• Тарих
  • 30 Қаңтар, 2020

ЖАУЫНА КӨКТЕН ШҮЙІЛГЕН

Әскери ұшқыш, ел басына ауыр күндер тудырған 1941-1945 жылдардағы соғыстың ержүрек жауынгері, қазақтың қаһарман қызы Хиуаз Доспанованың өміріне тереңірек қанығуға белгілі қаламгер Жақау Дәуренбеков ағамыз басқаратын «Ана тілі» баспасының ұсынысы себеп болып еді. Баспа ерлігі елге өнеге апамыздың 90 жылдығына орай жинақ шығаруды жоспарлаған екен. «Сол кітапты құрастыруды сізге жүктесек» дегенді айтты. Ешқандай қарсылық болмады. Өйткені «қанатты қыздың» өткен жолдарынан біршама хабарымыз бар болатын. Ол кітап 2012 жылы «Қаһарман қыз» деген атпен Алматыда жарық көрді. Оған батыр қыздың жазбалары, естеліктер, очерктер, мақалалар, сұхбаттар, өлең-жырлар енгізілді. Оқырман қауым аталған жинақ жөнінде жылы лебіз білдірді. Соғыс басталғанда қаршадай қыздың «Мен де қолыма қару алып, туған Отанымды қорғаймын» деуі таңдандырмай да, таңдай қақтырмай да қоймайды. Соғыс деген де ажалмен арпалысу ғой. Содан қорықпай, үрікпей, керісінше, қасқайып қарсы ұмтылғаны бір жағы сүйсіндірсе, екіншіден «Бұл неткен жүрекжұтқандық?!» дегізетіні тағы белгілі.

Ол мектепте оқып ­жүргенде-ақ­ ерлік істерге құмартқан. Әсіресе, ­че­люс­киншілердің, оларды құтқарған ұшқыштардың әрекеттері ерекше әсер қалдырған. Челюскиншілер деген кімдер еді? Аз-кем анықтама бере кетейік. 1934 жылдың 13 ақпанында Чукот теңізіне кеңестік «Челюскин» кораблі мұз ойылып, батып кетті. Бортта 111 жолаушы болатын. Оларды құтқару оңай болмайды. Осы кезде өз кәсібін шебер меңгерген майталман ұшқыштар көмекке келді. Ақырында кемедегілер түгелдей ажал аузынан қалды. Құтқару жұмысына қатысқан жеті ұшқыштың ерен ісі ел ішінде аңыз боп тарады. Әсіресе, бұл оқиға балалардың, жастардың санасына айрықша әсер етті. Өзгеше көңіл күйді Хиуаз да ­бастан кешкен. Бұдан қала берді Гризодубова, Осипенко,­ Раскова секілді әйел ұш­қыштардың ­Мәс­кеу­ден Қиыр ­Шы­ғысқа дейін ешбір аялдамай ұшып ­баруы дүниежүзін дүр сілкіндірген. Бұл ғажап сапар Хиуаздың арман-қиялын одан әрі қанаттандыра түсті. Онда бір-ақ ой болды. Мақсат – ұшқыш болу. Ұшқыш болу о бастағы арманы болған­нан кейін қалалардың ішінде Мәскеуді таңдаған. Сол уақыттағы одақтың ордасы саналатын шаһарға жеткеннен кейін еш бөгелместен Жуковский атындағы әскери-әуе академиясын бетке алды. Құжаттарын тапсырғаны сол еді, «Сізге болмайды» деген сөзді естіді. Неге болмайтынын өздері де түсіндіріп бере алмады. Ол кезде жете мән бере қойған жоқ еді. Кейін ойланса, мұның бар кінәсі – «азиялық» болғаны сияқты. Бұл нағыз қорлау ғой. Әйтпесе мектептегі бағала­ры­ның бәрі жақсы, одан қала берді аэроклубта оқығандығын айғақтайтын құжат та бар. Орналасқан жеріне салы суға кетіп оралды. Мұндайды күтпеген. Арманының қанаты қиылғандай қатты күйзелді. Батып бара жатқан ми батпақтан ­суырып алып, басын көтерткен жанын­дағы достары болды. Әлі жас екенін алға тартты. Өмірде сын-қатердің көп болатындығын, сондықтан еңсені түсіріп, мойымау қажеттігін айтты. Бір сөзбен айтқанда, бойына жігер, тың күш-қайрат қосты. Қалада оқу орындары көптігін, солардың біріне түсуге кеңес берді. Ойланды, толғанды, ең соңында құрбыларының сөзіне құлақ асты. Мектепте жүргенде жақсы оқығанының әсері шығар, ұстаздарының өздері «болашақта педагог не инженер, яки тарихшы болғаның жөн» деп, алдағы өміріне жөн сілтейтін. Хиуаз болса олардың айтқанын үнсіз тыңдап, «көрерміз» дейтін де қоятын. Міне, енді тоғыз жолдың торабында тұр. Бар арманы ұшқыш болу еді. Ол көзден бұлбұл ұшқандай. Енді қайсысы қолайлы? Мамандықтарды сараптай келе дәрігерлікке қол созғанын жөн көрді. Адам өміріне араша болудан, оған қуаныш сыйлаудан артық зор міндет бола ма екен?.. Қасына Таня атты құрбысын ертіп, дәрігерлік институтқа құжаттарын тапсырды. Аттестаттағы бағалары кілең «бес» еді. Сол себепті оқуға түсу емтихандарынан босатылды. Демалысқа толы жаз да өтті. Оқу ­жылына әзірлік басталды. Көңіл шіркінге қайтып тұзақ құрар. Ұшақ, әуежай естен шығар емес. Қанша ойламайын десе де болмайды. Бірақ оқуға баса көңіл бөлу керек. Бұл мектеп емес, жоғары оқу орны. Тапсырма көп. Соларды­ уақытылы орындамаса – үлкен сын. Соңғы сынақтарды тапсырып жатқанда гитлершіл жендеттердің Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағаны жөнінде жаманат хабар жетті. Суық сөз жан түршіктірді. Ешкім де мұны күтпеген. Бір жағы қорқыныш болғанымен, екінші жағынан басқыншы жауға деген кек, өшпенділік оянды. Әсіресе екіншісінің салмағы басымырақ болды. «Елімізді жаудан қорғаймыз. Майданға жіберіңіздер» деген топтың бел ортасында Хиуаз да бар еді. Өкінішке қарай, бірден майданға жол түспеді. Сабаққа қатыса жүріп, қаладағы метрополитен құрылысында еңбек етуіне тура келді. Бұдан басқа, қорғаныс бекіністерін тұрғызуға қатысты. «Мен запастағы ұшқышпын ғой. Неге майданға бармасқа?» деген ой Хиуазға тыныштық бермеді. Алайда алдынан «Сен тылда да керексің» деген жауап кесе-көлденең тұра қалатын. Бірде Орталық комсомол комитеті жақтан «Әйелдердің әуе полкі ұйымдасты­рылып жатыр екен» деген сыбыс естілді. Комитетте Мичунова атты таныс келіншек бар еді. Дереу соған хабарласты. Рас сөз екен. Ол полкті жасақтап жатқан, өзі «шіркін, бір кездесіп әңгімелессем, сырымды бөліссем» деп қиялдайтын әйгілі ұшқыш, кезінде Мәскеуден Қиыр Шығысқа дейін еш жерге қонбай ұшып барған ұшақтың ұшқышы Марина ­Раскова болып шықты. Ертеңіне комиссия отырысы өтетін жерге құстай ұшып жетті. Расында да қыздармен әңгіме жүргізетін талай рет суреттен көрген Раскованың өзі екен. Жылы қарсы алды. Қайдан екенін, ұлтын, қосымша алған мамандығын, ата-анасын сұрады. Сауалдардың бәріне іркілмей жауап берді. Комиссиядан шығып, қабылдау бөлмесінде қорытындысын күтіп отырған. Жарты сағат өтер-өтпестен «Полкке қабылдандыңыз» деген хабар алды. Хиуаз, басқа да қабылданған қыздар Жуковский атындағы әскери-әуе академиясының жатақханасына келді. Осы жерде оларға әскери киім берді. Қызық бір жағдай болды. Хиуазға берілген киім шақ келгенімен, етігі үлкен болып шықты. Мұны көрген қыздар күліп жатыр. Тек Рая есімді қыз ғана ештеңе бол­мағандай, аяғындағы етігін шешіп Хиуаз­ға ұсынды. Осы сәттен бастап Рая Аронова екеуі бұрыннан таныс-біліс адамдар­дай бір-бірін жақын тартып, ­достасып кетті. Хиуаздар осыдан кейін Саратовқа келіп, қаладағы әскери училищеде арнайы курстан өтті. Рая екеуі штурман бө­лі­мінде білімдерін жетілдірді. Алғаш­қыда шағын, жай жүретін ПО-2 ұшақта­ры­мен жаттығулар жасады. Зенит оғына қарсы тұру, төмен келе жатып бомбалау тә­сілдерін үйренді. Тәулігіне бес-алты са­ғаттан артық ұйқы болмады. Қыздарда бір ғана мақсат болды – тезірек майданға жету. Оқып жүріп, мақсат-тілектері бір өзі секілді қыздармен танысты. Емтихан тапсырарда қобалжығанымен, нәтижесі сәтті болды. Теориялық та, практикалық та сынақтардан еш мүдірмеді. Училищені бітірерде сержант атағын алды. Әскери киімдермен қамтамасыз етті. Бұған қоса пистолет, планшет, карта бар. Енді тек жаумен айқасу қалды. Соғыс кезінде Хиуаз жау шебіне үш жүзден аса ұшып шығып, жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Солардың ішінде сөз жоқ, алғашқы сапар ешқашан ұмытылмасы анық. Орыс жеріндегі Майндорф аталатын ескі де сәулетті ғимарат көпшілікке жақсы белгілі. Тапсырма – осы маңдағы елді мекендерге шоғырланған жауды техникаларымен қоса бомбалау. Звено командирі Катя Пискарева болды да, штурман ретінде Хиуаз бекітілді. Ұшақ ұшуға дайын болды. Мұны звено технигі мен эскадрилья технигі жеткізді. Полк комсоргі Саша: «Жолдарың болсын, қыздар» деп, аялы алақанымен қолдарын қысты. Ұшу алаңына жедел басып келе жатқан полк парторгі Мария Рунт көрінді. Ол да қыздарға «жол болсын» айтуға асыққан екен. Мария ұшаққа көтерілгенде ­Хиуаз оның қолына жүрекжарды өтініші жазылған қағазды ұстатты. Онда ­былай делінген: «Бірінші рет өз бетіммен жауынгерлік тапсырмаға ұшып барамын. Мені коммунистік партия қатарына мүше етіп алуларыңызды өтінемін. Егер оралмасам мені коммунист деп есептеңіздер». Ол уақытта елде бір ғана партия – компартия үстемдік құрды. Коммунист болу үлкен мәртебе еді. Нағыз адал жандар, патриоттар, Отанға шын берілгендер коммунист саналды. Хиуаздың өтініш жазу себебі осыдан. Әлгі өтінішті қолына алған ­Мария бір жағынан таңданыс білдірді. Әрі ризашылығын жасыра алмады. Таңданғаны – мына ойдың Хиуазға аяқ-астынан қалай келіп қалғандығы. Ризалығы – қайсар қыздың жүрегінің ақтығы. – Сендей жауынгер қыздың аман-есен оралатынына сенім мол. Кездескенше, Хиуаз. Жолдарың болсын! – деді полк парторгі төменге түсіп бара жатып. Бомбалаушы ПО-2 шағын ұшақ. Ал штурман отыратын жер мүлде тар. Бірақ, соған қарамастан, бұл жердегі «құрал-саймандар» жеткілікті. Парашют, противогаз, пулемет, нысананы жарқырататын – САБ, планшет... дейсіз бе. Бұларға қосымша ұшқыштың үстіндегі киімі де, теріден жасалған аяқ киім де жеңіл деп айта алмас. Белбеуге қыстырылған пистолеттің де өзінше салмағы бар. Әрине, барлығы да қажет болғаннан кейін ауырсына алмайсың. Ұшақ көкке көтеріліп келеді. Төңірек тас түнек. Әр жерде от ұшқындары байқалады. Міне, дұшпан орын тепкен шепке де келіп жеткендей. Дұрыс келе жатқан сияқты. Бұл да, Катя да үнсіз. Катяға да оңай емес. Ұшақтағы бомбалар салмақты. Күш рульге түседі. Сол себепті тұтқаға мықты болу керек. – Келдік, – деді Хиуаз трубка арқылы. – Жақсы, – деді Катя нысананы бетке алып. Жау зеңбіректері байқап қалыпты. Төменнен оқ жаудырып жатыр. Мұны қыздар елей қойған жоқ. Алған беттерінен танбады. Мақсат нысаналы жерге жетіп, тапсырманы орындау. Хиуаз белгіленген жерге келгенде алдындағы тұтқаны тартып қалып «Отан үшін!» деп айқайлап жіберді. Дауысының қалай шыққанын өзі де байқамай қалды. Сол сәтте бойын жауға деген ашу-ыза, кек кернеп кетіп еді. Бомбалар тасталғаннан кейін Катя ұшақты кейін бұрды. Жау зеңбіректері атуын тоқтатар емес. Төменгі жақ от-жалынға оранған. Хиуаз төмен қарағанда сезді, нысана дәл көзделіпті. Жалынның көлемі орасан. Осы кезде екеуінің бойын мақтаныш сезімі кернеді. Бәрі ойдағыдай болды. Бойдағы қуаныштың әсері ме, төмендегі зеңбірек даусын да елеген жоқ. Өздерінің ұшу алаңына қарай үлкен бір шаруаны тындырғандай жайдары қалыпта келеді. Үлкен іс деуге әбден лайық. Жау шебіне барып, бомба тастау, одан аман-есен шығу, шынын айтқанда, ауыз толтырып айтарлық зор да маңызды іс. Аэродромға жеткенде техникалық қызметкерлер екеуін де босатар емес. Алғашқы сапар ғой. «Қалай болды?», «Не істедіңдер?», «Фашистерді көрдіңдер ме?» деп, топан сұрақтың астына алды. Қыздар емес пе, бәрін білгілері келеді. Оларға бәрі де қызық. Сапардан оралғаннан кейін коман­дирге­ рапорт беру – міндет. ­Ойлағандай-ақ Бершанская екеуін де күтіп отыр екен. – Жауынгерлік тапсырма орындалды. Ұшақ та, өзіміз де аман-есен жеттік деді алма-кезек үн қатып. – Жарайсыңдар! Сәтті оралуларыңмен құттықтаймын! – деді полк командирі екі қызды да құшағына алып. Мұнан соң екеуінің полк штабына­ баруына тура келді. Тәртіп бойынша тапсырманың қалай орындалғанын нақпа-нақ айтып берулері керек екен. Солай істелді де. Штаб бастығының орынбасары болған жайды бұлардың көзінше дивизия штабына хабарлап жатты. Бұл бір ғана сапардың хикаясы. ­Со­ғыста мұндай сапардың үш жүзден астамы болды. Олардың қай-қайсысы да қауіпті еді. Ұшқыштар әр сапарға аттанарда «осыдан аман-есен ораламыз ба, қалай болар екен?» деген оймен жолға шығады. Бұл ой Хиуазды да айналып кеткен емес. Дегенмен де «Тәуекел. Біздің ісіміз адал. Сондықтан бәрі де ойдағыдай болуы тиіс» деген жігер-күшінің салмағы басымдау түсіп жататын. Жаудың шебіне ұшып жүріп, түрлі жайттардың кездесетіні бар. Бірде ойда-жоқта әбден састырған бір оқиға болды. Жаудың дәл үстінде жүр. Кезек жарық қылатын бомбаға келген. Әдеттегіше бар пәрменімен лақтырды. Қырсық дегенді қойсаңшы, жанатын зат жанбай қалды. Осындай «ауруы» барынан хабардар-тын. Қайта оралып кеп, тағы да лақтырды. Не керек, бұл жолы ұятқа қалдырмады. Нысана айқын көрінді. Олай болса, бомбалаудың реті келді. Енді кезекте тұрғаны термиттік авиабомбалар. Бірінен соң бірін төмен қарай зулатты. Соңғысын лақтырам дегенде қолынан шығып кетіп, кабина ішінде домалай жөнелсін. Зәресі ұшып кетті. Ол жарылса бітті. Күл-талқандары шығады. Бұл бомбаның ерекшелігін түсіндіре кетейік. Ауыр бомбалар тасталғаннан кейін, олардың артын ала термиттік бомбалар жөнелтіледі. Бұл бомбалар күшімен жау нысандары өрт құшады. Енді көрмейсің бе – өртке өздері оранбақшы. Беті аулақ жамандықтың. Қолымен сипалап, бомбаны іздей бастады. Табылар түрі жоқ. Ана жақта рульдегі Полина айқайлап жатыр. «Не істеп жатырсың! Аманымызда кетейік. Бол, тез!» дейді. Бұл болған жайды айтқан жоқ. Көңіл күйін бұзғысы келмеді. ­«Листовкаларды лақтырып жатырмын. Сәл шыда» деді даусын өзгертпестен. Кейін қарай ұшып келеді. Ақыры іздеген заты табылмады. Одан сайын мазасы кетті. Ұшақ қалыпты жүрісінен танбаса жақсы, оқыс қимылдай қалса, біткендері ғой. Полина шебер ұшқыш болатын. Әзірге көңілден шығып келеді. Аэродромға таяған сәтте ұшақты жайлап қондыруын өтінді. Бұған Полина таңырқап жатыр. Талай бірге ұшып жүр ғой, Хиуаздан дәл осындай ескерту естіген емес. «Жараланғаннан саумысың?» дейді. «Жоқ, аманмын, сонда да ақырын қондыр» деп жауап берді. Ұшақ қонған кезде жоғалған затын тағы іздей бастады. Әйтеуір табылды-ау. Орындықтың ең түкпірінде жатыр. Сол кезде ғана Полинаға жағдайды айтты. Ол да басын шайқап, «Құдай сақтаған екен» дейді. Әлгі оқиғаның әсері болар, Хиуаз жау нысаны кезіккенде көбіне алдымен термиттік бомбалардан құтылудың амалын жасайды. Апатты жағдайлар тек жау тұрақтаған жерде ғана емес, өз шебіңде де кездесіп жатады. Бұл әдейі жасалмайды. Кездейсоқтық, әрине. Хиуаз сондай екі оқиғаны бастан кешірді. Екеуінде де қатты жараланып, өлім аузынан аман қалды. ...Түн іші. Кезекті сапарға аттанбақ. Ұшақ көтерілмекші болып, жылжып келе жатқанда ауыр затқа соққандай болды. Аржағы есінде жоқ. Талып қалыпты. Бір көзін ашқанда полк командирі Евдокия Давыдовна үстіне төніп тұр екен. – Сәл шыда. Бәрі жақсы болады, – деді. Ептеп тұрғызып, өзінің ұшағына отырғызды. Енді бір көзін ашқанда кабинада жалғыз. Полк командирі көрінбеді. Жанына техник Тося келді. Таңдайы кеуіп шөлдеп жатыр екен. – Су берші, Тося, – деді даусы болар-болмас естіліп. – Кішкене шыда. Бұл жерде су жоқ. Евдокия Давыдовна дәрігерге кетті. Қазір келеді, – деп жатыр ол. Тағы да есінен адасып, талықсып кетті. Көзін ашса жанында ақ халатты дәрігер тұр. Мән-жайды дәрігер айтты. Миы шайқалған, жіліншегінің сіңірі созылған. Жан-жағына қарап, ұшқыш серігі Полинаны сұрады. Жеңіл жараланған, жағдайы жақсы екен. Ойы сан-саққа жүгірді. Басының ауырғанын, жарақатын емес, алдағы күндерін ойлады. «Енді ұша алам ба екен?» деп күрсінді. Мұны түсінген, бұған жиі соғып тұратын Наташа күлген болады. – Ұшу не, құрбым-ау. Алдымен денсау­лығыңды ойламайсың ба? Ұшу ешқайда кетпейді ғой, – дейді. Госпитальда бір айдан аса уақыт жатты.­ Жарақат жай болмады. Әрең ­дегенде бойын түзеді. Апаттың жағдайын Наташа айтып берді. Тапсырмаға сәйкес аэродромдар жиі көшіріліп отыратын. Бұл жолы да солай болған. Бірақ асығыс таңдалған аэродром еді. Ұшу белгісі ретінде таудай боп үйілген бір мая шөп алынған. Ұшақ көтеріле бергенде әлгі көлемі ауқымды маяға бар пәрменімен соғылған. Хиуаз ұзамай қолындағы таяғын ­тастап, кезекті ұшуға дайындықты бастап кетті. Мына оқиғаны да еш ұмыта алмайды. Құдай сақтап, осы жолы да бір өлімнен аман қалған сонда. 1943 жылдың көктемі. Күн бұлтты. Бірақ, соған қарамастан, Юля Пашкова екеуі тапсырманы талаптағыдай орындап, кері қарай қайтып келе жатты. Міне, өздерінің аэродромдары да көрінді. Ұшақ қонуға бет алып келеді. Аржағын білмейді. Бір қараса, ұшақ сынықтарының арасында жатыр. Юляның әлсіз даусы шығады. «Біз қайдамыз?» дейді. «Білмеймін» дейді бұл. Жалма-жан пистолетін іздеді. Ойы немістердің қолына түссе өзін-өзі атып өлтіру. Юляда да сондай ой болса керек. «Пистолетімді ала аласың ба?» деді шамалыдан кейін. Бұл жауап беруге үлгермеді. Көзін ашқанда қыздардың таныс дауысы естілді. Кейін біліп жатыр. Мұны госпитальға әкеліпті. Аяқтарының сүйектері сынған. Нендей жағдай болған? Қонуға келе жатқанда өздерінің полкіндегі бір экипажбен соқтығады. Екі ұшақтағы төрт адамнан тірі қалғаны өзі ғана екен. Қалай тірі қалды? Тәртіп бойынша ұшқан кезде белдікті орындыққа бекітіп қою керек. Хиуаз болса мұны орындай бермейтін. Қимылдауға кедергі келтіретіндей көрінетін. Бұл жолы да сол әдетінен танбаған. Ұшақ құлаған кезде тосын күш мұны кабинадан сыртқа лақтырып жібереді. Аман қалуының сыры осы екен. Майдандық та, тылдағы госпитальда да жатып Юляның жағдайын сұраған. «Жеңіл жарақаттанған сияқты» деген сөз естиді. Құрбылары Хиуаздың көңіліне қараған екен. Юля майдан госпиталінде ауыр жарақаты салдарынан көз жұмыпты. Юлямен бірге ұшқаны кейінгі сәттерде ғана. Көңілі баладай пәк, таза. Өзі ­бауырмал. Тек Хиуаз ғана емес, полктағы қыздардың бәрі оны жақсы көрді. Апаттың алдындағы сапар әлі есінде. Славянская станицасында орналасқан жау бөлімін бомбалауға тапсырма алған. Станицаға жақындағанда Юляның жыламсыраған даусы естілді. Сөйтсе, бұл елді мекенде Юляның әке-шешесі тұрады екен. Бұл шынында да жүрек толқытатын жайт еді. Кім өзінің ауасын жұтып, суын ішкен, балалық шағы өткен мекеніне, оның үстіне ол жерде әке-шешең тұрып жатса,­ қайтып қана оқ жаудырар... Өмірде мұндай да болады екен-ау. Алайда әскери тапсырманың аты – тапсырма. Оны бұлжытпай орындау керек. Бұдан өзге елді мекен жау қолында. Шегінер жол жоқ. Екеуі ақылдаса келе Юляның әке-шешесі тұрған үйге жақындамауға ­тырысты. Үйдің амандығын білу үшін екі рет айналып та шықты. Өкінішке қарай, көз жеткізу қиын еді. Сол Юля енді жоқ. Оның аспан түстес мөлдір көгілдір көзін енді көре алмайды, сыңғырлаған күлкісін де ести алмайды... Хиуаз күз аяғында ғана сауығып, бөліміне қайта оралды. Ол осылай шешті. Майданда болуым керек деп ұйғарды. Бөлімге келгенде қыздар өз көзіне өздері сенер емес. «Жазылдың ба?», «Бәрі жақсы ма?» деп сұрақтың астына алып жатыр. Бұл болса «Көріп тұрсыңдар ғой» дегендей бәріне қарап күлім қақты. Бір апта өткен жоқ, ұшу қайта жалғасты. Хиуаз соғысты Германия жерінде аяқтады. Бұған дейін көптеген қалалар мен селоларды артта қалдырды. Закавказье, Солтүстік Кавказ, Украина, Белоруссия, Польша жерлеріндегі шайқастарға қатысты. Майданнан елге екінші топтағы мүгедек болып оралды. Бейбіт өмірге араласқаннан кейін түрлі жауапты қызметтердің тізгінін ұстады. Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бірінші хатшысы болды, республика жастарына жетекшілік етті. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Республика­ Жоғарғы Кеңесі президиумының хатшылығына жоғарылатылды. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ­аппаратында жұмыс істеп, Алматы қалалық партия комитетінің екінші ­хатшысы қызметіне дейін көтерілді. Ерлік жасалғаннан кейін оның бағаланғаны маңызды. Хиуаздың соғыстағы қимыл-әрекеті нағыз ерліктің өнегесі. Қадыр Мырза-Әлінің сөзімен айтқанда, ол «дыбыстан ұшқыр реактивті ұшақ емес, күндіз көзге түссе винтовкамен де атып түсіретін кәдуілгі дарылдақ бомба тиелген ұшақтың штурманы» болды.­ Сондықтан Хиуаздар тек түнде ғана аспанға көтерілді. Жаужүрек қыздың әрбір ұшуын бір ерлікке бағалауға әбден болар еді. Бірақ мұны ойлайтын жан болмады. Әрине, марапатсыз қалды деп аузымызды қу шөппен сүрте алмаспыз. 1945 жылдың қаңтар айының соңғы күндерінің бірінде маршал К.Рокоссовский Шығыс Пруссиядағы Тухаль атты шағын қалаға келгенде Хиуаздың кеудесіне ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін таққан. Мұның ­алдында «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Соғыс уақытында және одан кейінгі кезеңдерде Хиуазбен бірге шайқасқан қыздар ең жоғары марапат – Кеңес Одағының Батыры атағын иемденген еді. Мәселен, Наташа Меклин, Ира Себрова,­ Катя Пискарева, Марина Чечнева, ­Раиса Аронова және басқалар. Бұл атақты Хиуазға да беруге болатын еді ғой. Бұған да «өзге», «азиялық» болғаны кедергі келтірді ме екен. Әйтпесе, елемейтіндей басқа кемшілігі жоқ еді ғой. Осы мәселені, Хиуаздың ерлігі ­Батыр атағын беруге әбден лайық екенін мыңболғыр қазақстандық ­ардагер ­Павел Батлук көтерді. Ұлы Жеңіске елу жыл толғаннан кейін, 1995 жылдың 8 ­наурызында республикалық «Советы Казахстана» газетінде оның «Гвардиялық полктың штурманы» атты мақаласы жарияланды. Мақаланы жазуға сол уақытта 46-шы гвардиялық әйелдердің авиациялық Таман полкінің штурманы Александр Акимоваға ­Ресей Федерациясының Батыры атағы берілгендігі түрткі болған. Ал аталған ­полкта оның ұйымдастырылуынан ­бастап, яғни 1941 жылдың күзінен 1945 жылдың жеңісті мамырына дейін ­жаумен күрескен, алғашқыда штурман, содан соң полктың байланыс бастығы қызметін атқарған Хиуаз да болған еді. Мақала авторы Хиуаздың ерлік жолдарын баяндай келе ол туралы Ресейде жарық көрген кітаптарда да кеңінен сөз болғанын алға тартады. Мысал ретінде Марина Чечневаның «Небо остается нашим», «Боевые подруги мои», ­Раиса Аронованың «Ночные ведьмы», алғысөзін Кеңес Одағының Батыры А.Маресьев жазған «В небе фронтовом» атты кітаптарды келтіреді. П.Батлук мақаласының соңында «Мүмкін бізге де Хиуаз Доспановаға «Халық қаһарманы» атағы берілгендігін тойлайтын күн де ­келер» дейді. Осы жерде Павел Батлуктың да кезінде әскери ұшқыш болғанын ескерте­ кетейік. Демек, ұшқыштың кім екенін, оның орнын жақсы біледі деген сөз. Батлуктың мақаласы шығу бойына көп адамға ой салды. Алдымен ұсынысты қолдап, «Казахстанская правда» газетінде белгілі мемлекет қайраткері Михаил Есеналиев үн қатты. Қазақ басылымдарында Әзілхан Нұршайықовтың, Қадыр Мырза-Әлінің, Қанапия Ахметовтың мақалалары бірінен соң бірі жарық көрді. Ақырында олардың пікірімен мемлекет басындағылар санасты. Сөйтіп, ҚР Президентінің 2004 жылғы 7 желтоқсандағы Жарлығы бойынша Хиуаз Доспановаға мемлекетіміздің ең жоғары марапаты – «Халық қаһарманы» атағы берілді. Не болады бір ғұмырың, Бір жасың? Әділдікке асықпайды Мырза сын. Мойындалып жатса шындық, Үш емес, Он ғасырдың өзіне де ырзасың – деген ақын Қадыр Мырза-Әлінің өлең жолдары бар еді. Ақын айтқандай, арада біршама жыл өткенімен әділдік ақыры тұғырына көтеріліп, қазақтың отаншыл, патриот қызына Батыр атағы берілді. Бір сүйіншісі, елі ұсынған мәртебелі атаққа Хиуаз көзінің тірісінде ие болды. Рас, Хиуаз батыр болуды, атын шығаруды ниет еткен жоқ. Алайда ел басына ауыр күн туғандағы оның қимыл-әрекеті, бойындағы жауға деген кекшілдігі, мақсатына жетпей тынбайтын­ қайсарлығы қаршадай қызды Батыр етіп шығарды. Соғыстағы ерен ерлігін жанында­ жүрген құрбы-құрдастары да мойындады. Бұған жоғарыда тілге тиек болған қарулас құрбыларының жазбаларындағы ыстық лебіздер дәлел. 2008 жылдың 20 мамырында Халық қаһар­маны Хиуаз Қайырқызы ­Доспа­нованың жүрегі соғуын тоқтатты. Аты аңызға айналған ержүрек қыз туған хал­қымен бірге мәңгі жасай бермек. Оның есімі өзі кезінде ерекше құрметтеп, қадір­леген Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметовамен, Әлия Молда­ғұловамен, өзге де ұлтымыздың аяулы қыздарымен қатар атала беретін болады.

Нұрперзент Домбай «Ана тілі»

3657 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы