• Әдебиет
  • 13 Ақпан, 2020

ДҮНГЕН АУЫЛЫНДА

Жалпақтөбе деген ауыл Тараз қаласына тиіп тұр. Бұрынғы аты – Дунгановка. Ал Дунгановка деген сөз ол кезде «бұл маңайда негізінен дүнгендер тұрады» дегенді білдіретін анықтауыштың да рөлін атқаратын. Еліміз КСРО құрсауынан құтылғаннан кейін осы Дунгановкаға Жалпақтөбе деген ежелгі атауы қайтарылды. Айтайын дегенім, «Қазақ вальсінің королі» атанған ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов, міне, осы ауылда 1980 жылдардың екінші жартысында тұрып, шығармашылық еңбегін жалғастырды. Соңғы әндерінің бірі – «Дүнген қызы» да осы ауылда, дүнгендердің ортасында дүниеге келді.

Осы Жал­пақ­төбеден өткен сайын ұзын жолдың Талас өзеніне қарай бұрылатын иініндегі тамға көзім түседі. Атақты «Қара кемпір» за­рының авторы Жақаңның, Жақсылық Сәтібековтің «Біздің Шәкең Дунгановкадан қатырып үй со­ғып жатыр...» дейтін үйі осы. Бітіре алмай кеткесін, біреу сатып алыпты. Осыдан біраз жыл бұрын сол үйді Шәкеңнің досы, дүнген азаматы Илья Гашизов екеуміз барып сыртынан көрдік. Сонда... Шәкеңнің өзін көргендей сүйсініп ұзақ қарап тұрдық үйге. – Бір жолы кешкілік үйіне барсам, гараждың қасындағы тапшанның үстіндегі масахананың ішінде Шәкең жатыр. Қазанның қара суығы білініп қалған кез. Оның үстіне қазақтар ырымдап «кешкі беймезгіл уақытта ұйықтамайды» дейді ғой. Көңілім бірдеңеден секем ап, тіпті, шошып кеттім десем де болады, «Шәке, тұрыңыз, неғып жатсыз бейуақта?» десем, «жә, әшейін жатырмын» дейді. Сөйтсем, ауырып қапты. Өңі сынық. Дереу інім Османды шақырып ­алдым. Бірақ кешке салым Шәкеңнің ауруының беті күшейіп, інім мен Әуез деген досы екеуі ұлы сазгерді ауруханаға алып баруларына тура келді. Сөйтсек, мына сорақылықты қараңыз, дәрігерлер Шәкеңді ары-бері қараған бопты да: «орын жоқ, үйіне алып кетіңдер» депті. Мен дереу ініме Шәкеңнің досы Тұйғынбектің телефон нөмірін беріп, дәрігерлердің Шәкеңнің ­жанына араша түсуін ­айтуын өтініңдер деп ақыл-кеңес бердім. Міне, ­осыдан кейін Тұйғынбек Темірбеков дәрігерлермен сөйлесіп, Шәкеңді әуелі коридорға, одан кейін палатаға «көшірді» деген композитордың дүнген досы Илья көзіне жас алып. – Ілеке, – деймін менің де көңілім босап, – Шәкеңнің туған інісіндей боп кетіпсіз. Анаңыз да Шәкеңді туған баласындай көріп, «өмір-бақи тату боп жүріңдер, айналайындар» деп батасын беріпті. Шәкең ағаңыздың мінезі қандай еді? Қандай қасиеттері есіңізде қалды? – Е, несін сұрайсың. «Қолда ­барда алтынның қадірі жоқ» ­деген рас екен. Қадірін білмедік қой. Шәкең жарықтық, «Илья, сенің үйіңе мені іздеп әлі талай адам келеді» деуші еді. Осы күні қайран қалам, айтқаны ­айдай ақиқатқа айналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Шәкең туралы білгісі кеп іздеп кеп жатқан адамдар көп. Бәрі «Шәмші қандай еді?» деп сұрайды. «Тұтынған заттары бар ма?» дейді. Тіпті, көзіндей көріп жүреміз деп, «Жигулиінің» ескі темір бөлшектеріне дейін алып кеткендер де болды. Илья аға қатты күрсінді. Шәмші екеуі танысқан кезді есіне алды жыламсырап. Ілекең ол кезде Талдықорған облысындағы Панфилов ауданындағы ішкі әскер қызметінде жұмыста екен, әкесі қаза боп елге кепті. Елге келсе, үйінде Шәмші жүр дейді. Анасы көп бала тапқан алтын құрсақты кеңпейіл кісі, сол балаларының біріндей ғып Шәмшіні де бауырына басқан. – Шәкең қалап кеткен іргетас пен гаражды өзім-ақ сатып ­алсам ба деп ойлағам о баста. Бірақ ақшам болмады. Өйткені бұл үй мен үшін өте ыстық. Оның үстіне Шәкең үйінің іргетасын қалауға, гаражын салуға Осман деген інім өте көп көмектесті. Әлі есімде, бірде Шәкең маған үйінің іргетасының күнбатыс жағын көрсетіп, «мына жерде арақ бар» деді. Сөйтсем, өзіне көмектесіп жүрген Әуез деген жігітке екі бөтелке арақ алдырып, «мен арақпен қоштастым» деп өз қолымен жазып, әлгі арақтарды іргетастың астына өз қолымен терең ғып көміп ­тастапты. Әзілқой еді ғой жарықтық, «арақпен біржола қоштасып, жерлеп ­тастадым» деп күлетін.

Сосын іргетастың басқа бір шетін нұсқап, «мына жерде менің суретім ­салынып, аты-жөнім жазылған мәрмәр тақтайша көмулі жатыр» деді. Оны да Шәкеңнің жанкүйерлері жасатып ­берген сияқты. «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген. Бір замандарда жердің бетіне шығып, тауып алған адамдар болса «е, кезінде дүниеден осындай азамат өткен екен ғой десін» деп қояды тағы да қалжыңға бұрып. Міне, қазір солар мына үйдің іргетасының астында жатыр... Илья ағаның жүзіне қарасам, сазгер қолы­ның таңбасы қалған үйді қимаған­дай көңілі қатты құлазып тұр екен. Суыртпақтап сыр тарта берсең, ­«инсульттен кейін память онша емес» деп, орысша-қазақша араластырып сөйлеп қоятын Илья ағаның да біразға жететін әңгімесі бар. – Есімде қалғаны – Шәкең жастықты қолтығына қысып, көрпешенің үстіне жамбастап жатып ап, қызылдап демдеген шайды шым-шым ыстық күйінде ішкенді өте жақсы көретін. Одан кейін... темекіні өте көп шегетін. Кейін «қойды» деп ­жазып жүр ғой. Ал мен көрген ­кезде... бір әңгіме үстінде бірнеше темекіні түтінін бұрқыратып шегіп тастайтын. Былайша айтқанда, аузынан сигарет түспейтін. О кездегі моды «Прима» деген сигарет ­болатын. Егер «Прима» жоқ болса, «Қазақстан» сигаретін шегетін. Кейде «Шәке, осы темекімен де қоштассаңызшы» дейтінмін. – Ілеке, сөзіңізге қарасам Шәкең туған ағаңыздай боп кеткен сияқты... – Туған ағамнан да артық боп кетті. 1981 жылы әкем қаза болып, елге келдім дедім ғой. Сонда әкемді жерлеп, жетісін беріп апта бойы жүргенде Шәкең де бізбен бірге болды. Сонда анам өзімнен үлкен ағайым бар, одан кейін тағы екі інім бар, Шәкең бар, бәрімізге жерге қаз-қатар төсек сап беретін. Үлкен ағайым мен Шәкеңнің жастары қарайлас. Бірақ анам бізге «Шәмші бәріңнің ағаларың ­болады» дейтін. Шәкең үй саламын ­дегенде, Осман деген інімді қасына қосып берді. Шәкеңнің үйінің жанынан ол да үй салды. Осман екі үйдің құрылысын қатар жүргізді десе де болады. Бірақ, өкінішке қарай, Осман жастай қайтыс боп кетті. Осман мен Исмайл деген екі інім Рәзия мен Әсия Шаняевалар деген апалы-сіңлілі қыздарға қатар үйленіп, қатар той өткізгенде Шәкең той төрінде отырды. Ұлы композиторды ортаға алып түскен суретіміз де бар. – Ағаңыздай боп кеткен екен, «көке, жалғыздық құдайға ғана жарасқан, өзіңіз ән арнаған дүнген қыздарының біріне үйленіп алмайсыз ба?» деп айтқан жоқсыздар ма? – Жоқ. – Илья күліп жіберді. – Біз ардақты ағамызға ондай сөзді айта алмайтынбыз. Бәріміз де «ренжітіп алмайық» деп, Шәкеңнің қас-қабағына қарайтынбыз. Бірақ бірде үлкен ағайым ретінде еркелей сөйлеп: «Шәке, Алматыдағы жеңгей мен ­бауырларымызды әкеп таныстырмайсыз ба?» деудің қисынын таптым. Шәкең «мақұл» деді. Мен мұны «Шәкең балаларын әкелем деп айтты» деп шешеме қуана жеткіздім. Анашым «Жақсылап күтіп алайық онда» деп дайындалды. Бір күні жеңгеміз Жәмилә мен екі ұлын ертіп келді. Олар біздің үйде екі-үш күн қонақ болып қайтты. Шәкеңнің тағы бір қасиеті – ­шахматты жақсы ойнайтын. Бір жолы үйге дүкеннен шахмат тақтасын сатып алып келді де, «Илья, мен дүнген балаларының карта ойынына әуес боп бара жатқанын байқап жүрмін, ол жақсы өнер емес, келіңдер, одан да мен сендерге шахмат үйретейін» деді. Шәкеңнің арқасында ­содан ­бастап ауыл жастары шахмат ойнауға әуес боп алды. Кейін Шәкең сол шахматын «көзіңдей көріп жүр» деп біздің үйге ­тастап кетті. Шәкең, шіркін, өте ақкөңіл азамат еді ғой, менің ­анамды туған анасындай жақсы көрді. Бір жолы анамның көк пальтосын Шымкент қаласына алып кетті де, соған елтірі жаға тіккізіп алып келді. Анам Шәкеңнің перзенттік ілтипатына қатты риза боп, сол пальтоны мұндаға дейін киіп жүрді. Жалпақтөбе аулының іргесіндегі Солнечный кентіндегі №34 ­мектепке Шәмшінің есімін беруді жалықпай сұрап жүрген тағы бір жақсы адам бар. Ол – Сара Манкизқызы Даузова деген дүнген қызы. Солнечныйдағы ұлттар мен ұлыстардың бір топ өкілдері қол қойып, қолдаған өтініш пен қажетті құжаттардың бәрін ол Тараз қаласының әкімдігіне ­осыдан он шақты жыл бұрын тапсырыпты. «Шәмші аға кезінде біздің үйдің де қонағы болған. Отбасыма ­батасын берген» дейді ол да Шәкеңді өте бір жылы сезіммен еске алып. Осының бәрі бүгін еске түсіп отыр. Бақсам, бәрі ортаға байланысты екен. Жалпақтөбенің дүнгендері жергілікті тұрғындардың тілін де, салт-дәстүрін де біледі. Қазақ-дүнген боп қыз алысып, қыз беріскен құда-жегжаттықтары да бар.

P.S.

Менің ойымша, кез келген халықты сыйлап, құрметтеу үшін олардың тілін, ділін, тарихын, салт-дәстүрін, әдебиетін, өнерін жақсы білу керек. Білмесе, үйрету, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Жалпақтөбеде жақсы дәстүр бар. Бұл сөзіміздің дәлелі – дүнгендер тұратын Дунгановкаға оның тарихи атауының қайтарылуы, ал ауылдың ортасынан Шәмші Қалдаяқовтың атына көше берілуі, онымен қоймай осы ауылға іргелес Солнечныйдағы ­мектепке атақты композитордың атын сұрау, дүнгендердің қарияларына баласындай, жастарына ағасындай боп кеткен Шәмші өмірінен анық көрініп тұр.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы Жамбыл облысы

708 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Жұртымның тыныштығы қымбат
Келесі мақала ЖУРНАЛИСТ ЖОЛЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор