• Әдебиет
  • 18 Шілде, 2019

ЖАСТАР ЖЫЛЫ: ҚАЛАУЫН ТАПСА ҚАР ЖАНАР

Жастардың қалауы қандай? Олар қандай мамандық иесі болғысы келеді? Қалада, жоқ әлде ­ауылда жұмыс істегенді қош көре ме? Жас жұмысшылар мен мамандар жұмысқа орналасу кезінде қандай қиындықтарға тап болады? Міне, осындай көкейкесті мәселелер Жастар жылына­ және Халықаралық Еңбек Ұйымының 100 жылдығына арналып Шығыс Қазақстан облысында­ өткізілген мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің республикалық ­форумында негізгі әңгіме болды.

Басқосуды «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі, Шығыс Қазақстан облысының Әкімдігі, Қазақстан ­Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық олимпиадалық комитеті, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы мен «Келешек» жастар қанаты ұйымдастырды. Форумға қатысушылар көтерген ең басты мәселенің бірі – лайықты еңбекақы. Әсіресе, ауылшаруашылық саласындағы жас жұмысшылар мен мамандардың еңбекақысы мардымсыз. Айлығы шайлығына жетпейтін болғандықтан жастардың басым бөлігі ауылда жұмыс істеуге құлықсыз. Еңбекақының аз болуына байланыс­ты олар отбасын құруға да асыға қоймайды. Ұрпақ көбейтетін шақта күйбең тіршілікпен жүріп уақытын өткізіп алады. Жастар жұмыс берушілердің назарын осы өзекті мәселеге ­аударды. Олар еңбекақы төлеуде гендерлік тепе-тең­дікті ескеру керектігін де айтты. Көбіне, жұ­мыс ауқымы бірдей болғанына қарамастан, жігіт­тердің жалақысы қыздарға қарағанда жоғары болады. Соны теңестіру қажет. Бұл үшін тиісті заңдарға өзгеріс енгізу де қажет болатын шығар. «Ұжым­дық және жеке еңбек шартын жасаған кезде де осы мәселені ескеру қажет» дейді форумға қатысушылар. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген белсенді қыз-жігіттер талқылаған тағы бір мәселе – жастарды жұмысқа орналастыру. Оқу орнын енді бітірген жас маманды ұжымдардың басшылары тәжірибесі аз деп жұмысқа қабылдауға соншалықты құлықты болмайды. Жұмыс берушілерге керегі – жұмысты бірден бастап кететін дайын маман. Жас жұмысшылар да осындай жағдайға ұдайы тап болады. Жас жұмысшылар мен мамандарға жұ­мысқа орналасқанда барынша қолдау көрсету керек. Олар кедергілерге тап болмауы тиіс. Еңбек қа­тынастарына қатысты барлық жағдай жасалғаны жөн. Жастар тап болатын ең өзекті мәселе – баспана. Бұл мәселені ойдағыдай шешу үшін қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларының қатарын арттыру керектігі айтылды. Жас мамандар мен жұмысшылар сол бағдарламалардың ішінен өзіне қолайлысын таңдап алғаны жөн. «Ауылда да, қалада да жалға берілетін, ведомстволық үйлерді көбейту қажет. Сонда ғана жастар «қала-ауыл» деп бөліп жатпайды, лайықты баспанаға ие болатынына көзі жетсе, көп ойланбастан қайда болса да жұмыс істеуге барады» деген пікір айтты форумға қатысушылар. Жас мамандарды ынталандырып, кәсіби жағынан шыңдау үшін әлеуметтік жеңілдіктерді көбейткен жөн. Мәселен, ауылға барған жас дәрігер немесе мұғалімге отын-суы үшін әлеуметтік жеңілдік жасалса, айтарлықтай көмек емес пе? «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша елді мекендерге барып жатқан жас мамандарға да әлеуметтік жеңілдік жасауды ойластырған жөн. Көпбалалы жас отбасыларын қолдауды да жақсартқан жөн. Сонда ғана халықтың өсімі ­артады. Ауылдық мектептерге баратын балалардың қатары көбейеді. Экономикалық жағдай арқылы демографиялық мәселе шешіледі. – Жастар көтерген бұл мәселелердің барлығы да орынды. Осы арқылы жұмысшы жастардың әлеуметтік-экономикалық тұғырнамасы қалып­тасады, – дейді «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Иманқұлова. Форумға қатысушылар жастар өміріне қатысты өзекті мәселелерді талқылаумен ғана шектеліп қалған жоқ. Сонымен бірге заң және атқарушы билік өкілдері мен жұмыс берушілерге арнап үндеу жолдады. Онда білім беру мен кәсіби мамандар даярлауды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, лайықты еңбекақы мен еңбек қауіпсіздігі ­жағ­дайларын жасау, жұмыс берушілердің әлеумет­тік жауапкершілігін көтеру туралы мәселелер бар. Сондай-ақ олар қалада да, ауылда да цифрлық технологияларды жаппай ендіру, арнаулы кворкинг орталықтары арқылы жастар стартаптарын дамыту жайлы да ұсыныс білдірген. «Біз, мәдениет және спорт қызметкерлері, инновацияға мән берумен бірге қазақ халқының, елімізде тұрып жатқан ұлттардың сан ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарын әсте көзден таса етпеуіміз керек. Рухани байлығымызға көздің қарашығындай қарауымыз қажет. Халқымыздың тарихи және мәдени ескерткіштері мен салт-дәстүрлерін сақтауға шақырамыз» делінген үндеуде. Жастар еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатындағы реформалар мен игі істердің алдыңғы шебінде жүруі тиіс. Бұл үшін олар жеке-дара емес, бірлесе жұмыс істеуі керек. Мәселен, «Келешек» жастар қанатының аясына топтасу арқылы жастар мәселелерін ­шешуге белсенді түрде қатысуға болады. Сондықтан да болса керек, қазір кәсіподақ қатарында жастар көп. Мұны Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы­ төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев те ­форум барысында тілге тиек етті. «Жастар білімін, әлеуетін ұдайы көтерумен бірге өздерін лайықты қорғай алатындай көшбасшы болуы керек» деді М.Тінікеев.

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ Шығыс Қазақстан облысы

679 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы