• Тарих
  • 04 Желтоқсан, 2019

ЗАҢҒАР

Адамзатқа ХХ ғасыр не сыйлады? Әлемді қайта бөлісудің әлегінен дүниежүзілік екі соғыс болды. Еуропаның майда, ұсақ мемлекеттері өз қотырын өзі қасимын деп жүріп жайынға жұтылып, қоңыр обаның (фашизм) табанына тапталып құрдымға кете жаздады. Төңкерістен төңкеріс туып, көз ашпады. Капитализм алдына тізерлеген Америка тәлтіректеп барып бойын­ тіктей бастады. Ресей отаршылық озбырлығын жасап-жасап, ақырында дуайпат дауыл алдына жанталасып, тұяқ серпе алмай қалды. Қызыл қырғынның қара бұлты үйіріліп, тажал талай тұлпар тағдырларды жалмады, құрбандықтар қаны судай ақты. Алып Шығыс қалың ұйқысынан оянып келе жатты. Бұғаудан асау ұлы дала бұлқынды. Итжығыс түсіп дегдар жер бетінде өмір мен өлім қоян-қолтық айқасып, азу тісін ақситып ажал жүрді арасында...

Буыны қатпаса да кекілі енді ғана желбіреп келе жатқан алты жасар қаршадай бала жаңа жүзжылдықтың табалдырығын аттады. Сұрқия ­отарлау саясаты өшпенділік отын тұтатып, жер-жерде ұлт-азаттық қозғалысы өршіді. Оны басқалармен бірге бір мақаласында Тұрар Ырысқұловтың өзі де ашып көрсетті: «1880 жылы патша үкіметінің қысымына шыдай алмай Шымкент уезінде отырған шілмембет руынан 20 үй Алматы уезіне көшіп келді. Бұлар көшіп келісімен күншығыс Талғар болысындағы жаныс дейтін көп рудың арасына орналасты. Бірақ шілмембеттердің көрген күні қараң болды. Жаныс руының бас көтерген бай адамдары шеттен көшіп келген «кірмелерге» ойларына келгендерін істеді. Болыс алым-салықтың барлығын қаңғып келген аз руға салды. Ол кезде мен 11 жаста едім. Сонда да болыстар мен билердің біздің руға, әсіресе, біздің үй ішіне қылған қылығы әлі есімде. Ол кездегі қазақтар белгіленген патша әкімдерінің жақсы көретін әдісінің бірі әлсіз рудың адамдарын әлді рудың малын ұрладың деп өтірік қаралау, нашарлардың қанын сүліктей сору еді. Бұл әдісті жергілікті ­болыс менің әкем Ырысқұлға да қолданды. Әкем жергілікті әкімдердің қорлығына шыдай ­алмай Талғар болысының управителі Саймасай Үшкемпірұлын атып өлтірді. Саймасай төңіректегі болыстарға аты жайылған атақты бай еді. Жетісу облысындағы генерал-губернатордың досы еді. Ол жыл сайын Саймасайдың жайлауына қонаққа келіп, Ыстықкөлде құс атушы еді. Губернатор нөкерін ертіп, жайлауға шығарда қазақтар жолды­ тазалап, үй тігіп, қой сойып қарсы алушы еді. Сондықтан ­Саймасай Үшкемпірұлының өлімі облыстық әкімдерді аяғынан тік тұрғызып, шен таққандар болысты өлтірушіні іздеуге кірісті (бұл оқиға 1905 жылдың бірінші жартыжылдығында болды). Болыстың туған-туыстары біздің рудың тас-талқанын шығарып, шаңырағын ортасына түсірді, малды тартып алып, адамдарды көкала қойдай етіп сабады. Біз үй-ішімізбен бір таныс казак-орыстың үйіне барып жасырындық (ұмытпасам, казак-орыстың фамилиясы Жарков шығар деймін). ­Казак-орыс қолына қару алып, бізді қорғап, болыстың жақындарына бермеді. Әкем әлгі казак-орыстың қораға үйген шөбінің астына жасырынып жатты. Бірақ болыстың шабарманы қоймай жүріп, оны тінтіп тауып алды. Сонан кейін Молдабек дейтін інісімен екеуін абақтысына апарып жапты. Үйде қалған адамдарды Бесағаш дейтін жерге айдап апарды. Болыстың ағайындары ардақты адамдарымызды өлтірген сұмның жалғыз ұлын бауыздап, кегімізді аламыз деп мені өлтірмекші болды. Бір күні түнде ұйықтап жатқанымызда болыстың адамдары біздің үйге кіріп, мені сыртқа сүйреп алып шықты. Өгей шешем мен әкемнің ағасының әйелі ойбай салып, шаштарын жұлып, беттерін жыртты. Сол жерде төңі­ректегі ел жиылып, мені өлімнен аман алып қалды. Бұдан кейін бізді Алматы қаласындағы Боралдай дейтін жерге көшірді. Болыстың жақындарының ­талап етуі бойынша бізді байларға құл, күң етті». Еті тірі Тұрар Қырғызбаев деген жанама атпен Әулиеата мектептерінде, Бішкектегі ауылшаруашы­лық колледжінде оқыды. Бұндай бірлі-жарым баскөтерулер басқа да уәлаяттарда орын теуіп, жаппай етек алды. Соның тағы бір айғағы: «Түркістандағы күзет бөлімінің бастығы 1912 жылы 24 қыркүйекте Петерборға жазған хатында Жетісу өлкесінің мұсылман мектептерінде патшаның суретін ілуден бас тартқандығын, 23 маусымда қазақтардың Лепсідегі уезд бастығы мен Кирилов дейтін приставты тонауға тырысқандығын айтады. 1905 жылы қазақтың татар, башқұрт мектептерімен басқа мұсылман мектептерінде тәрбиеленген ұлтшыл оқығандарының бірсыпырасы (бұлар 1907 жылы «Айқап» жорналының төңірегіне жиналды) қазақ еңбекшілерінің ­революция жолындағы қозғалысын панисламизм жолына­ қарай бұруға тырысты. Ал, енді, қазақтың орыс мектептерінде оқып, патша үкіметінің ­аппарат қызметімен нық байланысты болған интеллигенттері (бұлар 1912 жылы бастығы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы болып, «Қазақ» газетінің төңірегіне ұйымдасты) қазақ еңбекшілерінің революция жолындағы қозғалысын «заңнан» тысқары шығармауға, петициямен ғана қанағаттануға тырысты». Халқының қамын ойлап, отқа да, суға да түскен топтар, небір көсемдер мен шешендер шықты. Бірақ олардың ауыз бірлігі болмай, басы піспей, бір қазанға сыймады. Соңы қызыл қырғын, қуғын-сүргінге ұласты. Қара тізімге Сталин, Ворошилов, Молотов аяусыз, оң-солға қарамай қиянаттан бүлк етпей қол қоя беріпті. Бас-көзге қарамай ақиқатын айтып, тұлғаларымызды бұл балдыр-батпақтан суырып алатын кез әлдеқашан келді. Әлеуметтік-қоғамдық құбылыстың айнасына қарасақ, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Шоқай, Т.Ырысқұлов қандай қайраткерлер. Ой батырлары. «Асыл кездік қап түбінде жатпайды» деген соларға қарап айтылғандай-ау, сірә. Олардың бәрі тұғыры биік тұлғалар болатын. Әттең!.. Американың тарихшы ғалымы К.Дональд: «Ырысқұловтың ағылшын тіліне аударылған біраз еңбектері біздің белді университеттерімізде бар. Оның Сталинмен бетпе-бет келіп, аштыққа ұшыраған қазақ халқын аман алып қалып, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетуге жол бермеуі үлкен саяси күрескерлігін көрсетеді. Ұлтын ­жанынан бетер сүйетіндер ғана солай істер еді» деп тебіренген болатын сөз ығытында. Ашаршылыққа қасақана ұшырады десетін Украина­ шығыны да аз емес. Бірақ қазақ даласындағы қасіретке жетпейді. Олар індетіп, «геноцид»­ деп атап айдар тағып, халықаралық деңгейге көтеріп, лайықты баға беріп жатқанда, біз әлі күнге аузын буған өгіздей, ел санының жартысынан көбі (4 миллиондай) қатыгез қоғамның құрбаны болғанына қашанғы төзіп, үндемей отыра беруіміз керек? Тіпті Қырым мен Шығыс қанаты үшін қырылысып жатқан жұрт КСРО-ның мұрагері РСФСР-дан өтемақы да талап етіп үлгерді. Шетел ғалымдары ағылшын Роберт Конгвест «Қасірет орағы», Лондон (1986 ж.), француз Изабелле Охойон «СССР мен Сталин», Париж (2008 ж.), ­итальян Николо Пиансиоло «Сталинизм майданы», Рим (2009 ж.), неміс Роберт Киндлер «Сталин мен Номадтар», Гамбург (2014 ж.), америкалық Сара Камерун «Ашыққан дала» өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ақырзаман мен нәубет тақырыбына еріккеннен барды ма? Олардың жанқиярлық еңбегін атап өту парыз. Көптеп көмектессе де, қазақ тарихының түбегейлі жазылмай жүрген қай кезеңін алсақ та, ақтаңдақтар аз ба? Азаттықтың ақ жолына әркім әрқалай келеді. Жойдасыз жүйемен көрінбейтін қанды шайқаста Тұрар және оның жанашыр жақтастары амалсыз уақытша болса да жеңіліс тапты. Алайда асау заманның жеңімпаз желі үрлеген көрік кеуделердегі Прометей отының рухы мәңгі өшпейді. Бұдан оларды біржақты жазғырып күстаналамай, мардымсып жоқты барға жалғап, ар мен уақыт алдында көлгірсу кісілік келбетіне келіспейді. Адам – ақиқат құлы. Бәрінен де сол сан-сапалақ күрделі кезеңге көкірек көзімен қарап, бағалағанда ғана сана сансыратып ешкім адаспайды. «Жуас түйе жүндеуге жақсы». Басынан бағы тайғалы бері бұйдалы тайлақтай байғұс Қазақстанды кімдер басқармады? Өлке, автономия, дербес республика деп қаншама алдарқатты. Ф.И.Голощекин (1925-1933 ж.ж.), Л.И.Мирзоян (1933-1937 ж.ж.), Н.А.Скворцов (1938-1945 ж.ж.), П.К.Пономаренко (1954-1955 ж.ж.) және басқалар шақырылмаған қыр «қожалары» билеп-төстеді. Еңсесі езіліп, есеңгіреген ел барлығына көне беріпті тілін тістеп. Сұмдық! Төңкеріс серкелерінің бірі Лейба Давыдович Бронштейннің (Лев Довыдович Троцкий) аузынан сол революцияның елең-алаңында-ақ ақ ит кіріп, қара ит шыға бастапты: «Мы должны превратить Россию в пустыню, населенную белыми неграми, которым мы дадим такую тиранию, которая не снилась никогда самым страшным деспотам Востока. Разница лишь в том, что тирания эта будет не справа, а слева, и не белая, а красная. В буквальном смысле этого слова красная, ибо мы прольем такие потоки крови, перед которыми содрогнутся и побледнеют все человеческие потери капиталистических войн. Крупнейшие банкиры из-за океана будут работать в теснейшем контакте с нами. Если мы выиграем революцию, раздавим Россию, то на погребальных обломках ее укрепим власть сионизма и станем такой силой, перед которой весь мир опустится на колени. Мы покажем, что такое настоящая власть». Сары тіс саңлақ сықақшы Ғаббас Қабышев «Қызыл қырғынның» басы мен аяғы» атты мақаласында бұдан басқа да жантүршігерлік құжатты жайып салады. Киевтегі көсегең көгергірлер сол аштықты украин халқына қарсы жасалған ­геноцид екенін бүкіл әлемге мойындатқанда ел-жұртының жартысына жуығы босып, айырылғанда біздегілердің бұл қасіретті елеусіз қалдырғаны өкінішті, әрине. Орталықтағы бәтуасыз билік отарлық езгіні, басқа түріне түскен Қазақстанды тырп еткізбей, ойындағысын істеді. 1937 жылғы 5 наурыздағы БКП(б) ОК пленумында И.Сталин сөз сөйлеп, Қазақстан басшысы­ «Мырзажанға» шүйілді: «…Взять, например, Мирзояна­ и Войнова. Первый из них является­ секретарем краевой партийной организации ­Казахстана… перетащил с собой в Казахстан из Азербайджана и Урала, где он раньше работал, 30-40 человек «своих»­ людей и расставил их на ответственные посты в ­Казахстане. Есть, стало быть, своя артель у товарища Мирзояна. Разве нельзя было подобрать работников из местных людей?.. Конечно, можно было… Я его несколько раз предупреждал, не таскай за собой своих приятелей ни из Азербайджана, ни с Урала, а выдвигай людей в Казахстане, не отгораживайся от местных людей в Казахстане, потому что… — что значит таскать с собой целую группу приятелей, дружков из Азербайджана, которые коренным ­образом не связаны с Казахстаном? Что значит таскать с собой целую группу приятелей с Урала, которые тоже не связаны с Казахстаном? Это значит, что ты получил некоторую независимость от местных организации, и, если хотите, некоторую ­независимость от ЦК. «У него своя группа, у меня своя группа, они мне преданы…». Это значит недоверие местным кадрам…». Сол жергілікті мамандарды «менсінбей», бастық көрсе шыбындап тұратын ләппайшыл Л.Мирзоянға Саяси бюро Қазақ КСР бойынша бекітіп берген тізімді қанқұмар Ежовтың мақұлдауымен, адам тағдырын ойыншық көріп атылатындар 2346 жер аударылғандар 4403 кісінің орнына, 2400 оққа байлап, айдалатындар 4950 (барлығы 7650) бейбақты ұстап беріп, «жоспарды асыра орындап шықты». Мәссаған, безгелдек! Жоғарыда ОК Бас хатшысы И.Сталинге ­жазылып жатқан өтініш-тілектерден кенделісі жоқ. 1925 жылы С.Сейфуллин хат жіберсе, 1933 жылғы Т.Ырысқұловтың екінші хаты, Бесеудің хаты, т.б. қырға төніп келе жатқан ашаршылық нәубетінің алдын алу мәселесін ғана қозғамайды. Сәкен Сейфуллиннің жазған хатына байланысты­ баспасөзде едәуір сөз болған. Тұрар бірінші жолдарына онша мән бермеген соң, екінші ұзақ ­хатында көп жайды шегелеп ұсыныс та білдіреді. 1918 жылдың өзінде ашаршылық пен індеттің көрініс бере бастағанын көрсетіп, И.Сталинге баяндап, дабыл қағады: «Түркістан кедейлері арасында араны ашылып келе жатқан ашаршылықты көре отырып, мен толығымен ашаршылықпен күрес мәселесі туралы мақсат қойдым. Себебі: біріншіден, көшелердегі, ой-шұқырлардағы, қыстақтардағы аштықтан қырылып бара жатқан миллиондаған пролетарлар мен балаларды құтқару; Екіншіден, орыс жолдастарға жергілікті халықтың кедейліктен қырылып бара жатқан және бұлар Совет үкіметінің соңғы тірегі екендігін түсіндіру; Үшіншіден, өздері сол халықтың ішінен шығып ойламаған, ешқандай шара қолданбаған комиссарларды жағдайды толық ұғынуға үгіттеу және шара қолданбаған жағдайда оларды жазалау (Себебі ол комиссарлар аш қалғандарға емес, соғыстағы армияға көбірек қаржы бөлуді қолдаған); Төртіншіден, жаңылыс кертартпа саясат арқылы шет жерлерге кетіп қалған жергілікті еңбекшілерді совет өкіметіне қайта тарту және жергілікті кедейлерге сүйеніш болу» (Д.И.Салқынбек, А.Т.Көлбаева «Сталин және Қазақстан», Алматы, 2016 жыл, 95-бет). Жалпы­ тарихи тұлғаларды бір-біріне қарсы қоюдан ұтатынымыз шамалы... Кезінде, тіпті М.Әуезовтің С.Мұқановты «Сейфуллин екеуің не істемедіңдер?» деп, кінә артқанынан да көзіқарақты оқырман хабардар, бірақ бұл сол тұстағы жүйенің жұмбақ сауалдары... Әйткенмен, қан үстіне орнаған жаңа қоғамның әлсіздігі де біліне бастады. Сенімсіздік, атып-асу, қырғын-сүргіннің қою қара бұлты түйіліп, күрделі кезең жақындап келе жатты, індет меңдеді. Ашаршылық аждаһасы жан-жағын жалмап, қылғи бастады. «Степная правда» газетінің жазуынша, 1921 жылдың желтоқсанында ашыққан адам саны 1 миллион 213 мыңдай болса, 1922 жылдың көкегінде 2 миллион 305 мың 591-ге жетсе, тек Орал уәлаятында 1917 жылы адам саны 482 мың, ал бірнеше жылдан кейін 147 мың 454 адам ғана әрең-әрең тірі қалады... Жан-жағына алғаусыз нұр шашып тұратын жандар болды. Жақсыдан – шарапат. Тұрар Ырысқұлов сондай ерекше жаралған жан еді. Жеке басының қамын әрқашан мемлекет мүддесін жоғары қоятын. 1920 жылы Түркістан республикасының төрағасы болып тұрғанда қызметіне сай емес деп, Гейлерді Денсаулық сақтау министрінен босатып, орнына Санжар Асфендияровты қояды. РСФСР Совхалкомы төрағасының орынбасары болып жүргенде геологтар М.П.Русаков пен Қ.И.Сәтбаев қысылып келгенде Жезқазған мыс кенішін ашуға арнайы қаражат бөлдіреді. 1932 жылы Түсті медалдар тау-кен институтының студенті Д.А.Қонаевты, үстінен домалақ арыз түсіп, оқудан шығарып жібергенде қайтадан қабылдауға қол ұшын береді. Айта берсе мұндай мысалдар көп. Әзиза Түбекқызының куәландыруы бойынша, олар Мәскеуде тұрғанда ­Калинин, Буденый, Киров, Нариманов, Тухачевский, Орджоникидзе, Рудзутакпен тығыз араласып, жылы достық қарым-қатынас жасапты. Т.Ырысқұловтың ірі қызметін әлемдік аяда қарастыруды қажет етеді. Ол Коминтерннің өкілі ретінде Моңғолияда болған кезде көп жұмыс тындырады. Жас мемлекеттің тәй-тәй басып, аяқтанып кетуіне ерен еңбек сіңіреді. Ата Заңын жазуға күш салады. Басшысы Сун Ят Сеннен кейін өзара қырық пышақ қырылысып Қытайға бес адамның бірі ­болып барып, сөз ұстап, жондағы Жапония елшісімен кездесіп мәмілеге шақырып қайтады («Егемен Қазақстан», 2019 ж, 16 тамыз). Тұрар – қоғамның ұлы қайраткері. Ол үлкен өмір жолынан өтті. Аймақтағы ұлт-азаттық көтерілісіне ұйытқы болып, мемлекеттің біраз мәселелерін ­шешуге қатысты, тұлғалана түсті. Дала данышпан ойының қыран тектес мұрагері келешекті кемеңгерлікпен көрсе де тар заман тұманы тұмшалады, аламан бәйгеге қосатын тұлпарды тұсады. Өмір дауылы таутұғыр бәйтерегін олай ырғады, былай ырғады. Ақыры өзі құрысқан қоғамның көп құрбанының біріне айналды. Морт сындырды. Тұрар Ырысқұлов – дүниежүзілік деңгейдегі қайраткер тарихи тұлға. Сара саясаткер, ғұлама ғалым, құдіретті қаржыгер, зор парасат иесі. Қара тілдің шешені, көш бастайтын көсемі еді. Ол әлі күнге өзіне лайықты биік бағасын ала алмай келеді. Түркішіл деді, мұсылманшыл деді, ұлтшыл деді. Әйтеуір дүниедегі бар былық-шылықтың бәрін оған жауып, бәле-батырдың барлығын оның басына үйді. Еуразиялық одақ, тұтас түркі халықтарының туыстығы қайдан бастау алып жатыр. Өз ұлтын ­жанындай сүйген асыл азамат ұлтшыл ма екен? Аса танымал Тұрардың асқақ тұлғасын бұндай ұсақ-түйек сыпсың сөз аласарта алмайды. «Бөліп ал да, билей бер!» ұстанымындағыларға бұл ұнамайды. Мүмкін, 1960 жылы қазан айында «Социалистік Қазақстанда» Р.Байжарасовтың «Тұрар Ырысқұлов» деген мақаласы шығып еді, шу қайта көтерілді. «Рысқұловшиналардың» құдайы беріп, оның бұрынғы кейбір «кінараттарын» бетіне басып, «пантуркист», «панисламист», «националист» деген қалбыр тағылып, Қазақстан КП ОК қаулы қабылдады: «...Республика партия ұйымының жұмысына үлкен нұқсан келтіргені үшін «Тұрар Ырысқұлов» мақаласын жариялауға байланысты Қ.Шәріпов жолдас «Социалистік Қазақстан» газеті және коллегия мүшесі қызметінен босатылсын». Әкімқаралардың қолтаңбасы қалай айнымайды: 1951 жылғы қыркүйекте «Қазақстан Компартия­сы ОК: «...Е.Бекмахановтың кітабы туралы мақаласында қателіктерге жол бергені үшін Қ.Шәріпов жолдас «Социалистік Қазақстан» газеті редакторы қызметінен босатылсын» деген жоқ па еді? Әрине, Тұрар Ырысқұловтың қарсыластары Түркістан комиссиясына қарсы күрес­кенге «тек шынайы жағдайлардың күші­мен коммунистік ­жалауды көтергендердің ең ақырғыларының бірі» деп мінездеген М.Ф.Фрунзе Т.Ырысқұлов пен Тұрсын Ходжаевты «ұлтшылдық бағыттағы» топта деп сыпаттаған. В.В.Куйбышевтің айтқандарына құлдық ұрып, бас көтергендердің соңына шам алып түскендер болатын. Т.Ырысқұловты айыптап, қолтыққа су бүркіп жүрген Марксизм-ленинизм тарихы институтының деректірі С.Имашев пен ОК идеология хатшысы Н.Жанділдинді заман қайда салмады?.. Әлгілер біреуді әшкерелемесе қайтіп ­айызы қанады? Тұрар Ырысқұловтар барлық тұрғыдан әлдеқашан ақталды. Сонда олар кім? Тұрар ше? Өзіміз де тұрартануда өстіп дай-дай болып жатқанда, басқалар не істемейді? Көрші әдебиеттің ақсақалы Түркіменстанның төңкеріскері, Орта Азиядан шыққан тағы бір мемлекет пен қоғам қайраткері Қ.С.Атабаев ­(1884-1937 ж.ж.)­­ туралы «Ғажайып ғұмыр» романын бітіріп, деректі фильм түсіргенде Т.Ырысқұловтың бейнесін солғындатып, бас кейіпкерді сонша дабырайтып, дәріптеп, көп кемшілікке ұрынды. Оны дер кезінде байқап қалған тұрартанушы белгілі қарт геолог Молдияр Серікбаев табандылық танытып шынайылықты шатастырған шығарма жайындағы сыни пікірін Түркіменстан Жазушылар одағына жолдайды. Көп ұзамай Социалистік Еңбек Ері Берді Кербебаев кешірім сұрағандай жауап жазады: ­«...Роман жазу барысында кейбір тарихи деректерден жаңсақ кеткенімді кейін білдім. Кеңесшілерімнің бірі Өзбекстанның белді бір тарихшысы еді. ­Роман соның ыңғайында жазылды. Ол да пенде ғой, қателескен шығар. Сіздің ескертпелеріңіздің бәрі орынды деп білемін. Қазақ халқынан кешірім сұраймын! Б.Кербебаев». «Көлбай Адырбеков «Алты Алаштың ардақтысы», Алматы, 2018 ж,. 128-129 беттер). ...Кейде өлім мен өмірдің ымырасыз күресінде итжығыста әділетсіздік бола береді екен. Жеке адамға табыну белең беріп, сұрқылтайлар көбейіп келе жатқан зайғы заманда жүрегі дауалап, Сталиннің өзімен қайта-қайта қайшыласқанға ол кінәлі ме? Енді неге жөнге көшпейміз? Бүкіл замандастарының мерейтойы дүркіреп өтіп жатқанда, Алматы мен Түркістан облыстары, еліміз қалай бұл оқиғадан тыс қалып үнсіз отыр? Еліміз Тәуелсіздік алып, көк байрағымыз көкте желбіреп жатқанда келер таңды тоспай жүрегі жарылардай алғаш рет құттықтаған Түрік республикасының сол санаттан табылуы өтпелі қатардағы оқиға емес. Осы орайда тиісті орындар мен сала мамандарының құлағына үшбу сәлем. Неге ­Тынышпаев, Сәтпаев, Еспаев, Есполов болып жүр? (Тынышбаев, Сәтбаев, Есбаев, Есболов емес пе?) Қашанға дейін Ана тілінің емлесіне кереғар тіршілік жасап, русизм мен русофобияның ықпалында бола береміз? Ырысқұл, Ырысбек, Ырысбай, Ырыс, Ырысты, Ырысбике ғой. Ойланайық. Оралайық ағайын! Оның үстіне латын қарпіне көшкелі отырған жоқпыз ба? Әлде... Ырыс сөзін жаза білмейміз бе? Тарих тегершігі кері айналмайды. Тұрартану бүгін басталып, бүгінмен бітпейді. Р.Байжасаровтың: «Сөйтіп, Түркістан – Сібір Теміржолын салуда Тұрар Ырысқұлов көп еңбек сіңірді. ­Сондай-ақ­ ол Қарағанды көмір бессейні, Балқаш мыс комбинаты, Шымкент қорғасын зауыты сияқты Қазақстанның алғашқы кәсіпорындарын салуға да белсене қатысты. Тұрар Ырысқұлов жұмысының көптігіне қарамастан қазақ халқының тарихы, қазақ халқының совет заманында өркендеуі туралы келелі тақырыптарды зерттеп, бірсыпыра еңбектер жазды. Оның Қазақстан тақырыбына жазған елуден аса кітаптары мен мақалалары бар. Ырысқұловтың қалдырған бұл мұраларын ғалымдардың зерттеуін және пайдаға асатындарын кәдеге жаратуын күтеді» дегені әңгіменің ащы тұздығы. Ырысқұлов түрмеге түскенге дейін жазылып, қатталып, қалыптасып қалған өртелген кітабы қайда екен? Іздегенге қалдығы шығып қалар, әлі де болса... «...Солардың ішінде Тұрар Рысқұлов сом тұлғасы ерекше көзге түседі» дейді академик Оразәлі Сәбден. «Нақты еңбектеріне тоқталар болсақ, Түркістандағы шаруалардың жағдайын экономикалық жағынан бағалай отырып, өлкедегі ауыл тұрғындарының шаруашылық жүргізуі үшін жер үлестерін беруі және суғармалық суға қол жеткізуді талап еткен. Тұрардың тікелей қатысуымен Ортаазиялық ауылшаруашылығы банкі құрылып, диқандарға несие ұйымдастырылған. Өзі басшылық жасаған кезеңде мақта шаруашылығы дамытылды. Бір сөзбен айтқанда, Тұрар Рысқұловтың жылдар бойғы күні-түні еңбектерінің көлемі – сан салалы. Ашығын айту керек, бұларды игеру үшін елімізде «Тұрартану» ғылыми-зерттеу институтын құрса, тұлғаның қыры толықтай ашылар еді» дейді ол. ... Жақында Алатау мен Қаратаудың түйіскен жері – Ақсу-Жабағылыдан оралдым. Тәңіртаулар шыңдарының ұшар басы болмаса, әлі қар түсе қоймапты. Қазақстандағы тұңғыш қорықтың ашылуына Тұрар Ырысқұлов мұрындық болды деседі. Қоңыр күзде Алтынкүрек ескендей ішім жылып сала берді. Қанатымен қош-қош айтып құстар қайтып барады екен. Дала мен таулар рухы біртүрлі сезімді оятқандай. Сағыныш самалы соқты.

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН, ақын

3131 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы