• Әдебиет
  • 19 Наурыз, 2020

«АНА ТІЛІНЕ» ТЕҢ КЕЛЕТІН БАСЫЛЫМ ЖОҚ

Мереке ҚҰЛКЕНОВ, «Ана тілі» газетінің 1997–2006 жылдардағы Бас редакторы

«Тіл туралы» заң қабылда­ғаннан кейін бір жылдан соң Республикалық жаңа басылым – «Ана тілі» апталығы шыға ­бастады. Бұл сол кезде еліміздегі ең ірі әрі ең қуанышты оқиға болды. Несін айтасың, халқымыз Ана тіліне шын мәнінде қайтып оралып, ет жүрегі елжірей қауышып жатқан мерейлі кезең еді. Республикалық «Ана тілі» газеті жылдар бойы өз елінде табалдырықтан аттай алмай, сыртта қалған Ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, ­абыройын асқақтатуға бар мүмкіндігі мен күш-жігерін жұмсап келеді. Сол тоқсаныншы жылдар шын мәнінде рухани ­жаң­ғыру, қайта өрлеу ­жылдары болды. Елімізде қазақша балабақшалар, мектеп көптеп ашылып, тіпті ­Алматы сияқты ірі қалаларда қазақша мектептерге бала ­сыймай қалды. Ал ­академиктен ­бастап, қарапайым жұмысшыға дейін Ана тілімізді тез ­дамытып, бүкіл ел болып сөйлейтін ортақ мемлекеттік тілге айналдыруға жұмыла кірісті. Осы игі шараға кіріскен халқымыздың бас трибунасы «Ана тілі» газеті еді. «Ана тілі» газеті Тіл мәселесімен қатар, тарихымызға, мәдениетімізге салт-дәстүрімізге мүлдем ­жаңа көзқарас, соны зерттеу керек екенін де күні бүгінге дейін айтудай-ақ айтып келеді. Нәтижесі, Аллаға шүкір, көз ­алдымызда. «Ана тілі» басқа ұлттық ­басылымдардан батылдығымен, өткірлігімен әрі тереңдігімен де ерекшеленеді. Әсіресе, ком­мунистік партияның тәр­биесімен Ана тілін әбден ұмытуға айналған шенеуніктерді сынап, тәубесіне келтіру ба­рысындағы еңбегі мақтауға тұрарлық. Ал іс қағаздарын қазақшаландыру барысында, халыққа қызмет ету орындарын қазақша сөйлету мәселелерін көтеруде «Ана тіліне» тең келетін басылым жоқ. Сондықтан да тілін, тарихын, мәдениетін қадірлей­тін әрбір қазақ «Ана тілін» аса құрметтейді, қадір тұтады, осындай әрбір сөзінен қазақ иісі аңқып тұратын газеті бар екеніне қашанда мақтанып, шуақтанып жүрер.

498 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы