• Тарих
  • 27 Ақпан, 2020

ҚОЖЕКЕ КҮЙШІ

Қазақ мәдениетінің бір саласы күйшілік өнер туралы сөз қозғағанда, бүгінгі Қазақстан аумағымен шектеліп қалмауымыз керек. Өйткені қазақ жүрген жол ұзын, мекендеген жері кең. Сол кең даланың бір шеті, Жетісудың бір бөлшегі, бабадан қалған байтақ даламыз Ілені 1882 жылдан бері арадағы шекара бөліп тұр демесек, одан бұрында қазаққа құтты мекен болған еді. Осы мекенде қос қанатын күймен сермеген Қожеке күйші Назарұлының жарты өмірі өтті. Қожеке Назарұлы 1827 жылы Қазақстанның Қарқара жайлауында өмірге келген. 1885 жылы Қытайдың Сүйдін түрмесінде қайтыс болған. Сүйегі Қорғас ауданына қарасты Сүйдіннің маңындағы Жанбұлақ деген жерге жерленген. Ататегі – Үйсіннің Албан тайпасы, Құрман руынан. Қожеке – Жетісу жерінде патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы жасалған ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі. Ел басқарған басшы, қол бастаған батыр, он саусағынан өнер тамған дәулескер күйші, сазгер, Жетісу күй мектебін қалыптастырушы көрнекті тұлғалардың бірі. Бүтін бір дәуірдің басында тұрған тағдырлы тұлға. Алайда Қожеке күйлері толық зерттелмеген, нақты саны жоқ. Ел аузында жүзден аса күйі бар деп айтылғанымен, 30-дан астам ғана күйі нотаға түскен, қалған күйлері халық ішінде сақталып келеді. Қожекенің «Бозжігіт», ­«Раушан», «Қамбархан», «Бөлтірік», «Жиренше», «Жиреншенің Қарашашты жоқтауы», «Қолға алынар алдында», «Кертолғау», «Түрмедегі қинау», «Қинау», «Шалқайма», «Ағарсынның ақ толқыны», «Аққу», «Сарбарпы бұлбұл», «Сайрамкөл», «Арман», «Күй бастар», «Қос келіншек», «Күй шақыртқы», «Тарту», «Арман», «Қоштасу», «Құл пенде», «Тас көмірдің шоғы», «Ойбай жаным», «Рабат төре», т.б. күйлері кеңінен танымал. Қожеке күйлері әсем ырғақпен, сұлу сазымен, кейде жігерлі екпінімен борандатып, самал желдей бауырлап ала жөнеледі. Қожекенің өмірі алмағайып күрделі заманда өтті. Қатал тағдырдың қатаң талқысына күймен жауап берді. Қожекенің күйшілік өнерін Рақыш, Шаңия қатарлы ұрпақтары жалғастырған. Қожекенің қызы Қаныкей (Көкшегір) Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесіндегі кейіпкер Серікбайдың жары. Заңғар жазушының қаламымен ақылды да ардақты ана ретінде әр қырынан суреттелген. Жер жаннаты Жетісуға XIX ғасырдың ­ортасынан бастап патшалық Ресейдің отарлық озбырлығы күшейе түсті. Саурық, Тазабек, Қожеке, Жетен қатарлы батырлар отарлаушы күшке қарсы қарулы күрестер жасады. Көзге түскен Қожекені отарлаушы күш сыйғызбады. Еркіндік пен бостандықты аңсаған Қожеке ежелгі мекен Ілеге баруды көздейді, 1857 жылы Қарқарадан 25 түтінді бастап, бірден Ілеге өтпей, шығыс солтүстікті бетке алып, Бұраталаға қарай көшеді. Алғашқы көш туралы ел аузында «25 үй Қожеке, 6 үй Ауылай» еді деп айтылады. Мұндағы 6 үй Ауылай дегеніміз Айттың Қалыбек тармағынан тарайтын Ауылай руының 6 түтіні екенін көнекөз қарттарымыз жеткізіп отыр. Қожекенің бірден Ілеге өтпей, Бұратала баурайына баруының басты себебі, біріншіден, Ақ патша әскерінен із жасыру үшін болатын. Екіншіден, ол тұста Іленің далалы өлкесін торғауыт, чахар қалмақтары бақылап тұрған еді. 1860 жылдардан бастап Саурық, Жетен, Тазабек қатарлы батырлар Іледегі қалмақтарды тазарту жорықтарын бастады. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов 1864 жылы 27 желтоқсанда жазған бір дерегінде: «Албандар Текес өңірінде көшіп жүрген қалмақтарды мүлдем құртып жіберіпті...» деп мәлімет қалдырған. Саурық, Тазабекпен бірге тізе қосқан Қожеке ауылын бастап, алдымен Нылқыға, одан соң Тоғызтарау өңіріне келіп орнығады. Қожеке туралы жазбаша дерек 1862 жылы хатқа түскен. 1862 жылы Іледегі Чиың (Цинь) патшалығының билігін сырттай мойындап, қол қойған адамдардың тізімінде ақалақшы (болыс) ретінде аты аталады. Ол деректе былай делінген: 1862 жылы Айт, Бозым, Алжан, Сегізсары рулары атынан Саурық Түменбайұлы бастап 12 адам қол қойып, бармағын басады. Араларында 5 ақалақшы бар. Олардың хатталған аты төмендегідей: ­Назар­дыңұлы Қожақ (Қожеке – авт.) ақалақшы, ақалақшы Қабанбайдыңұлы, Жәнібектіңұлы ­Жанат, ақалақшы Түстікбайдыңұлы және Смайыл ақалақшы. Оларға ақалақшылық (болыстық) мансап Чиың (Цинь) патшалығы жағынан берілген. Қатысқан 5 ақалақшының (болыс) арасынан Назардыңұлы Қожақ (Қожеке), Жәнібектіңұлы Жанат, Смайыл қатарлы үш ақалақшы өз аттарынан қол қойған. Ал ақалақшы Қабанбайдыңұлы, ақалақшы Түстікбайдыңұлы қатарлы екі ақалақшы өз аттарынан емес, әкесінің (әкелері Қабанбай, Түстікбай) атынан қол қойған. Демек, 1862 жылы Іледегі Албан тайпасы 5 болыс (ақалақшы) ел болғанын байқауға болады. Бұл мезгілде Қожекенің ауылы Тоғызтараудың Жырғалаң, Ағарсын деген жерінде отырған. Қожекенің «Ағарсынның ақ толқыны» деген күйі бар. Іле өңіріндегі жер-су аттарының біразы Қежеке, Саурық заманында қойылды. ­Мысалы, Күнестегі Үшкептер, Қарабура, Аралтөбе, ­Жауыр, Түрген, Ауыз, Аққолтық, Тоғызтараудағы Қабанбай шоқысы, Ағарсын қатарлы жерлер бар. Іледегі «Қабанбай шоқысы» Айт Қалыбек батырдың шөбересі Қабанбай Садыұлының ­атымен қойылған. Садыұлы Қабанбай мөлшермен 1770-1850 жылдары аралығында жасаған. Сүйегі Ілеге жерленген. Ол 1830 жылдары Чиың патшалығынан Үйсін тауын бойлай Іленің Тоғызтарау, ­Шапшал өңірлерінен жайылымдық жер алып, біраз ауылды сонда көшірген. Шоқан Уәлиханов бір дерегінде: «Албандар қыста Үйгентастан Құлжаға дейін мал жаяды. Мал жайғаны үшін қытайларға жылына 60 ат төлейді» деп жазады. Қабанбай Іле өңіріндегі қазақтарға болыс болған. Іленің Тоғызтарау, ­Текес, ­Шапшал өңірлерінде тұрған, Тоғызтараудағы қазіргі Қабанбай шоқысы деп аталатын жер жайлауы болған. Қыста Үйсін таудан Текеске қарай мал асырып, Аттың тауын, Ешкілік тауын қыстаған. Қожекенің ауылы 1865 жылы Тоғызтараудан Текеске асып, Кішіқұштайға барып қоныстанады. Бұл мезгілде Чиың патшалығының үстемдігіне тараншы, дүнгендер қарулы қарсылық көрсетіп, оларды қазақтар қолдап, Іленің саяси жағдайы шиеленісіп тұрған еді. 1866 жылы Іледегі Чиың патшалығының билігі жойылып, орнына Іле сұлтандығы құрылады. Қазақтар қалмақтарды ығыстырып, далалы аймақтарды иеленеді. Бірақ 1871 жылы Тазабек батырмен Құлжа маңында соғысқан Колпаковский Ілені патшалық Ресейге қосып, 1881 жылға дейін басқарады. 1881 жылы Чиың патшалығы мен патшалық Ресей ­арасында «Петербург» келісімі жасалып, Іле біржолата Чиың патшалығына қарасты болады. Ел ішінде мерейі үстем болған Қожеке Чиың патшалығының ұлықтарына ұнамағаны анық. Себебі Саурық, Тазабек, Жетен батырлар бастаған ұлт-азаттық көтерілістердің ішінде болды. Ілені қалмақтардан тазарту жорықтарында Саурықпен бірге тізе қосты. 1864-1866 жылдары Чиың патшалығына қарсы тараншы, дүнген көтерілісіне қолдау көрсетті. Шалтабаймен бірге халықтың мұң-зарын ән-күймен жырлап, ұлттық рухты оятты. Осының бәрін жиып келгенде, Ақ патшамен айқасқан азулы Қожеке кез келген уақытта артынан бірнеше мың адамды ерте алатын күрескер екенін Чиың патшалығы жақсы білді, үрейленді. Тездетіп көзін құртудың қамына кірісті. 1884 жылы Чиың патшалығы жалған жаламен Қожекені қолға алады. Бір жылдай Сүйдін түрмесіне қамап, 1885 жылы Жетісу күйшілік мектебінің бастауында тұрған, Ресейдің отарлау саясатына бас имей ымырасыз күреске шыққан қаһарман тұлғаны тас көмірдің қып-қызыл шоғына тірідей қарып, азаптап өлтіреді. Қожеке XIX ғасырда қазақтың әлеуметтік өмірін, күрескерлік жігерін күймен білдіріп, күй өнерін биік белестерге көтеріп, артына өшпес мұра қалдырды. Қожекенің күмбірлеген күйлері халықтың рухани азығына айналып, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келеді.

Ертай ЖОМАРТ

2857 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы