• Әдебиет
  • 09 Қаңтар, 2020

Айбергенов олимпі

Бақыт Кәрібаева, филология ғылымының докторы, профессор, жазушы

Боз дала құшағыңды аш козың келді, Боз тарта бастадым-ау өзім де енді. Қазақ әдебиеті, өнер-ғылымы өңірін жайлап алған жегі – жалаң фальсификациядан тазалап алу ағымдық және арнайы зерттеуін қажет ететін танымдық мәселе. Өркениетпен бәсекеге қабілетті қазақ сөз – саз өнері алдымен қазақ қауымының таңдайына «татуы» ләзім. Сол сияқты, әлем бүгін бізді ежелгі ғылым, көркемөнер дәстүрі-ережелері сақталған сауатты-салауатты күйде тануы тиіс. Айбергенов тәрізді тума талант – дара дарын әлдеқандай субъективтік себептермен ғана аракідік дүр етіп көтеріліп, қайтадан «қойболсынға» айналып кете баруы жүректегі мазаң ойларға арқау – қазаққа қара тастай салмақ артатын қоғамдық мәселе. Кеше Сталин Еуразия аумағындағы ақындардың ­тамырына балта шапқанда, қазақ әдебиетінің түбіне жеткен – «пантюркизм» болатын. Батыс мойындаған «Шығыстағы поэзия ошағы» күлін көкке ұшыруға бағытталған бұл «бағдарлама» тоталитаризм арқасында ойдағыдай жүзеге асты: Мағжан құрбандыққа шалынды. 1937 жыл 18 наурыз күні Мағжан Қызылжар қудалауынан қажып, ажалына қарсы Алматыға жеткенде, Айбергеновтің анасы болашақ «тайтұяқты» туғанына он күн ғана толған еді. Иә, сол жылы – сол айда Мағжанның «қара күйігінен» ақылға сыймайтын оқиға – алтын айдарлы Айбергенов дүниеге келді. Дәл Мағжан мінезін танытты: 30 жасқа дейін-ақ қазақ поэзиясында жасын ойнап – жаһұт жыр төкті. Мағжанды тудырған құдіретті сөз өнері – өлең-өзен арналарын Айбергенов армансыз аралады: тағдырын қайталап, ғасырдың қанды шеңгеліне тұтылды – жұтылды. Әлі ақын орны осысымен оқшау тұр. Табиғат тылсымына таңдай қағасың: ғайыптан арнайы жіберіліп, өз миссиясын өтеген соң, сол періште күйінде зеңгір көкке қайтадан ұшып кетті. Кірлемеді – поэзияны кірлетпеді...

Мағжанды жедел түрде Төреқұлов, Ходжановтар мүмкіндігі шектеулі Қазақстаннан Түркістанға алдырып, шығармашылық қолдау тапқанда ақын азғантай ғана уақытта Орта Азия ғұламаларының тамырына қан құйып, заты түгілі атын әлі ешкім естімеген әл-Фарабиді өз өлең-өнерінде қайта түлеткен еді: әлемдік музыканың алғашқы теоретик бабасы сынды енді Мағжан түрік музыкасына «көсем» болып құлақ құрышын қандырып еді... Ходжановтың қызы – кішкентай Зиба бұл «әуенді» 80 жасқа жеткенше ұмытпады: Оған себеп – әке ­танымы: «... Доченька, послушай мелодичное восточное исполнение» радиорепродукторда саңқылдаған Мағжан әнін тағылымды әкемен бірге тыңдағанын жазады («Простор», №2 2016). Шығыс поэзиясын еркін меңгерген Мағжан сөз бен сазды бөлмеген. Ақыл-ой биігіне баспалдақ – бұлбұл болмыс бұларды көне философия-даналыққа да ортақтастырды. Фараби Арабстан топырағында жүріп екінші ұстаз атанғаны мәлім. Мағжан осы «ошақтың» қоламтасын көсеп жібергенде, қазақ әдебиеті қазыналы кемелдікке қол жеткізген еді. Жердің жүзін «қара түнек» басқан сол бір революция жылдары: «түріктің кім білмейді музыкасын, Фараби тоғыз шекті домбырасын» дей отырып, «Күн шығыстан таң келеді мен келем, жер жүзіне нұр беремін, күн беремін» деп, Сұлтанмахмұтқа «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн ­боламды» айтқызды ма?! Үйткені, «Жердің жүзін қараңғылық қаптады, Көк күңіренед, мен де көктей күңіренем» жай желпініс емес еді: поэзия пайғамбарын әйгіледі: ХХ ғасыр философтарының ой мәйегімен мәндес тереңдік болатын. Ақын төрт жасында-ақ қазақ руханиятының тереңінде жатқан шығыс – түркі әлемімен етене танысып, «Қисса сүл-әнбия» жаттай бастаған болатын. Бүгін бізге Мағжаннан бір табан жақын тұрған Төлеген Айбергенов осы «сырлы» әдебиетпен тікелей тамырлас еді. Ал ақынның тарихи орны – Мағжандай алыпқа жұтылып кетпей өзіндік дара стиль қалыптастырып, қазақ өлеңінде советтік шындыққа– «жеке батырлық» танытуында. Оны тану – зерттеу бүгін бізге міндет. Музаға ғана қызмет қылған оның әрбір сөзі – қат-қымбат. Үйткені ақын ақиқатқа апаратын сара жолдың үстінде тұр. «...Секілді менің тағдырым, тағдыры корабль­дердің» деуі ақиқат кілті, ұлы поэзияның коды іспетті. Абай Лермонтовты аудармашылықты кәсіп еткендіктен емес, «тұманды теңіз өріндегі жалтылдаған жалғыз жалау» тылсымына бойлай енгендіктен аударды. Айбергенов те, советтік әдебиет аясынан жалғыз желкен боп көрініп, қазақ руханиятының тылсымынан табылды: «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр» ­заманында «тағдырым тағдыры корабльдердің» деп, бүгінгі лексиконда өзін әлемдік алпауыт­ техника жетістігімен пара-пар тұлғалардың тағдырына ­балайды. Бұл оның ауыр «тағдырды» жеңіл өнер тіліне аударған шеберлігі еді. Ұстаз етегін баспаған бекзаттығы да болатын. Өнер – сонылығымен өнер. Туыстық «түрде» емес, қанда. Төлегенді біз өнер тілінен емес, танымынан, тек – тектілігінен танимыз. Аймаңдай туған дарынның тері боп тамшылайсың сен, Құлагер армандарымның құлағын қамшылайсың сен. Қос таған советтік кезеңнен енші алып, «корабль тағдырды» меншіктенгенін толғана толғайды. Тұлпар – тері тамшыламай, «алқым іспес арғымаққа» айнала алар ма?! Мұндағы «аймаңдай дарынның» Мағжан екенін екінші жолдағы «Құлагер армандарымның» тіркесі айқындай түседі. Ақан серіге алғаш ат ізін салған Мағжанның «Ақ жолдағы» көлемді очеркін Ташкент топырағында жүріп жас Төлеген оқымауы мүмкін емес еді. Кейін бұл тақырып бүткіл совет әдебиетіне арқау болғанын білеміз: қазақ әдебиетін одақ деңгейіне асқақтатқан «Құлагер», «Күй», «Күйші», «Дала» дастандарын дүлдүл Ілияс Мағжан әкелген тақырыптар мен өлең-өнер өлшемдеріне иек арта отырып танытқан еді. Сондықтан советтік қырағы редакторлар Айбергеновтің «Құлагер арманы» ­образын тәркілеп, «сан жүйрік армандар» абстракция­сына алмастырады. Ал Айбергенов өнердегі өз орнын қапысыз танып-таңдаған еді: «Құлагер арман» Мағжанды қайталау емес, поэтикалық тың образ – ақын аманатындай поэзияға сілкініс әкелді. Егер ол Мағжан жасына жетсе, тең тұлғалық дәрежеге көтерілетін бе еді, кім білсін?! Мұны Сталин секілді «сталинизм де» еш кешіре алмады: жемісі піспей көктей солуына көмектесті. Бұл «құбылысты» Абай жас Лермонтовтан көруі кездейсоқ емес. Ендеше, «корабльдер тағдыры» тіркесі Еуразияны қамтитын тынысы кең поэтикалық жүйе. Лермонтов та Айбергенов жасында өз ажалын анық көрді: патшаның салтанатты сарайында жоғарғы элитамен патша мундирінде Шоқанша жарық шашып, айтулы аруларымен вальс билеп жүріп: «они меня убьют» деген еді, Кавказға ертең аттанатын кеште көріпкелдік жасап. Қара жамылған қара пистолетті Мартыновтың Бештаудан күтіп аларын ол қайдан білді?! Ақындық тылсым Айбергеновті де адастырмады: «Бір жетсе менің ажалым жетеді сатқындар оқтарынан» данышпандық болжамы – қоғамның психологиялық бет-бейнесін тап басқан аруана сезім еді. Осы қоғамдық айнадан «Басқасынан ажалым жетпес менің, жауыздықпен үйткені шектеспедім» деп, өз бейнесін де анық көреді. Ал Мағжан шектесті: «Көк қүңіренед, мен де көктей күңіренем» деп, тарихи, саяси оқиғамен тамырлас – қаһарын төге қарсыласады. Ал оның замандасы Блок – Ресейдің бірінші ақыны «12» поэмасын жазып, Мережковский-Гиппиус қатарындағы ақын талантына табынушылардан «теріс бата алғаны» мәлім. Ал Айбергеновтің дуалы аузына «сатқын» сөзі қайдан түсті? Кешегі «қоғамшыл», бүгінгі «мемлекетшілдіктің» ара қатынасы қаншалық? «Халық қалауы» сол Мағжандарға да ара түсуге қауқарсыз – жеңіліс тапқаны мәлім. Әйтпесе, орыс поэзиясының бірінші білімпазы В.Брюсов Мағжанды сол тұстағы «күміс ғасыры» шегінен де асырып: «қазақтың Пушкині» (қазақтың әдеби тілін негіздеуші – Б.К.) ұғымын белгілі мөлшерде болса да бойға сіңіруге болмас па еді? «Жауымнан жасырдың жол жасыл гүлдер» дегендегі гүлге құштар бұлбұл Айбергеновтің «жауы» сталинизм бе? Міне, сондықтан да Мағжанға ­Айбергенов тікелей баспалдақ болмақшы. Сөз жоқ, қазақ өлкесіне Мағжаннан соң «бір әсем дария керек-ау дәл сендей» ол үшін «қуаты керек мендегі асқақ арынның» деп, өз орнын Айбергенов­ айқын ажыратқан. Көне дүниеден бізге жеткен «ақындық» аманаты десек те, оны түк артық болмас па еді. Әсіресе, бүгін тіл құны мен құнарын ойласақ, бұларды бағымызға балағанымыз абзал. Пушкинін жоқтап зар илеген орыс қоғамы рухани апаттан аман қалды. Ал «қазақтың Пушкині» Мағжаннан жырақтаған біздер тіл – әдебиеттен де шорқақтап қалдық. Өлең-өнер екенін ұмыттық. Орыс классикасы мен Абай ара қатынасына сызат түсті... Мағжан мұрагері бола тұра Айбергенов оның ізін басып – өлең өңірін кірлетпеді. Образды пір тұтқан дәстүрші бола тұра ол символист емес, реалист:­ «Тау тілінде сөйлейді тас үңгірлер» деуі – тау тұлғалар жаңғырығы болып естіледі. Ал Шәкәрімді үш рет атып, кеудеден жаны шығар-шықпаста шошалаға – оның мұрасын тонауға таң сәріде ат қойған сәттен бастап қазақ әдебиетінің бұл қатары бұзылды. Соңғы ақын – соңғы еркіндік, сондықтан Айбергеновпен аяқталып жүрмесін?! Жүз жылдығын болжаған ақындар – халықтың тарихи көсемі тұқымынан еді. Фараб өзенінің ­тумасы Фарабидің ерекше музыкалық, алхимиктік қасиет-қабілеттерінің ұшқыны «тау тілін» түсінетін Төлегеннен де табылатын еді. Тіпті бүкіл өлеңдерін теріс жағынан жатқа оқитынын айтсақ та жеткілікті – адам мүмкіндігінен тыс «ерекшелікті» ғылым да теріске шығармайды. Осы қасиет Мағжанға да тән болатын. Төлегеннің: «Менің кеудем ерекше бір күй бағы, бұлбұлыңның бүлкілдеткен көмейін» деуі – өзін қапысыз ­тануы. Түркістан республикасының ғалым басшылары­ Н.Төреқұлов пен С.Ходжанов Мағжанды ­сонау Сібір түкпірінен өнер-білім ­Отаны Орта Азияға алдырғанда оның «көмейі» ежелгі «бұлбұл бағында» қалай бүлкілдегенін көрдік қой! Ал Төлеген Алматыдан ажал тапқанда небәрі 29 жаста еді: мұрасы-мұрагері туралы ойлаудың өзі сол тұстағы жағдайда, тек Есенин елесінен бөтен ештеңе айтпас еді. Жылымық та ол «тоңды» қазақ қоғамында жібіте алмағанын көреміз. Қазақстан жазушыларының Күндерін Өзбекстанға бастап барған сап-сау Төлеген кенет опат болғанын естігенде жан жары – жалғыз мұрагері Үрниса ­талып түсті: оянғанда әмеңгерлік жолымен Шәмші Қалдаяқовқа қосақталыпты. Әрине, аз уақытта ажырасты: муза бөлісе алмады – Төлеген түсінен шықпады. Мағжаннан қалған «тайтұяқты» – тарихи­ миссиясын өтеп, өтеуіне жер жастанған замандасын Мұқағали ғана жоқтады. Бұл тұлғалар елін қорғаған ақ найзалы «жеке батырлар» еді, үйткені. Әдебиетіміздің бағына қарай ХХ ғасыр басы – Ренессанстық кезең жеке батыр Мағжанды да қапысыз таныды. Әуезов, Аймауытов, Кемеңгеров, Ходжанов, Досмұхамедовтар бастаған зиялылар мағжантанушыларға айналды: жаңа тұрпатты қазақ елінің рухани қазығы етті. Концептуалды қазақ өнерін-тілін қайта тірілткен асыл мұраны бұзып-жарған «бұзақылыққа» бірауыздан қарсы тұрып, қазақ руханиятын қорғады. Прозаик ­Аймауытов әдеби сыншыға айналып: «...Кім өлең жазса, Мағжаннан бірдеңе алмай қоймайды. Кестелі, ырғақты даяр сөз, даяр түр ауызға түсе кетеді. Жеңіл-желпі өлеңшілер былай тұрсын, бір кездегі күшті ақындарымыз, Мағжанға ұстаз болған ақындарымыз бұл күнде өлең жазса, баяғы шәкіртіне еліктейтін болды» десе, мамандығы дәрігер Қошке: «... Мен де бір кісідей орыс әдебиетімен таныспын. Өлең жазу әдісін де білемін. Бірақ қанша тырбансам да Мағжандай бола алатын емеспін. «Кім би болғысы келмейді, бірақ бола ­алмайды» дегендей, талайлар Мағжандай болғысы келеді, бірақ таланттарында кемшілік ­болатын шығар» («Еңбекші қазақ», 1.12.1926). Бұл ­зиялы, сыпайы сөз өз танымымен Брюсовтің «Мағжан – қазақтың Пушкині» сөзімен тең түсетін еді. ­Жуковский ұстаз бола тұра, өзінен Пушкиннің озып кеткенін мойындаған зиялылығын қазақ қоғамына дарытып, әдеби орта жасау арманынан туған табиғи, мәдени тілек болатын. Ал «біз» патшаны емес Мағжанды «тағынан» түсіру жолына түстік, «бақытына» кенелдік. Әуезовтің «Мағжан сөзі – бұл замана шегінен асқан сөз» бағасы ХХ ғасыр өнер-ғылымы тұтастай қабылдап, мойындаған ақын шығармашылығына «резюме» болатын. Мағжан – ғасырлар толғағынан туған түркі жұртының төл ақыны: Кең дала көресің ғой анау жатқан, Жібектей жасыл шөптер бетін басқан, Асқар тау, балдан тәтті сулары бар, Әне сол анам еді мені тапқан. 14 жасар Мағжанның бұл жолдарын қолжазба күйінде татар әдебиетінің классигі «тәнім – татар, жаным – қазақ» әзілі шынына бергісіз Ғалымжан Ибрагимовтің «Қазақ қызы» романының алғашқы бетіне орналастыруы тегін емес еді. Ал эпиграф етіп тағы да Мағжанның «Айға» өлеңін алады. Бұл – төңкеріске дейінгі жайт. Ал төңкерістен кейінгі дала: Сары дала бейне өлік сұлап жатқан, Кебіндей ақселеулер бетін жапқан, Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ, Сәуле емес, қан шашып тұр, күні батқан, даласымен ақын бірге солды, тарих тереңінен ғана тыныс алды: Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа, Түріктен басқа от болып жан туып па?! Көп түрік енші алып тарқасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?! («Қу өмір қажытқан соң, үңіліп қарауым сол баяғыға»). Түркі әлеміне тарихи-ғылыми бойлаған бұл мінез – поэзия қазақ әдебиеті «күн тәртібінен» түсіп қалғанда, бізден бір елі мәдениетке бұрын жеткен башқұрттың халық ақыны Сәйфи Құдаш қазақ үкіметіне ресми хат жазып, көшірмесін ­Жазушылар одағы төрағасына жібергені – 1969, ал Сәбеңмен (Мұқанов – Б.К.) арнайы келіссөзге шыққанда: «Бүгін Мағжанды ақтауға атсалысатын­ адамы жоқ» деген жауап естуі – Мағжанның алғашқы ақталған 60-жылдары еді. Бұл диалогты араға жиырма сегіз жыл салып барып қазақ қоғамы есітті («Қазақ әдебиеті», 22.12.1988). Сәбең қателесті: Мағжан поэзиясының дүмпуі Айбергеновті туғызды. Сенбісің, сияқты арман күй ақтарған, Ұзатқан қыздың көші сияқтанған. Жаныңда саз қалды ма, наз қалды ма, Тұлпарлар дүбірлеткен тұяқтардан. «Қан шашқан күн» сезім шуағын шаша бастағаны еді: «қазақ қара шаңырағы» – қазақ әдебиетіндегі Темірқазық – Мағжан маңайында – магнитінде сағат маятнигіндей өзін-өзі дер кезінде іздеп тапқан тегеуірінді талант Айбергенов болмаса, кім біледі «тас үңгірлер» «тау тілінде» сөйлей алмай, қоғамдық ой ­санада «қара қуыс» орнар ма еді, қайтер еді («қара қуыс» сырын философтардан сұраңыз, ғылым әлдеқашан анықтаған – Б.К.). Ал Мағжан шындығын, замана бейнесін өз даралығында – жеткізе-жалғай білген Айбергенов бейнелі тіл майталманына айналды. Оған Мағжанның көріпкелдігі дарығаны да анық еді. Мағжан: Қалың елім, қалың қара ағашым, Қайраты мол, айбынды ер алашым, Өзі-ақ құлар, сырын берме, сабыр қыл, Ақымақтар байқамаған шамасын. Ақынды тарих алдамады – айтқаны айдай келді: біз алдадық. Түркі жұртының тілеуімен ­сонау ­60-жылы ақталған ақынды туған халқына жібермедік: қазақ қоғамынан тыс ұстадық. «Құланның қасуына – мылтықтың басуы: саясиланған сана Горбачевтің қайта құру саясатына дөп келіп, «сескенген» сәтті қайсыбір азаматтарымыз ақын пайдасына шешіп жіберді. Кезінде заңды құжат – Бас прокурордың ақтау қағазын мойындамауда да мән бар еді: «қолыңнан келсе, қоншыңнан бас» өзімізді мәңгі дәуір қожасы сезіну апогейинде едік. Осының бәрін аруана болмысты Айбергенов іңкәр жүрегінен өткізді. Ғасыр ақыны Мағжан арманының жүгін арқалаған нар сезінуі, сенімі: Арманның жүгін алысқа тартқан нарың бұл, Ортаңнан шыққан орта түспейтін дарын бұл, Сен көлсің үлкен қайықтарыңды тербеткен, Аяулы іңкәр ақ маңдай ақсұнқарың бұл, деген жолдарда тайға таңба басқандай анық. Аққуынсыз – ақынсыз жетімсіреген «көл» (әне сол, анам еді мені тапқан – Мағжан) сөз жоқ, «қуатты, асқақ арынды» Айбергеновті керек етті: «бір әсем дария керек-ау дәл мендей» дегенді объективтік ақиқат айтқызады ақынға. Тек менімен бақыты бар даланың, Менің қолым ертеңіңді қамшылар, дегенде де, ақын жер бетіне биіктеп кетеді. Бұл – пафос емес, данышпандық, романтика емес, реализм. Ақын –табиғаттың айрықша «сыйы», осыны Айбергенов кер заманнан кейін анық сезінді. Сондықтан: Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, Ауызында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның. ... Нахақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын, Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың, деп, Мағжанмен тұтасып кетеді: назирагөрілікті тірілткен Төлеген ақынмен тілдесіп, оны қазақ поэзиясына араластырады. «... Әдебиет әлемінде өлім жоқ. Марқұм болғандар тірлік етіп жүрген біздің әрекетімізге араласып, жанымызда болады» (Н.В.Гоголь) даналықты хас талант жақсы білді. ­Кесек Мағжан: Күн шығыстан таң келеді – мен келем, Көк күңіренед, мен де көктей күңіренем, Жердің жүзін қараңғылық қаптады, Жер жүзіне нұр беремін, күн берем, десе, Айбергенов оған жауап береді: Аймалап ерке желі жан денені, Бозарып қылаң беріп таң келеді. Малынып шығар күннің шұғыласына, Көк құрақ мың бұралып сәнденеді. Қандай жарасымды үйлесім! Мағжанды біз қаншама тұлдасақ та, табиғат тұлдамады: «қайта туған» Мағжан ұлы Мағжаннан кем түспеді, ­даралана түседі. Төлеген: «мен жарақат салмаған семсер едім» десе дегендей, ал «...мендегі сезімді көрсең шошыр едің» деуі – шындық. Мәселен, Мағжанның маңғаз махаббатын, өзінің от сезімінде өртене жырлап, өлең өрнегін табады. «Жатыр-ау менің жазира далам өлшенбей, осынша сазбен ынтызар қылған аймаққа, бір әсем дария керек-ау дәл мендей». Экспрессивті сөздер Мағжанда көп кездеспейді, Төлеген өзінің төл иісін шығарады: дала – ортақ, «әсем дария» – телегей теңіз сезім ортақ. Жай сезім емес, «әсем» сезім. Саз тудыратын Фарабиға – түркі музыкасына Мағжан апаратын «тума талант». Бұл теңдессіз «рухани қазына» – біздің бақытымыз, ертеңімізді қамшылайтын энергетика көзі екенін Айбергенов айқын ажыратады: «Менің қолым ертеңіңді қамшылар». ­Ендеше, дәрігер Қошкенің: «талантында кінәрат болуы керек» – дәлелді ғылыми пікір. Айбергеновтің ақындықты: «Кес-кестеп ­барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың» баламасы шығыстық ғазелден бөлек – Абай реализміне апарады. Мағжан да сөйткен: шығыспен бірге 14 жасар Мағжан Абайды танып, «өзі ақын, сөзі алтын хакім Абай» деген еді. Сол хакім Абайдың «қиыннан қиыстырар ер данасы» талабы Айбергеновке шақ келетініне көз жетеді, егер «телміріп терең ойдың соңына ерсек». Бұған Айбергеновтің ұстаз Мағжанмен жарысқа түсетін жолдары айғақ: «Сары дала бейне өлік сұлап жатқан». Айбергеновте «көк құрақ мың бұралып сәнденеді». Мағжан аруана халық трагедиясын тереңнен сезінген қаралы сезімін табиғатпен тұтастырса, Айбергенов жастық, жасампаздықта қайта көктеп гүлденеді. Алайда сол аруана сезімде түлеп, өлең болып ақтарыла береді: Жарған ем бүршік, жанардың, Жалынын балап арға мен. Арқасыменен солардың, Аунаттым талай қарға өлең. «Жанардың жалынын арға балау» «әдебиет – ұлттың ұяты» қағидасына балама. Көз алдыңа «аппақ қардан омбылап көктем іздеп келемін» – саналы шығармашылықпен шұғылданған жап-жас Төлеген келеді. Махаббат оты оны қақаған қыста да үсікке ұрындырмады: қызыл сөзді сапырған заманада да ол шешек атты, замандастарынан артықшылығы – осында. Сөйтіп, «ардан» аруанаға айналды. Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп, Қазығын таппай тоқтамайды екен, Мәңгілік тіпті күн батсын. Аруана мінез Төлегенді тұлға етті. Оның: Ақ жаңбырлар мүжіген тау секілді, Мен өлемін өзімнің биігімде, жолдары да қазақ өлеңі кумирлерімен серттескендей – «Мағжан тағдырға» ортақтасуы секілді әсер қалдырады. Қазақ қоғамының бүгініне қызмет қылған мықты да мығым марқасқалармен бірге Мағжан 1929 жылы қазақ шекарасынан асып, Бутырка түрмесіне түскенде, оның жыр жинағы неміс тілінде сөйлеп, Гете, Шиллер Отанында өмір сүріп жатты. Әлемдік деңгейдегі бұл «советтік парадокс» аруана­ болмыс­ты Айбергеновке еш қатысы жоқ десек, жалған болар еді. Мағжан шыйырлаған шығыстық поэзия атрибуты, образдық жүйесі Төлегеннен де табылатын еді. Ал түркілік өнер Отанын «бозінген түйсікпен» дөп басқан Мағжан: Дариға, арманым не Қорқытқа ерсем, Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем, десе, Төлеген «Құрманғазы күйінің бір тілімін» дейді. Осы табиғи тамырластық қайда кетті: бүгінгі қазақ ­поэзиясында байқала ма? «Дәстүр жібі» деген не, қалай жалғанады? Тұлғалы ақындарымыз Төлегенше «өз ғасырым өзімнің иінімде» стилінде сөз сабақтай ма? Стиль – ақынның өзі. Тұлға жоқ жерде стиль де жоқ. Мәселен: Мүмкін емес тыңдауың елжіремей, балқымай, Сөзбен жазбай тарихын күймен жазған халқым-ай, Мынау шешен шектерден сыр таптым-ау мен бөлек, Бүкіл далам келді ғой көз алдыма дөңгелеп. Екі ақын стилін танымдық тұрғыда таразылап көрейікші. «Мынау шешен шек» қай шек? Домбыра­ шегінің бәрі шешен бе? Дала көз алдыңа қалай дөңгелеп келеді? Халқымыз тарихын тек күймен жазды ма? Поэзия, архитектура, музыка «ассоциациясы» көзге көрінбейтін сызықтардың айрықша дәлдігін мегзесе ­керек-ті.­ «Бұлбұл ақын» анықтамасын алғаш Абай атаса, Мағжан «Блок – бұлбұл», ал Айбергенов «менің кеудем ерекше бір күй бағы, бүлкілдеткен бұлбұлыңның көмейін» десе, өзін-өзі қапысыз танығаны. Бірақ біз танымадық. Жамау-жасқауы, жалғаны жоқ поэзияны бүгін шаммен іздеуге тура келеді.

Мағжанды біз қаншама тұлдасақ та, табиғат тұлдамады: «қайта туған» Мағжан ұлы Мағжаннан кем түспеді, ­даралана түседі. Төлеген: «мен жарақат салмаған семсер едім» десе дегендей, ал «...мендегі сезімді көрсең шошыр едің» деуі – шындық. Мәселен, Мағжанның маңғаз махаббатын, өзінің от сезімінде өртене жырлап, өлең өрнегін табады. «Жатыр-ау менің жазира далам өлшенбей, осынша сазбен ынтызар қылған аймаққа, бір әсем дария керек-ау дәл мендей». Экспрессивті сөздер Мағжанда көп кездеспейді, Төлеген өзінің төл иісін шығарады: дала – ортақ, «әсем дария» – телегей теңіз сезім ортақ. Жай сезім емес, «әсем» сезім. Саз тудыратын Фарабиға – түркі музыкасына Мағжан апаратын «тума талант». Бұл теңдессіз «рухани қазына» – біздің бақытымыз, ертеңімізді қамшылайтын энергетика көзі екенін Айбергенов айқын ажыратады: «Менің қолым ертеңіңді қамшылар». ­Ендеше, дәрігер Қошкенің: «талантында кінәрат болуы керек» – дәлелді ғылыми пікір. 

«Балауса», «Сыбызғы сырын» (Жұмекен­нің алғашқы екі жыр жинағы – Б.К.) оқып шығып, табандап отырып «Ой орманын» жаздым дейді Қадыр, ересектерге бет бұрған тұңғыш жинағын еске түсіріп (2010 жыл). Өкініштісі, қоғамды төл тіліміздің құнарымен емес, замана үні-үйлесімдегі «жаңа сөзбен» суардық. Жұмекеннің кезінде «мен өзіме ұнау үшін жазамын, Қадыр көпке ұнау үшін жазады» деуі – ақындық ­позиция ғана емес, кезеңдік методология мәселе ­болатын. Алайда «асыра сілтеу» экономикалық қана қасірет емес, руханиятқа, тілге де ұя салған орны толмас олқылық әкелді. Замана ағымына сай қияс тартқан бұлжымас тіл қағидасы асыра­ мадақ-марапатқа даңғыл жол салды. Ал осы бағыттағы ­рухани жауапкершілікті Айбергенов «Өз ғасырым өзімнің иінімде» деп, жалғыз жолға сиғызады. Өкініштісі, тәуелсіздік ресми жария етілсе де, тілге, түпнұсқаға көзқарас өзгерген жоқ. Ақталған Мағжан, атағы асқақ Төлегеннің түркі әлеміндегі қайта оралу тойларында таным емес, советтік сөзуарлық ат оздырды.­ Мәселе сонда, шөп шыққан жеріне шықпай әкімдік жанынан ашылған құс фермасының сары үрпек ­балапандарындай алақанынан ақын ұшыру бүгін өз апогейіне көтерілгендей. Тегі, тамыр соғысымен бүгіндік тіл мәдениетін меңгерген ақын Болат Шарахымбай шығармашылығы, мәселен, ресми мойындалған ақын болмағандықтан, қоғамдық айналымға түсе алмайды. Тасты жарып шыққан кешегі поэзия маңдайы тасқа соғылған үрдіс БАҚ қоғамдық шығармашылық ұйымдар арқылы бүгін өңін өзгертіп, плюрализмге қол жеткізе алмаса, шынайы шығармашылықтың тауы шағыла бермес пе? «Сөз іздеп жүрген тереңнен, сазан көз мөлдір көз ем мен» Айбергенов жолдары бүкіл Тұраннан оймақтай жер тастамай түркі сөзін терген М.Қашқаримен табиғи тұтастықта. Бұған талант қуаты ғана көктей өте алады. Сондықтан да Мұқағали: Торғай өлең шырылдап бара жатты, Аузында ажал деген сұрапылдың, Төлегенді ғалым Қашқари қырағылы­ғында ашады. Бұдан 51 жыл бұрын айтылған ақиқат әлі актуальды. Бүкіл қазақ поэзиясын жоқтап отырғандай: «Қара торғай» әні қазақ аспанында қазақ өлеңінің тотемы болып қалықтай ұшып жүр. Қайып Айнабековтің 1923 жылы Мәскеуде осы әнді орындағанын алғаш естіген Затаевич 1925 жылы шыққан зерттеу кітабында аса жоғары баға береді. Ақын Жұмекен де, өнерге алғаш томағасын осы әнмен сыпырғаны көңіл аударарлық жайт: 1956 жылы Мәскеуде «Қараторғай» әнін оркестр­мен орындап, консерваторияға жолдама алған еді. Ал ән авторы Ахмет Байтұрсынов – қазақ ән-өнерінен Затаевичтің басты консультанты. «... Бүгіндері бәріміз құлай ұнатып жүрген кешегі Төлеген Айбергенов жырлары марқұмның көзі тірісінде өзі ести алмаған, өзі зәру болып өткен: марқұмның құмнан су іздеген құландай құмартқан творчестволық тағдыры біздің есімізде» деп куәлік береді Мұқағали Мақатаев. 50 жылда «ел жаңарып», еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» ХХ ғасыр қазақ поэзиясының антологиясын ұсынғанда, тасты жарып шыққан қазақ поэзиясы, қазақ тілі құдіретіндей Төлеген ­Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденовтердің маңдайы ашылды ма? «Әдебиет әлемінде өлім жоқ, марқұмдар қашанда бізбен бірге әрекет етіп жүреді» деген ­гений Н.В.Гогольдің ақиқатына арқа сүйедік.

1426 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы