• Әдебиет
  • 12 Желтоқсан, 2019

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫ

Жер таппан жерге жетер Жетісуым: Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым, – деп Ілияс ә дегеннен топонимдік атау­ларды бауырына басып, меншіктеп жырға қосты. Жаратылыстың тіл жетпес сұлулығына жаны елжірей елтіген ақын со қалпынан, бауырына­ басып менікі деуден танбайды.­ «Ағынды менің Ақсуым». Расында, Жетісуды жырлаған ақындар қазақта аз емес, бірақ Ілияс Жансүгіровтың буырқанған жырлары көне Гомерден басталған ағыл-тегіл эпикалық сарынға бірден ұйытып әкетеді. Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз, Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым. «Бөлену» – қазақ ұғымында баланың бесікке бөленуі. Басын бұлт шалған құз-жартас көзге елестейді. Өлеңнің басында гидронимдер шеруі лықсиды. «Топонимикада гидронимдер ең көне атаулар болып есептеледі, сондықтан кумулятивтік қоры, аша білген кісіге, мол ақпарат беруі мүмкін» деп «Жер-су аттарының сөзжасамдық үлгілері» атты кітабында (70 бет) филолог ғалым Бердібек Бияров жазады. Жетісу, кеудең асқар, аяғың көл, Қоңың құм, мықыныңда бар сексеуіл.

Ілияс Жетісу өлкесінің антропонимдік кескінін – табиғатты кісілік келбет, алып бейнемен талмай көркем суреттейді. Бағзы заманда жер бетінде тек алыптар мекендеген деген көне аңыз бар. Мифологияда ең алғашқы адам Пурушаның денесінен бүкіл әлем түзілген. Ол көзбен көргенін көкірегіне көшіргені аз, оқыған адамның жадынан өшпестей етіп, жадын сиқырлап жібереді. Отанын қастер тұтқан асқан сүйіспеншіліктен туған перзенттік бұла мінез. Ақынды ақын еткен оның туған топырағы, тегі, генетикалық коды ғой. Орыс ақыны Георгий Иванов пейзаж және портрет ақыны болып бастаған. Табиғатқа жан салу испанның ұлы ақыны Федерико Гарсия Лорканың сыршыл жырларына тән. Абай қазақ поэзиясына «Қыс» атты пейзаждық лирикасы арқылы мифтік кейіптеуді сәтті енгізді. Көктемде құмнан әсем жер болсын ба, Жайқалып жауқазыны, раң гүлдер. «Раң» – сирек қолданылатын сөз. «Раң – көктемнің басында қар суымен шығатын ұсақ шөп» делінген. Бойдағы бозбаладай асыр салса, Қозысы құйрықтанып дөңгеленер. Қырда жайылған мал түлігі жер түгінің ең құнарлысын таңдап, теріп жейді. Қозылар қызғалдақ гүлдерді жейді екен. Ілиястың қыр баласы екеніне, туған жерінің жаратылыс суретін анық көре қоятын байқағыштығы баба қазақтың зердесі, бір басында геолог, биолог, зоолог, географ, қылқалам иесі, астроном, ақын жүрегі тоғыса келгендей керемет зерлі әсер етеді. Ол табиғатты елжірей сүйгенін жасырмайды. Өзен жағасы, түнгі аспан айдан тәж тағынған мезеттің тылсым сипаты ақын жанын арбап, экстаз, эйфориялық халге түсіреді («Ішім еріп»). Жан күші, әсерлі үміт ішті керіп. Көзімнен тамшыланып, суық жасым, Бір терең ойға қалдым ішім еріп. Негізінен теңеулері қыр баласы болған соң, мал түлігіне байланған: «Шөгіскен шоғыр асқар қатпарланып, / Қия құз, мұсатыр мұз жақпарланып. / Емес пе көк ала бас ақ буралар, / Оралған шудалары мақпалданып». «Желді қарағай» атты өлеңінде ақын қозы баққан күндерін сағынғанда аллитерациямен төгіп-төгіп жібереді: «Ол күнде біз бала едік, / Оздыра құнан шауып ек. / Орғыта ойнақ сап едік, / Ойнай қозы бағып ек». «Таудағы тас жаңғыртқан қойшы әндері» деп, Ілияс иен жерде талай ән шырқаған ғой. «Жазғы таң». Ілиястың құсына шейін шайыр:­ «Жыршы құс мақтады, / Табиғат таңды қарсы алды. /Ақын құс қақсады, / Жырлады, жар салды».­ Жұлдыздардың сөнгенін ауырып өлді дейді. ­«Жасыл қыр жапан-жарық, / Көбелек, шыбын өрді. / Көк құндақ көлдер толып, / Көксеген күнді көрді». Балаларға арналған өлеңдерінде зердеге тоқи білуді, айнала әсемдікті көре білуді үйретеді, қысқа қайырып, нұсқа жасайды. «Жазғы шілде» атты өлеңінде Ілияс ­батыл эксперимент жасайды. «Құрт, ірімшік қайналды. / Құлындар да байланды» дейді. Қазақ «байланды» деп айта бермейді. «Жапырақтар жалпайды, / Жас қозылар марқайды». «Тау суреті». Бұл өлеңде Ілияс нығарлай кесіп айтады, аксиома тәрізді әсер етеді. Тарбиған Тарбағатай жердің құты. Барлық – ел «қыдыр түнеп көшкен жұрты». Оранған ақ кебенек аруақты Алтай, Төгіліп бізге қарай жатыр мұрты. Ертеде сол асқардың сәулетіне, Қиыспай қырғындасқан талай жұрты. Ақшұнақ, Жабағылы, Мыңшұңқыр, Таз, Бұлардың бәрін тізген Жоңғар тұрқы. Антропонимдік сипаттан ол тарихи дерекке оп-оңай ауысады. Ақын қылға тізгендей жер атауларын сүйіп жазады. Мұндағы жайлаудың қымызы бал татыр, шоқысын ақын қыздың сәукелесіне ұқсатады. «Мұрыны Мұзбалақтың көкте мүлгіп», «Қар кете қарлы алаңы қақ айыра, / Қаптағай қаптай көшед Бүйенді өрлей» – ежелден Дешті Қыпшақ даласында үйірлі құландай шұбырған топонимдер айтылған жерде ру аты қоса жүруі заңды. Ілиястың руы Қаптағай – найман-қаракерей-матай руының батырының есімі. Ұранға шыққан. «Қаптағай» – жабайы бура деген сөз. Ислам діні қазаққа сіңбей тұрғанда кісі есімдері жан-жануар, мал атауларынан қойылғанының жарқын айғағы. Ақын Жетісу суретін көркем сөзбен асқан зергерлікпен ойып салғанда осы өлкені мекендейтін бірқатар қазақ руларын атайды: «Ұлысы Ұлы Жүздің Үйсін-Дулат», албан, жалайыр, қалың матай қоныстанған. Абай және оның соңын ала шыққан, Абайды пір тұтқан, одан үйренген қазақ ақындарының жыр қазынасына тәржіма жасаудың аса мүмкін еместігі айқын көрініп қояды. Бұл бір тілдегі теңдесі жоқ көркемдік сипаттың ырыққа бағынбауы, шеңберге сыймауынан туады. Мұның бір шеті бақ болса, бір ұшы сор. Аудармаға көнбейтіні зор қиындық ­тудырады. Сонда қазақ поэзиясының жауһарларын шетелдік оқырман білмеуі керек пе?! Басқа жұрттың ешкімге ұқсамайтын далалық ғажайып поэзиядан құр қалғаны обал ғой. Тығырықтан шығар жол жалғыз: шын қызыққандар ерте шыққан мүйіздей көрнекті ағылшын, испан, орыс, т.б. халықтардың ұлы ақындарын ана тілінде оқуға, стихиясын сезінуге шын ықыласы ауып жатады ғой. Ендеше, қазақтар да өз тарапынан мұны жолға қоя білуі, өзге халықтарды асыл қазынасына тарта білуі керек. Тым құрыса, үлкен зерттеушілері оқып білсін, дәмін татсын. Бұл процесс – қазақ тілінің сұлулығына, әуезіне қызығу Димаштың феноменімен басталып кетті деуге болар, расымен басын құдай беріп тұр. Түйірлі бұршақ нөсер ұшықтайды, «Ши ұшық», «қырық аяқ су» жібергендей. Бұл космогониялық теңеуде баланың жарық дүниеге келгені сияқты таза күй тұнып тұр. Көшпелі қазақта жерұшық, қазанұшық сияқты шимен ұшықтау салты көзге елестейді. Нәресте қырқынан шықпас бұрын қырық шілтен күнде біреуден келіп күзетеді деген ескі ұғым бар, қырық күн өткенде шілдехана жасап, қырық қасық суға шомылдырады. Аса алмас алғыр қыран ала асқардан, Өңкілдеп өзен қалай төгілмеген. Шығысқа беттей шөге жатқан таулар, Құшысып, сүйісіп тұр көгіменен. Ілияс Жансүгіров «Жетісу суреттері» циклін жазғанда космостық көруден бір жаңылмайды-ау. «Па, шіркін! Болады екен тау да сұлу, / Мұз көйлек көк мұнармен белін буу». Ақын тұлғасы көк күмбезде қырандай қалықтай, айналасын тегіс шолады. «Душа-орлица / Снова родину узрит / И без шума, без усилья, / Вскинув девственные крылья, / В мир эфирный воспарит!» (В.Г.Бенедиктов). Ақын жанына шабыт тау шыңы, құз-қияда, жақпар тастың үстінде келген дерсің. Оны өзі де растайтын тәрізді. Осыған ұқсамаса шөкші мені, Басынан кіндіктастың қарап тұру. Үшқараш жайлауын «Асы – астау, отырған ел – өрелі құрт», Қарқара жайлауын суреттегенде «Мыңжылқы мыжырая жантайысқан» дейді, ұшар биіктен шолған адам ғана осылай көрмей ме! Ірі заттар туу алыстан кішірейіп көрінеді. Орыс ертегісінде ­«молочная река, кисельные берега» болса, Ілияста Жетісу түгін тартса май ағатын жер жаннаты. Сүті ағып сорғалаған Үшқарқара, Қорғасын қорып төстен келетіндей.

Осқырып теріс айналған Түптің суы, Сырт беріп қос аяқтап тебетіндей. Жыландай ирең қаққан Иірсу да Білдірмей тау іргесін сөгетіндей. Жанды тіршілік тұнып тұрған «Жетісу суреттері» циклінде асқақ теңеу, сырлы бейнелеу өте көп. Ақынның сөздік қоры алапат селдің күйіндей бұзып-жарып сананы көктей өтеді. Бұл қасиетін оның ізбасар жерлес інісі, лирик ақын Әділбек Абайділданов «Тұлпар ақын» атты толғауында тамсана сипаттайды:­ «Сөздердің не сиқырлы сырын ашты, / Қопарып астан-кестен дүние астын. / Балқаштың бар толқыны жиылып кеп, / Бойында тулап жатыр Ілиястың». Туған жерге тағзымын Сәкен Иманасов «Біз үшін жер бетінің сұлулығы/Жерұйық Жетісудан басталғандай!» деп жалғайды. Мұншалық эпикалық бай шебер тіл қазақтың қай ақынынан табылар деп те ойлап қалу қисынды! Ілияс Жансүгіров ұйқас іздемейді, жасандылық түбірімен жат, бабалар сарынымен ұлы жырау тәрізді көмейін ашса ағыл-тегіл телегей сөз қуаты түпсіз мұхиттай иіріміне тарта жөнеледі. Оның қалам ұшында адамзат жаралғалы жер мен көкте толқыған поэтика тылсымы бар. Ұлттық академиялық кітапханада өткен тұсаукесер рәсімінде, Алматы-Гете институтының жобасы бойынша­ «Құлагер» поэмасын жолма-жол тәржіма арқылы неміс тіліне аударған Герт Хайденрайхтың «Мен Ілияс Жансүгіровты қазақтардан қызғанамын. Ол Шекспир деңгейіндегі ақын» дегенін өз құлағыммен естігенмін. Ризашылықтан жаным сүйсінген. Гете институтының қолдауымен арада 4 жыл өткенде Герт Хайденрайх мырза менің екі әңгімемді редакциялайтынын сол заматта білген жоқпын. Мұның астарын құдайдың қалауымен ұлы тұлғалардың энергетикалық тартылыс күші, әдеби кеңістікке ену құдіреті, рухы жақындық, аруақтың жебеуі деп түйсінемін. Меніңше, тақырып кеңдігі, портреттер, тарихи хрониканы өңдеу бойынша Шекспир озық, тілдік қуат жағынан Ілияс Жансүгіров ұлы ағылшын драматургын басып кетеді. Психология, философиялық таным қос алыпта бірдей түседі. Космостық таным екеуінде де айқын сезіледі. Шекспир әлем тілдеріне тегіс аударылған, Ілиястың халықаралық мәртебелі шеруі енді басталды деп сенемін. «Жетісудың су суреті» қазақы мақаммен, тағы да кісілік келбетпен берілген: Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді, Балқашты қамыс қамап желкілдейді. Аттанған алты өзені Жетісудың Балқашқа бауырымдап еңкілдейді. Жоқтау сарыны сияқты көрініп кетеді. Іле суының портреті өзгеше, оның алыстан шұбатылған бейнесі, құмды жарып өтетіні, түсі суықтығы, жарқырап көрінбейтіні айшықты суреттелген, «Ел шайқап, ердің қанын ішкен Іле». Шымырлап Іле қайнап құмды кезген, Қас қақпан ұйық, дойыр, долы безген, Алыстан арып көшкен керуендей, Тоңмойын, томсарулы тұнжыр көзбен. Жетісудың әр гидронимі – Шу, Іле, Шелек, Қаратал, Көксу әртүрлі суретпен көрініс тапқан. Шелек тентек өзенге ұқсайды: «Арқырап асау Шелек орыпты тас, / Бурадай бұлқынады көк ала бас», су долы тасқынын жараған бураға, шапқан жылқыға ұқсатардай. Жалайыр руының егінші екені туралы дерек өлеңге қона кеткен. Түз тағылары жайлауда малмен бірге өреді екен. «Таутеке, арқар, құлжа, қарақұйрық, / Көруге болад бәрін жайылымнан»; «Марал­ды мал ішінде атпен қуып, / Әкеп жүр ауылына айдап Албан». «Жетісу жәндігі» зоологиялық деректерді қылға тізгендей айқындайды. Ақын төгіп-төгіп жіберетін нөсерлеткен қалыбынан әсте жазбайды. Абайдан соңғы ақындарда эпикалық құдірет әсіресе Ілияста айдай анық. Көне жыраулық дәстүрде Қобыланды батырдың астындағы тұлпары Тайбурылдың шабысын керемет аспандатады: «Көл жағалай отырған, / Көк құтан мен қарабай / Көтеріліп ұшқанша, / Белінен ­басып асады». Тайбурылдың тұяғы жолындағы құстарды қанатын қағып ұшып үлгергенше іле кетуші еді. Осы тектес эпикалық жойқын қуат Ілиястың қаламына бек дарыған. Орыс ақыны Белла Ахмадулина­ түркілік тегіне тартып: «Влечет меня старинный слог, / Есть обаяние в древней речи» деп жырлайды. Ескілік қазынасына қанбайсың, сол құдіретті Ілияс жаңа дәуірге ілестіре жалғады. Ілияс атайтын кейбір аң-құс атауларын естімеген ел бар, архаизм сияқты жиі кездеспейді. Мысалы, «балта жұтар», «тұнжыр», «мықи», «бәрпі», «тығанақ». Торғайлардың сан алуан түрі бар, «бұқбас», «шапшақай», «майлық», «маубасбұқа», бұл сипаттауға қарап-ақ олардың сырт пішіні көзге айнытпай елестейді. Ілияс ақынның аса бай лексика-сөз қорынан бұрын өзім түстеп білмейтін біраз сөзге жолықтым. Олардың мән-мағынасын «Қазақ сөздігі» атты түсіндірме фолианттан (Алматы, 2013) іздеп таптым. Бұл сөздер, негізінен, құс атаулары. «Жұртшы» – сұңқар тәрізділер отрядының қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс; «тұнжыр» – қаршығаның ұябасары; «тынар» – шөл далалы жерде үйрек-қаздарға түспей, көбіне қоянмен қоректенетін, өте сирек кездесетін көк құс; «мықи» – арқасы қара қоңыр, бауыры ақ, қоңыр жолақты құс; «бәрпі» – тамырының емдік қасиеті бар, таулы жерде өсетін сарғалдақтар тұқымдасына жататын көпжылдық шөп; «тығанақ» – қаршыға тектес денесі шағындау жыртқыш құс; «ақсары» – сарғыш күңгірт дағы бар, бауыры қоңырқай дақты ақшыл, қанаты ұзын бүркіт тұқымдас жыртқыш құс; «шапшақай» – құстың түрі; «көталақшы» – сатқын, екіжүзді, бәтуасыз. Қазақ «Сұңқар – құстың төресі, / Лашын – құстың жендеті, / Қаршыға – құстың ұрысы», «Құс төресі – бидайық» деп мақалдайды. Көркемі көбелектің сол сайларда, Гүл шолып, жүрер ойнап ұшып сып-сып. Үстіңнен аю тасты сылдырлатса, Самайдан ішкен қымыз шығар шып-шып. Оқырман оқиғаның ішінде жүргендей ғажап әсер алады. Ілияс жанды тіршіліктің кескінін айнытпай шырын сөзбен кестелейді. Көбелек қанатының ­керемет әдемі өрнегіне есі кете сұқтанған Иосиф ­Бродский: «По чьей подсказке / и так кладутся краски?»­ деп («Бабочка») жырлайды. Құдай шексіз ­шебер жаратқан көбелектің сұлу пішінін адам қиялымен де сомдай алмас еді. Демек, табиғат шын суретші болса, адам құр еліктеуден аспайды. Әйткенмен, Ілиястың жұпар сөзінің талшығы күрделі бейнелерді аумай көрсетуге тым құштар. Бұл қиынның қиыны. Мұншалық құдіретті қалам суреткерліктің ең жоғары болмысына жатады. Жер астынан шығып жатқан ақ бастаудай мөлдір жырлар жүректі елжіретері айқын. Жабайы табиғатқа жетер ештеңе жоқ. «Не деген ғажап – тағылық!» (Серік Ақсұңқарұлы). Ілиястың Жетісудың флора-өсімдіктерін түк қалдырмай суреттеген «Жер түгі» былайша алса, друидтік сарындағы уағыз жыр. Көне ирландтар ағаштарды тап осылайша қастер тұтқан, тірі табиғатты шын сүйген. «Ирландия ағаштары» атты өлеңде ағаштарға табынған, құдай санаған друидтердің мадақ жыры берілген, мұнда белгісіз ақын туған жерінде өсетін ағаштарды түгел тізіп суреттейді, олардың ерекше қасиеттерін, қандай жеміс беріп, қандай шаруашылықта жарамды екенін мадақтайды. Ілияс теріскейдегі арал Эрин-Ирландияда ежелде туған жырмен үндестігін білмегені даусыз, бұл құбылысты әдебиетте «конгениальность» деп атайды. Абай ­поэзиясында бұл құбылыс өте көп, оның жаһанның ең ұлы ақындарымен үндестігі қайран қалдырарлық. Үлгі алды дейтін қазіргі интернет заманы емес, көруі, сезімі, биік болмысы, рухы үндестік нышанын тудырған. Тауратта Нұқ пайғамбардың кемесі қарағаннан жасалған. Адамның ағашсыз, өсімдіксіз күні жоқ. «Пугалище дриад, / приют крикливых вранов, / Ветвями голыми махая, древний дуб / Чернел в лесу пустом» (П.А.Вяземский). «Ранняя ирландская лирика уникальна по своему тонкому чувству природы, гармоничному растворению в ней. Для друида, поэта-жреца архаической эпохи, характерно почитание деревьев, древобожие. Слово «друид» происходит от слова doire, что значит­ «дубовая роща». Монахи и святые отшельники ­зачастую выходили из среды друидов», («Тысяча лет ирландской поэзии», Москва, ЭКСМО, 2014). Кең далада түн баласы атпен жүре беретін ескілікті қазақтар үшін көк аспанның бедерлі нысандары­ – жұлдыздар. Ақын «Сапарда» атты өлеңінде астрономиялық деректерді жырмен меруерттей тізіп, көшпелі мал тұрмысында қыр адамы жиі көретін жұлдыздарды ертегілік сарынмен бейнелейді: «Үріккен үркер – / Ұшқан арқар, / Ол да біздей адасқан. / «Жетіқарақшы» – / Көталақшы; / Кімге тауып / Жол ашқан? / «Ақбозат» та, / «Көкбозат» та: / Арқандаулы, байлаулы. / Алыс па арал? / Қоңыр самал / Бұлтты түріп айдаулы. / Біз сенбейміз, / Бос «жел» дейміз, / Үркер-арқар, өңгені. / Біз іздейміз, / Біз көздейміз / Аумас қазық шегені». «Аумас қазық шеге» дегені – аспан денелері ішінде айнымайтын Темірқазық-Алтынқазық жұлдызы. «Өлген кісінің басын Темірқазыққа қаратып қою ескіден келе жатқан салт. Күллі жұлдыздардың тұтқасы сияқты, көрер көзге тапжылмай тұратын Темірқазық жұлдызы, адамның сәбилік сатыдағы сана-сезіміне мықты әсер етті. Ендеше, өліктің бас ағзасын соған бейімдеп қою табиғи нәрсе, мұнда бейсауаттық жоқ. Ал, өліктің бетін, малдың бауыздауын «оңға» – құбылаға (Мекке, Мединеге) қарату кейінірек, – мұсылман дінінің ықпалымен енген әдет» деп жазады Хасен Әбішев «Аспан сыры» атты кітапта (72 бет). «Қазақтың ежелгі космогониялық көзқарасы негізінен мифопоэтикалық желіске құрылса да, оның көшпелі тіршіліктің күнделікті жосынымен астасып жататын рациональдық мәні де ерекше.­ Көшпелілер түнде негізгі табиғи бағдар болып ­табылатын Темірқазықты іздегенде міндетті түрде Жетіқарақшының жылдың әр мезгіліндегі қозғалысын басшылыққа алып отырады. ...Батпайтын жұлдыздарға – Ақбозат, Көкбозат, Қарақұрт, Жетіқарақшы, Босағаның екі жұлдызы жатады» делінген. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедия, 2 том, 434-435 бет. («ҚР Мемлекеттік Орталық музейі», 2012). Жер мен көктің құбылыстарын қазақ өз ұғымына бейімдеп, бауырына баса иемденіп суреттейді. Ақын Сейфолла Оспан: «Қазақ ежелден табиғатпен астасып, араласып кеткен халық. Көкке, жоғарыға, күн мен айға, жұлдыздарға қарап, күн жадын бағып жүретін. Аспанды шаңырағынан күндіз де, түнде де көріп жататын. Бұл деген сұмдық философия ғой!» деп әңгімелегені көкейімде тұр. Николай Гумилевтің өлеңінде жұлдыздарды көшпелілерге теңеу бар. «Батқан сайын ұялып Күн қызарып, / Жылайды аспан көзінен жұлдыз ағып» (Рафаэль Ниязбек). «Үркердей үркіп ауыл қыр астында, / Қаңтарға қара суық ұластың ба?» (Аманхан Әлім). Мыңғыртып мал айдаған елдің ат арқасында желдей жүйткіп еркін өскен баласы болғандықтан Ілияс ақын өркештене тулайтын ағынды су бетінен де мүйіз көреді: «Көлденеңдеп, / Көкке өрмелеп, / Жынды толқын / Сүзісті» («Сапарда»). Ақынның отты көзіне дүние толы қозғалыс, барша құбылыс әсем көрінер. Мұның мәні оның асқан өмірсүйгіш жүрегінен, жаны тебіренгіш шаттықтан, әсершіл қиялынан туындайды. Қазақ ақын халық. Қазіргі жас қазақ поэзиясының ірі өкілі Ерлан Жүністің «Кеудемнен ғалам жарып шығатындай, / айналып тұратындай, / Сөздерім құс боп ұшып кететіндей, / аспанға жететіндей» деп толғайтын жыры ұрпақ сабақтастығының айнасы. Ілияс күңірене жырлаған Құлагердің тағдыры ұлт тағдырын еске түсірмей кетпес. «Неге далам айрылды­ құландардан?» (Серік Томанов); «Қаңғыртпас Құлагердің кегі кімді!» (Маралтай); «Құлагер сүрінген далада мертігіп, / Ақсады аңдаусыз Алаштың арманы...»­ ( Ырысбек Дәбей). Ілиясқа Абайдың ықпалы ерекше тигенін көруге болады. «Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды» деп кейіптелген Абайдың табиғат лирикасының энергиясы­ тас жарарлық еді. Абайдың «Жаз», «Қыс» атты классикалық өлеңдерімен Ілиястың «Жаз-құдаша», «Бұлт», «Мезгіл суреттері» атты өлеңдері сарындас. Параллель суреттер – «Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал» (Абай) «Қыстайғы науқас қара жер, / Шығарды ауру-өлігін» (Ілияс). Пушкин­ күзде рухы ­тасып, көктемде сплин-депрессия меңдеп, құсаның уытын терең сезінерін жасырмайды: «Гонимы­ вешними­ лучами...». Абайдың анық мирасқоры – Мағжан, Сұлтан­махмұт, Ілияс, Сәкен. «Во всем искусстве, – ­говорит Гете Эккерману 4 января 1827 года – ­существует преемственность. Когда видишь большого мастера, то находишь всегда, что умел воспользоваться достоинствами своих предшественников и именно благодаря этому сделался великим. Люди, подобные Рафаэлю, не родятся на пустом месте, они опираются на античность и на все лучшее, что было создано до них». Ілияс Жансүгіровтың «Қазақ үйдің тұрмысы» атты өлеңі – энциклопедиялық бекзат жыр. Мұның іші этнологияға, этнопсихологиялық деректерге, зат есімдер шеруіне тұнып тұр. Баршасы ескі қазақ тұрмысын танытады. Киіз туырлықты қазағын жан-жүрегімен сүйген Ілияс Жансүгіров жаңа дәуірде асыл мұрасы ескірмейтін, рухы өлмейтұғын ұлы суреткер, ұлттың ғұлама ұстазы. Оның көркем жырларын айдай әлемге таныта беру, ұлықтай білу кейінгі ұрпақтың еншісіне тиіп отыр. «Қазақта «кереге тоқсан басты, сексен уық» деп басталатын өлең бар. Сондағы «бас» дегені, керегелік екі сояудың үстіңгі жағының ұйқасуы. Ауылда көп ұшырайтын алты қанат үйдің әр керегесі он бес ­бастан, алтауы тоқсан бас болады. Керегенің қосылатын тұсындағы қысқа сояулар – «сағанақ» деп аталады. Белгілі ақынымыз Ілияс Жансүгіровтың алғашқы өлеңдер жинағы «Сағанақ» деген атпен шыққан еді» деп жазады Сәбит Мұқанов «Қазақ қауымы» атты этнографиялық зерттеу еңбегінде.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы, кинодраматург, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты

11128 рет

көрсетілді

16

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы