• Тарих
  • 04 Қыркүйек, 2019

АБАЙ ЖОЛЫМЕН

Абай Құнанбайұлының жолымен қай қазақ жүргісі келмейді дейсіз?! Абай жүрген жол, Абай тоқтаған үй, Абай түскен ел, Абай қонақ болған ауыл, Абай басқан топырақ, Абай шомылған су, Абай шыққан тау, Абайдың Хақ Тағаланың сөзін айтқан жері, қысқасы бүгінде соның бәрі-бәрі аяулы, қадірлі жерлер. Абай туған топырақ, Абай өскен жер – біздің еліміздің руханияты үшін қызыр қонған, құт ұялаған алтын бесік. Қазақтың имандылық бұлағы осы – Жидебай. Жидебай деген – қазақ үшін Құбыла, Мекке мен Медине сықылды қасиетті жер. Осы күнге дейін Абай елінде жеті рет болыппын. Сонау мектеп партасындағы оқушы кезімнен бері жиі баратын атырап. Ақселеулі даласындағы әрбір төбе, қырат, жазығы, өзен-көлі сөйлеп-ақ тұратын аңыз мекен, абыз өлке. Әр барғаныңда әр түрлі ой арқалап қайтасың. Жаның тазарып, рухани байып­ қайтасың. Көкірек шөлін басқан, жүрегіңе иман нұрын құйған Абай сөзінің сәулесімен емделіп қаласың. Ақиқаты – осы.

Шіліңгір шілденің шуақты бір күнінде алашшыл азамат, қазақ руханиятына зор үлес қоссам деген ізгі ниеттегі Ержан дос, аяулы Ержан Еңсебай: «Елдосжан, ағаларды жинап, Абай туған топыраққа экспедиция ұйымдастырайық!» деп ой тастап, бастама көтерген еді. Алғыр азамат­ емес пе игілікті ойын жүзеге асырып, Елорда басшылығының рұқсатын алды. Міне, тағы да сол ұлы Абай туған қасиетті топыраққа сегізінші рет барып келіп отырмын. 2020 жылы Хәкімнің туғанына 175 жыл. Үлкен тойдың алдындағы дайындық жұмысы ретінде «Ұлы Абайдың ізімен…» ғылыми-танымдық, рухани сапар экспедициясы аясында бір топ ғылыми әлеует Нұр-Сұлтан – Қарқаралы – Абыралы­ – Қайнар – Қарауыл – Жидебай­ – Ақшоқы – Бөрілі – Күшікбай кезеңі – Семей бағытында жүріп өтті. Экспедиция құрамында елімізге белгілі ғалымдар ­Марат Әбсәмет, Сұлтан Хан Жүсіп, Сағымбай Жұмағұл, Алмахан Мұхаметқалиқызы, Қарагөз Тілеш, Сафура Төлек, Заңғар Кәрімхан және Алаш суретшісі Алмас Сырғабай бастаған өзге де жігіттер. Экспедиция мүшелері әрбір елді мекенге тоқтап, тұрғындармен кездесу өткізіп, өздерінің кітаптарын сыйға тартты.

Қарқаралы – Алаш пен азаттық идеясы туған тарихи өңір, аңыз мекен. Заманында­ осы Қарқаралы шаһарына Құнанбай қажы да, бала Абай да сан рет келген. Қарқаралы мен Абай бір-бірінен бөліп жаруға келмейтін егіз ұғым. Абайдың нағашы жұрты да, қайын жұрты да – осы топырақ. Осы топырақтан қасиетті Ұлжан ана, Ділдә бәйбіше жаралды. Абайдың бойына қонған ақындық қасиет те осы топырақтан дарыған еді. Нағашылары атақты сөз зергерлері Қантай мен Тонтай,­ түп тамыры Бертіс би еді. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан, бесіктің жақсысы – ағашынан» деген қазақтың сөзі. Қарқаралыны Абайдың нағашы елі деп келген соң, әуелі Құнанбай қажы мешітіне кіріп, зиярат етіп, құран оқыдық. Сосын, мешіттің маңында ашылған Құнанбай мен бала Абай ескерткішіне тағзым етіп, Абай түскен «Көк үйге» (Бұл атақты ағайынды Бекметовтердің үйі) кіріп, қонақ болдық. Абыралы – Шәкәрім қажының нағашы жұрты. Шәкәрім атамыздың ұлы анасы Төлебике (Азан шақырып қойған есімі – Дәметкен) осы Абыралы жұртына сөзі өткен, осы елдің болысы һәм төбе биі болған Алдаберген бидің қызы еді. Алдаберген мырза тарихта есім-сойы жазылып қалған қайырымды би болған. Ата жөнімен тартқанда, Алдаберген­ би Арғынның Қаракесек руынан, оның ішінде Кедей табынан екен. Кедей деген ел аз ғана ағайынды ел. Экспедициямызға жетекшілік еткен Ержан Серікболұлының сүйегі де осы – Кедей табынан өнген. Бесікте жатқанында-ақ еліме төре, жұртыма жолбасшысы боламын деген азамат бізге тарихи Абыралыны көрсетті. Қареке тау сілемдеріне қарап, боз жусанды иіскеп, қасиет қонған дала-бесікке аунап өттік. Қайнар – хәкімнің де, Құнанбай бабаның да ат шалдырып, ары-бері өткен жері. Қазақтың тарихындағы қилы-қилы мәселелер осы топырақта шешілген. Құнанбай баба кеңес құрған жер. Қайнардың бір биігінде елдік мәжіліс болғанын ел ұмытса да, тақуа тарих ұмытпаған-ды. Дәл осы Қайнардың бауырында академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, үлкен энциклопедист-ғалым Рымғали Нұрғалиұлы туған. Экспедиция барысында бала Рымғали туған, өскен үйдің қадірлі қонағы болдық. Әрі ғалым әрі жазушы болған қазақтың Рымғалидай абадан ұлы осы үйіне ақтық демі таусылғанға дейін жиі-жиі келген­ екен. Бүгінгі үй иесі – Мәдениет Мәметовтің айтуынша, әрбір келген сапарында жанына ақын-жазушы бауырларын ертіп келіп жүреді екен. Бұл үйде бүгінгінің сал-серісі Аманжол Әлтай, Балғынбек Имаш, Дәулеткерей Кәпұлы сынды шәкірттері келіп, қонақ болғаны дүйім Қайнар елінің айтып жүрер аңызына айналыпты. Үлкен ғалым ағамыз өскен үйіне, балалық шағының белгісі болған жеріне ескерткіш тақта орнатамын деп жүргенінде, қапияда өмірден өтті де кетті деп мұңайды үй иесі. Мәдениет зайыбы Тұрсынғайша Сағымбайқызы екеуі академик-жазушының үйін 2002 жылдың қыркүйегінде ғалым ағамыздың інісі Айғалидан сатып алған екен. Енді, бұл тарихи үйді қастерлеп, жыл сайын күтіп отыр. Академик туған үйден тағы да зор академиктер шықсын деп тілек білдірдік. Экспедицияның Қайнарға аялдауының тағы бір мәнісі – академик Рымғали Нұрғали 1995 жылы өзі басқарған «Қазақ энциклопедициясы» баспасынан «Абай» энциклопедициясын шығарған болатын. Бұл – қара өлеңнің пайғамбарының торқалы тойына тарту болса және қазақ тарихындағы тұлғаға арналған тұңғыш әрі толымды еңбек еді. Қайнардан Қарауылға бет алғанда, Шаған өзенінің бойындағы Ике жазығына аялдадық. Дәл осы жерден Абыралының территориясы тамамдалып, Абай елінің аумағы басталады. Ике жазығында атақты Ике Әділұлына қойылған ескерткіш тақта бар. Ике Әділұлы (1881 – 1938) – қазақтың ақ жүрек жомарты, Шаған болысының болысы. Алаш заманында қазақ оқығандарын қолдап, Алаш әскеріне қаражат берген, игі істерге себепкер болған меценат. Совет үкіметіне қарсы күрес жүргізген қайраткер. Дәулетімен ұлтына қызмет еткен қайран ерді совет билігі тұқым-қиянына шейін отап тастап еді. Бүгінгі мына мамыражай еркіндік кезеңінде асыл ағаның ұрпағы белгітас қойып, ұлықтаған екен. Күре жолдың бойы­мен әрі-бері өткен жолаушылар ендігіде Икедей баяғының қорған болған байымен танысып жүр. Паһ, шіркін, Қарауылға жақындаған сәтте-ақ көз алдымызға Жидебай, Мұсақұл төбе, Ақшоқы, кіші Ақшоқы, Аралтөбе, Бөрілі, Сырт Қасқабұлақ. Балашақпақ, Ойқұдық, Ералы жазығы елестей бастады. Бұл жерлердің қай-қайсысы да данышпан хазіреттің есімімен тығыз байланыс­ты тарихи жерлер еді. Мұзарт жазушы Мұхтар аға Әуезов: «Жер әңгімеші болған соң, ел әңгімеші» деген екен. Рас, міне, көлікте отырған ғылыми әлеует мүшелері әр жердің атауының этимологиясын тәптіштеп айтып, ескі аңызды жаңғыртып келеді. Сөз тізгіні – ақын, абайтанушы ­­Алмахан Мұхамедқалиқызында. Бұл кісі ұзақ жылдар бойы Семейдегі республикалық «Абайдың Жидебай­ – Бөрілі» қорық-музейінде қызмет еткен,­ абайтанудың хас білгірі Қайым Мұхаметханұлы мен Абай шырақшысы болған Төкен Ибрагимовтің шәкірті. Соңғы он жылдың ішінде Елордамызды­ Абай нұрымен сәулелендіріп жүрген руханият адамы. Ақын апамыз айтқан әңгімені ұйып тыңдап келеміз. Жер-су атауларын естіген сайын «Абай жолы» роман-эпопеясы есіңе түседі. Әр сөйлемі, әр жолы таныс романды санамызда жаңғыртып, кино көріп келе жатқандай әсерде болдық. «Абай жолы» романы турасында біртуар Қаныш аға Сәтбаев «Қазақтың энциклопедиясы» деп айтқандай, өміріміздің өзегіне айналған Абай дидарына бетпе-бет келіп отырмыз. Ақ таң рауандап атып, Шыңғыстауды күн құшағына қысқанда, біз Жидебайға бет түзедік. Ұлының мәңгілік тыныс тапқан жеріне, Оспан-Абай, Шәкәрім-Ахат мавзолейіне. Хәкімнің қабірі маңында Зере мен Ұлжан ананың, Құдайберді ағаның, Ғабитхан молданың бейіттері бар. Әуелі абзал аналардың һәм Құдайменде көкесінің, сүйікті бауырларын оқытқан Ғабитхан молданың рухына құран бағыштап, алып кемедей созылған үлкен мавзолей-кешенге барып, Абай атаға деп бір Фатиха шариф, Шәкәрім қажыға деп бір Ықылас шариф оқыдық. Жидебайдағы музейдің жетекшісі, қос ұлының бейітін күзеткен Нұржан Байтөс тарих парағын қопарып, есті әңгіме айтып, көптің көңілінен шықты. Ендігі мұрат – Ақшоқы. Құнанбай бабаның қорымына бару мақсат еді. Осы жылдың мамыр айында түсіме Құнанбай қажы кірген еді. Сізге өтірік, маған шын. Түсімде қажы тәу етіп келуімді сұрады. Аруағы шалқар баба! Бұрындары Ақшоқыда болмап едім. Бұл ісім – олқылық екен. Міне, енді сәті де, реті де келіп отыр. Құнанбай әулеті қорымында қажы, Әбіш, Ысқақ, Мағауия, Әуез, Ізғұтты, Кәкітай һәм олардың жамағаттары жерленген. Қажы қорымының жанында Мағауияның ұлы Жағыпар, қызы Кәмила, бәйбішесі Дәмегөй, немерелері Ғазел мен Ишағы жерленген. Құнанбай әулетінен құран дәметкен күллі аруақтың рухына фатиха оқыдық. Бесін ауған сәтте Бөріліге жеттік. Ұлы Әуезовтің «Қоңыр анасы» атанған Бөрілі. Бірінші музейге кіріп, Әуезовтің балалық шағымен, әлемімен таныстық. Сосын Омархан әке мен Нұрғаным ананың мазарына кіріп, дұға еттік. Семей – қазақтың Санкт-Петербургі еді. Қазақ тарихындағы үлкен шаһар, әдеби-мәдени орталық. Бұл шаһарға сан мың мәрте Құнанбай қажы келіп, орыс ұлықтарымен ел мәселесіне алаңдап, ­жоспар құрған. Хәкім Абайдың классикалық білім алған ортасы. Абайдың бауырлары мен балалары оқыған білім ошағы. Әнияр Молдабайұлының болашағынан мол үміт күтіп, оған үй сатып алып берген Абай ата – жас талапқа үлкен қолдау көрсетті. Әнияр – Абай артқан сенімнен шыққан, ақын салған инвестиция жемісі еді. Әниярдың үйі – Алаштың үйіне айналды. 1917 – 1922 жылдары бұл үйде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы отбасыларымен тұрған аяулы шаңырақ. Бүгінде сол Әниярдың құтты үйі – «Мұхтар Әуезов және Алаш арыстары»­ музейі ретінде халыққа қызмет етіп отыр. Әуелде бұл үй – Абай музейі ретінде ашылған болатын. Дәл осы үйге Абай ­баласы Ақылбай да, Мағауия да, Турағұл да, Кәкітай да келіп түскен. Шәкәрім қажы қадірлі қонағы болған. Семейдегі Абай музейінің қорына ­танымал суретші, қылқалам шебері Алмас Сырғабай өзінің «Абай» атты картинасын сыйға тартып, музей басшысы, белгілі ғалым Жандос Әубәкірге ұсынды. Келесі жылы мерейтой аясында осы экспедиция барысында салынған суреттерінің көрме-галереясы өтеді. Экспедицияның қорытынды жұмысы туралы даярланған арнайы жинақта жарияланады. Абай жолы – оның толық емес алпыс жылдық ғұмырына куә жерлер мен орындар. Тағы да қайталап айтар жайт: ол жерлердің әр сүйемі, әр тасына дейінгі заттардың бәрі – таным ортасы, тағылым мектебі, өркениет ошағы. Кемеңгер Міржақып Дулатұлы: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Бірінші ақынымыз деп қабіріне халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күнді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» деген екен. Сол сөз ақиқатқа айналды. Абай – рух! Абай – темірқазық! Әр қазақ Абайды толық танып білгенде ғана, елдігіміз бекем, ұлттық намысымыз тұғырлы болады. Әр қазақ Абайды іздеуі керек, оның туған, өскен жеріне барып, тәу етіп, зиярат етуі тиіс. Абай жолымен әркім де жүре береді ғой. Мәселе сол – ол қалай жүрді? Не ұқты? Абайды тани алды ма екен?!

Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы-зерттеуші, «Ұлы Абайдың ізімен...» экспедициясының мүшесі

2140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы