлемге асқан жауапкершілікпен қарайды. Оның прозасында поэзияға тән сипат: әуез, әуен, ырғақ бар. Шығармагердің артықшылығы – жер-су атауларын жақсы білетіндігі. Бюффон: «Стиль – адам» десе, Платон: «Мінез қандай болса, стиль де сондай» деп ой қорытады. Демек, әдебиет тарихы, бұл – стильдер тарихы. М.Қаназдың қолтаңбасы айқын аңғарылатын повестерінің бірі – «Құм қойнау». Ол дәстүрлі прозаның көркемдік талап-тілектері аясында жазылған. Оның өзегі – қияндағы ауылдың тұрмыс-тіршілігі. Туынды композициясындағы әлеумет­тік-психологиялық желі – адамдар қарым-қатынасындағы жақсылық пен жамандық, ақ пен қара таласының реалистік қалыптағы бейнеленуі. Көркем шығарма конструкциясындағы малшылардың суреттелуінен жылдың төрт мезгілінде де көшіп жүретіндігі, аптап пен аяз жағдайында да жан-жануар амандығын ойлаған қиындыққа толы өмірін көреміз. Мұндағы орталық образ – Тоғанас қарт. Ол – елге сыйлы азамат. Автор лиризмі арқасында қазақ өмірінің тамыр соғысы дәл берілген. Орыс жазушысы А.Толстой мұны «ішкі стиль» деп атаған-ды. Әр шөптің басын бір шалған жазушы туындысының ғұмыры қысқа. Ал аталған қаламгер олардың қатарынан емес. Көркем шығармада жинақылық бар. «Құм қойнаудағы» Үржамал, Сабалақ, Айсары, Гүлфариза, Қатира, Көбеген, Тайқара, Ботбай, Мұхамет­шәріп, Тортайлардың тіршілігінде ата-баба жолын ұстанған іс-әрекеттері – бәрі-бәрі қайшылықта суреттелген һәм олар – сюжеттің дамуына ықпал етіп тұрған әдеби антураж. 1984 жылы Алматыда жазылған бұл повесте екі линия қатар өріледі. Құланбай мен Тоғанас – ұстанымдары тұрғысынан да, өмірге деген көзқарасы жағынан да Инь мен Янь секілді бір-біріне мүлдем кереғар кейіпкерлер. Конфликттің де қоюлана түсетіні – осы тұс. Шығармагер ұлттық образ түзудің шебері екендігін бірнеше рет байқатады. Мәселен, мына бір штрих соның айғағы: «Кеш түсіп, ауа салқын тартқанда ауылдан ұзап шығып, жорғаға мініп, басын жіберіп, әрі тақымын жазып, әрі соңғы терін алды. Кісі көзінен таса жерде жалғыздан-жалғыз байқап еді, әзіргі аяқ алысында мүдіріс жоқ тәрізді. Ұйтқып тұр. Бұл тұрғанда көңілі жайлы, бірақ ертең топқа қандай сүлейлердің түсетіндігін кім біліпті? Кері жолда әбден суысын деп ат басына ырық беріп, өз аяңымен қайтты. Жорғаны екі қырдың астына оңаша тұсап тастап үйге келсе, жұрт тегіс ұйықтап қалған екен, қырын жатарлық қана орын тауып, қыстырылып қисая кетті». Нағыз бабындағы атта анау айтқандай мін жоқ дерсіз. Автор қос кейіпкердің ымыраласатын сәтін ым-ишарамен береді, көпсөзділікке ұрынбайды, асқан сергектік танытады. Құланбай – символдық мәнге ие кейіпкер. Ол – дәулетті, былайғыда саяқ жүретін кісі, әрі әкесі кәмпескеге ілініп, үкіметтен қатты қысым көрген ұрпақтың өкілі. Тоғанас болса – жиынтық образ. Оның өне бойында бұрнағы ата дәстүрге тән кесектік, адалдық, ірілік пен мәрттік жоқ дей алмас ек. Құланбай да, Тоғанас та – болмыс-бітімімен бүтіндей түз адамдары, тумысынан дала перзенттері. Екеуі де – құм тіршілігі қалыптаған малсақ адамдар. Құланбай – әрқилы себептермен қоғамнан шеттетіліп, оған іштей қыжылы бар, қара басын ғана күйттеген меншік иесі. Ал Тоғанас қария – қалың жұртының ортасында, «көппен көрген ұлы той», не көрсе де заман ағысына ілесіп, елімен біте қайнасып келе жатқан басасаулығы жоқ, бұйығы, момақан да көнтерлі кісі. Бір орта, бір жағдаят, алайда қаламгер әдейі таңдап алып отырған екі тип. Көңілінің демеуі, бәлкім, жастық шағының куәсі, аяқ артса болды қиялына қанат бітіретін, бауыр басқан қара жорғасы ізім-қайым жоғалды. Бұл өңірде жорғаны танымайтын пенде жоқ, оны саналы адам пышаққа қимақ емес. Қара жорға – жатқа қимайтын атақты жылқы. Не үйірге салады, не басыбайлы иеленіп мініп жүрмек. Екінің бірі. Тоғанас дал. Ішкі сезік алдамаған екен, қарт шопан құлынынан мәпелеп өсірген малын Құланбайдың үйірінен табады. Тірі екендігіне, әйтеуір бар екендігіне көзі жеткен соң көңілі жайланып, ­сабыр тауып қалған. Құланбай құрдасының өзіне барса, естіп жүргендері шындық боп шықты, ­замандасы хал үстінде жатыр екен. Дерт әбден меңдеген, үміттің елесі де білінбейді. Әне-міне дегенше үзілетін түрі бар. Сырқаттың көңілін сұраған соң Тоғанас ләм-мим деместен-ақ ат басын кері бұрады. Бір аяғы жерде, бір аяғы көрдегі кісімен дауласуға табиғаты жібермейді. Қария мал төресі – қара жорғасынан саналы түрде осылайша айырылады. Оған енді аттың тірі жүргені демеу. Момын да тұйық кісінің бар қоясы өз ішінде. Солай іштей тынып жүрген кезінде қыстың көзі қырауда көмекшісі – Сабалақ апалақтап шүйіншілеп келеді. Қалаға бара жатқан әкім кісілердің көлігіне тиелген жылқылардың ішінде қара жорға да тұр. Өз малы көзге оттай басылған. Тоғанастың іші – алай-дүлей. «Көз алды әрі қарауытып, әрі суланып жүре берді». Енді өзінің ақ-адал малына араша түсе алмай пұшайман болғаны. Кейінгі иесі бұл дүниеде жоқ. Әу баста қозғалмаған дауды енді қоздыра алмайды. Ол да түк емес, ақсақалдың ақырғы күйініші – қаланың қутұяқтары мұның ғұмырындағы жылт еткен жақсылық, көңілінің сәулесі болған қайран сәйгүліктің қадірін қайдан білсін, соғымға алып бара жатыр ғой. Жазушы кейбір олақ жазармандарша қарттың дәл осы сәттегі жан күйзелісін тәптіштеп арамтер болмай, бар уақиғаны еппен өріп әкеліп, осы бір сәтке сыйдырған: «Айнала бірте-бірте тынышталып, гүрілдеген дауыс та семіп, қар мықтап көмкерген кеңістік баяғы меңіреу қалпына түсе берді». Тек салтанатқа жаралған киелі жануар иесінің көз алдында қала жаққа, соғым сапарына аттанып кетті. Дала баяғыша меңіреу. Үш жақты талауға түскен төл төресі, даланың сәні – қара жорға Құланбай үшін – мал, әкімдер үшін – соғым, Тоғанас үшін – мал да, соғым да емес, рухани тірек, бұйығы тыныс-тіршілігінің жап-жарық сәулесі. Повестің айтар ойы – адами қарым-қатынасты бағалау, кір жуып, кіндік кескен туған топырағын құрметтеу. Көркем ­туындыда дүниеқоңыз, пасықтармен қатар, қайырымды жандар да кездеседі. Тұп-тура өмірдегідей. Автордың синтаксисі күрделі. Қос кейіпкер арасындағы негізгі тартыс жылқыға қатысты. Оның айналасында екі адамның мінез-құлқы ашылып, этнографиялық сипатпен толығады. Жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Ұста» әңгімесі бас қаһарманының да ныспысы – Тоғанас. Аралдан Алматыға көшіп келген. Өзі – ұста. Бірақ оның жөні тіптен бөлек. М.Қаназ – реалист жазушы. «Құм қойнаудың» ерекшелігі – жазушының ұлттық құндылықтарды насихаттауында. Автор Шеген арқылы уақытында билік ығына жығылмай, басы ноқтаға сыймай кеткен кісілердің болғандығын көрсеткен. Оның өз философиясы бар. Тоғанастың ұлы – Тайқара – дайын асқа, тік қасық жан. Мұндайда атамқазақ: «Биеден ала да туады, құла да туады» деген ғой. Екі қарттың баласы – босбелбеу, тіршілікке епсіз, икемсіз. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының үзілгендігін ұқтыратын ұлттық трагедия. Повесть финалы болса оқырманға ой салып, мұңға батырарлық деңгейде: Тоғанас Қожалепесов қара жорғаны көлікпен алып кеткенде де, оны тани тұра, артық ауыз сөз айтпайды. Ат дегенде көз алдыңа тектілік, қазақ елестейді. Мұнда да символ тұр. Қоғам дамуындағы түрлі өзгерістер кісі санасына, оның өмір сүру салтына, таным-түсінігіне қаншалықты әсер етсе де, ұлттың мәдени мұрасы, рухани құндылықтары сықылды Темірқазықтай дүниелер болады. Осы тұрғыдан келгенде, адам образын жасау – көркем шығармаға қойылар негізгі талап. Образ жоқ шығармада, тағдыр да жоқ. Елдің өткені мен бүгінгісін жетік білетін Молдахмет Қаназ прозасындағы басты өзек – ұлттық рух. Ал ұлттық рухтың туған жер, өскен өлке, тарих, дін, әдет-ғұрыппен қабаттаса жүретіні әмбеге аян. Автор әр шығармасында әртүрлі және сонымен қоса, маңызды уақиғалар, қызықты характерлер ғана тауып қоймай, тіліміздің мол мүмкіндігін де пайдалана біледі. Онда қазақтың тұрмыс-салты мен өмірі кеңінен қамтылған. М.Қаназдың біздің назарымызды өзіне аудартқан тағы бір тұсы – теңеулері. «Құм қойнауда» тек Оңтүстік өңіріне тән сөздер де кездеседі. Ол диалектілер жергілікті адамдардың психологиясын аша түсу үшін де аса қажет деп білеміз. Сыншы Добролюбов бір кездері Достоевский туралы: «Ол кішкене адамдарды жазу арқылы үлкен мәселе көтере білген» дегеніндей, М.Қаназдың да кейіпкерлері – «кішкене адамдар». Жазушының әр персонажы дүниетанымына сай сөйлейді. Автор өз ойын оларға зорлап таңбайды. Сондықтан да, әлгілер әсіре шешендікке ұрынбаған, табиғи болмысын жоғалтпаған. Көркем шығармада баяндалатын, ойдан шығарылған уақиғаға нарратор нақтылық сипат беріп, басынан өткергендей етіп жеткізеді. Көп автор өз міндетін баяндаушыға толықтай жүктей салатыны бар. Алайда Молдахмет Қаназ олардың сойынан емес. Қаламгер өмірі мен шығармашылығы арасындағы күрделі байланыс бар. А.Моруа «баяндаушы – өз жүзін жасыруға барынша тырысқан «маска» екендігін айтқан-ды. Баяндау – белгілі бір әңгімелеушінің немесе баяндаушының сөйлеу актісі. Қазіргі нарратологияда кейбір фабулалармен қатысы бар сюжетті-баяндауышты талқылау (Дискурс. – Ә.Б.) мейлінше қолданылуда. Бүгіндері нарратологияның классигі саналатын Х.Уайт «Нарративті құрылым» ұғымын интригамен байланыста қарастыру арқылы мән-мағынасын анағұрлым аша түсті (Оның ішінде историографиялық дискурстың. – Ә.Б.). Осы орайда, «Құм қойнау» повесінде автор бірінші жақтан баяндайды. Баяндау барысында әр кейіпкерге мінездеме береді. Автор-баяндаушы арасындағы тығыз байланысты осы туындының мысалынан көреміз. Қаламгер баяндауында кең көсілу бар да, алайда аса ауа жайылу жоқ. Оның оқырманын жалықтырып алудан қорқатыны сезіледі. Сондықтан шығармагер баяндау екпініне елітіп кетпес үшін лирикалық шегініске де жүгінеді. Тілдік құрылым және семантикалық өріс мәселесі болмыс пен тіл, тіл мен адам, адам мен шындық қарым-қатынастарына онтологиялық, гносеологиялық және лингвистикалық аспектілер тұрғысынан саралауды қажет етеді. Мазмұн – объективті шындықтың көрінісі мен ми қызметінің нәтижесі. Автор тіліндегі семантикалық функциялардың жүйеленгенін аңғара­мыз. Осынау жүйе көпдеңгейлі, әрі поли­семантикалық, лексика-граммати­калық, функционалды-семантикалық, микро және макро өрістерден тұрады. Сөйлеуші сөздерін құрастырып қана қоймай, олардың көмегімен  жаңа мән-мағына да тудырады. Көркем мәтін – ерекше семиотикалық құрылым. Туындыгер дыбыстық, лексика-грамматикалық, т.б. бірліктерді мұратына қарай жұмсап, бойын глаголизмнен барынша аулақ ұстауға тырысады екен. Мәтіндегі тұрмыстық мазмұндағы лексика-фразеологизмдер, қашықтық, уақыт өлшемдерін білдірер ұлттық атаулар, этнографизмдер, Төсшағыл, Қосбұлақ, Тасшеген, Қаражон биігі, Байқабыл қыстауы, Бесқала, Қосбұлақ, Құмбұлақ топонимдері көркем шығармаға көрік беріп тұр. Әрісі, бұл таңбалар – тілдік код болса, әрісі, когни­тивтік код, тіл субъектісі санасындағы көр­кемдік шындық картинасы. Адресаттың дәстүрлі білімдер жүйесі алуан-алуан һәм алмаздай сан қырлы болған сайын соғұр­лым көркем мәтіндегі кодталған ақ­парды ашу мүмкіндігі де көбейе түсетіні рас...

P.S.

Қазақ әдебиетінің сән-салтанаты келіскен салқар көші тоқтаған емес. Тек сипаты, мазмұны, пішіні, бағыты, стилі мен жанры жағынан өзгерді. Мұндай өзгеріс бейсаналы түрде жүзеге асып, автордың еркінен тыс болмақ. Дәуip жaңa мaзмұн әкeлce, көpкeм әдeбиeт те oның тaбиғaтынa cәйкec жaңaшыл фopмaға көшетін әдеті. Қазақ проза жанры aйтap oйының aуқымдылығымeн, тepeңдiгiмeн, көpкeм oбpaздapдың күрделігімен epeкшeлeнді, әрі солардың бел ортасында қазақтың белгілі жазушысы – Молдахмет Қаназ да бар. Тегеурінді қаламгердің стильдік тұрғыдан тек өзіне ғана тән артықшылықтары бар, біріншіден, характер сомдауы, екіншіден, уақиға іріктеуі, үшіншіден, оны құру шеберлігі, төртіншіден, өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдыру ұсталығы, бесіншіден, тіл кестелігі. Демек, қаламгер кредосы – ап-анық. «Сөз өнерінде» өзінің әңгіме, повестерімен рухани қазынамызға зор үлес қосқан қарымды қаламгер – Молдахмет Қаназ шығармалары бүгінгі және келешек оқырманның көркемдік-эстетикалық көкжиегін кеңейте түседі деген сенімдеміз. 

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург

2057 рет

көрсетілді

20

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы