• Әдебиет
  • 08 Тамыз, 2019

ТАТУЛЫҚТЫҢ ШОҚТЫҒЫ БИІК

Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше геосаяси маңызы бар мемлекеттердің бірі – Қытай Халық Республикасы. Екі мемлекет арасындағы ортақ шекараның ұзындығы – 1740 шақырым. ­Сонымен қатар екі ел тарихи көршілер болып табылады. 1992 жылы Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында алғашқы дипломатиялық қатынастар орнатылғаны мәлім.

Айдаһар елінің күшті экономикалық мемлекетке айналуға ұмтылуы ойланарлық мәселе. Осы орайда шығыстағы көршімізбен әділетті, тең дәрежедегі қатынастарды тереңдету Қазақстанның күн тәртібінде тұр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру керектігін атап өткен болатын. Туризм біздің елде жаңадан қалыптасып келеді. Ал бізден басқа көптеген мемлекеттерде бұл сала жақсы дамыған. Таяуда Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының ұйымдастыруымен бір топ журналист Қытайға барған болатын. «Ұлы Жібек жолының Экономикалық белбеуі» халықаралық жобасы аясында өткен ­сапарымыз Аспан асты елінің ­батыс бөлігі, яғни Үрімші қаласынан басталды. ҚХР Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы қалалық округ ортаазиялық өңірдегі ірі әкімшілік, мәдени және қаржы орталығы болып саналады. Қаланың нышаны және негізгі ­назар аударарлық орны – Қызыл тау. Оның етегінде керемет бақ жайқалып тұр. Халық саны 2 миллионнан асып жығылатын шаһардың халықаралық ­Дивопу әуежайынан түскен кезден бастап керемет әсер алдық. Жер көру, бөтен елге саяхат жасау кім-кімнің де көңіл көкжиегін кеңейтері анық. Өзге мемлекетті аралаған кез келген адам өзі туып өскен елін сағынары баршаға аян. Сондай-ақ өзара салыстыру секілді ғажайып сезімді бастан өткересің. Бұның өзі адамның пайым-парасатын өсіруге, өз елін, ұлтын сүюге жол ашады. Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автоно­миялық ауданының орталығына әр елдің журналистері, атап айтқанда Канада, Италия, АҚШ, Түркия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Сербия, ­Тайланд, Ауғанстан, Египет, Сауд ­Арабиясы, ­Индонезия, Бангладеш, Пәкістан, ­Малайзия, Жапония, Албания, Австралия, Ирландия мемлекеттерінің БАҚ өкілдері болып, Үрімшінің бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігімен кеңінен танысты. Қытайда, расында да, демократия бар екендігіне көзіміз жетті. Ұйғыр, дүнген, қазақ, қырғыз сияқты аз ұлттардың емін-еркін мешітке барып, күніне бес уақыт намаз оқи алатындығын, бұдан басқа Ислам оқу орталығының көптеп салынып жатқанын көріп қуандық. Ел үкіметі діни мекеменің құрылысы мен жөндеуіне арнайы қаржы бөліп, имамдарға көмек көрсететін көрінеді. Бұрынырақта Батыс журналистері «Қытайда адам бостандығы жоқ» деп жиі жазатын еді. Дегенмен, Аспан асты еліне барып көрмеген адам бұл ақпаратқа сеніп қалатыны белгілі. Осы ­сапарымызда Батыс елінен келген көптеген әріптестеріміздің бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтындығына көздері жетті. Сапарымыз алдымен Шыңжаңдағы Халықаралық көрме орталығынан ­басталды. Көрмеде террорлық актіде қаза болған бейбіт халықтардың суреттері мен түсірілімі журналистер қауымына көрсетілді. Әр жылдары болған бұндай қоғамдық кеселдің салдарынан көптеген адамдар жарақат алып көз жұмған болатын. Қазір, Құдайға шүкір, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында жағдай біраз жақсарған. 33 ай, яғни 3 жылға жуық уақыт ішінде бұл аймақта террорлық шабуыл болмапты. Бұған ең басты себеп Қытай үкіметінің жүргізіп отырған тиімді саясаты болса керек. Шыңжаңдағы Ислам институты да терроризм мен экстремизмге қарсы көптеген істерді атқаруда. Оқу орнында Исламды жастардың бойына сіңіріп қана қоймай, мұсылман баласы кез келген елде болсын сол жердің тыныштығына зор мән беру керектігін үйретуде. Шейх Абдужакуп Тумнияз есімді Жоғары оқу орнының ректоры университетте көптеген игі бастамалардың атқарылып жатқандығын кеңінен атап өтті. Шыңжаңдағы Ислам институтын партия Комитеті мен Шыңжаң Ұйғыр автономиялық округының Халық үкіметі 1982 жылы құрған. Этникалық комиссия (Шыңжаң Ұйғыр автономиялық округының этникалық және діни Бюросы) басқаратын оқу орнының 12 ішкі ұйымы бар. 1987 жылы алғаш рет Университеттің кірпіші қаланды. Ол 7900 шаршы метрді құрап тұр, ал 2017 жылдың күзінде 50 000 шаршы метрді құрайтын жаңа университет пайдалануға берілді. Құрылыстың инвестициялық жалпы көлемі 279 миллион юаньды (соның ішінде 250 миллионды орталық басшылары, қалғандарын жергілікті жерден) құрады. Қазіргі таңда институт 1100 студенттің білім алуына лайықты оқу орнына айналды. Бұл кешенді мекемеде кітапхана, стадион, гимназия, асхана, студенттік жатақхана және ұстаздар мен қызметкерлерге арналған жатақхана бар. Үрімші, Қашғар, Хотан, Қызылсу-Қырғыз автономиялық округі, Ақсу, Турфан, Чанцзи және Іле-Қазақ автономиялық округі сынды 8 аймақта бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Университет ректоры Шейх Абдужакуп­ Тумнияздың айтуы бойынша, оқу орнында тек қана ерлер оқиды. Университет ректоры студенттерге қалай сабақ берілетіндігі жайлы әңгімелеп қана қоймай, білім алып жатқан жастармен жолықтырды. Әртүрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан университетте барлығы да бір отбасының баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатқанын көрдік. Құлжада туып- өскен Ескелді (Эскат) есімді қазақ бізге оқу орнын аяқтаған соң имам болып жұмыс істейтіндігін, ал мешіт кез келген ауылда бар екендігін, ал бұл киелі орынды мемлекет қаржыландырып отыратындығын тілге тиек етті. Рухани әлемге жақын болып келетін қаламгерлерге университет ректоры институттың мешітін көрсетіп таныстырды. Журналистер қауымының сұрақтарына жауап берген ол: «Ислам – бейбітшілік діні. Ислам сөзінің түп-тамыры «салима», «юслиму», «ислам», яғни «бейбітшілік», «аманшылық» деген сөздерден бастау алады, ол Алла Тағаланың «Салам» деген көркем есімімен сабақтас. Ал шариғаттағы мағынасы толық мойынсыну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа жалған құдайларға табынбау» екендігін атап өтті. Үрімші қаласында болғанымызда көптеген зауыт, фабрика, базар, демалыс орны, Медициналық мекеме және тағы да басқа көптеген игі жерлерді аралап көрдік. Үрімшіден кейін Ақсу қаласына қарай жолға шықтық. Қазақстанда Ақсу Павлодарда, яғни солтүстікте орналасса, ал Қытайда Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының оңтүстігінде Қырғызстан мемлекетіне жақын аймақта орналасқан. Ақсудағы Жестгам мешіті 2017 жылы ашылған. Дуолин әкімшілік комитетіндегі 5 мың шаршы метрден астам мешітке 1200 адам сыятын көрінеді. «Айына 1900 адам жиі мешітке келсе, күн сайын бес уақыт намазды 100-160 адам оқиды, жұма күндері оның саны – 400-500, ал Құрбан айт мерекесі кезінде 1200-дей адам мешітке келеді» деді имам Мамат Ахат. Ол хутбуны өз ана тілі – ұйғыр тілінде оқиды екен. БАҚ өкілдері Ақсу қаласының көптеген көрнекті жерлерімен танысып шықты. Ақсу қаласында дәрігер болып жұмыс істейтін Құлжа өңірінде туған Серікжан Ыдырыс есімді ұлты қырғыз баласымен танысудың сәті түсті. Айына 10 мыңдай юань алатын ол Қытайда тұратынына дән риза. 24 қабатты үйдің 18-қабатында тұратын Серікжан Аспан асты елінде көптеген үйлер қазіргі заманға сай сапалы салынып жатқандығын атап өтті. Өзінің тарихи мекені Қырғызстанға сапармен бару болмаса, түпкілікті тұрып қалуды көздемейтіндігін айтты. Өйткені Қытайдың экономикалық жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді. Әрі адамның еңбегін бағалау бар. Соңғы аялдамамыз Такла-Макан шөлінің оңтүстігінде орналасқан Хотан қаласына қарай жолға шықтық. Бұл атақты шөлдің үстінен ұшақпен басып өтудің өзі үлкен әсерге бөледі. Себебі батысынан шығысқа қарай 1000 шақырым, ал ені 400 шақырымға жуық, яғни 300 мың шаршы шақырымнан астам аумақты алып жатқан алып шөлдің тарихы тереңде жатыр. Жергілікті халық бұл шөлді «Тәклимакан қумлуқи» деп атайды екен. «Такла» ­деген арабтың «тастап кету», ал «макан» ұйғырша «қан» деген ұғымды білдіретінін ескерсек, бұл шөлдің адам тұрғысыз мекен екенін білдірсе керек. Дегенмен де, еңбекқор Қытай мемлекеті Такла-Макан шөлін біртіндеп игеріп, өркендетіп жатқанын байқадық. Бұған дәлел, Ақсу мен Хотандағы кейбір шөлді аймақтарға құнарлы топырақ төгіп, жерді көгалдандыру бойынша көптеген игі істер атқарылып жатқанына куә болдық. Тура батыс аймақта орналасқан Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесі уақыт өткен сайын экономикалық тұрғыдан да әрі табиғи экологиялық жағынан да құлпырып, жасыл баққа айналып келеді екен. Хотандағы Нар Багг ауданында орналасқан Камаи мешіті 1848 жылдан бері бар екен. Тарихы әрідегі мешіт 1997 жылы 3 миллион юаньға қайтадан өңделіп салынған көрінеді. 2017 жылы үкімет мешітті қазіргі заманға сай компьютер, кондиционер, өрт сөндіру, қауіпсіздікті тексеретін құрылғы, табиғи газға, медициналық көмекке, ауыз суға байланысты және тағы да басқа көптеген құрылғылармен жабдықтаған. Мешітке күніне 100 адам, жұма күндері 800-1000 адам, ал мейрам кезінде 2000 адам сиятын көрінеді. Мешіт имамы 53 жастағы Абулхасан ибн Турсунияз мешітте ұйғырлар арабша дәріс оқитындығын атап өтті. Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағында осындағы ұлт өкілдерінің түсіністік жағдайында өмір сүріп жатқанын көріп ішіміз жылып қалды. Қай елге де қажеті татулық пен түсіністік қой.

Нұрлан ҚҰМАР

АЛМАТЫ – ҮРІМШІ – АЛМАТЫ

1625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы