• Тарих
  • 15 Тамыз, 2019

Ұлт намысы – Ұлытау

Ұлылықты ұғам Ұлытауды көргенде, Тұрады әр кез еңсесі биік өр кеуде. Ұлытау ұран болыпты бабаларыма Екіұдай дауда даласын жауға бермеуге...

Асқар Алтай, Атыраудың арасы Өр Алатау сұлу Көкше саласы... Нақ ортасы Ұлытау – Сарыарқа даласы Сонша жерді сойылымен сақтаған Оңай емес-ау бабаларымыз шамасы,­ – деп, Кәкімбек Салықов ағамыз бүкіл қазақ тарихын екі шумақ өлеңмен Ұлытау арқылы көрсетсе, бүгінгі Ұлытау қалай деген сұрақ әр қазаққа ой салса керек. Иә, бүгін Ұлытау аймағы мамыра­жай­ жағдайда. Ел егемендік алғанда Ұлытау бауы­рының халқына сол өңірдің мал-мүлкін үлестеріне сәйкес бөліп бергесін, әркім өз жағдайымен шаруа­ларын күйттеп тіршілік етуде. Облыс, аудан басшыларынан сұрасаң: «Ол жерде ештеңе жоқ, әйтеуір халық өмір сүріп жатыр ғой» деп жауап береді. Шынында солай ма? Өткенде Қазақ хандығының 550 жылдық тойына барғанда ауданда 30 мыңдай халық қалғандығын, ал бюджетке жергілікті меншік иелерінен салықтан 3 млрд теңгенің үстінде, «Харекейннен» жер салығынан 1млрд теңгенің үстінде қаржы құйылатынын білдік. Аудан халқының әлеуметтік жағдайының басқалармен салыстырғанда біршама жақсарғанын аңғара отырып, аудан­ республикада, әрі-беріден соң, дүниеде атақ-даңқы бар болуына орай бұрынғы «Жібек ­жолымен» туризмді дамытса халықтын жағдайы бұдан да жақсарар еді ғой деп ойлайсың. «Ұлы Жібек жолы» дегеннен шығады. 1730-1790 жылдары керуен басы болған ұлытаулық Бектемір Софы әулие осы жол бойымен талай рет сапарға шыққан. Ол кісі Ұлытаудағы Басқамыр қаласындағы мыс қорытқан пештерден алтын, күміс, мыс алып, Үнді, Қытай, Парсы елдеріне барып, бағалы бұйымдарға айырбастаған. Оңтүстіктен Самарқанға өтіп, Жосалы,­ Қарсақбай, Атбасар, Бурабай,­ Қызылжар арқылы Ресейдің Тюменіне дейін сауда жасаған. Сол кезеңде Атбасар уезінің жұрты, оның ішінде Бағаналы болысы бақуатты өмір сүрген. Ұлытаудың тарихы әріде жатыр. Адамзаттың ұлы ұстазы, ұлылардың ұлысы Заратуштра бабамыздың алғаш­қы рет Алламен жүздескен жері Ұлытау екені айтылады. Сақ патшасы Томиристің ізі сайрап жатыр.­ «Алтын Орданың» бастау алған жері. Шыңғыс хан ұлы құрылтай өткізіп, Жошының хан сайлануы осы жерде болды. Атақты Абылайдың қолына ханның асатаяғы осы жерде ұсталды. Жоңғар-қалмақтармен шайқастағы (Бұланты бойындағы) алғашқы жеңіс Ұлытау төңірегінде атап өтілді. Қазақтың атасы Майқы бидің киелі топырақта қазақ руларына таңба бөлуі тарихта өшпестей жазылып қалды. Айтулы­ даналарымыз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би осы жерде бас қосып, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып, мәңгілік есте жүрер игі іске ұйытқы болды. Әлі есімде, 1986 жылы еліміздің Мә­дениет күні Ұлытауда өтті. Сол кездегі Мәдениет министрі Ө.Жәнібеков ұлы жердің орны жөнінде тебірене әңгімелеп еді. «Қазақ елінің жағдайының орташа көрсеткішінің қай уақытта болмасын Ұлытауға қарап бағаланғаны жөн» дегені әлі күнге құлағымызда жаңғырып тұр. Ұлытау көптеген тарихи оқиғаларға куә. Амангелді, Кейкі ­батырлар бастаған ұлт-азаттық көтерілісі Ұлытаудан бастау алды. Алғашқы зауыт құрылысы да осы жерде ­салынды. Әйгілі ғалымымыз Қаныш Сәтбаев Томскідегі оқуын бітіріп келгеннен кейін Ұлытау өңірін аралап, Қарсақбай зауытының негізін қалады. Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жақындатуда Қарсақбайда, Жездіде жасалған өнімдердің пайдасы өте зор болды. 1990 жылы республика Министр­лер кеңесі (төрағасы Н.Назарбаев) төралқасының шешімімен Жезқазған мыс комбинаты Ұлытау ауданын қамқорлығына алды. Сол кезде­ ауданның мал өнімдері елімізді айтпағанда Ресей елді мекендеріне дейін жіберілді. Комбинаттың қамқорлығына біз де тиісінше көмектестік. 1992 жылы Францияның Тулуза қаласында дүниежүзілік өндірістік көрме өтті. Көрмеде Жезқазған мыс комбинатының өнімдері жоғары бағаланды. Осы шараға қатысқан ұлытаулықтар келушілерді қазақтың өнерімен, салт-дәстүрімен тәнті етті. 1993 жыл ұлытаулықтар үшін ерекше­ есте қаларлық жыл. Осы жылы Елбасы Н.Назарбаев Ұлытауда болып, жұртшылықпен кездесті. Құрметті қонақ қасиетті «Хан ордасында» бол­ғанда ежелгі дәстүрмен құрмет көрсетілді. Хан шатырындағы ақ киізге жайғасқан президентке хан шапаны кигізілді. Осы басқосу аясында Елбасына ауданның мал, астық өсірудегі жетістіктері жайлы баяндадым. Кезінде өсіп-өркендеп отырған Жезқазған облысы шаруасы­ шатқаяқ­­тап тұрған Қарағанды облысының жағдайын түзету үшін таратылғаны белгілі. Бүгінде Ұлытау ауданы облыстың жер көлемінің 4/1-ін­ алып жатыр. Кезінде аты дүрілдеп тұрған ауданның қазіргі жағдайы ­назар аударуды талап етеді. Бұлай айтып отырғанымызға бір мысал, фермерлер мал өнімін сатып алатын орынның болмауына байланысты қиындықты бастан кешіруде. Ұлытау – ұлт намысы. Ұлытаудың түлегені – ұлтымыздың көркейіп, кемелденгені.

Серік ТІЛЕУБАЕВ, ҚР Мәдениет қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы

928 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы