• Әдебиет
  • 06 Қараша, 2019

Абыройлы асу

Әлі есімде, 1986 жылдың жайдары жаз маусымы еді. Ол кезде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде еңбек жолымды енді бастаған жас тілші кезім болатын. Бірде әлдебір шаруамен Чкалов көше­сі­нің басындағы облыстық радионың ғимаратына бара қалдым. Қарсы алдымнан жолыққан толықша келген жылы жүзді жас жігіт: – Жүр, бауырым! Бізге хабарға келдің бе? – деп елпілдей қарсы алды. Жасыратыны жоқ, ол кезде Қара­ғанды қаласынан радио мен телехабарға түсіру үшін қазақша жатық сөйлейтін адам табу оңай шаруа болмайтын. Бұл жігіт радиожурналист Айтбай Сәулебеков екен. Мен өзімді таныстырдым.

«Жақсыда жаттық жоқ» деген емес пе? Аңқыл­дап тұрған ақкөңіл азамат екен. Содан бастап біз тонның ішкі бауындай жақын араласып кеттік. Радиожурналистика саласында қызмет атқарып жүргенімен, Айтбай газетке проб­лемалық мақала жазуға да шебер қаламгер екен. Бұған да көп ұзамай көзім жетті. Жаңадан ашылған облыстық жастар басылымы «Қарағанды жастары» газетінің бірінші санына материалдар жинақтап жүргенбіз. Бір күні редакциямызға Айтбай Сәуле­беков емен-жарқын қалпымен аңқылдай кіріп келді. – Бауырым, мына бір материалды «Қарағанды жастары» үшін арнайы жазып әкелдім. Көптен бері көңілімді мазалап жүрген үлкен мәселе еді. Кәделеріңе жарап жатса, көре жатарсыңдар, – деді. Кеңес Одағының заманы еді. Отырған орындық­тары сықырлай бастағанымен, коммунистік партия мен комсомол ұйымы билік басында әлі де мығым отырған болатын. Ал Айтбайдың материалы – комсомол-жастардың шопандар бригадаларын тас-талқан етіп сынауға арналған. Мектепті енді ғана бітіріп, қой отарының соңында салпақтап жүрген қазақ жастарының мүшкіл халін боямасыз көрсетіп, сын садағына алған. Журналист Айтбай Сәулебековтің «Қара қойдың соңында – қара бала» деп аталатын сол проблемалық мақаласы 1989 жылдың қазан ­айында «Қарағанды жастары» газетінің бірінші санының тұтас бір бетінде жарқ ете қалды. Ал осы өзекті тақырыптағы материалдарды республикалық ­басылымдар тек бірер жылдан кейін ғана жария­лай бастады. Осыдан тура 40 жыл бұрын, 1979 жылдың жазында Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің сол кездегі редакторы, есімі республикаға белгілі ғалым-журналист Рамазан Сағымбеков өндірістік тәжірибеден өтуге келген Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің студенті Айтбай Сәулебековті бұйрық бойынша екі айға тілші етіп жұмысқа қабылдапты. Редактор Рамазан Сағымбеков қала­мы ұшқыр жас жігітті оқуын бітірген соң өзі басқаратын облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне қызметке шақырады. Алайда университетті бітіріп, үш айлық офицерлік курстан өтіп, қолына «Қара­ғанды обкомының қарамағына жіберілді» деген жолдамасын алып, қуанып жетке­нінде Рамазан ағасы­ның 15 күн бұрын Қарағанды обкомы бюросының солақай шешімімен қызметтен босатылғанын естіп, қатты қапаланады. Содан кейін облыстық радиода ­редактор, кейін аға редактор болып қызмет атқарады. – Мен Рамазан ағаны өзіме ұстаз санаймын. Қарағандыдан Қарқаралыға көшіп кетіп, ауырып жатқан кезінде, арнайы барып, сәлем бердім. Өкінішке қарай, кезінде Қазақстанның жалғыз журна­лис­тика факультетінде дәріс берген, облыстық газеттің редакторы болған Рамазан Сағымбековтің ардақты есімі ұмытылып бара жатқаны қынжылтады, – дейді ол бүгінде. Біздіңше, Айтбай Сәулебек тек журналист, публицист, ақын-жазушы ғана емес, ол қашанда халықтың мұң-мұқтажын барлық мүддеден жоғары қоя білетін азамат. Ол жазған қазақ әйелдерінің ауыр тұрмысы мен қайсарлығы туралы «Қазақ әйелі», жазықсыз жалаға таңыл­ған «халық ­жаулары» көрген азап пен қорлық жайлы «Қарлаг қасіреті», қоршаған ортаның бүлінуі мен улануы жайындағы «Арқадағы «тажал», 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қарағандылық жастар туралы «Ұлтын сүйген ұландар», Қорғалжын қорығындағы құрып бара жатқан қоқиқаздар жөнін­дегі «Королеваға арналған сый», қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапқан қарағандылық академик туралы «Жусан құдіреті», Балқаш өңірінің экологиялық мәселелері жайындағы «Бағы тайған Балқаш» деп аталатын проблемалық материалдары тақырыбының өзектілігімен, өміршеңдігімен қымбат деп санаймыз. Бұл аталған туындылардың барлығы кезінде республикалық басылымдар бетінде жарияланып, оқырман қауым тарапынан лайықты бағасын алған болатын. Журналист Айтбай Сәулебектің мемле­ке­тіміздің Тәуелсіздігінің 20 және 25 жыл­дығына арналып жазылған «Елбасы­ның алтын бесігі» және «Құрыш тұлға» атты тарихи-деректі кітаптарының мазмұны да, маңызы да зор. – Көптеген кісі «Саған Елбасы туралы кітап жазу керек пе еді?» деген сауалды қойды маған. Кейбірі «Бұл жағымпаздық қой» деп сыбырлап ­айтып та жатыр. Айтады да әлі, – дейді ол өзі. Біріншіден, Елбасының өмірі туралы, оның ішінде металлургия комбинатындағы кезеңі жайында кеңірек кітап жазуға журналист Айтбай Сәулебек бірден кіріспеген. Екінің бірі тәуекел ете алмайтын бұл үлкен тақырыпқа ол бұдан бірнеше жыл бұрын ішкі дайындықпен келген. Тағы бір шындық бар. Елбасы туралы кітап жазу қиын екен. Қатты қиналды. Көз алдында талғамы жоғары, саяси­ ­­­сауатты, сыншыл мыңдаған оқырман «Көрейік, қандай азамат екеніңді?» деп тұрғандай еді. Олардың алдында шындықты ғана жазуға тиіс екендігін жете сезінді. Әрбір сөз үшін жауапты екенін түсінді. Көп кісілер «Алғашқы кітаптың аты неге «Елбасының алтын бесігі» деп қойылған?» дейді. Орынды сауал. Жауап қысқа: Нұрсұлтан Әбішұлының «Егер менің өмірімде Қазақстан Магниткасы мен Теміртау болмағанда мен Президент болмас едім. Қазақстан Магниткасы мен үшін алтын бесікке тең» деген ақиқат сөзінен алынған. Бірінші кітап Елбасы өмірі туралы жалпы зерттеу болатын. Екінші кітапты сол кездегі «Нұр Отан» партиясы төрағасы­ның бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұсынысы бойынша ­жазып шықты. Ол кітабын «Құрыш тұлға» деп атады. Журналист Айтбай Сәулебек Қара­ғанды облыстық радиосында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш) газетінде, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет атқарды. Біраз уақыт тәуелсіз «Азия-Транзит» газеті мен журналының бас редакторы болды. Осы басылымға басшылық еткен кезеңінде халыққа жаны ашымайтын әкім-қаралар мен шенеуніктерді сын садағымен аяусыз түйреп, әділеттілікке қол жеткізе алмай, тұрмыс тауқыметін арқалап, іштей қан жылап жүрген көп балалы аналарға араша түсіп, бостандықта жүрген қылмыскер полиция қызметкерлерінің заң бойынша­ жазалануына дәнекер болып, ұлттық проблемаларымызда республикада алғаш рет батыл түрде атап көрсетті. Бірді-екілі мысал. Қарқаралы ауданы­ның сол кездегі әкімін көп балалы аналарды «Мен сендерге көп бала тап деген жоқпын!» деп қорлағаны үшін, алдына келгенде адамға санамай, жанын жеген қиыншылығына көмектеспегендігі үшін сынады, онысымен қоймай «Караван» газетіне жариялаттырды. Обалы не керек, облыс әкімі ­Камалтин Мұхамеджанов өткір сыннан қорытынды шығарды. Әкімді дереу қызметінен босатты. Сондай-ақ досы Кәріпбек Күйіковті «Билетақы төлемедің» деп, автобустан қуып шыққан рақымсыз тексеруші мен үш-төрт ай бойы зейнетақысын бермей шырылдатқан райсобес басшысы туралы ­облыс басшысының атына Ашық хат жариялады. Бұл жолы да ­Камалтин Ескендірұлы батыл журналисті қолдады. Реті келгенде айтуға тиіспіз, Айтбай ­Камалтин Мұхамеджанов Қарағанды ­облысы әкімінің жекешелендіру жөніндегі орынбасары қызметін атқарып тұрған кезеңде ­рухани ағасына Кәріпбек Күйіковке ауыр жүкті автомашина сыйлауға өтініш жасайды. Кәмекең де ер екен, жекешелендіріліп жатқан бір автобазадан ЗИЛ-130 автомашинасын тіркемесімен тарту еткізіпті. Кәріпбектің әкесі Төкең кәнігі ­шофер еді, қатты қуанып: «Денім сау болса, осы көлікпен Егіндібұлақтағы жағдайы нашар ­отбасыларына Қарағандыдан көмір апарып берем» депті. «Қазақ Елі», «Заң» және «Дала мен Қала» газеттерінде де біраз жыл бойы жемісті қызмет атқарды. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің қазақ тілді басылым­дарының бірқатарында қолтаңбасы қалды.Ол қазақ баспасөзінде ғана емес, көзі қарақты оқырман қауымның арасында әдеби-көркем шығармаларымен де жақсы танылған қаламгер. Бұл сөзімізге оның үлкенді-кішілі 16 кітабы дәлел болғандай. – Сарыарқаның сақылдаған сары шұнақ ­аязынан, көз аштырмас ақ түтек боранынан қаймықпастан, облыстың барлық өңірлеріне бардым. Қарағанды облысында менің журналистік ­сапармен бармаған ауылым жоқ. Атқа мінген азаматтарымен де, жалпы халықпен де етене ­таныспын. Олар мені әлі күнге дейін өз туысындай көреді. Мен де оларды сағынамын. Кездескенде арқа-жарқа болып масайрап, қуанып қаламыз. Журналист үшін бұдан артық мәртебе бар ма? Әлбетте, кезінде сынға ұшыраған кейбір шалағай басшылардың кеудесінде кек ұшқыны шашырап жатуы да мүмкін. Оларға ренжуге болмас. Өйткені өзінің кемшілігін көре алмай, ащы шындықты мойындамай, азаматтықты алдыңғы орынға қоюдың орнына, пендешілікке салынған күйкі жандар ғой, – дейді журналист. Ұзақ жылғы жемісті қаламгерлік еңбегі лайықты бағаланып, 2007 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» және 2010 жылы «Алтын жолақ» сыйлықтарына, 2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығына ие болды. «Астанаға – 10 жыл», «Тәуелсіздікке – 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, 2010 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Биыл «Қазақстанның құрметті журналисі», «Шиелі ауданының Құрметті азаматы» атанды. Қаламгер Айтбай Сәулебектің абыройлы алпыс асуы – осындай! Олай болса, жетпіс жасында да желкенін жел кернеп, өмір жолындағы кезекті бел-белестеріне жаңа шығармашылық табыстармен жете беруіне дос көңілден тілектеспін.

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ҚАРАҒАНДЫ

2767 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы