• Әдебиет
  • 25 Желтоқсан, 2019

Кездейсоқ махаббат (Әңгіме)

Әбілқайырдың осы бір он шақты үйден құралған шағын ауылға маңдай тірегеніне бүгін үшінші күн. Қаладағы екі бөлмелі пәтерінің темір есігін тарс қылып жапты да, көршісіне де ескертпей, автобусқа отырып, алты сағат дегенде аудан орталығына, одан жеңіл машина жалдап, қызыл екіндіде «Ассалаумағалейкум» деп кіріп келіп еді, інісі мен келіні ауыздарына сөз түспей, бұған қарап бақырайды да қалды. Содан екеуі қосарлана: «Ойпырым-ай, аға-еке-ай, әйтеуір жай ма, әйтеуір жай ма?» дей берді. – Бәрі дұрыс, екеуіңді сағындым, сосын енді көліктен көлікке мініп дегендей жетіп келген жай бар, шырақтарым, – деді бұл. – Алақай, ағатайым келді, шүйінші – деп екі алақанын шапалақтаған келіні сыртқа шыға жөнелді. Інісі отырған орнынан атып тұрып, ағасын айқара құшақтады да, дереу сытылып шығып, – мен қазір, – деп, есікті сыртынан жапты. Бұл шегіншектеп барып ауыз үйде қалдырған сумкасын сәл еңкейіп сол қолының саусақтарымен іліп алып, әлі аяғынан шешілмеген аяқ киімін еңкейместен өкшесін кезек-кезек көтеріп, сырғыта шешіп, сол беттегі үлкендеу бөлмеге қойылған диванға құйрық басты да, қолындағы сумкасын қапталдастыра қойды. Сол-ақ екен, сырттан ентіге басып інісі кірді де: – Аға-еке, қызыл тұсақты бауыздап тастадым, екі-үш көршіні «ағаммен дастарқандас болыңыздар» деп айтуға Сырға жүгіріп кетті. Әрі кеткенде бір сағат шамасында бәрі дайын болады, ағажан. – Бекерге әуре еттім-ау сендерді, – деді бұл қызарақтап. – Ой-бұй, аға-ай, қуаныштан жарылайын деп тұрмын. Тұсақ емес, құлын соятын күн ғой бүгін. Әлі қызыл екенді, уақыт жетеді. Ағажан, шөліркеген шығарсыз, мұздай айран берейін, әлде минералды су ішесіз бе? – Суы дұрыс болар, – деп күңк етті бұл. – Міне, міне, мынау айран, мынау ­минералды су, – деп, әкелгендерін шағын үстелге қойған інісі лезде көзден ғайып болды. Бұл үстіндегі бешпентін іліп, галстугын аз-кем ­босатты. Кісілер келсе, әрі ауыл адамдары сыншыл келеді деген оймен одан әрмен жеңілденуді өзінше ыңғайсыз санады. Есіне өткен жылғы бір жай түсіп, еріксіз езу тарттырды.

Қайта-қайта шақырғасын бұл құрметті азаматтың елу жасына қаладан келген. Елу-алпыстай ғана адам шақырылған екен. Ығы-жығы қонақ жоқ. Бәрі де салтанатты. Дастарқанды Еділдің өзі жүргізіп, басқарды. Бәйбішесі әнші екен, әнмен қарқ қылды. «Құрметті достарым, жағдай бар ғой, бірақ онша дабыра жасамадық. Бір-бірімізге тілектеспіз-ау дегендерді шақырып едім, бәрі келді, рақмет» деп, ­сыпайы ғана лебіз білдірді. Алғашқылардың бірі боп сөз алған Сейдімбек төрт бүктелген бір бет қағаздың орамын жазып, «Құрметті ­достар, Михаил­ Юрий баласы екеуміз екеулеп Еділге арнау өлең жазып едік, соны оқып беруге рұқсат етіңіздер» деді де, зудыратып оқи жөнелді: Еділ деген өзеннің ернеуінен су кетпес, Өзегінен бу кетпес. Ашу, араз жоқ онда, Жай ағады, әмманда, Бірақ Ұлы атанған. Апыр-ай, ә, бұл қалай? Ұлылардан бата алған, Өзен-су ма, Аллам-ай, Беу, арман-ай! Сен де Еділ – ол да Еділ, Айырмасы біреу-ақ. Шешуі де жеп-жеңіл, Отырсаңдар, біле ғап. Адамына – Еділдің, Ұлылықты біз бердік. Өзеніне – Еділдің, Сан ғасырлар, сан тағдыр, Өлшеп, пішіп ол берді. Бірақ, бірақ, бір Алла, Екеуіне тең көрді, – деп сәл кідірістеді де, – Құтты болсын елу жас, Аман болсын, мал мен бас, – деп көтеріңкі үнмен аяқтап, парақ қағазды дастарқан иесінің қолына ұстатты. Содан ду қол шапалақ шамамен екі-үш минуттай уақытқа созылды-ау! Шапалақ тына бергенде қошамет сөздер басталып кетті дейсің! – Әй, сен өзің пәле екенсің ғой. Өлеңің тұнып тұрған философия, – деді Қожағұл қозғалақтап. – Иә, деймін-ау, тап-таза өлең ғой мынау. Апыр-ай, осы кезге шейін мұның ақын екенін неғып білмегенбіз, ә? – деп Сатан ұшып тұрып, Сейдімбектің қолын қысты. – Оу, Юрий баласы Михаил дегенің кім, әлгі моншашы ма, одан өзге орыс жоқ қой бізде, – деді қақ төрде отырған Сонарбай екі алақанын бірдей жайып.­ – Мынадай арнау өлеңнен кейін сенің мәртебең жүдә аспандады, әрі аудан басшысысың, төр сенікі, маған ыңғайсыздау, – дегенді қосып қойып еді: – Жо-жоқ, қозғалмаңыз, әкімдік орынтақты мен кімнен алдым, тура сізден. Әрі жасыңыз үлкен, – деп Сейдімбек ­Сонарбайды екі иығынан басты. – Сәке, құса қылмай айтсаңшы енді, әлгі Юрий Михаилыңызды, өзі қазақша біле ме? – деді үй иесінің бәйбішесі сықылықтай күліп. – Иә, деймін-ау, Михаилді білмей, тамақ жүретін емес, – деді аққұба өңді толықшалау әйел сыңғырлаған хрустальді үнмен. Бір сәтте тыныштық орнағандай болып еді, сол тыныштықты шетте отырған жұпынылау, жас шамасы отыз бес-қырықтың айналасындағы кексе қыз ба, әлде келіншек пе, әйтеуір бұл бұрын кездеспеген бір жан: – Ағай, айып етпессіз, сіздің өлеңіңіздің түпқазығы Михаил Юрьевич­ Лермонтовта жатыр. Оның Волга, яғни Еділ жайында арнайы туындысы­ болмағанмен, «Эпиграмма», «Дары ­Терека», «О, Каспий» өлеңдерінен өте шебер құрастырыпсыз. Оны ­Михаилге жалтақтамай, толықтай сіздікі деуге құқыңыз бар. Соңғы екі жол – жай көтерме сөз ғой. Ол өлеңнің ішкі мазмұнына кірігіп, салтанат құрып тұрған жоқ. Оны екі арадағы сәл тыныстың өзі аңғартып тұр. Өмірден бар болғаны ­жиырма жеті жасында кеткен аса талантты, аса дарын иесінің «Русалка», «Тамара», «Надежда», «Баллада» сияқты өлеңдерін қазақша сайратуға сіздің шығармашылық күшіңіз, сауаттылығыңыз жететіндігіне инедей де күмәнім жоқ, – деп бұзып жіберді. Дастарқан басында отырғандардың бәрі дерлік ауыздарын ашып, тіпті кірпіктерін де қақпай, «Мәссаған безгелдек» дегендей, аңқиды да қалды. Бұл жай ұзаққа барар ма еді, қайтер еді, үй иесі Еділ: – Оу, қадірменді қонақтарым, ас-суға көңіл бөлейік. Қарындасым Бәліш бәріңді таңдандырып, таңдай қаққызып тастады-ау деймін! Мамандығы дәрігер болғанымен, әдебиетке бейімдігі бар, – деп шапшаңдата сөйлеп еді, іле-шала бәйбішесі де – біздің Бәліш сөйтеді енді, сөйтеді, болды, болды, тамақ алайық. Өлең де керемет, менің қайын сіңлімнің түйінді сөзі де керемет, мен қазір сіздерге тағы да ән салып беремін, мысалы, – дей бергенде Сейдімбек: – Қарындастан емес, ұлы Абайдан ұят болады-ау, Лермонтовтың жиырма бес өлеңін қазақша сайратқан. Әйтпесе, «Русалканы» аударып көрер-ем, – деп күліп жіберді. – Бәсе, бәсе, енді-енді осылай сөйлеп, талабыңды жанып-жанып жіберсейші, – деді Қожағұл кеудесін көтеріңкіреп. – Сен аудармашы боп кетсең, ауданды­ кім басқарады, а? Оны да ойлап қой. Тайлақты мұрындықтаймыз деп, нардан айырылып қалмайық, масқара қылып, – деп Ізтұрған қарқылдай күліп еді, жанындағы Сейіт: – Сөзіңізді дереу жұқартпасаңыз, тым ауырлау, – деп сыбырлап үлгерді де: – Ауданға әкім табылар-ау, Секеңдей азамат табу қиындау ғой, – деп, сөзінің артын созыңқырап жіберді. Дәл сол кезде Бибісара бәйбіше күйеуі Сейдімбектің иығына қолын салып: Қараңғы түнде тау қалғып, Ұйқыға кетер балбырап. Даланы жым-жырт дел-сал қып, Түн басады салбырап, – деп, жіңіш­ке дауысын көтеріңкіреп шырқай жөнелгені сол екен, екінші шумағына ерлі-зайыптылардың бәрі қосылып, осыған дейін айтылған ірілі-ұсақ сөй­лемдер мүлдем ұмытылып кеткендей болды... Әннің соңы биге ұласып, той тарқар «Айттым сәлем Қаламқас» әнімен аяқталды. «Ескерткішке» деп Еділге арналған өлең қолма-қол көбейтіліп, қонақтарға деген сый-сияпатқа қосылып берілді. – Бәліш, сіңлім, сол Орынборда қашанғы жүресің, елге келсейші, ортамыз тола берсін. Қызмет жағын отағасы реттейді ғой. Мекен-жайды көптеп-көлемдеп бірдеңе қылармыз. Тіпті болмаса, біздің екі бөлмелі пәтеріміз бос тұр, көшіп кел де, кіріп ал. Бала, келін Астанада. Екеуінің қайта оралатын түрі жоқ, – деп аудан әкімінің бәйбішесі Бәлішке жылы лебіз білдіріп еді, – Ой-бой, Бибісара, не айтса да, мен үшін заң жолдастар, мұны біліп қойыңдар, – деп күлді Сейдімбек. – Дұрыс, дұрыс, Бәкеңдікі, жөн, жөн, – деген қошемет сөз бөлмені кернеп кетті.

***

«Дегенмен, менің келінім тым пысық және әр нәрсенің орайын біледі. Көрдің бе, үйдің ішін қараған адамның көзі қызығатындай етіп, жайнатып қой­ғанын» деп ішінен күбірлей беріп еді: – Ассалааумағалейкум, Әбеке, апыр-ай, аяқ астынан қуанышқа кенелтіп, тастадың-ау, – деп, кеудесі бір құшақ боп Айжарық кіріп келді. – Уағалейкумүссалам, сәлемші болсаң төрге шық, апыр-ай, сенің де баспайтын жерің, жұтпайтын желің жоқ-ау, ай, қара нарым-ай! Кел, төс қағыстырайық, – деп орнынан сілкіне тұрып, қарсы алдындағы алпамсадай денені орай құшақтады. Сосын екеуі қосарлана төрдегі диванға құйрық басты да, бір-біріне қадала қарап, сүт пісірімдей уақыт үнсіз, тілсіз отырды. Тіпті бөлмеге ақ орамалды орай тартқан егделеу әйелдің кіргенін де байқамағандай. – Ал, мынау менің екінші бәйбішем, тоқалым деуге аузым бармайды, – деді Айжарық кенет үн қатып. – Әй, бәйбіше, мынау менің қанды көйлек, қаскөй жолдасым Әбілқайыр, – дегенді қосып қойды. – Сәламатсыз ба, білемін ғой, білемін ғой, бұрынырақта көргенмін. Бала-шағаңыз аман ба, аман-есен жүрсіз бе, келген-кеткеннің қайыры болсын. Сізді отағасы ылғи айтып, аузынан тастамайды,­ – деді биязы үнмен. – Екеуміз де бірінші бәйбішемізді «Ана жаққа» жібергенімізге екі жылдан асты емес пе? Иманды болғырлар, шамалас уақытта кетті ғой, жастары да шамалас еді. Әне бір жаман ауру бас-көзге қаратты ма! Содан жылын берген соң, қой, бала-келіннің шайы қашан қайнайды деп телміргенше, өзім әрекет жасайын деген оймен бас салып мына Сарқытқа үйленіп алдым. Жаман емес, әйтеуір, жататын төсегім мен тамағым дұрыс... Бір кезде «Ассалаумағалейкум» деп сақал-мұртты егде кісі бастаған әйелі бар, еркегі бар бес-алты қонақ кіріп келді. Орнынан тез көтерілген Әбілқайыр: – Уағалейкумүсалам, төрдің төбесіне шығыңыздар, құрметті меймандар, хош келдіңіздер, – деп сақал-мұрттыға күректей алақанын ұсынды. Бәрі орындарына жайғасты-ау деген сәтте егде кісі екі алақанын уқалап: – Уай, Әбеке, сыртыңыздан қа­нық­пыз­ ғой. Менің есімім – Қара. Осыдан­ үш жылдай бұрын сіз ауданның бас экономисі қызметінде істеп жүргенде бір шаруамен алдыңызда да болғанмын. Бәйбішең қайтпас сапарға аттанған екен, артының қайырын берсін! Алла Тағаланың марқұмға пейілі түсіп, пейіште нұры шалқығай! Есіңізде шығар, немере інім Еділ елу жасқа толғанда дастарқандас болғанымыз. Иә, туу хақ, өлім хақ. Біреуге ерте, біреуге кеш. Тағдыр ісіне қарсы тұрар шара бар ма, жоқ қой, – деді тарғылдау даусын дірілдете сөйлеп. – Қайыры болғай, қайыры болғай, – деді отырғандар да бірі жай, бірі көтеріңкі үнмен. – Әумин, әумин, – деп Әбілқайыр отырғандарға жағалай көз тастап еді, қараторы өңді, әдеміше келіншекке ­жанарын тоқтатып: – Апыр-ау, Бәліш қарындасым, аман-есен жүрмісің, шырағым! «Тау мен тау кездеспейді, адам адаммен кездеседі» деген осы, – деп аз-кем күрсініп, ішінен ыстық ауа шығарғандай күйге түсті. – Ә, естімеп пе едің, Бәліштің біржолата келгеніне екі-үш айдан асты. Осы маңдағы бұрынғы аурухана қайта жанданып, күрделі жөндеуден өткен, соған бас дәрігер боп жұмысқа орналасты. Қуанышта шек жоқ, Жиырма жылдай сыртта жүріп, әйтеуір тәуекел етті-ау. Орынбор мына тұрған жер дегенмен, өзге жер, өзге ел емес пе! Ондағы қандастарымыз да өздерінше кеуде кергенмен, орыстанып кеткені білініп тұрады. Қазақ – қазақ тілінде сайрамаған соң, бірте-бірте ұлттығын жоймай ма? Орынбор, Сарытау, Түмен – негізінен қазақ жері екеніне дау жоқ. Тағдыр солай болды. Не істейсің, өз бармағыңды өзің кесе алмайсың. Ендігі жерде бас-аяғымызды жинақтауымыз керек пе, өте-мөте керек. Тәуелсіздік алдық, заман өзгерді, құдай берді. Сондай деймін, олар неге ойламайды: Біздің болашағымыз қандай болады, ұрпағымыз өсіп-өнер ме екен? «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» деген баба сөзін таразылайық деп. Сондағы қазақтар сыпырылып көшіп, ата қоныстың шұрайын шығарудың орнына, «Сендерде анау ғой, сендерде мынау ғой» деп, мұрындарын шүйіретінін қайтерсің. Менің Орскіде бұрынғы Жаманқалада жамағайыным бар. Сан рет бардым. «Оу, көшсейші», деп, жоқ, ананы-мынаны сылтауратып, қозғалмайды-ау, қозғалмайды. – Қонақтар, кешірерсіздер, дастарқан мәзірі келесі бөлмеде дайын, келіңіздер, бір-бірлеп қол шайдырайын, – деген үй иесінің екпінді даусы шықты. Үлкен дөңгелек үстелге тақау қойыл­ған орындықтарға жайғасқан меймандар дастарқандағы мәзірге бар ынта-ықыласын аударып еді, жанарларына – бұқтырылған тауық, қазы-қарта, қуырылған балық, әйтеуір, тағамдардың түр-түрі ілікті де, іштей риза болып: «Құдай­дың әмірі, мұны қай уақытта дайын­дап, пісіріп үлгерген» деген сауал әрқай­сысының тіл ұшында тұрғандай болды. Дастарқан үстіндегі тағамдар біраз ықшамдалып қалып еді, қып-қызыл қуырдақ тағы да еселеніп, сәлден кейін босаған ыдыс-аяқ шеттетіліп, ортадан­ үйме табақ манты орын тепкенде, иектерін шошайта басын көтермеген ­мейман қалмады. Бірақ «Апыр-ау, мұны енді кім жейді, а?» деген тосын сөз ешкімнің аузынан шықпады. – Әй, Бекарыс, тағам жаңаланды, әпитет ашыла түсті. Қалған жарты шөлмегіңді құй стақанға, – деді Айжарық теңселе сөйлеп. – Марқұм бәйбішем осындайда түрткілеп, шымшып «ішпе» дегенді тілмен емес, қимылмен ­айтып ұғындыратын еді, құдай бергенде, Сарқыт бәйбішем «Отағасы, шамаңды өзің білесің ғой» дегендей жымиып қана үнсіз отырады. – Пах, өзім де осылай ойлап ем, қойылған тағамды ішіп-жеп, өткен-кеткенді еске алып отыру, үй иесінің мерейін асырады ғой. Алма келінім осы тағамдарға қаншама қажыр-қайрат жұмсады. Біле-білген кісіге тамақ әзірлеп, оны пісіріп, қонақтың көңілінен шығу – өнерді қажет етеді, – деді Қара томпайып жатқан мантыға сүйсіне көз тастап. – Төреңізге құлдық, – деп, Бекарыс шөлмектен лықылдата құйып еді, стақан ернеуімен бірдей болған арақ жылт-жылт етті, құдды тыныш жатқан көл суы секілді. – Ал, біз кеттік, – деген дауыстың шығуы мұң екен, стақанды шайқалтпай көтерген Айжарық аузын ашыңқырап, арақты лық еткізіп құя салды да, – бұл менің Морфлоттан үйренген тәсілім, – деп мантының біреуін алақанымен көсіп алып, асап жіберді. – «Па, шіркін; керемет; ас болсын;» – деген қошемет сөздер айтылмады.Тек Бәліш қана күлімсіреп, басын шайқады да: – Аға, тәсіліңіз негізінен дұрыс тәсіл. Өңешке салмақ салмай, қарынға бір-ақ құйылады. Бұл жүз граммдық тәсіл ғой. Екі жүз елу грамм тым көп. Құдай сақтасын, шашала қалсаңыз, – деді нәзік үнмен. – Айналайын, бұл не көрмеген өңеш. Бірақ, ескертпең орынды. Ей, Бекарыс, үйде балалайка жоқ па? – деді Айжарық кеудесін керіп. Сосын «Жоқ», иә «бар» деген сөзді тоспастан жуан даусымен әндетіп еді, – Ой, аға, Сіз баритон д­ауысты тамаша әнші екенсіз ғой, бис, бис!! Мен сізге басымды иемін, ағатай, – деп Бәліш орнынан шапшаң көтеріліп, әншіге басын иді. – Ей, бәйбіше, көріп, тыңдадың ғой, отағасыңның сан қырлы өнерпаз екенін, – Айжарық Сарқытқа үңіле қарады. Отырыс біраз уақытқа созылды. Қызыл тұсақтың дәмді еті де, кәдімгідей желініп, тағы да шай ішіліп, Айжарық бір шөлмекті тағы да тауысып, одан Бәліш екеуі екі дауыспен «Волга, Волга» мен «Қайықта» әнін қосыла шырқап, отырысты кішігірім той-думанға айналдыра жаздаған меймандар түн ортасы шамасында дастарқан иелеріне көп-көп рақмет-алғысын айтып тарқасты.

***

Таңертеңгі шайдан кейін есік алдындағы қарағайды тамашалап, ­«Апыр-­ай, биіктігі құрығанда он екі-он бес метрдей болады-ау, өзі сыптай боп өскен екен, әрі сүйкімді, әрі көрікті, шіркін, табиғат-ай» деп өз-өзінен күбірлей бергенде үйден жүгіре шыққан келіні: – Ағатайым, Сіздің ұялы телефо­ныңыз қоңыраулап, – деп қолына ұстатты. – Алло, тыңдап тұрмын, – деді бұл. – Сәламатсыз ба, Әбілқайыр ағасыз ба? – Иә, иә, аманбысың, шырақ... – Кешірерсіз, мен қала әкімі Сәбит Көпжасаровпын. Сіз жедел түрде жолға шықсаңыз, сағат үштегі акимат отырысына үлгерер едіңіз. – Жай ма, шырағым? – Тезірек жолға шығуыңызды өтінемін. Сіз аса қажетсіз. Мән-жайды келген соң білесіз ғой, – деп қала әкімі телефонын қойды. Жедел басып, үйге кірген Әбілқайыр келініне: – Қарағым, мені жұмыс орным шақырып жатыр. Тездетіп жүрейін, бұл жерде жалдайтын жеңіл машина бар ма екен? – деп еді, келіні сөйлей алмай булықты да қалды. Сәлден соң: – Енді қайттім, енді қайттім, ­Бекарыс шаруамен кетіп еді, – деді көзі жасаурап. – Барғасын хабарласам ғой. Осы көрші жігіттің машинасы бар-ау деймін. – Қазір ағатайым, мен барып келейін. Бұл киініп, сыртқа шыға бергенде, алдынан шыққан бұйра шаш жас жігіт: – Ағасы, қайда бұйырасыз? – деп талтайып тұра қалды. – Қалаға. – Құп болады. Жол ақысын жүре сөйлесерміз. – Әрине, әрине... сосын артына кілт бұрылып, – Қарғам, әзірге, – деп артқы есікті ашты. – Жолға тамақ, – деген келінінің ­даусын машинаның дырылы жұтып қойды.

***

Аудан орталығынан шығыңқырап, «Ауди» жүйрік көлігі өзінің құлашын енді-енді кере бергенде, басып озған ақ машина «Тоқтаңдар» деген белгі беріп, озыңқырап барып өзі де тоқтады. Жүргізушінің есігі қайырыла ашылып, ішінен жалаң бас әйел шығып, бұларға қарсы жүрді. Әбілқайыр: – Мынау, Бәліш қой,– деп күбірледі де, бұл да табанын жерге тигізіп, бойын жазды. – Ағасы, айып етпейсіздер, сіз ­облыс орталығына қайтып бара жатыр деп естігесін бір танысыма хат беріп жіберейін... – Аманбысың, қарағым, әкел, әкел, – деді Әбілқайыр көз аясы кең, пісте мұрын, жазық маңдай, нұрлы жүзді әйел затының сөзін аяқтатпай. – Міне, – деп ұсынылған конвертті бұл екі бүктеп ішкі қалтасына салды да, – Нақты мекенжайы, телефон нөмірі сыртына анық жазылса болды ғой, – деді. – Иә, иә, – деді Бәліш күлімсіреп. – Ал, сау бол, айналайын, Алла Тағала кездесуге жазсын. – Әрине, әрине, кездесеміз, сөзсіз кездесеміз, – деді Бәліш оң қолын көтеріп.

***

Әкімнің қызмет бөлмесіндегі адам­дардың бәрі бұл кіріп барғанда, орындарынан тұрып амандасты. Ұзын бойлы, сыптығыр әкім жігіт: – Әбе, Сізді сыртыңыздан билеп-төстеп, бұйрық та шығарып қойдық. Бүгіннен бастап Сіз қалалық әкім­нің бірінші орынбасарысыз. Бізге сіздей маман қажет еді, ақыры таптық. Өмірбаяныңызбен жете таныстық. Айып етпессіз, қызмет істеген мекемелерге­ де сұрау салдық. Кезінде Мәскеу университетінен екі мамандықты еркін меңгерген екенсіз – экономист және неміс тілін. Ғылым кандидаты дәрежесін Берлин академиясында неміс тілінде қорғапсыз. Ағылшын тілінен де ептеп хабарыңыз бар екен. Ол тілдерді ұмытпаған шығарсыз? – деп шапшаңдата сөйледі. – Қанға сіңген нәрсе ұмытыла ма, шырағым, – деді Әбілқайыр тамағын кенеп. – Мына бұйрыққа «Мен келісімімді бердім» деп қол қоясыз ба? – Өздерің менсіз шешім қабыл­дапсыңдар ғой, енді «мен» деген сөзбен қол артық шығар. – Отырғандар ду етіп күліп, қол шапалақтады. Сосын бәрі бір-бірлеп «құттықтаймыз» деп қолын қысты.

***

«Апыр-ай, бұл қызметті дөңгелетуге күшім де, білімім де жетер-ау, тек жалғыз тұрғаным шаршатпаса» деп ойлады ­машина ішінде ол. – Әлде күйеу балам мен қызыма барсам ба екен! Әлде күтуші жалдасам қалай болады, әй, бір жөні ­болар. Айтпақшы, тамақ ішіп алып, өзімнің жұмыс жоспарымды жоспарлауым қажет қой. «Қалалық бюджетке түгелімен сіз жауап бересіз» деді-ау! Ол да мені қинай алмайды. – Аға, ертең қай уақытта келейін? – деген жүргізушінің даусы ойын бұзып жіберді. – Тура сағат сегізде келсейші, – деді Әбілқайыр. – Құп болады, – деді жүргізуші. Үйге кіріп, жайғасқаннан кейін шай ішіп, диванға қисая кетіп еді, ойына Бәліштің аманат хаты түсті де: «Қап, жадымнан шығып кеткені-ай, машина ішінде ойыма келмегенін қарашы. Қой, такси ұстап апарып берейін» деп іштей күбірледі де ұмтылып, бешпентінің ішкі қалтасындағы конвертті суырып алып, сыртына көз жүгіртіп еді, Әбілқайыр Өрнековке Бәліш Қадыровадан деген жазуға көзі түсті. Және де етек жағында «Міндетті түрде ашып, оқыңыз» деп ­жазылыпты. Бұл дереу конвертті мұқияттап ашып, ішіндегі тілдей қағаздағы «Мен сізге қалаған кезіңізде тұрмысқа шығуға әзірмін. Егер сіздің жүрегіңізде менің жүрегіме орын болса».., Бәліш Сәлімқызы, 38 жаста, жалғыз басты, тұрмыс құрмаған, деген жазуды екі-үш рет оқып шықты да: – Бұл не жұмбақ, – деп кәдімгідей сөйледі. Көз алдына оны елестетіп көріп еді, маңдайы ысып, қызуы көтерілгендей күйге бөленді. Оның кескінді жүзі біресе жақындап, біресе, алыстаған сыңай ­танытты. Қос жанары мөлдіреп, кірпік қақпайтын секілді. Тек оң жақ көзінің жиегінен бір тамшы жас көрініп, не әрі, не төмен жылжымайтындай, оймақтай еріні сәл ашылыңқы ма, қалай? Әбілқайыр хатты қайтадан оқыды. «Телефон нөмірін жазбағаны несі екен?! Әлде мені өтірік дәмелендіріп, жұртқа күлкі қылғысы келе ме? Қой, ондай жеңіл мінезді шыға шап әйел сияқты емес, салиқалы, орта көрген, көкірегінде көңіл сүзгісі бар, жаман мен жақсыны таразылай білетін әйелге ұқсайды өзі» деп ­ойлады. Сөйтіп жатып көзі ілініп кеткенін өзі де байқамай қалды. Түсіне марқұм бәйбішесі Қатша енді. Ол бұған төсектен қолын созып, «Әбе, өзіңді-өзің сынап көрсейші» деп күлімсірейді. ­Шошып оянып, жатын бөлмеге қарай қадам басты. Түннің қай мезгілі екенін айыра ­алмады. Есіктің қоңырауы безілдеп, ­тыным таптырмағасын ұшып тұрып, ілгері ұмтылды. Кідірістеп «Бұл кім екен?» демей-ақ есікті ашып еді, күйеу баласы мен қызы мұны кезек-кезек құшақтап, «Құтты болсынды» үйіп-төгіп тастады. – Ой, әкешім, дым болмағандай-ақ, бедірейіп тұрсың ғой, тіпті, а? – деді қызы көзін сүртіп. – Айт, шапшаң, өз аузыңнан естиік. Әйтпесе, мен қазір қуаныштан солқылдап жылаймын. Ал бір жыласам, көпке созатынымды тәп-тәуір білесің ғой. – Апыр-ай, мән-жайға әбден қанық екенсіңдер. Менен несіне сұрайсыңдар. Облыстық телебағдарлама жалған хабарды­ жарияламайтын шығар. – Солай ма, дәл солай ма, Берік, ашсайшы­ шампанды. Ей, болсайшы, төгіле берсін, әкел аузынан ішейік... Күйеу баласы мен қызын шығарып салған Әбілқайырдың шақшадай басына нелер кіріп, нелер шығып кеткенін бір Алланың өзі білетін шығар. Әйтеуір, ойы он саққа жүгірді. «Бұл не қылған жұмбақ хат, шешуі қиын» деп қайта-қайта күбірледі... Бір шыны шайын ішіп, қызметке ­жинала бастап еді, үйдің телефоны мен ұялы телефоны қатар қоңыраулады... Қолына іліккенін құлағына тақап, – Алло, тыңдап тұрмын, – дегенінше, есіктің қоңырауы безілдеді. Есікті ашса, інісі мен келіні. – Аға, ағатай, – деп, екеуі де мұның мойнына асыла кетті. – Ойпырым-ай, қайдан жүрсіңдер? – деді бұл басқа сөз аузына түспей. – Телевизордан көріп, естігесін ­шыдап отыра алмадық. Қалай шыдаймыз, мынадай қуанышта, – деді келіні көзіне жас алып. – Сосын, сосын бар ғой, бізбен бірге Бәліш апай да келді. «Сәлден кейін кірермін» деп сыртта кідірістеп қалды. – Апыр-ай, апыр-ай, ә, тіпті ­тосын жаңалық болды-ау, өзі, енді былай, мен біржолата жұмыстың аяғында келетін шығармын. Үйге өздерің қожалық ете бересіңдер ғой. Асығыс болсаңдар, кілтті көршіге тастай салыңдар. ­Солай, қос көгершінім, деген Әбілқайыр табалдырықтан аттай беріп, бетпе-бет келген Бәлішке: – Сіздің хатыңызды мұқият оқы­дым. Мазмұны мені толықтай қана­ғаттандырып, жүрегімді қуанышқа бөледі, – деді күлімсіреп. – Солай ма, қымбаттым, солай ма, қайталашы, – деген әлсіз дауысты Әбілқайырдың құлағы шалды. Бір жетіден кейін Әбілқайыр мен Бәліш Неке сарайына барып, ағайын-туыс, жора-жолдас, қызметтестерінің қошаметтеуімен некелерін қиғызды...

Марат МӘЖИТОВ

875 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы