• Әдебиет
  • 03 Қазан, 2019

«БАЛДЫРҒАН» БАҒЫН АШҚАН АҚЫН ЕДІ

Осыдан алпыс бір жыл бұрын, 1958 жылы, мәдени-рухани әлемімізде қазақтың ұл-қыздарын қатты қуандырған айрықша оқиға болды. Ол – көп ұзамай-ақ жүздеген мың таралымға жетіп, әлі күнге дейін жарық көруін жалғастырып, балғын оқырмандардың да, ұрпақ қамын ойлаған үлкендердің де сүйікті басылымы биігінен аласармай шығып келе жатқан «Балдырған» журналының қолға тиуі. – Дәл сол уақытта мен Абай атындағы педагогикалық институттың филология факультетінде оқитын едім. Мұзафар Әлімбаев ағамыз редакторлық жасап, балалар әдебиетінің бағын жарқыратып жүрген ақын, жазушы ағаларымыз қызмет істейтін журнал маған да ұнады. Жаңа-жаңа ғана жазуға төселе бастаған, дегенмен жазғандарыма үркектей қарап, сәттілігіне сенімім әлі де бекемдене қоймаған шағым, не болса да апарып көрейін деп, екі-үш өлеңімді өз қолыммен редакцияға жеткіздім. Соның бірі – «Нөсер» еді, басылымның кезекті санында – не бір әрпі, не тыныс белгісі өзгермей, қаз-қалпында жарық көрді. Менің балалар тақырыбына батыл барып, білек сыбана кірісуім содан басталған, – деп қабағын кере риза көңілмен сыр тиегін ағытып еді Абдрахман Асылбек ағамыз.

Бұл 2016 жылдың мамыражай мамы­ры­ның нұрлы шуағын төгілтіп тұрған күндерінің бірі болатын. Ағаның жасы тура 78-ге келген күн. Астында аппақ оймақтай машина. Қасындағы орындыққа қатарласып отырғанда байқадым: сырты қалай жарқыраса, іші де дәл сондай тап-таза екен. Терезелері де айнадай жарқырап тұр. Кейін үйінде де талай рет болдым. «Жеңгеңнің Ақтөбеден бір әпкелері келіп, солармен кетіп еді» деді, одан кейінгі барғанымда да тағы бір себеппен ол кісінің үйде жоқтығын айтқан. Жазу бөлмесін көрдім, ас үйінде отырдым, сонда бір нәрсенің шашау шығып тұрғанын көзім шалмады. «Е, бұл кісі тазалықты, реттілікті бәрінен биік қоятын қылап жан екен-ау» деп ойладым. Кейін, әбден араласа келе, дәл ойлағанымдай өте ұқыпты екеніне әбден көңілім ұялады. Әлгі жинақылық жағы Абдрахман ағаның жазған-сызған, жарық көрген дүниелерінің бәрі-бәрінен көрініп тұрды. Әр қағазы қаттаулы, тасқа басылған әрбір материалы сақтаулы. – Сен «Жар-жар» әнін білесің бе? – деп сұрады Әбекең. – Таза қазақы әуендегі халық әні ғой. – Дұрыс айтасың. Әнін кім, қашан жазғанын білмеймін. Әуелі халықтыкі болып кеткен сол әннің сөзін, осы заманға лайықтап жазған мен едім, – деді жылы жымиып. – Солай ма?! – дедім таңдана басымды шайқап. – Өз басым алғаш рет ауылда, 1972 жылдың жазының жейдешең жүретін ғажап күнінде өткен тойға барғанда естідім. Алматының мединститутында оқитын бөлем Әділхан мен әйгілі Кенен атамыздың ең кенже қызы Ақбілектің үйлену тойы өтті. – Онда сен ол ән әрбір үйлену тойының сәніне айналғанына он үш жыл өткенде естіпсің. – Анығында солай, Әбеке, «комсо­молдық үйлену тойларының» кең қанат жая бастаған кезі. Оның кейбірін еңбекке араласып, бірі сауыншы, екінші тракторшы болып жұмысты жалындатып жүрген екі жас отау құрса, шаруашылығы шалқыған колхоз, совхоздың басшылары бүкіл тойдың дастарқан шығынын көтеріп, әдемілеп өткізіп беретін. Газет журналистері оны «Жаңаша той – тамаша той» деп дәріптеп, мақала жазатын. – Иә-иә, сондай тойдың бірі 1959 жылы біздің Талас ауданында өткен. Институттың ақырғы курсында оқитын едім. Алматының басқа да жоғары оқу орындарында ауылымыздың қыз-жігіттері білім алатын. Ішінде атақты жылқышы, Социалистік Еңбек Ері Байқошқар атаның баласы Берден де бар. Сол ­досымыз Сәбираға үйленетін болды да, жігіттеріміз қолқалап «Жар-жар» әнінің мәтінін жаңаша үлгіде жазуды тапсырды. Түні бойы толғанып: Осы өмірге лайық отты жағып, жар-жар, Келеді, әне, екі жас топты жарып, жар-жар. Үлкені мен ауылдың жасы мұнда, жар-жар, Жас келінді көруге асығуда, жар-жар, – деп басталатын төрт шумақтық өлеңімді жаздым. Совхоз директорының қабылдау бөлмесіндегі механикалық машинкаға он шақты дана етіп бастырып, алғаш рет өзіміз Берден мен Сәбираның үйлену тойында айтып шықтық. Елге ұнағаны сондай, соңында қолымыздағы ән сөзі жазылған қағазымызға «маған бер, маған бер» деп, таласа-тармаса жармасып, әр жаққа алып кетті. «Жар-жар» осылай жаңарған үлгіде жұртқа жайылып, қазағы бар ауыл демей, қала демей кеңінен ­тарады. Қытайдағы қандастарымыз да, Моңғолиядағы бауырларымыз да, Өзбекстан, Түркіменстандағы иісі қазақ жастарының үйлену тойларының ешбірі де сол әнсіз өтпейтін жағдайға жетті. ­Авторы айтылмайтын, халық әні сипатын иеленді. «Айналайын халқым-ау, жұртым-ау,­ «Жар-жардың» осы сөзін жазған мен едім!» деп кімге айтып, жар салайын?! Шақыру билеттері мен ән жинақтарында менің авторлығыммен басылып жүргенін көрсетіп, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы жөнін­дегі комитетінен арнайы тіркеу куәлігін алдым. – «Жар-жар» біз үйленген тойда да шыр­қалды. Бірақ әлгіндей тарихы барын білмеппін, тіпті мән бермеппін, – дедім ағымнан жарылып. – Менің жаңартып жазған «Жар-жарым» шырқалған тойдан кейін арада бір жыл өткенде Сәбира кішкентайлы болып, оның атын Салтанат қойған. Бүгінде Қазақстанда оны білмейтін қазақты табу қиын шығар. Адам репродукциясы жөніндегі республикалық қауымдастықтың президенті, медицина ғылымының докторы. Алматыда тұрады. Бала көтеруі кешеуілдеген, сөйтіп шаранаға зар болып жүрген жүздеген әйелдерді жасанды тәсілмен ұрықтандыру арқылы шексіз қуанышқа бөлеп, қазағымыздың санын көбейтуге елеулі үлес қосып жүр. Салтанатты ұшыратқан сайын, осыдан алпыс жылдай бұрынғы ауылда өткен әдемі той көз алдыма келеді. Біз өзіміз де жап-жас, әдемі едік. Міне, сексеннің төбесі қылтиып көрініп қалды. Ал «Жар-жарымыз» сол қалпында, өзгеріссіз әрбір үйлену тойында айтылып, халықтың қимас дүниесі болып келеді. – Шынында, бұл ескірмейтін, қазағымызбен бірге жасай беретін, тамаша,­ сөзі әбден екшелген дәстүрлі ән. Солай екеніне ешкімнің күдік-күмәні, дау-дамайы­ бола қоймас! – дедім мін шалмайтын мәтінін халықтық дейтіндей деңгейде жаза білген Абдрахман ағаны желпіндіріп. Әсте, «Жар-жар» А.Асылбектің әнге арнап сөз жазған әуелгі дүниесі болса керек. Ол талпынысы сәтті шыққан соң, әдемі әуеніне үйлесетін мәтін іздеген сазгерлер біртіндеп ықылас аудара ­бастайды. Олар кімдер еді? Қазақ аспабын сырлы да сазды әуенімен әлдилеп, тыңдаушы халықтың көңіліне нұр-шуақ құйғаны, Садық Кәрімбаев, Еркеғали Рахмадиев, Алтынбек Қоразбаев, Мэлс Өзбеков, Ескендір Хасанғалиев, Жоламан­ Тұрсынбаев, Әшірхан Телғозиев, Әбиірбек Тінәлі, Қуат Шілдебаев, Гүлнәр Дәукенова, Бейбіт Оралов, Медеу Арынбаев, Мақсат Жүсіпов, Ділмұрат Бахаров, Дүйсенхан Сыздықов, Жеңіс Сейдоллаұлы, Әлия Бүшікова, Нұрлан Еспанов, Ғалым Есімбергенов, Владимир Питерцев, Марат Ілиясов, Иван Бреусов,­ Рамаль Галимов, Серік Сыздықов, Әліби Әбдінұров. Бұл тізім осымен бітпейді, жалғасады. Жалғастырушы сазгерлер­ Әбекеңнің қазағымыздың рухани еншісіне мол мұра етіп қалдырған том-том жыр жинақтарының ішінен көңіліне шуақ шашқан махаббат, туған жер, бауырластық сезім күйін тербейтін өлеңдерін немесе балаларға арналған жақұт жырларын таңдап тауып, әсем әуеніне өзек етеді. Ал менің әзірге ұсынған аты-жөндерім ән мәтіндерін жазуда алдына жан салмастай болып ысылған хас шебердің «Жар-жар» деген атаумен жарыққа шыққан 10-ыншы томына енген ән авторлары ғана. Осы көп томдығына қатысты көңіл қалтарысымда айтылмаған сөз қалмау үшін тоқтала кетейін. Алдындағы томдарының бәрі көздеген уақытымызда бірінен кейін бірі, тура қарашаның қаздарындай тізіліп шығып еді. Мына ән кітабы ұзады, «толғағы ауыр болды». Олай болатыны, Әбекеңнің өлең сөздері нотасымен қатар басылуы қажет. «Талғат, сәл күте тұр, пәленше нотасын пәлен күні қолыңа тигіземін деп уәде берді» дейді. Содан айтқан уақыты жетеді, одан кейін тағы да ұзайды. Ол кісі Алматы технологиялық университетінің көп тиражды газетінде редактор еді, кезекті басылымның ­материалдарын дайындаймын деп бірер күнін өткізеді. Қолы босағанда сазгерге хабарласады. Уәделі мерзім әрмен қарай сырғиды. Сөйтіп жүріп жүрегі сыр беріп сырқаттанып қалды. Ауруханаға жатып емделіп шықты. Мен есімін ауызға алмай отырған әйгілі сазгердің нотасынан хабар болмады. Қашанғы шыдасын, алқымнан алған ойын айтып салды. Емделіп жатқанда өзін де, өзгелерді де долбарлап емдейтін бір дәрігердің жұмысына көңілі толмаса керек, оны берген уәделі сөзінде тұрмайтын сазгерге қосақтап: – «Сауатсыз болсаң сазгер боласың, жауапсыз болсаң дәрігер боласың» деген мақал шығардым, Талғат. Консерватория бітірген кәсіби сазгерім ән шығарғанмен, оны нотаға түсіре алмайтын секілді. Сондықтан мына соңғы томымның бағын байламай, сол нотасы мен әнінсіз-ақ шығарып жіберейік, – деді. Сонымен, сатирик-ақын, балаларға арнап та керемет өлеңдер, жаңылтпаш, жұмбақтар, ертегілер жазған, Крыловты тура өз өлеңдерінің үлгісінен, өлшемінен ешбір ауытқытпай тәржімалаған ғажап аудармашы және азаматтық ойын жазбаларында ашық білдіріп, үзбей үн қосып жүрген ардақты ағамыздың он томдық таңдамалы шығармалар жинағы небәрі екі жарым айдың әлетінде, аз ғана таралыммен жарық көрді. «Ешкімнен демеу, сүйеу күтпеймін. Мезгілі жетеді, алайда оған дейін қаншама жылдар керек екендігін бір Құдай ғана біледі, міне, сол заманда мені іздейтін кісілер табылады. Мына өзім екшеп, өзің басқаратын «Тоғанай Т» баспасынан 100 данадан ғана шығарған кітаптарым сонда іздеуші-сұраушыларым үшін дап-дайын қазына болады» деді ағамыз. Енді Әбекеңнің он томына барынша қысқа да нұсқа сөздермен түсінік бере кеткенім жөн шығар. Әдебиеттегі жолын балалар тақырыбына арнағандықтан, бірінші томына «Жапырақтар» деп ат қойды. Оған әр жылдарда «Жазушы»,­ «Жалын», «Мектеп», «Балалар әдебиеті» баспаларынан басылып шыққан «Жапырақтар», «Балам туралы баллада», «Түрлі-түрлі бала бар», «Светофор сыры», «Алтын арай», «Ақ тілек», «Балбұлақ», «Балғын балалық», «Қызғалдақтар жыры» жинақтарынан іріктеліп алынған шығармалары енген. Ал екінші томы сөзін өзі, әуенін Е.Хасанғалиев жазған «Ерден атайдың ертегісімен» басталады.­ Одан соң, қолына алған оқырман автордың өлеңмен жазылған отыз сегіз ертегісін оқи алады. Үшінші томы автор­ мектеп жасына дейінгі балалар мен төменгі сынып оқушыларының музыкаға деген ынта-ықыласын арттыруды, есту, тыңдау, дене қимылдарын жетілдіруді мақсат еткен сахналық ойын сценарийлері мен өзі сөзін жазған әндерді жинақтаған. Осыған орай кітап атын «Ойын ойнап, ән салмай» деп қойған. «Ұр, тоқпақ» атты төртінші томына,­ аты айтып тұрғандай, адам бойын­да кездесетін келеңсіз қылықтар, жаман әдеттерді мысқылдап, әжуалайтын, қоғамдағы парақорлық, жалақорлық, нашақорлық, алаяқтық секілді дерттерді өткір тілмен сынап-мінейтін сатиралық өлеңдерінен, пародия­ларынан тұрады. Бесінші томына арналған алғы сөзінде автор «Мен бұл кітабымды «Балық пен халық» деп атауым тегін емес. Тек біздің ғана емес, бүкіл елдердің Конституциясында демократиялық үрдіс белгіленген. Яғни мемлекеттің әрбір мүшесі өз ойын еркін айтуға тиісті. Егер олай болмаса, демократияның құны бес тиын» деп бастапты. Қомақты жинақтың үлкен бөлімі 1986 жылы «Жазушы» баспасынан басылып шыққан «Сауысқанның сәлемі» кітабындағы сатиралық туындыларынан тұрады. Қалған бөлімдері тәуелсіздігімізді алған тоқсан бірінші жылдан соң жазылған мысалдар мен мысқылдарынан құралған және аттары да «Мысалдар», «Мысқылдар» деп аталады. А.Асылбек әйгілі орыс мысалшысы И.А.Крыловтан көп үйренген сатирик-ақын. Мысалдарын құштарлана оқып қана қоймай, бар болмысымен беріліп, тура түпнұсқасындағыдай етіп аударуға барынша ұмтылған. Буын, бунағына, иірім-ырғағына, әрбір жол тармақтарына дейін сақтаған. Алтыншы томы тұтасымен Әбекеңнің аудармашылық шеберлігін ашып беретін ұлы орыс мысалшысының туындыларынан тұрады. А.Асылбектің «Көкорай көктем» деп аталған жетінші томының да жөні бөлек. Оған «Көкорай көктем», «Бозторғай» және «Жүрек жырлайды» жыр жинақ­тарындағы ағайын-туыстарға, елге, кіндік қан тамған топыраққа деген лирикалық өлеңдері іріктеліп енгізілген. «Менің мінезім», «Алтын Отан аясында», «Алматы – арман қала», «Өмір өрнектері», «Алтын адам», «Мәңгілік Мұқағали», «Махаббат миниатюралары», «Естен кетпес есімдер» деген тараулардан тұратын сегізінші томын «Ағынан ақтарылып» деп атаған. Енгізілген өлеңдерінің бәрі бертінде жазылған Отан, адамгершілік қасиеттер, махаббат, сүйіспеншілік сезімдері тақырыбындағы тың дүниелер. Автордың заманды гүлдендірген еңбек адамдары мен қарапайым жандар арасындағы кісілік қарым-қатынас, достық пен махаббат, елді зұлым жаудан қорғаған ерлер жайында жырлайтын балладалары кезінде талғампаз оқырмандар тарапынан дұрыс бағаланып, сыншылар мен әдебиет зерттеушілері назарынан тыс қалмағаны да есімізде. Тоғызыншы томы сол балладалары мен дастандарынан түзілген. Ал оныншы томы ­туралы жоғарыда аз-кем болса да айтып өттік. Бұл жинақтарда А.Асылбектің қаламынан шыққан бар шығармалары дерлік қамтылды дей алмаймыз. Өскелең ұрпаққа өз атымнан алқаланып баратындары осы дүниелер болар-ау, ­шамасы деп, том-томға топтастырғандары ғана. Әйтпесе, ол кісі публицистика, әдеби сын жанрында да бір кісідей қалам сілтеп, атсалысқан қарымды қаламгер. Ол – ол ма, қасиетті Құран кәрімді де бір кісідей зерделеп, тұтастай өлеңмен жырлап шыққан арқалы ақын. Жарық көруіне қатысып, редакторлық үлесімді қосқан он томдығы қолына тиісімен, «Әкем үлкен молда болған, онда да діни сауаты терең адам еді» деген сөзді аузынан тастамай, өмірінің қалған бөлігін киелі кітапқа арнады. Бір жылға жетер-жетпес уақытта барша жұрт жеңіл қабылдайтын өте ұғынықты тілмен жырлап шықты. Өзім білемдікке салмай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы білгір дін иелерінің талқысынан өткізейін деп, оны да орындады, құптаған, басылым болып жарық көруін қолдаған құжат қағаздарын алды. «Бұл менің ниетім» деп, бүкіл қаржылық жағын өз есебінен көтеріп, «Қасиетті Құран – мәңгілік мұраң» деген атпен, өте сапалы етіп бастыртып шығарып, өзінің сексен жылдық тойы қарсаңында елге ұсынды. Асыл ағамыз тура осы күндерді күтіп жүр екен. Жазушылар арасында ел-жұрттың, қалың қауым оқырманның, елден әдейілеп келген ағайын-туыс, бауырларының басын қосып өткізген мерейтойынан кейін көп ұзамай мәңгілік ұйқыға кетті. Қазақтың мақтанышы, мерейі болған арыстарымыз жерленген «Кеңсайда» емес, Тараздың жанындағы «Тектұрмастағы» әкемнің жанына апарып қойыңдар ­деген аманатын ардақтаған ағайын-туыс, ұрпақтары дәл солай орындады...

Р.S.

Абдрахман аға бақилық болғанға дейінгі екі жыл ол кісімен ағалы-інілі адамдардай жақсы араластық. Оған тұратын мекен-жайымыздың жақындығы да оң әсер етті. Күн демей, түн демей «келіп кетсеңдер қайтеді» деп, телефон шалады. Әбекеңе бар-жоқты сылтау етпей, жақсы көретін жиенім Мұсаны ертіп, жетіп барушы едім. Сондай күндердің бірінде: «Менің шығармашылығым жөнінде бір кісідей білесің. Жүректегі жылы сөзіңді де ақтарыла айтып жүрсің. Осы ықыласыңа ризамын» ­деген-ді.­­­ Сонда: «Биылғы 2018 жыл – Сіздің жыл ғой, аға. Жыл аяғына дейін өзіңіз тұшынып оқитын бір мақала жазармын» деп едім. Өкінетінім, Әбекең көкем ол күнге жете алмай кетті. Енді, міне, «ештен – кеш жақсы» дегендей, осы материалды ұсынып, асыл ағаның жүрген жері жұмақтың төрі болғай деп отырған жайым бар...

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы

1008 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы