• Тарих
  • 16 Қаңтар, 2020

АЙТЫЛМАҒАН ҚЫРҒЫН

Сіздердің назарларыңызға өткен заман өкілдерінің естеліктері беріліп отыр. Мен солардың үшеуін көзіммен көрдім, әңгімелерін естідім. Ахметбай ақсақалды үй іші адамдарының айтуынан білемін, ұрпақтарымен араластым. Ол кісі қалдырған аудиотаспаны­ тыңдағанда менің бала кезімде естіген әңгімелерім еске түсіп, өзін көргендей болдым. Ырғыз қырғыны туралы көп айтылмайтын, бірақ қантөгіс туралы болғасын ба немесе жақын адамдардың аса қиналған кездері туралы болғасын ба, менің балаң санама айрықша із қалдырып, қызығушылығымды тудыратын. Әңгімесін көп естіген әжем марқұм бұл оқиға туралы аса құпиялықпен жеткізетін, бірақ біз білсін деген болу керек, өзінен тараған ұрпақтарының бәріне айтқан. Өкінішім, көп нәрсені ұмытып қалдым, әсіресе адам аттары есімнен шығыпты. Бірақ бұл жазғандарым – естігендерім еліміздің ең бір ауыр кезеңдерінің тарихы деп білемін, құндылығы – сол уақыттың адамдарының айтқандарында. Біз тарихты сол кездегі басқарушылардың құжаттарынан іздеп, солардың жазған мәліметтеріне сеніп өстік. Кеңес үкіметі (бұл барлық биліктегілерге тән) тарихты бізге билеушілер тарихы деп үйретті. Ал негізінде тарих дегеніміз – сол қиындықты көрген адамдардың тарихы, халықтың тарихы. Мен өздері тарихи оқиғаларға қатысқан жандарға көбірек сенемін, соны нақты деп тануды ұсынамын. Ал Ырғыз қырғынының тарихына келсек, бұл бір өлкенің ғана қасіреті емес, бұл бүкіл қазақ халқының басына түскен зұлматтың бір бөлігі. Оның басты зардабы елдің рухы жаншылғаны, бас көтерер азаматтарынан түгелге жуық айырылғаны еді. Соның салдарынан 1932-1933 жылдары болған аштықта асыраушысы жоқ әулеттердің көп бөлігі қырылды. Ресми үкімет көтеріліс кезіндегі де, аштық кезінде де қырылған адам санын жасырып бақты. Бұл сол кездегі большевиктік билікке қолдан жасаған қылмыстың көлемін азайту керек болды. Біз естеліктерін жариялап отырған екі қатысушы бір қырғында 300 адам, екіншісінде 40 адам қаза болғанын, 300 адам тұтқынға түскенін айтады. Ал сол қырғындардан жараланып қашып шығып, емделе алмай қаншама боздақ көз жұмды. Қаншама адам Қарақұм көтерілісінде шейіт болды. Қаншама азамат өз бауырларынан айырылып, әрісі ауған, берісі өзбек жеріне асып, жырақта көз жұмды. Қырғынның елге келтірген қасіретін сол көтеріліске қатысқан Бармақ ақсақалдың айтуынан білуге болады. Ол «Қармыс тоқа аталығының бір әулетінен 17 адам сарбазға барып, 3-ақ адам ауылға тірі келдік» дейді. Сонда әрбір 5-6 адамнан біреуі-ақ келіп отыр ғой. Қаншама адам жазалаушылар қолына түсіп, сотсыз қырылды, есеп жоқ. Осы қырғындар, артынша келген ашаршылық, оның ізімен жеткен репрессия және де басқа өзгерістер нәтижесінде тағы бір ел басына түскен ауыр қасірет халықтың тәлім-тәрбиесін, дәстүрін күйреткен таптық көзқарас ел санасына сыналап енді. Біртұтас халықтың бөлшектенуіне жол ашты, ол бөлшектену таптық жолмен ғана емес, сонымен қатар жаңашыл және басқалар деп бөлінуге соқтырды. Жаңашыл дегендері – тек таптық бірегейлікті танығандар ғана емес, сонымен қатар орыс үстемдігіне бой ұрғандар еді. Елдің тұрмыс-тіршілігі ғана емес, болмысы, рухани ұлттық коды қирады. ­Содан болу керек, тіпті осы қырғын ел ішінде «көтеріліс ­сауатсыз халықтың жаңылысуы, жаңа өмірді түсінбеуінен, езуші байлар мен молдалардың совет үкіметіне қарсы қастандығынан болды» деген саяси баға орын алды. Келесі ұрпақ аталарының көтеріліске қатысқандарынан ұялып, жасыратын болды, сондықтан болар қырғын туралы ешкім айтпады. Жас балаларға «сенің бабаң ел азаттығы үшін күрескен» дегеннің орнына, «бар жақсылық Қазан революциясымен келді, сенің атаң Ленин мен ­Сталин» деп үйретілді. Ел қырылған шейіттердің басына баруға қорықты, тіпті еске алып құран оқытуға батылы бармады. Сөйтіп, көп қасірет әкелген бұл қырғын ел жадында көмескіленіп, ұмытыла бастады. Білмеген кейбіреулер бұл қырғынды 1916 жылғы патшаның қазақты әскерге алу туралы заңы шыққанда осы өлкеде болған ұлттық көтеріліспен шатастырады, мүмкін бұл сол көтеріліс туралы кеңес үкіметі кең көлемде насихаттауға рұқсат бергенінен де болар. Тек соңғы жылдары ғана ел тарихшылары осы оқиғалар туралы жаза басталды. Ол зерттеулердің көбінің ерекшелігі, олар негізінен осы қырғынды ұйымдастырған ресми мемлекеттік органдардың жазған құжаттарымен бағалайды, ал олардың көтерілісшілерді бандиттер деп қарағаны анық. Қырылған халықты жау деп таныған билеушілер мен олардың қызметкерлері өз құрбандары туралы нақты әділ баға бермейтіні де анық. Ал біздің жазып ұсынғанымызда өлке тарихы ешқандай саяси көзқарасқа негізделмеген, болған жай сол қиындықты кешкен адамдардың өздерінің баяндауында жеткізілді. Естеліктері берілген азаматтардың ішінде жазалаушылар жағында да болған, қырылған ел ішінде де болған адамдар бар. Біз олардың ешқайсысын кінәлай алмаймыз, мүмкін олардың ішінде кезінде қателескендері де болған шығар, бірақ олардың осы оқиға туралы болған жайларды бүкпесіз жеткізгендерінің өзі еліне істеген қызметі деп таныған дұрыс. Бүгінде уақыт бәрін орнына қойды, қырыл­ған боздақтар армандаған тәуелсіз­дік келді, асыл дініміз елге қайтты, дәс­түріміз оралды. Біздің мақсатымыз енді азаттықпен бірге өз тарихымызды өзімізе қайтару, естігенімізді келесі ұрпаққа жеткізу. Менің мамандығым тарихшы емес, жазушы да емес. Менің мақсатым өзім естігендерді бүгінгі ағайынға, келер ұрпаққа жеткізу, жазғанда осыны көздедім. Оқыған жанға сол оқиғаға қатысқан адамдардың көргендерін, көзқарасын жеткізу болды, егер мен ұмытқан немесе жеткізе алмаған кемістігі болса қолында деректері бар ағайындар толықтырса ризашылығымызды білдіреміз.

АЛДЫМЕН БАЙЛАР ЖАУ ДЕП ­ТАНЫЛДЫ

Көтерілісшілердің жабдықтау ­тобында болып, қырғыннан аман құтылған Досымұрат Шобанов ақсақалдың естелігі: «1918-1924 жылдары сәбет ­орнап елді бай-кедейге бөле бастады, қырсыққанда сол жылдары әрмен-бермен босқандармен тырыспай, шешек ­ауруы көбейіп жұрт қырыла бастады. Сонымен қатар ел саудаға қолайлы деп, отырықшылыққа көше бастады. Бірақ елде алауыздық жайлады, біресе қызыл, біресе ақ келіп береке қашты.1927 жылдан бастап үкімет күшейіп, алдымен байларды, сосын орташаның малын ­жинап ортаға ­салды. Қайдан пайда болғаны белгісіз өкілдер көбейді, оларға ауылдан шолақ белсенділер қосылды. Бәрінің айтатыны бұрынғы ақсақал-байлар кедейді жаншып келіпті, енді сол теңсіздікті қайта қарау ­керек. Ол үшін олардың малын ортаға қосып бағу керек екен. Алдымен­ мыңдаған малы бар байлар жау деп танылып, жер аударылды. Ішінде ел басқарған болыстардың әулеттері де кетті, көбіміз олардың неге жау аталғанын түсіне алмадық.Бір масқарасы олардан жиылған малдың көбі сойысқа түсіп, етін ішкі Ресейге пойызбен жіберді. Молда-ишандарды олармен қоса ұстап, жау деп шуласып жатты. Іштерінде бала оқытатын күйі орташалары да бар еді, оны ескеріп жатқан жан болмады. Біздің ауылда­ сондай момын, ертеде әкелері мектеп ашқан Бағысбай деген кісі болатын, сол кісіні милиция жаяу алдына салып атпен айдап кеткенін көзіміз көрді. Милиция жұртты қорқыту үшін тарсылдатып шыбыртқымен жердің шаңын шығарып ұрып бара жатты.­ Ана кісі тек «Астапыралла,­ астапыралла»­ деуге ғана шамасы келді. Біздің әулет ортаға қосылғысы келмеді, аталарымыз өзімізбен-өзіміз ­боламыз, қосылмаймыз деген. Бірақ өкілдер егер қосылмасаңыздар сендер де байларды қолдадыңдар деп, бар малды тартып алды. Біз ойланып, көшеміз бе, әлде ортаға қосыламыз ба деп жүргенде елде дүмпу басталды, бұл Ырғыз елінің бас көтеруі еді. Қатар жүрген ағайын жігіттер жиналып, ойластық. Алдымен қозғалған тоқа іші Тәуіпке барып келуге шештік. Ол жақта жолдас, ағайын-бауырға барып білсек, ел тегіс өкіметке қарсы қол жинап жатыр екен. Түменбай деген ел сыйлайтын ақсақал басшы хан болыпты. Бәрі өзіміздей жігіттер, көбі күнде араласып көріп жүрген таныстар. Айтатындары біз білетін зар, баратын жері, басатын тауы қалмағандары, белсенділерден көрген қорлықтары. Күнде жан-жақтан ағылып келіп жатырған жігіттер. Біз, алты адам қосылуға бел байладық, сөйлессек, аламыз деді, тек бір жалғыз басты Болпан деген жігітті қабылдамады, егер жазатайым мерт болсаң, атаң ұрпақсыз қалады деп айтылды, оны елге хабарға қайтардық. Қабылдаған кісі бәрімізге ертең соғыс болса басың кетуі мүмкін, даярсың ба, басыңды тігесің бе деп үш реттен сұрады, біз елдің көргенін көреміз дестік. Бізге уақытша әскердің қосынын күзету тапсырылды, қосымша даярлық болады, оны білетін басшы кейін келеді деген. Бізбен бірге ұсталар қосыны болды, олар қару жасайтын. Онысы қылыш, істік найзаның ұшы секілді қарулар. Біздің онбасымыз болды, сол бәрімізге тапсырма­ беріп жұмыс істететін, бесеу-бесеуден қос тігіп көшкен елдей тұрып жаттық. Әр ауылдан күнде сойыс малы, тары, тамақ келіп тұрады, біз оны әскерге жеткіземіз. Өзіміз мініс аттарды, керекке деп, сойыс­ малдарын бағамыз. Біраз уақыттан соң тағы әскерге алған жігіттер келіп, біз дайындыққа қатыса бастадық. Мен үш күнге сұранып әке-шешемізге амандық білуге барсам, ауылдағылар таза қиналып отыр екен, белсенділер қолдағы малды тартып алып, бәрің ұйым боласыңдар, бірге жиналыңдар деп кетіпті. Бұрын ел отырмаған жол бойына көшесіңдер деп бұйырыпты, шаруа жөнін білетін ақсақалдар ол жерге жиналсақ малды қалай бағамыз деген екен, сендер өкіметке қарсы бай құйыршықтарысыңдар, айтқанды істемесеңдер жер айдауға түсесіңдер деп сөйлетпепті. Мен өзімізге қарасты алты-жеті үйді түнде көшіріп, тоқа құдалардың қасына қондырдым, жездеміз Айсауытқа табыстадым. Ел жан-жақтан Тәуіпке ағыла бастады, шетке ішке көшуге батылы бармаған ағайын сарбаздарға қосылды. Ел іші толған әңгіме, сондағы айтатындары бәріміз жиналсақ, өкімет те түсінер, біздің басшыларымыз орыс патша әскер алғанда да жол тапқан, осы жолы да келісім болар деседі. Енді бірі ішке көшсек те елмен бірге болайық, бірге көшейік дейді. Жас жігіттер соғыссақ соғысамыз, аталарымыз талай қырғынға түсіп аман алып қалған ел емеспіз бе деп күмпілдейді. Үлкендердің айтуы бойынша, сәбетті орнатқан орыс екен, орыс қазақты діннен шығарады екен, ұжым болып ортақтасып бір жерде тұрып, бір қазаннан ас ішеді екенбіз. Елдің басшылары біз салығыңды төлейік, тек отырықшылығыңды қой, дінімізге тиіспе деп сөз айтқан екен, оны өкімет басшылары қабылдамапты. Әйтеуір гу-гу әңгіме, келушілердің айтуларынша Торғай, Қарабұтақ жағы, Қазалы мен ­дария бойы түгел сарбаз жинап ­жатыр екен. Біздің қосынымыз ұлғайып, басшылар бізді екіге бөлді. Мен көлік, мініс аттарын, түйелерді бағатындармен кеттім, адам қарасы шамамен отыз-қырық шамасында. Елден мініске жарайтын жылқы келеді, біз оны даярлап әскерге жеткіземіз, аты жоқ сарбаздарға береміз. Кейде өзіміз барып сойыс малын әкелеміз, көбіне ауылдағылар өздері жеткізіп береді. Біздің жігіттерді анда-санда алып кел, барып келге жұмсайды, тапсырғанын орындаймыз. Арба жөндейміз, ұсталарға көмектесеміз. Сөйтіп жүріп жаттық. Бұл жағдайға да үйрене бастадық. Бірақ наурыздың ­ортасында, ұмытпасам, сейсенбі күні біз бәлеге ұшырадық. Жұрт таңғы асын ішіп жатырғанда қайдан келгенін білмеймін, бір құм боран басталып айқай-шу шықты. Баққан жылқымыз апан-топан болып, басқа мал да үркіп, біз естімеген бір ­керемет айқай-шу дүрсіл естілді. Жігіттер сасып, не істерін білмей ілгері-кейін жүгіреді де, кейбіреуі қан-қан болып құлап зарлап жатыр. Біз тамақты жаңа алдымызға ала бастағанбыз. ­Ересектеу басшымыз «Ойбай, жау келді» деп айқайлады. «Қаш» деген айқай шықты. Көзім көргені от басындағы жігіттің киімімен отқа құлап түскені. Мен жолдас­тарыма әуелі атқа мінейік дедім, бірақ ат жақтан оқ атылып, дүрсілдеп орыс солдаттар келе жатты. Тағы ойланып көзіме түскені қасымыздан өтіп бара жатқан түйе болды, мен жігіттерге түйеге мініп қашайық дедім, жүк таситын әйдік нарымыз бар еді, сол жақын жерден өтіп барады екен, мен атылып барып басын ұстадым. Жігіттер бәрі соған жармасты, бес адам соған сүйретіліп мініп құмға бет бұрдық. Ондағымыз – қуғыншылар атпен жүрген, құмда түйеге ат ілесе алмайды. Үлкен нар көздері адырайып, езуінен көбігін ­шашып шапқанда бір-бірімізден ұстап түсіп қала жаздап, шаққа отырдық. Артымыздан оқ қарша борады, бір кезде аяғым тыз ете қалғанын сездім, сөйтсем оқ тиген екен, тағы бір жігітке оқ иығынан тиді. Аяғымның ауырғанын кейін сездім, етігім жылынып қанға толғанда ғана білдім. Қуғыншылар қолдарында қызыл туы бар, екі шақырымдай қуып, жете алмай қалып қойды. Бізде тек ұстада ғана шиті мылтық болатын, ешкім жау күтпеген, соғысатын пиғылымыз да болған жоқ. Кейін білдік, жау ешкімді аямапты, мал айдап келген он төрттегі тайға мінген жас бала бар еді, соны да атып кетіпті. Біреудің жалғызы еді, бізбен бірге боламын деп сол күні қонып қалған. Екі күннен кейін оны жерлегенде шешесінің «Тайға мініп тарығып, қолға да түсіп қамығып, арманда кеткен жалғыз-ай» деп зарлағаны есімнен кетпейді. Кейін барып келгендер айтады, жазалаушылар адам түгіл, жазықсыз малды­ да қырып тастапты. Қарсыласпайтын ылғи қарусыз адамдарды қырғаны елді қорқыту үшін істегендей. Мен болған топтың көбісі қаза болды, он шақтысы жараланды. Менің етігімді үйге келгенде шеше ­алмай пышақпен кесіп алды, аяғым ісіп кетті. Емші келіп жігіттер көмектесіп, тиген оқты жарып алды, орнын құрым киіз ­басып күйдірді, тағы мен білмейтін дәрілер жағып таңып тастады. Екі күннен соң қаза тапқандарын көміп, зарлап жатқан елге отряд келіп жетті, ­жазалаушыларды елде отряд деп айтатын. Олар көрінгенде мен секілді жаралы­ он шақты жігіт ауылдан ­жасырынып қашып кеттік. Содан мен бір жылдан артық әңгіме басылғанша жасырынып жүрдім. 1931-1933 жылдары елде жаппай аштық болды, әркім өз басын қауғалап жан-жаққа кетті. Көп адам аштан қырылды. Жергілікті басшылар да жиі ауысып, үкіметтен де мән кете бастады.­ Біздің артымызға түсіп қуғындауға ешкімнің шамасы келмей қалды ма, әлде кешірім болды ма білмеймін ­немесе құжаттар жоғы әсер етті ме, біз де тірі қалған жұртпен бірге колхоз шаруасына жегілдік». Досымұрат ақсақалдың көргені екінші топтағы жабдықтаумен айналысып жүрген сарбаздардың қырғыны. Ақаев отрядына көмекке жіберілген бұл топтың басшысы­ Сидельников деген орыс еді деседі. Осы екінші отрядтың көмекке келгенін бірінші топтағы Қаупен Мышанов ақсақал да ­растайды.

САЛЫҚТЫҢ ТҮРІ КӨП БОЛДЫ

Көтерілісті басуға қатысқан жазалаушы­ топ ішінде болған Қаупен Мышанов ақсақалдың айтқаны (жазып алған Жақия Қалмағанбетов): «...Мен Шөмекейдің Тоқасымын, осы көтерілістің басшыларының бірі Әйменнің Сыдығының тумасымын, інісімін, төрт ата жерміз. 1927 жылы күзде №21-ауыл советтің секретары болып сайландым. Ол кезде кәзіргі «Тәуіп» кеңшарында 12 ауыл болған, ол Жаркөл болысына бірікті. Болыс Әйменнің Сыдығы. Сол жылдың аяғында-ақ адам мен малдың тізімі қайта алынып, кәмпескеге дайындық үшін ­комиссия құрылды. Комиссияның бастығы болып Ырғыздан келген ­Байжанов деген (атын, қызметін ұмыттым) болды да, мүшелері Бәйменов, Тілепбай Қожыров, Әбілтай Нұрқатов (ауыл совет төрағасы) деген белсенділер болды. Мен хатшымын. Бірінші болып кәмпескеге атақты Сәтбайдың Ержаны ілікті. Мал-мүлікті алуға Жанасыл Көлдеев, Әбілтай Нұрқатов үшеуміз бардық. Ержан бізді үндемей қарсы алды. Малы аз болды, біз одан 500 қой, 100 жылқы, 30 түйе, 50-60 сиыр алдық. Өзіне 16 қарасы мен отырған үйін қалдырдық. Отау үйі мен бүкіл дүниесін тәркіледік. Зат өте көп болды. 60 ішік (ішінде тігілмегені бар), 70 кілем, 60-70 көрпе-жастық, алтындаған қымбат тастардың көзі бар сырға, білезік, сақина, алтын жалатқан 40 кесе, 40 қасық, 4 кісі көтеретін 40 кісілік жез самаурын, т.б. құнды заттар көп шықты. Заттарды хаттап болған соң «ішінен не аласыз» дедім. Ол кісі «әдіре қалған қайырсыз дүние ғой, менің өзімнің, әйелім Бәтіштің, балам Қалидың ішігін қалдырсаң болар, денемізді жапсын» деді. Екінші ұсталған, Орскіге шығып, үнемі қалада тұратын саудагер Тәжібайдың Төреші болды. Одан 1000 қой, 60 жылқы, 60 сиыр алынды, сол күні екеуін Ержанның қара бурасын жеккен шанамен Ырғызға жөнелттік. Алып барушы – делбеші Бейімбеттің Бақтыбайы. Бірақ жолда бандылар (Қаупекеңнің өз сөзі) ұстап, көп уақыт бостандықта жүрді. 1928 жылы салық туралы заң көп шықты, соның бірі «Қызыл ет» салығы. Ірі салық 400-500 қойы, 15-20 қарасы барларға салынды. Осы кезде қазақ кімді бай деп айтқанын еске сала кетейік. Ол кезде (XIX ғасыр ортасы) 300-400 жылқысы, 400-500 қойы, 20-40 түйесі, 50-60 қарасы бар адамдар бай саналыпты, ал 10-15 ірі қарасы, 4-6 жылқысы, 20-30 қойы барлар жарлы кедей болып жатаққа жатқызылады /Ы. Алтынсарин. Қазақ қырындығы жұт/. «Ақиқат» 1994, № 8. 44 б./. Ал осы тоқалардың өз ішінде Ашабай деген кісіде (Шөбересі Қонысбай Жаназатов Әйтекеде тұрады) 40 000 саулық қой болған басқасын есептемегенде (Сондықтан оны Қойлыбай депті). Салықтың нарқы мынау: 100 пұт ет, 100 центнер астық. Өмірінде астық екпеген сусылдаған құмда не астық екенін білмеймін, 10 пұт жүн. Салықты 3 күнде өтеу керек. Тапсаң-таптың, таппасаң ұсталып сотталасың. Тәртіп солай. Қара кедей батырақ, Күнің туды жадырап. Сталин атаң сау тұрса, Сотталарсың кәзір-ақ, – дейтін халық өлеңі осы кезде туса керек. Осындай тәртіппен біз 700-дей адамды бай деген тізімге ілдік. Ол кезде болыста небары 1000-нан астам түтін бар. Ел күйзелді, көбісінде бір сиыр қалды. Жұрт жүн салығын өтеу үшін үстіндегі күпісін сөгіп, арқан-шылбырын тарқатты. Басқа салықтың түрі көп болды. Астық, ет, жүннен басқа май, тері, қыл (жылқының жалы, құйрығы) мүйіз, тұяқ, ескі-құсқы, т.б. салығы болды. Оның сыртында шөп салығы, госзаем тағы бар. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген осы кез. Сол кезде (1928-1929) Тәуіпте тартып алынған малды Байқуақ деген көлдің жағасында топтап апарып бауыздап, етін көлдің ортасына шөмеле-шөмеле қылып үйіп, қызыл ет қылып қатырып, сосын 2-3 сиырдан түйеге теңдеп, қызыл керуенмен Ырғыз-Шалқарға тарттырды. Ар жағын білмеймін. Кәмпеске заттары да солай. Ел іші дүрлігіп толқу көбейді, үрейлі өсек-аяңдар тарады. Әсіресе, байланыс Торғай, Арал, Жабасақ арасында өте күшті, тынбайды. 1930 жылдың басында тұңғыш рет комсомол жиналысы болып, мені алғаш рет комсомол секретары етіп сайлады. Сөйтіп жүргенде Ырғыздан 7 март күні НКВД бастығы Таубай Еркебаев пен партшколдың төрағасы Көшкімбаев келіп, шақырып алып, «ертең 8 мартта бар қатындарды жина, жиналыс өткіземіз» деді. Жиналыс өткізетін жер Исатай ахунның мешіті болып белгіленді. Көтеріліс басшыларының бірі Исатай Сатыпал­дыұлы аса беделді, ақылды адам еді. Алдында ғана Батпаққорада халыққа ара түсіп, қырылудан алып қалған еді. Әлі күнге дейін бұзылмай тұрған, ағасы Дүйсенбінің мешітін сол кезде өзі ұстайтын. Таубаев үйіне барып түсіп, енді мешіт болашақта «қызыл отауға» беріледі, үгіт жүретін жер болады деді. Әбілтай пысық еді, үй-үйді аралап, қасына 2-3 жас келіншекті ертіп алып, қызыл шымылдық жинап, мешіт ішін қызылды-жасылды безендіріп «Кеңес үкіметі жасасын!», «Әйелдерге теңдік берілсін!» деген ұрандар ілді. Ертеңіне намаз оқитын жерге ауылдағы әйелдерді түгелге жуық жинады, біз де аяғымызды шешпей шықтық. Жиналыс ашылып әйелдерге теңдік берілген күнін айтып, міндеттеріне кірісе бергенде Мұқатай, Сыдық бастаған топ кіріп келіп, бізді тұтқындады. Әйелдерді қуып шығып, шымылдығымызды жұлып алып, орнына Ақтөбеде рабфакта оқитын Ыбыраш Жапақов пен Сахи Әлімбетов деген жігіттер метр жарым ақтыққа «Жойылсын кеңес үкіметі, жасасын халық үкіметі, хан үкіметі» деген ұрандарды іліп қойды. ­Милиция бастығының тапаншасын тартып алып, петлицасын жұлды, қырықтық­пен шашымызды қырқып, аяқ-қолымызды байлап сарайға қамады. Бізді оқта-текте былай-былай өткен тентектер қамшымен тартып кетеді. Келесі күні бізді далаға шығарды. 12 ауыл түгел жиналған, 2500 адамдай. Кешегі, тағы басқа ұрандар ұстаған. Жұрт алдына Жабасақтан келген, сондағы Алмат мешітінің иесі Мұқантай ахун «Ясин» сүресін оқып болған соң сөз сөйледі. Есімде қалған мазмұны мынау ­ «...Кеңес үкіметінің құрылғанына 13 жыл өтсе де халықтың күткен жақсылығы ақтал­мады, теңдік берілмеді. Халық мұқтажын ескеріп, мұңын тыңдаудан қалды. Жетім-жесірдің үкіметі дегені бос сөз болды. Мал-жаннан түгел айырылдық, қаңырап қара басымыз қалды. Кеше тағы жүн тапсыр деп салық салды, енді тапсыратын ештеңе жоқ, күпі-көрпелер түгел сөгілді, енді анала­рының шашы мен аталарының сақалын қырқу қалды. Қолда қалғаны қатын мен бала еді, енді қатынды да үгіттеп алуға келе жатыр. Мешітті кеше аяғы­мен таптады. Кеңес үкіметінде әділдік жоқ, жақында астық таба алмағандарды соттады. Енді колхоз болып барлық үй-мүлкіңді, көрпе-жастығыңды, қолда бар бала-шағаңды, келін-қызыңды, қатын-шешеңді бір үйге кешегідей жинайды. Бірнеше ауыл бір қазаннан ішіп, бір көрпенің ішінде келінімізбен бірге жатамыз. Мал-жан емес, ар-ұяттан айырыламыз. Тіршілік өмір құрыды, азаттық үшін қолға қару алудан басқа ештеңе қалмады. Қару жоқ, бірақ жалпы халық көтерілгелі жатыр, халықпен бірге көреміз, мүмкін тірі қалмаспыз, бірақ ісіміз ақ, Алла жолындамыз. Ата-баба аруағы қолдай көрсін» деп аят оқып сөзін бітірді. Кішкентайлау, қараторы, айтқыр жалынды кісі екен, сөйлегенде көзінен аққан жасы, шапаны­ның жеңімен сүрткеніне қарамастан қалың сақалын жауып тұрды. Онан кейін мен оны Ырғыз түрмесінде көрдім. Айжарқынның алдынан шығып әкелемін деп жүргенде наурыздың 21-інде Бәйеке – Жарқамыс бағытында қолға түсіпті. Кейін Қазалы түрмесіне кеткен, содан ­хабар болмады. Сөз сөйлеп болған соң, сол жерде Айтқұл тоқа Тәтенұлы Түменбайды ақ киізге салып хан көтерді, Мәлкей тоқа Әйменұлы Сыдықты бас сардар, Қалақ тоқа Сатыпалдыұлы Исатайды бас кеңесші сайлады. Сол жерде Мұқатай бізді өлтіруді талап етті. Бірақ біздің беделді ағайындарымыз Қожас Дәнменов пен Жалмахан Естеков ара түсіп, қорғап сөйлеп, Түменбайға барып, кепілдікке үйіне сұрап алды. Сонан 12-нен 13-не қараған түнде бізге ат тауып беріп, қашырып жіберді (Әбілтайды тигізбейміз деп алып қалды). Біз алыстан Түлкілі, Қалмас арқылы қашып, 3-күні Нарқы­зылда Шалқар арқылы Алматыдан әдейі жіберілген Ұлттық әскери атты эскадрон­ның Ақаев (атын ұмыттым) бастаған 4 взводты ротасымен (200 атты әскер) кездестік. Бізді конвоймен Ырғызға жіберді. Ырғыз ОГПУ-ның бастығы Герасимов біздің кінәміздің жоқтығына көзі жетіп, жөн-жосықты білген соң, Ақаевқа хат жазып, жол көрсетуші, әрі шолушы тыңшы есебінде мені қайтарып жіберді. Ақаевтың отрядында қос-қос атпен, 50-60 тамақ пен оқ-дәрі тиеген түйе, 3 пулемет болды. Біз жолай жүргінші шапқыншыдан хабар алып, жүрісімізді білдірмей отырып, 23 наурызда күн шыға Құлпықарадан (Қазіргі Тәуіп мекенінің қасы) шықтық. Бізден хабардар болса керек, алыстан қарақұрым болып шоғырланған көтерісшілер тобын көрдік. Бандылар ­шамамен 1600 адам. Көтерісшілердің жақындауын күтіп биік жерге орналасып, аттарды ортаға алып, қашса қууға дайындалдық. Оқ жетер жерге келгенде дүрбімен бақылап тұрған Ақаев «Атыңдар» деп бұйрық берді. 3 пулеметтен және жүздеген винтовкадан шыққан оқ бандыларды жайратып салды. Ақ ту ұстаған, алда келе жатқан Түменбай хан бірден оққа ұшты. Ақбоз атпен ойқастатып алдыға шыққан Сыдық қолындағы біратарымен бір солдатты атып түсіріп, өзі де құлады. Азан-қазан айқай, ойбай, көкала шаң-түтін арасында жараланып құлағандарды, қашқандарды атып, шабу басталды. Сол жерде 300-дей адам оққа ұшты, 300-дей қолға түсті, қашып кеткендер елге соқпай, Қарақұмға кетті. Жоғарыда айтылған 1600 адамның 700-800-дейі тоқалар еді, өлгендердің де көбісі тоқалар болатын. Сондықтан бұл қырғынды «тоқалар қырғыны» дейді. Бізден шығын – жалғыз солдат. Бұл жерде көтерілісшілердің көп қырылуы жер жазық, бас сауғалайтын қамыс, жыңғыл сирек, оның үстіне Торғай өзенінің екі жағы түсіп жатқан кез, әрі отрядтың аттары кілең жүйрік, сәйгүліктер болатын. Және бір нәрсесі, көп жерде басшылары берілген соң болмаса, өлген соң араға адам түсіп қуғын-сүргінді азайтуға тырысатын. Бұл жерде ондай адам болмады, әрі отрядтың ішінде, шынын айтсам, сөз тыңдайтын, келісімге келетін адам жоқ еді. Ақаевтың өзі қазақша білмейтін, балалар үйінен шыққан байұлы жігіт еді. Көтерілісшілерден 6 мылтық көптеген аттұрман, көлік қолға түсті. Біздің артымыздан көмекке 2- 3 зеңбірек, 2 станокты пулемет, қосымша әскер келді. Ел күңіреніп, аза бойымыз қаза болды. Ел аралап қараң қалған 150 үйді Ырғызға көшірдік, жолай әйелдер жоқтау айтып, сай-сүйегімізді сырқыратты. Зауалдың беті әрмен... Ырғызға келген соң, Герасимовқа атшы болдым да, келер жылдан бастап милицияға ауыстым. Қарақұмдағы көтеріліске барғаным жоқ. ...Орайы келгенде айта кетейін, біз Ырғызға қайтып келгеннен кейін «қарсыласпаған халықты қырып-жойды» деп, Ақаевтың үстінен шағым түсіп, соны тексеруге Қазақстан ГПУ-ның бастығының орынбасары ­Белинский келіп жатыр екен, біз сапқа тұрып Ақаев жеңгені туралы рапорт берді, оған Белинский «жеңгенің дұрыс, бірақ жазықсыз халықты көп қырыпсың» деп келе жатыр еді, Ақаев қылышын суырып алып, «Атпасам, қырмасам бандыны қырмадың дейсің, қайсыңның айтқа­ныңды істеймін» деп дүрсе қоя бергенде Белинский бас сауғалап шаққа құтылды. Содан кейін біздің қолымызды ешуақытта ешкім қағып, ісің дұрыс емес деген емес. Мені кейде қатаң болған дейді, мен ешкімді нақақтан бәле жауып ұстағаным жоқ, маған тапсырма берді, мен орындадым. Совет мемлекеті мен органның правосын қорғадым, сол еңбегім бағаланып, көптеген мемлекеттік ордендермен ­наградталдым, Ішкі істер бөлімінің құрметті зейнеткерімін». Қаупекең үйге келіп тұратын, біздің әкеміз сол кісімен қатарлас жұмыс істеген екі-үш кісіні үйге шақырып әңгімеге араластыратын, бала болсам да есімде қалыпты, ол кісі әңгімесін айтқанда қиналыңқырап, өкінішпен сөйлейтін.

МАЛДЫ ОРТАҒА  ЖИНАДЫҚ

Ахметбай Түсіпбаев ақсақалдың қырғын туралы айтқандары (аудио­таспа­ға жазып алған Жолдыбай Бекназаров,­ 1983 жыл). «Мен 1904 жылы туған адаммын, өмірімде көп нәрселер көрдім. Қазақ өмірінің ескі көшпелі кезін де, отырықшы болып ұйымдасқан кезін де көрген жанмын. Өмірімнің қөп бөлігі халыққа қызмет істеумен өтті, жақсыны да, жаманды да көрдік. Шүкір, адал қызметімнің арқасында ел ішінде жұртпен қатар өмір сүріп, халқымның көрген жақсылығын да, қиыншылығын да бөлістім. 1934 жылдан партия мүшесімін, 20 жасымнан бастап тынбай жұмыс істедім. Еңбек жолын алдымен Тәуіп деген жерде­ бастағанмын, содан соңғы 1935 жылдан бергі өмірім қазіргі Комсомол ауданының Ақтасты, Әйке мекендерінде өтті. Бұл жердің ­тарихы содан бері көз алдымызда. Екі жылдай Екінші дүниежүзілік соғысқа қатыстым, 1942 жылы әскерге алынып, бірнеше жарақат алып емделіп, 1944 жылы Башқұртстандағы Уфа қаласында дәрігерлік комиссия сапқа тұруға жарамайды деп, армия­дан ­босатты. Өздерің сұраған соң, өмірімде көрген ел басынан өткен бір қиын уақытты әңгімелеп берейін. 1930 жылдың жазғытұрым кезінде мен Тәуіпте колхоз председателі болып сайландым. Жұмыс өте көп, әрі қиын болды. Өкімет пен партияның қаулысымен біз халық малын орталыққа салдық. Орталыққа салудың мәні ірі байлар кәмпескеленді, олардың малын жинап алып колхоз қарамағына бердік. Кедей-кепшіктер де қолдағы малын орталыққа қосты. Орталыққа пайдалануға байлардың тәркіленген мүліктерін де жинадық, бірақ жоғарының тапсырмасымен мүліктің көп бөлігі пойыз жолына­ Шалқарға жіберілді. Ауданнан, орталықтан өкілдер жиі келетін, жиі-жиі тапсырмалар беретін. Көбіне әңгіме салық жинау туралы болатын, жиналған салықты да (ет, сүт, май, астық, мүлік, т.б.) Шалқар жаққа жіберіп отырдық. Ірі деген байлар жер аударылды, қайда апаратынын білмейміз, кейбіреулерінің түрмеде қайтыс болғанын естідік. Тәуіпте ұлы мешіт болатын, ел Дүйсенбі мешіті деп атаушы еді. Ұлы дейтіні, бұл жерде балаларды да оқытатын. Сол мешітті үкімет қарамағына алу туралы қаулы келді. Біз жиналып мешітке бардық, ол кезде мешітті ұстайтын Дүйсенбінің інісі Исатай деген молда кісі болатын. Оған мешіттің халық қарамағына өтетінін, ертеңіне 8 наурыз күні ­жиналыс өткізетінімізді айттық. Есігін құлыптап, бөтен адамдарды шығарып, ертеңгі күнгі жиналыс қамын жасадық. Ол кезде жиналыстар тусыз, ұрансыз өтпейді, біз «Әйел теңдігі жасасын!», «Кеңес үкіметі ­жасасын!» деген ұран жазып, жиналысқа дайындалдық. Ішімізде жастарымыз, басқа да қызметкерлеріміз, милициямыз бар. Адам жинау қамымен жүрдік. Ертеңіне енді бастаймыз деп жатқанымызда қырдан бір салт атты адам біздің белсенділердің бірі шауып­ келіп, жаман хабар жеткізді. Не болғанын сұрасақ, ел кеңес үкіметіне қарсы көтеріліпті. Айтуына қарағанда, басшысы елге белгілі адам Сыдық Әйменов екен. Кезінде болыс болған оқыған адам, ағасы Аяпберген де көп жыл сот болып істеген. Біз не істерімізді білмей, басқа белсенділермен хабарласпақ болдық. Бірақ ертеңіне Сыдық бастаған жігіттер келіп бізді тұтқынға алды, қарсылық көрсетпек түгіл, сөз айтуға да мұрша бермеді. Сыдықтың мойнында винтовкасы бар, жігіттері де қаруланған, ішінде мен танитын Мұқантай деген молда­ да бар. Басқа да ұсталғандарды әкеліп бәрімізді бір жерге жинады, барлығы 14 адам тұтқындалдық. Ішінде ауылсовет­ бастығы, колхоз председателі, ­милиция, кәмпеске комиссиясының мүшелері бар. Біздің ұрандарымызды жұлып тастап, орнына «Жасасын халық үкіметі!», «Жойылсын Кеңес үкіметі!» деген ұрандар ілді. Күні бойы ел мешітке жиналып, ауыл маңы қарақұрым халықтан көрінбей кетті. Шамасы, бірінші күні 400-дей адам жиналды, арасында ауыл үлкендері бар. Түс кезінде жиналыс ашып, он шақты адам сөз сөйледі, ішінде Мұқантай молда да бар. Құран оқылды, біз түсіне береміз бе? Кейін мағынасын сұрасам, «Бәрі Алланың қолында, еліңді, жеріңді қорғау азаматтың мұсылмандық міндеті, Алла ісі үшін күресейік. Ажал жетпей,­ адам өлмейді» деген екен. Негізгі сөздері Кеңес үкіметіне қарсы ел болып күресу, соған ұйымдасу. Сыдық және тағы да басқа сауатты жас жігіттер ол үшін әскер жинау, жергілікті басқаратын хан сайлау керек екенін айтып жатты. Ақыры, бәрі жиналып айтқұл тоқа Тәтен баласы Түменбайды хан сайлады, әртүрлі басшылыққа 40 уәзірін бекітті. Әскер қолбасшылығына Сыдық Әйменов, хан кеңесшісіне Исатай Сатыпалдыұлы сайланды. Бірінші күні – ақ әскер жинау, оларды қамтамасыздандыру тәртібі белгіленді. Айтуларынша, әрбір 3 үйден 1 сарбаз алынатын болып келісіпті, әскерді қамтамасыз етуге қосымша жігіттер бекітіліпті. Сарбаздар 10 адам бір қос болып жататын жерлері сайланыпты. Біздерді – 14 адамды тергеп, қамады. Бір күн өткен соң, Жайсаңбай деген кісі бізді кепілдікке сұрап алды. Ол кісі бізбен сөйлесіп, кепілдік уәдесін алып, үйі жақындарды үйіне жіберді. Тәртіп бойынша біз шақырған кезде келуге уәде бердік. Үйі қашықтар сол кісінің үйінде жаттық. Жайсаңбай дүкен ұстайтын, сарбаздар келіп қажет заттарын жаздырып алатын. Сарбаздар Құйылыс деген жерде жиналды, кейін білсек, жабдықтаушыларын қоспағанда сол жерде 700 адам жиналыпты.­ Біз әрі қарай болған жайды кейін естідік. Келесі жексенбіде 80 адам атты отряд Ырғыздан жетіпті. Бәрі сақадай-сай қаруланған, пулеметтері бар. Оларға жол көрсетуші жергілікті 7 адам жолбасшылары бар. Келе жиналған сарбаздарға шабуыл жасайды,­ ­айтуларына қарағанда, екі жақтан оқ жаудырады. Мылтығы жоқ, қылыш, найзамен қаруланған қара халық не істей алсын, көбі орнында қырылып қалады. Шамасы келгендері атпен, түйемен қашады, бірақ айдай жазық дала, тығылатын тауы, ағашы жоқ бәрі көз алдындағыдай, дайындалып келген әскер жайратып салады. Қуғын содан 35 шақырым жердегі Қалқабай қыстауы деген жерге дейін жетеді. Жараланғандары бар, сауы бар, қашқындардың аман қалғаны ауылдарына жетеді. Ел азан-қазан болады. Ертеңіне біздерді Жайсаңбай жинады. Болған жайды айтып, жазалаушы отрядқа барыңдар деп кеңес берді. Дүкеннен 3 бөлек қызыл мата берді, біз оны таяққа байлап ту қылып көтеріп отрядқа бет алдық. Дүрбімен қарап көріп отырса керек, жақындағанымызда алдымыздан 4 салт атты шықты. Екеуі орыс, екеуі қазақ. Олар кім екенімізді сұрап, біз болған жағдайды айттық. Бізді отрядқа алып барды. Бастығы Ақаев деген адам екен, НКВД бастығы Глинский деген жас орыс. Олар Жарас қыстауы деген жерде­ отыр екен. Біздің әрқайсымыздан Глинский бастаған «үштік» жауап алды. «Кімсің? Неге тұтқынға түстің? Неге қарсыласпадың?» дейді. Біз ­жалынып, жағдайымызды айттық. Тергеу нәтижесімен Еркебай Таубаев ­деген милицияны, Тілепбай Қожаров ­деген ауылсоветті кінәлы деп, ұстап алып қалды, милицияға наганын жоғалтты деген айып тағыпты. Біздерді босатты, бір қой сойып тамақ берді. Отряд басшылары ел қашып жатыр ­деген ­хабарды естіп отыр екен. «Не істеу ­керек, қайтсек қашуды тоқтатамыз?» деп жергілікті адамдардан сұрады. Ішімізде Жәшік батылдау еді, ол орысша сөйлеп: «Елді қайтару керек, қашпауы үшін қырғынды тоқтатқан жөн, енді ешкім қудаланбайды деп хабар жіберіңдер, сосын елге қаза тапқан адамдарды жерлеуге рұқсат беріңдер» деді. «Ел дәстүрінде қаза болған адамды далада қалдыруға болмайды, бұл ел естімеген сұмдық» деп, НКВД бастығына орысша сөйледі. Отряд бастықтары НКВД адамдарымен кеңесіп, бұл ұсынысты қолдады, ертеңіне жазалаушы әскер қайтатын болды. Бізді жинап тапсырма берді.Екі топ болып соғыс өткен жолмен жүріп, қаза болған адамдардың кім екенін анықтап, туған-туыстарына хабарлауымызды, елге «енді соғыс болмайтынын, Кеңес үкіметі халықтың жауы емес екенін, бандымен ғана соғысатынын» түсіндіру бұйырылды. Қайтыс болғандарды қаза болған жерінде, не алып барып өз қорымында жерлеуге болады деп рұқсат берді. Сарбаздардан босаған 12 атты мініп, жолдың екі жағымен жүріп өттік. Жан түршігерлік жағдайдың куәсі болдық. Әуелі Аралсор деген жерде көп түйекеш тұрған қираған қостардың орнын көрдік. Көп адам қырылыпты. Одан шыға бере жолда өліп жатқан Түменбай ханды көрдік, таудай үлкен адам еді, басын қылышпен жарып кетіпті. Құлпықара деген жерде Исатай ақынның денесін көрдік, танитынымыз көп болды, көбін ұмытып қалыппын. Қалқабай деген жерде 3 адам өліп жатыр, бірі – Қойбағаров деген азамат жігіт бар еді, сол. Бір жерде сайда жігіттер Сыдық Әйменовтың өлі денесін таныды, оны шаппапты, наганмен атыпты, соны көрдік. Елге келіп, отряд тапсырмасын, қаза болғандарды айттық. Уда-шу болған халық қаза болғандарды жинауға кетті, содан ел іші жылау-сықтаудан арылмады. Тәуіп басындағы Қармыс, Сарттоқа деген елдер отряд шапқан күні-ақ көшуді бастаған, олар Қарақұмға қарай көшті. Соларға қарасты көп мәйіттерді халық бір төбеге көмді. Халық азып-тоза бастады.­ Біз өкімет пен партия қаулысымен малды ортаға жинадық. Өкімет кәмпескеленген кейбір байлардың малын ортаға қосып күшейтті. Бірақ шаруашылық бірден оңалып кете қоймады. 1932 жылы Сталиннен тапсырма келді деген ­хабар жетіп, малды қайтадан жекеге ­тарата бастадық. 1933 жылы Тәуіпте қуаңшылық болып егін шықпады, жаңбыр жаумады. Егін шықпай, мал өспей қалды. Содан осы Ақтасты жаққа көш деген қаулы келді. Мен өзіме ерген ағайындарды жинап көштім. Бірақ бірінші жылы жете алмадық, Жабасақтың ар жағында ­Жуалы деген жерді қыстадық. Ауылсоветі Қазыбай Мұқашев деген жас жігіт болды, іскер адам еді. Жалпы көшуді аудандық жер бөлімі басқарды, Жәшік Елубаев­ сонда­ істейтін. Әрбір ауылсовет, әр МТС көшуге көмектесіп отырды. 1935 жылы Ақтасты, Көксай, ­Жуалы деген жерлерге қоныстандық. Әскерге алынғанға дейін сол жерде қызмет істедім, әскерден келген соң, денсаулығыма байланысты жеңілдеу жұмыс деп, председательдің орынбасары­ болдым, совхоз орнаған соң әртүрлі қызметтерде болып, зейнеткерлікке шықтым.

ЖҰРТ ШУЛАП, КӨШПЕК БОЛДЫ­

Жиенәлі келіні Балжан әжеміздің Ырғыз қырғыны туралы естелігі: Менің әжем сол көтеріліске қатысқан сарбаздарға тамақ-қымыз тасып, азық жеткізушілердің ішінде болған. Ол кісінің айтуы бойынша ел толқып, қиналған азаматтар үш рет келіп көтеріліске басшылық жаса деп, сол кездегі елдің басшы ақсақалы Түменбайға өтініш айтса керек. Хан ата екі рет «болмайды, елді босқа дүрліктірмейік, қырып аламыз, бала-шағаға обал болады» десе керек, келісім бермепті, үшінші келгендерінде көніпті. Әжем айтып отыратын ­мынандай өлең жолдарының ұзын-ырғағы есімде қалыпты: Аманкөл-Тоқа үш болыс, Жігіттері жиылдың. Қарсымыз деп орысқа, Қол баста деп қиылдың. Бабаның жолы ақ дедің, Аққа құдай жақ дедің. Елге бәле келгенде, Шығатын жолын тап дедің, – деп басталатын, ....................................... Орыс оғын боратты Азаптады көп атты. Қарусыз қалың жайсаңды, Шапқан шөптей құлатты. Әрі қарай көтеріліс жеңілгенде, кейбір шет қалғандарға айтқаны: Қымыз ішіп күмпілдеп, Көйлегіңе сыймадың. Сары орыс қарсы келгенде, Жаныңды жауға қимадың... Тағы осылай жалғаса береді. Осы соғысқа біздің әулеттің жігіттері тегіс қатысыпты. Олай дейтінім, ер жігіттердің қырық бес жасқа дейінгілерінің бәрі тегіс әскерге алыныпты, тек бір әулеттен жалғызбасты және науқастары ғана сарбазға бармапты, бірақ олар да бүкіл елдің малын бағып, ағайынның шаруасын істепті. Іштерінде өз еріктерімен жүрген жасы үлкен кісілер де кездескен. Мысалы, хан сайланған Түменбай сол кезде алпыстар ­шамасында екен. Өзі өте ірі, әжемнің айтуынша, өзіне сай ірі сарыала атқа мініп жүреді екен. Түменбай елге де, үкіметке де белгілі адам екен, ел сарбаз жинауды бастағанда бәрін тәртіппен өткізуге тырысыпты. Елдегі өзі секілді беделді адамдармен қайта-қайта жиналыс өткізіп, басшыларын белгілепті, әскер тәртібін Әйменнің Сыдығы деген оқыған азамат қолға алыпты. Әр жерде көтерілген ел кеңес қызметкерлерін тұтқындап, кей жерде­ шектен шыққандарын жазаламақ болыпты. Сонда Түменбай бастаған басшылар тұтқындарды өлтіртпепті, «ағайын ұрысса да өлімге қимайды» дейді екен. Мысалы, Жайсаңбай ­басында 14-15 адам кепілге беріліпті, оларды елден шығармай ұстапты. Ал он шақты белсенді не болса да елмен бірге боламыз деп, халық жағына шығыпты. Ел өзіміз халық үкіметін құрамыз дейді екен. Әжем көтерілісшілердің қырылғанын, Хан атаның жау қолынан қаза болып қалай жерленгенін айтушы еді. «Ел іші дүмпу. Әңгіме көп. Торғай, Шалқар жағынан әскер шығыпты ­деген гу-гу естіледі. Біз ауылда едік, сол күні мені тамақ дайындауға қалдырған. Үй шаруасымен жүргенмін. Есіме түссе қазірге дейін қорқамын, бір кезде хан ата үйі жақтан тым зарлы, тым ащы дауыс естілді. Ел болып тұра жүгірдік. Есіміз шығып келсек, атаның сарыала аты қан-қан болып ауылға келіпті. Өз көзіммен көрдім, үлкен сарыала аттың мінер жағы жалынан аққан қан бақайына дейін жетіпті, әлі күнге дейін есіме түссе денем түршігеді. Ауылдағы көбі әйелдер, қалған бала-шаға уда-шу болып қалды. Келесі күні ақсақалдар хан ата денесін де алып келді, сүйекті көрген кісілер атаны қылышпен кескілеген екен деп те айтып келді. Мылтық, пулемет атылып жұрт қашқанда ол намазын оқып тұра берген екен ­деген сөздер де айтылды. Әйелдер, ел ­болып жоқтау айттық. Басшысынан айырылған елге екі күннен кейін әскер келіп, атаның баласын аманатқа алып кетіпті. Айтқандары, жер көрсететін адам керек дейді, Таранның отрядына қосыламыз депті. Бір-екі ақсақал «бізді ал, жол білеміз, бала жас қой, қалсын» деген екен, оған көнбепті. Ақсақалдар оны аманатқа алғаны, енді тағы ел көтерілсе оны өлтіреді деп ұйғарым жасады. Мен сүйектерді жинасқандарға – қабіршілерге тамақ апарып бердім, бүкіл жота қанға толғанын көзіммен көрдім. Көп адамдардың мәйіттерін бір жерге қойыпты. Бұндай сұмдықты Алла енді ешкімге көрсетпесін. Бірақ әскер кеткен соң ел басылмады, ­дауылды күндей шулады. Кейін ханның баласын ұрып-қинап, түрмеге салыпты дегенді есіттім. Содан елден береке кетті, жұрт шулап көшпек болды. Бірақ жазалаушылар көшкендерді ұстап, бетке ұстар азаматтарын соттап жатты. Бәрібір ағылған су секілді, көшем деушілерді бөгеу мүмкін емес еді. Жұрттың жарты бөлігі көшіп кетті, кейбірі Жаманқала жаққа (Орск) орыс асты дегенді естідік. Әсіресе әулетінде жарақаттанушылары барлары көп қозғалды. Біздің аталар әулетін аңдушылар көп болды, кара күзге дейін қозғала алмадық. Жаз бойы және күзде жазалаушылар жиі өтіп жүрді, олар «панды» қуып жүрміз дейді, олары көшушілерді қуғандары. Әр өткен сайын бір бөлек малды айдап кетеді. Жергілікті халықпен дұрыс сөйлеспейді, бас салып айғайлайды. Сондағы айтатындары, «сендер бандының жақтасысыңдар, оларды тығып отырсыңдар» дейді. Біз қолдағы малдың көбін жасырып, бөлек бағып көшуге даярланып жүргенбіз. Бір күні көрші үйдегі құрдастың (Мұңайтпас баласы Сыдықтың) келіншегі таңсәріден толғақ қысып, абыр-­сабыр болып жатқанбыз. Түс ауа бір кезде «Ойбай, әтірат келіп қалды!» деген айғай шықты, жас жігіттерді кейіндеу ұстап отырғанбыз, үйде ылғи қатын-қалаш еді. Біздің жастауларымыз қорыққаннан жас келін босанып жатқан үйге кіріп кеттік. Мен солармен бірге едім, қатты қорықтық. Бір кезде ағаш үйдің есігінен бинтовканың пышағын тығып, біреу: «Кім бар, тез шығыңдар» деді. Енем бастап бәріміз шықтық, келгендер жиырма шақты атты әтрат екен.Бәрі жалтыраған белдік таққан жас адамдар екен. Енем: «Қазақ екенсіңдер, құдайға қараңдар, мына жерде жас келін ­босанып ­жатыр, щошытпаңдар» деді. Бастығы бір иманжүзді жас жігіт екен, аты Нұрғали деген Байұлы еліненмін депті. «Біз пандыны қуған әтратпыз, сендерге тимейміз, сусын беріңдер, біз Қарақұмға банды қуып барамыз. Олар мылтықпен қаруланған мергендер, осыдан аман-сау қаламын ба білмеймін, мына қатын ер бала туса атын Нұрғали қойыңдар» деді. Сонда келін босанып Нұрғали ағаң туып еді».(Сол Нұрғали Сыдықов ағамыз елге белгілі мұғалім болды, 2016 жылы Қарашатауда қайтыс болды, бейіті сол жерде, ұрпақтары Ақтөбеде тұрады). Бір күні ала таңда біз де көштік, ертеде ел жүрген жолмен емес, бір қиғаш-қиғаш жолмен жүрдік.Біз әйелдер көш жолын толық білмейміз ғой, бірақ бұрын жолшыбай тоқтайтын жерлер белгілі еді, бұл жолы жүрген жолдарымыз ыңғайсыздау болды. Енемізден сұрасақ, біз қуғын келе ме деп бір айналма жолға түсіппіз. Ол кісілер де аллалап күрсіне береді, көш өте ауыр болды, мал екеш малға дейін басқа жол болғасын ба, әлде бірнәрсені сезді ме, бытырап созыла берді. Тіпті бір өткелдерде мұзға түспей атты айдаушыларды қатты қинады. Сонда енеміздің мал жарықтық енді келмейтінін сезіп тұр-ау деп көзіне жас алғаны есімде. Елдің қабағы қатулы, бұрын көште жастар жарқылдап, үлкендер қауқылдасып жататын, ал біздің көшіміз бетін, әрмән қылсын, қаралы көшке ұқсады. Біз көбіне қараңғылықта жылжып, күндіз демалып, ұзақ жүрдік. Бір кезде дарияға жеттік, тағы да малды арғы жағаға шығару мұң болды, көкала көк мұз жігіттер киіз төсеп, құм шашып шаққа өттік. Сол күні тоқтаған жерде артымыздан Шырақ (Жәшік Елубаев – сол кездегі Ырғыздағы ауатком қызметкері) жіберген хабаршы жетті, ол жақсы хабар әкеліпті. Жәкең ақсақалдарға қайтсын ­деген хабар жіберіпті, өкімет мінапас (манифест деген болса ­керек) жариялапты, көтерісшілерге кешірім жасалыпты. Сталиннің өзі отырықшылықтандыруда асыра сілтеу болыпты депті. Елге комиссия келетін болыпты, оның ішіне жергілікті адамдар да кіретін болыпты, енді мал жинау, қудалау болмайды екен. Ақсақалдар екі күн ойланып қайтамыз деп шешті. Біз елге қайттық. Бірақ елге қайтқанмен халыққа тыныштық болмады, жиі-жиі тексерушілер келіп, жұрттың мазасын алды. Елдің көбінің малы ортаға салынды, бір жерде отырып жан-жақтан құралған малды бағу да оңай болмады, басқарушылар да жиі ауысып жиналған мал жарты жылда күрт азайды. Егіні жоқ ел малы болмаған соң азды, аштыққа ұшырады. Тіпті кей жерлерде отырықшылықты таратып жіберіп жатты, ондайда аман қалған бірлі-жарым мал қайтарылатын. Ел бытырап, жаяу-жалпы беті ауған жағына көше бастады, аш халықты ұстап тұруға ешкімнің шамасы келмей қалды. 1933 жылы біз де үлкендердің айтуымен Ақтасты деген жерге көштік, бұл сол кезде аудандық жер бөлімінде жұмыс істеген Шырақ бастаған басшылардың ұйғарымы екен. Біз алғашқы лекпен жеттік, көшуге ­шамасы жетпей қалғандар көп болды, ұмытпасам олар келесі жылға дейін көшті. Біздер алғашқыда бұл жерден ауған жағалбайлылар тастап кеткен зілмәнкеге орналастық. Біз азғантай қолдағы малды жеткіздік. ­Басында әрбір әулет бөлек қоныстанды, ірілері колхоз болды, кішіректері бөлімшелер болды. Есімде қалғаны кіші атам үйіндегі енем (Бәлшей әже) кейінгі келгендерге үй дайындатып, ас қамдатып қамқорлық жасап жүретін. Сондай адамдардың арқасында көптеген қиналып шаққа жеткен адамдар қатарға қосылып кетті. Шамамен 1933 жылдан егін еге бастадық, құдай қарасып бірінші жылдан егін бітік шығып, көп көмек берді. Бірнеше жыл егінді көбейтіп, мал басын өсіріп елдің есі кіре бастады, бірақ көп өтпей тағы да өкілдер келіп, тексерушілер де көбейді. Ана жерде, мына жерде ананы тағы алып кетіпті деген әңгімелер көбейе бастады, милиция жиі келіп кәмпескеге ұшырағандардың үйін тінтетін. Біздің әулеттен де Молда қайнағаны (Ашықбай молда) бір күнде ұстап кетті, айдап әкеткен өзімізге қарасты бір ағайынның баласы. Тағы бір көріп шошынған сұмдығым, өзіміздің ағайын азаматтың мәйітін Т. деген біздің елдің баласы – ­милиционер жігіт «қашқан бандыны ұстадым» деп, арбаға салып алып келгені. Бүкіл ауылдан ешкім бір ауыз сөз айта алмағанда, Еркем деген жас әйел милицияны қарғап зарлады. Сөйтіп, туысты туыстың өлтіргенін, бауырдың бауырға қарсы шыққанын да көрдік. Бұл жағдай үлкен қантөгіс басталғанға дейін созылды. Мен әжем айтқандай кешірім жасалған құжат бар ма екен деп іздендім, таба алмадым. Бірақ ­Сталин айтты деген сөзге негіз болуы мүмкін бір құжат кезіктірдім. Ол 1930 жылы наурыздың 2 жұлдызында «Правда»­ газетінде жарияланған ВКП (б) Орталық Комитетінің Бас хатшысы Сталиннің «Головокружение от успехов» деген мақаласы. Ол мақалада қазақ жеріндегі кәмпескеге байланысты­ мынандай үзінді бар: «...Или возьмём некоторые районы­ Туркестана, где благоприят­ных условий для немедленной организации колхозов ещё меньше, чем в северных областях потребительской полосы. Известно, что в ряде районов Туркестана были уже попытки ­«догнать и перегнать» передовые районы СССР путём угрозы военной силой, путём угрозы лишить поливной воды и промтоваров тех крестьян, которые не хотят пока что идти в колхозы. Что может быть общего между этой «политикой» унтера Пришибеева и политикой партии, опирающейся на добровольность и учёт местных особенностей в деле колхозного строительства? Ясно, что между ними нет и не может быть ничего общего. Кому нужны эти искривления, это чиновничье декретирование колхозного движения, эти недостойные угрозы по отношению к крестьянам? Никому, кроме наших врагов!». Елдің басына туған осы бір зобалаңды сол кездегі ел басқарушылар да мойындаған екен.

 

Мыңжасар Айсауытов, зейнеткер, техника ғылымының кандидаты

АҚТӨБЕ

3172 рет

көрсетілді

133

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы