• Әдебиет
  • 19 Наурыз, 2020

АНА ТІЛІМ

Серікбай Оспанұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

«Ана тілі» газетінің 30 жылдық мерейтойына

Ардақтым, Ең асылым – Ана тілім, Алға ұмтыл, Шық асқарға, Алма тыным! Әлемде сен болмасаң, Қаратау мен Аласа Алатауы Алматының!

Тянь-Шань, Аласарып Гималай да, Төмендер төбемізде тұрған Ай да! Әлемде сен болмасаң, бәрі қараң, Қазаққа нұрын төгіп Күн қарай ма?!

Қалғансың қырғындарда сақтап жерді, Айдынды толқын атып жатқан көлді. Өзіңсіз алты Алаш та жат боп бізге, Алыстар ағайыннан Ақтамберді.

Көк Туым желбіреген құламай ма, Аһ ұрып атамекен жыламай ма! Доспамбет, Шалкиіз бен Шал, Асан, Бұқар, Қалмай ма аласарып ұлы Абай да!

Әлемнің ұқтырған сен қыры-сырын, Бақыты, Бастауысың ырысымның. Жыры өшіп, Сен болмасаң Махамбеттің Қайрылар өткір жүзі қылышының!

Өзіңсің бар қазақты ақын еткен, Бесігін, Босағасын алтын еткен! Сенімді сен болмасаң, қасиеттім, Өнеге алмайды ешкім Ахметтен?!

Жете алмай мұратына мұрагерің, Өзіңсіз өрт жайлайды жыр әлемін! Ана тіл, сен болмасаң жүйрік қайда, Кім оқыр Ілиястың «Құлагерін»?!

Биікке сен болмасаң самғаймыз ба, Мирасын ата-баба жалғаймыз ба?! Жайқалмай өркеніміз өскен бүгін, Айта алмай халықпыз деп қалмаймыз ба!

Ана тіл! Ұмтыл алға! Тара әлемге! Қай ұлың төмендесең, салар әнге; Өспесе жалыныңа суарылып, Қанбаса қасиетті қара өлеңге?!

Ең сұлу, Ең еңселі, Ең шырынды, Салт-дәстүр, Мақал-мәтел – Сенсің үлгі! Көтеріп үйіміздің шаңырағын, Тербеттің тебіреніп бесігімді!

Мінбеді таяқ ұстап арқаңа кім, Жеңдің сен! Тағдырыңа таңғаламын. Жалғаған бабамыздың бар байлығын Бүгінгі ақылы сен Ата-ананың!

Тәуелсіз ел болдық та, Жанды бағың! Түрленіп, Айдан анық жаңғырарың! Аспандап асқаралы Туым көкке, Өзіңсіз айтылар ма Әнұраным!

Жанымды қосып сол ән шырқағаным, Бұл күнде әр аттаған нұр-қадамың! «Ана тіл» – сен Отанның оқулығы, Сүйікті, Арман еткен үнпарағым!

Аңсаған азаттықты арман тілі, Әлихан, Міржақып пен Мағжан тілі. Келесің қанатыңды еркін керіп, Бақытың құтты болсын жанған күні. Құны жоқ сен болмасаң алтынның да, Тұңғиық батары анық халқым мұңға. Шуақты, Қуатты да ойдың – ұлы, Жүректің, Қанатысың ақылдың да!

Қашанда мекендедің өнер шыңын, Өзіңсің бірегейі көп елшінің! Әлемнің тірегіне айналып сен, Бар елдің ұш көгінде, Көгершінім!

820 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы