• Әдебиет
  • 02 Желтоқсан, 2010

Топжарған елім

(Астанада ашылған  ЕҚЫҰ Саммитіне арналады) I. Әлеумет! Салғай құлағың, Шабытым шалқар бұлқынсын. Шалғайға шарлап жыр-ағын, Самғасын бүгін жыр-құсым! Той десе қозып делебең, Домаламай ма қу бас та! Кеңейе түскен керегем, Толағай тойда нар қасқа — Жырым да менің бір басқа! Сүйінші! Уа, ағайын, Аталды елім егемен. Ақордамның төрінен Елбасымның естілсе Жаһанға ерен дауысы Тебіренбейін неге мен?! Ақынның дүрі, дырауы, Топжарған елдің жырауы Домбырасын, қане, қолға алсын! Шаттана, шалқып толғансын, Көсіліп бүгін сөйлесін, Сөйлегенде, бүй десін: — Сүйінші! Уа, қандастар, Шалқардай шалқып жиылшы, Туып тұр сәтім той бастар, Сұрайын ерек сүйінші! Қарашы байтақ жеріме, Өзіне Еуропаңыздың Сыйғандай алты елі де, Шежіресі ерлік-аңыздың!Айқара ашып түндігін, Түтеткен түтін көне жер. Тебіренткен тойда дүлдүлін «Әтшу!», «Өк», «Шөк-шөк!», «Шөре!» жер. «Елім-ай»-ды айтып еңіреп, Қаратаудан көшкен жер. Жауыздық жанын жегілеп Күйзелу кезең кешкен жер. Сарнатып Қорқыт қобызын, Асан қайғы жортқан жер. Сағымды дала, жол ұзын. Бұқажон балық шортқан жер. Садақ пен найза сартылдап, Қасақы жаулар қашқан жер. Абылай аты арқырап, Жеңіспен шашу шашқан жер! Абыз бен Абай «аһ!» ұрып, Шермені нардай шөккен жер. Хан Кене ашу шақырып, Махамбет қанын төккен жер. Құрманғазы сарындап, Ыбырай мектеп ашқан жер. Сілкінтіп Торғай даласын Амангелді арындап, Жәдігөй жаулар сасқан жер. Тозған жер, азған кезеңмен Мәңгүрт боп қазақ тұсалды. Арыстан ашу кезенген Айбарын берік ұстанды. Талқан боп тәж бен тағы да Империя мәңгі құлады. Атойлап азат таңына, Азаттық болып ұраны. Желтоқсан туып кек кернеп, Жас айбат шықты алаңға. «Тәуелсіз!» сөзі көкке өрлеп, Самғады барша ғаламға! Желтоқсанның жойқынды Қаһарынан жаралған, Тілініп төртке ой түнгі Ата арынан жаралған, Қазағымның қаһарлы Қайратынан жаралған, Алашымның отаны Айбатынан жаралған — Сүйінші! Уа, ағайын, Тәуелсіз менің әз елім, Жырымнан шапан жабайын Көңілім — көктем, жаз — өңім! Жайнатып барша алапты, Шомылып шыққа жер терлей, Арайлап азат таң атты, Сәулесін күн де көркемдей! Кімсің? — дей қалса, — Қай елсіз? — Қазақпын! — деп мен айта алам! Іргелі елмін тәуелсіз, Ғажаппын! — деп мен айта алам! Қазақпын! Қазақстанмын! Ғарышыңа да ұшқанмын! Достыққа дәйім құштармын. Туымды берік ұстандым. Аспандай туым көгілдір, Заңымды берік ұстандым. Теңіздей тасып төгіл, жыр, Әлемге атым ұшқан күн! ІІ. Теңбілсіз ашық аспандай Көгімде туым желбіреп, Сарайын жанның ашқандай Қараймын бүгін елжіреп. Ата-бабамның арманы Ағынан мәңгі келді деп. Ұрпағын қолдап аруағы, Бақытты қолға берді деп. Тілгілеп көкті жасқаған Ғарышкерлердің шуындай. Төңкерген бейне тостаған Тұяғы түскен суынбай. Қарғып бір міндік тұлпарға Орғытып ойда, қыр астық. Шабытпен шығып шырқауға Сүйінші бүгін сұрастық! Теңдігім текке келген жоқ, Тәуелсіздікті, алдияр, Қолынан ешкім берген жоқ. Тарих та бейне анадай, Теңдікті — мезгіл толғатты. Ғасырлар сайрап айнадай Бұралаң небір жол жатты. Сүйінші, уа, халайық, Сүйінші сұрар таң бүгін. Береке, бірлік зорайып, Дәулетке толсын әр күнім! Ардақтап ата-бабаны, Өткенге тағзым етейік. Зобалаң зәрлі заманың Кеткенге тағзым етейік! Бағыттан алған жаңылмай, Жасақтап жасақ қабылдай, Қасиетті қастер жерінің, Қамы үшін қазақ елінің, Бірлікке үндеп дабылдай, Ауыздығымен алысып, Тұлпары асау тыпыршып, Тұрғандай батыр Абылай! Түлеттік туған даланы, Бұған да шүкір, а, Құдай!.. Сілкінтіп салқау сананы, Ардақтап ата-бабаны, Толтыра құйдық қымызды, Тостағандарға, кесеге. Не жазса Тәңірім көрмек-ті. Десек те мынау пешене, Тарихы тұтас халқымның Кеңестік кездей өше ме? Өзіміз қолға алмасақ, Өзгелер, сірә, шеше ме? Қарыздар ұрпақ қашанда Әкелер менен шешеге. Риза болмай аруақтар Көңілдер күпті өсе ме? Жалғасар дәстүр өрістер, Бүгін де солай, кеше де. Шатқалаң шақтың зардабын Өшіріп қайта келмеске Зиялылардың есімін Әрледік қанша көшеге?! * * * ...Түркістан барша қауымның Имандылығын тапқан жер. Қасиетті ата-бабалар Сүйегі асыл жатқан жер. Қайтадан қойдық орнына Қайнаған бұрқ-сарқ қазанын. Сиынып Алла атына Сарнатып жатыр азанын. Түркістан тойы тойланып, Қайнады құж-құж базарым. Бір жарым ғасыр тарихы Аударды әлем назарын. Сабақтас төрткүл дүние, Осылай менің ғажабым, Жиырма бірінші ғасырда Әуендеп шықсын әз әнім! Күлдір де күлдір кісінетіп Күреңді міндік бүгінде! Кезім бір туды есілетін Төрелік айтар күнімде! Сүйінші, уа, туғандар! Күңірент, күйді төгілдір, Дүркіре шаттық думандар, Жүрекке нұрды себілдір! * * * Қорқыттай жанды мұздатып, Ажалға лажсыз бағынған. Асандай жүрек сыздатып, Жерұйық іздеп шабылған. Бұқардай өсиет өрлетіп, Ақтамбердідей ағылған. Бірлігі менен тірлігін Елінің еркін сағынған. Абылай сынды, айбатты Жарлығын берген тағынан, Қабанбайлардың қылышы Қас жауға қарсы шабылған, Майтөбенің басында Қабырға кеңес құрысып, Хан иесіне бағынған, Маңдайдан тері тамшылай, Саясатты өріп қамшыдай, Бір Аллаға сиынып, Тілегін тілеп ағынан, Кең-байтақ қазақ жері үшін, Еңіреп калған елі үшін, Сайланып туын көтеріп, Намыс-кегінен халықтың Қаулаған жалқын от өріп, Ақтабаннан шұбырған, Қанға бөккен даласы Шайқастан болған зығырдан, Ақ шашты казақ анасы, Қариясы мен баласы Мақсатын бекем ұғынған, Кең-байтақ қазақ даласы Таймаған берік тұғырдан Сұстарын сермеп семсердей, Қынаптан қылыш суырған. Жотадан жортқан жоңғарлар Даламнан дамыл көрмеді, Орғыған ойдан ойратқа Бір сүйем жерін бермеді! Бұ қазақ нені көрмеді?! Ақыры жеңді! Ерледі! Тарқалып мұң мен шерлері. Жаз жайлау, қыс қыстауда Күмбірлеп шешен домбыра, Кеудені шаттық кернеді. Ерледі қазақ, ерледі! ІІІ. Күзелген жал мен құйрығы, Бота тірсек баптаған. Жаратып желдей жүйрігін, Бәйгеге қазақ сақтаған. Аңқылдақ, пай-пай, көңілдер Ат шаппай ерте тұрып ап, Жарысқа жаны жегілер Төбеге биік шығып ап. Атжанды қайран қазағым, Бірінен бірі озатын. Дүбірлі далам — ғажап үн, Шапқан ат бойын жазатын. Тәуелсіздікке арналған Бүгінгі жарыс бір басқа — Кім шығар екен арманнан?! Шабанға мүлде жармаспа Торы ма, жирен, қасқа ма? Жоқ, әлде, мүлде басқа ма? Жарысқа көшіп келгендей Қос бірдей ардақ астана! Торқалы тойда мәреге Кім жетсе, мейлі, ол жетсін. Кеңейе берсін кереге Көңілді күймен тербетсін. Тәуелсіз! Неткен ғажайып Тәуелсіз — сөздің нары ғой! Елбасы шығар сөз алып — Халықтың бақыт, ары ғой! ...Мәскеуден емес, өзіміз, Елбасын ерен сайладық, Басталды мәрттік кезіміз, Тағдырын елдің ойладық, Тәй-тәйдан бастап қаз тұрдық, Ермедік өсек-дабырға. Тәуелсіз елміз! — Қаз тұрдық. Ерен еңбекпен Қатая берді қабырға! Тәуелсіз! Уа, халайық, Тәуелсіздікке жетер не? Сеніммен алға қарайық Нық басып, басты көтере! Оңымнан туған он жасым Орнықты болып оңғарсын, Жиырма, қырық, алпыс! — деп, Ғасырларға абат жалғарсың! Арқыра, Қазақстаным, Жарқыра, Қазақстаным, Аңызды Қазақстаным, Маңызды Қазақстаным. Сүйіншімді бер, халайық, Сүйіншім қайда, сүйіншім?! Сапырып қымыз алайық, Сімірген жұртым сүйінсін!.. IV Әй, мырза, бекер бәлсініп, — Қай елсіз? Бізге деме сен! Еуропаның төрінен Төрелік айтып кеңесем. Іштерің күйсе — тұз жала, Елбасым менің ересен! Білікті, білгір басшым бар Қара да тұр! Күні ертең Еліңмен елу теңесем! Ақордама асықты Елу алты елдің дөкейі, Ту етіп бірлік, достықты, Көктемек көптің көкейі. Татулық мәңгі өрістеп, Бомбасыз, суық қанжарсыз, Парасат парқын бөліспек Жағаласусыз жанжалсыз. Қазақпын! Қазақстанмын! Достыққа дәйім құштармын. Көгілдір туым қолымда, Заңымды берік ұстандым, Өркендеу, өрлеу жолында Таңымды арай құшқанмын. Төбе би бүгін атанып Тағымды берік ұстандым. Жаһанға мәшһүр отаным. Бағымды берік ұстандым. Ісләм ғұрпын айғақтар Дінімді берік ұстандым. Семсердей сөзде айбат бар Тілімді берік ұстандым. Сүйіншімді бер, байтақ ел, Әлемге атым ұшқан күн! Мыңбай Рәш

3216 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы