• Тарих
  • 20 Маусым, 2019

БӨКЕНБАЙ БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ – ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

Ақтөбеде даңқты батыр Бөкенбай Қарабатырұлына арналған еңселі ескерткіш бой көтерді. Салтанатты шараға елдің игі-жақсылары, белгілі азаматтар, қоғам қайраткерлері қатысты. Бөкенбай Қарабатырұлы жаугершілік заманда «қалың жаумен қабырғадан қал кеткенше, қарағай найзадан әл кеткенше айқасуымыз керек» деп елдің рухын көтерген. Ескерткіштің ашылу салтанатында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин сөз сөйлеп, ­батыр бабамыз өмір сүрген XVIII ғасырдың басы қазақ халқының тағдырына сын болған, елдікті таразыға салған ауыр кезеңдер болғанын, сондай сын сағатта Бөкенбай Қарабатырұлының жер қайысқан қалың қол жинап, жоңғарлардан елімізді қорғауға атта­­нуы – оның болмысы бөлек тұлға, елін сүйген ер екендігін білдіретінін айтты. Тәуелсіздікпен бірге осындай ерлеріміздің есімдері жаңғырып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, тарихтың ақтаңдақ беттері толығып жатқанын, солардың бірі – халқының тәуелсіздігі үшін атқа мініп, соңына қалың жұртын ерткен Бөкенбай Қарабатырұлы екенін, оның ерен ерлігі қазақтың көрнекті жазушылары Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин шығармаларында барынша айшықты көрініс тапқанын атап өтті.

– Ал қазіргі заманда ғалым Ирина ­Ерофеева батырдың болмысын ғылыми тұрғыда негіздеді. Бес қаруын сайлап, арғымақты арқыратып мінген алып тұлғалы атамыздың мүсіні қаланың бас қақпасы саналатын әуежай жолында орнатылып, бой көтеруі кездейсоқ емес. Ол біздің рухымыздың, қазақы қалпымыздың жандануы, абыройы­мыздың асқақтауы­ның белгісіндей. Өлге­німіздің тіріліп, өшке­німіздің жануы деп білеміз. Бұл 150 жылдық тойы тойланып жатқан қала­мыздың сәулеті мен сән-сал­танатына, халқымыздың тағзым етер ерлік пен елдіктің символына айналатын ескерткіш болады, — деді О.Оразалин. Алты метрлік алып ескерткішті облыс әкімімен қатар белгілі жазушы Смағұл Елубай, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Қабиболла Жақыпов, зейнеткер, батырдың ұрпағы Мұратбай Сүйінғараев, қоғам қайраткері Сапар Сағынтаев пен Ақтөбе облысының құрметті азаматы Мәлік Жекеевтер салтанатты түрде ашты. Олар батыр рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бөкенбай батырдың рухына тәу етіп, тағзым етуге арналған шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларының, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының өкілдері келді. Ақтөбенің рухани өміріндегі елеулі оқиғаға куә болған қонақтар да лебіздерін білдірді. Ескерткіш авторы Жеңіс ­Жұбан­қосов: «Мен 10 шақты эскиз жасап, бай­қауға үш нұсқамды ұсындым. 12 автордың ішінде менің нұсқам таңдалып, мемлекеттік комиссия мақұл­дауынан өтті. Ескерткіш қоладан құйылды, биіктігі — 6 метр, астындағы тұғырының да биіктігі — 6 метр. Бұл – атқа мінген батырдың бейнесін жасаған алғашқы жұмысым. Ескерткіш жасау барысында тарих­ты көп ақтардым, сын сағатта ұлт рухын көтеріп, елді сақтап қалған батыр образын жасауға тырыстым» дейді. Келушілер батыр ескерткішінің ашылуына арналған театрландырылған қойылымды тамашалады. Қазақ эстрадасының жұл­дыз­дары Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина, Нұрболат Абдуллин мен жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты. Айта кетейік, шара сенбі күні Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында облыстық әкімдіктің қолдауымен «Alash parizi» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай қолбасшы, батыр Бөкенбай Қарабатырұлын ұлықтауға арналған салтанатты жиынмен қорытындыланды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүр­ген, үш жүздің басын қосып, батыр ғана емес, мемлекеттік қайраткер есебінде та­нылған Бөкенбай батыр Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың қасында жүргеніне, батыр атамыздың «ұлымызды құл қылмаймыз, қызымызды күң қылмаймыз» деп қазақтың рухын көтеріп, жігерлендіргеніне тоқталып, сөзінің соңында Бөкенбай батырды ұлықтауға арналған іс-шаралардың басы-қасында жүріп, жетекшілік еткен Мәлік Жекеевке алғыс айтты. Одан соң Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, Бөкенбай батырдың өмірі мен ерлігін зерттеуші ғалым Зәкратдин Байдосов, қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев, Ақтөбе облысының Құрметті азаматы Мәлік Жекеевтер сөз сөйледі.

Тарих ғылымының кандидаты, Ирина Ерофеева былай деді: «Жас кезімнен қазақ батырлары тақырыбын қызығып оқитынмын. Осы уақытқа дейін оқығанымды, зерттегенімді жинақтай келе, қазақ тарихында кездесетін Бөкенбай есімді үш батыр туралы мақала жаздым. Осыдан жиырма жыл бұрын бұл үш батырды жарқыратып тұлға етіп көрсеткенімді кейбіреулер батылдық деп таныды. Өйткені тарихта ерлігі жағынан Қанжығалы Бөгенбай ерекше аталып жүр еді. Ал менің мақаламда үшеуі де аталды. Әрине, кітапты тарихи деректер мен әр жылдары мұрағаттардан алған құжаттарға сүйене отырып жаздым. Әсіресе, Қарақұм құрылтайына тоқталып өттім, ол жерде Бөкенбай батырдың халықты жігерлендіре сөз сөйлегені туралы баяндадым». Жиын барысында Бөкенбай батырға арналған іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысқан кәсіпкерлер Бауыржан Мұқанов, Орынғали Жанбосынов және «Alash parizi» қоғамдық қоры директорының орынбасары Мақсат Амандықов облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімі жазушы, тарихшы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен батырдың ұрпақтарына құтты мекеннің мерейтойына арналған мерекелік төсбелгі тапсырды. Одан соң «Мир» телерадиокомпаниясы түсірген деректі фильмнің бас режиссері Қанат Есенаманов сөз сөйледі. «Бөкенбай батырды ұлықтауға арналған фильмді түсіру барысында Қазақстанның батыс аймағын аралап, төрт жарым мың шақырым жерді жүріп өттік. Сол кезде қасымызда жүрген Мәлік Жекеевке, қолдау білдірген басқа да азаматтарға рақмет айтамын. Фильм бірінші рет көрсетіліп отыр, бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар» деді Қ.Есенаманов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

1444 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы