• Әдебиет
  • 19 Наурыз, 2020

«МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАННЫҢ» АЛҒЫ ШЕБІНДЕ

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің деканы, «Ана тілі» ұлт апталығының 1992-1997 жылдардағы Елтану бөлімінің редакторы

Ғасырлар бойы отарлау саясатының құрсауында келген қазақ халқының ұлттық рухы 1986 жылғы Желтоқсанда дүниені дүр сілкіндірген. Осы сілкініс әр қазақтың санасына зор серпіліс берді, өткеніне, кейінгі болмысына жаңаша көзқараспен баға беруге бет бұрғызды. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қан тамырларындағы өзінің ұлтына тән қасиеттерді іздей бастады. 1990 жылы дәл осы жалпыұлттық ұмтылыстардың қажеттілігін қанағаттандырар «Ана тілі» ұлт апталығы жаңа келген наурызбен бірге қара түнекті түріп тастаған күннің сәулесіндей жарқ ете қалғанда қоғамда қайта жаңғыру шуағы жамырады. Қыстың құрсауынан босанған алып бәйтеректің әр бұтасы көктем келе сала бүр жара бастағанындай, ұлтымыздың тарихына, дәстүріне, ­салтына, әдеті мен әдебіне, тілі мен діліне қатысты тұншығып келген ұғымдар мен түсініктер, көзқарастар мен ой-пікірлер де «Ана тілінің» әр бетінде шешек атты. Сол кездегі астанамыз – ­Алматыда апта сайын жұма күні «Ана тілін» алуға газет-журнал дүңгіршектеріне таң атпай ­кезекке тұратындар саны көбейді. Бүкіл республика бойынша әр мектеп «Ана тілі» апталығын халықтық педагогика пәніне оқу құралы ретінде ­пайдалану үшін әр санын тігіндіге қосып, кітап секілді түптеп алатын болды. Ауыл ­азаматтары да қиыншылыққа қарамастан жекелей де, бірігіп те жаппай жазыла бастады.

Газеттің аз уақыт ішінде осынша ­мәш­һүр болып, жалпыұлттық басылымға ­ай­налуының бірнеше себебі бар деп ­ойлаймын. Оның алғашқысы – қоғамда ұлттық сананың жаппай оянуы; екіншіден, сол санадағы рухани ұмтылыстардың қажеттілігін өтеу ісінің күн тәртібінде бірінші тұрғандығы; үшіншіден, сол қажеттіліктерді дәл тауып, қанағаттандыратындай жарияланымдарды дер кезінде ұтымды да өтімді етіп ұсынып отырған редакция ұжымының кәсіби білігі мен құзыреттілігінің жоғары деңгейде болуы; төртіншіден, редакция құрамындағы әр маманның азаматтық-патриоттық сезімінің қуаттылығы, ұлттық санасының биіктігі дер едім. Осындай серпінмен Алты Алашқа әйгілі болған газетке мен мықтымын деген қаламы жүйрік журналистердің өзі қызметкер болуға жүрексінетін, көлденең көк атты автор болуға именетін. Өйткені бұл газеттің болмысында жалпы ұлтқа тән рух жоғары болатын. Сол жоғары рухқа жан дүниеңнің ішкі дайындығы сәйкес келмесе, жылдар бойы жинаған кәсіби машығың есік сығалап қалатын. Мен де осы газетке қызығатынмын. Осы газет көтеріп жатқан мәселелерді өзім еңбек етіп жүрген облыстық «Жетісу» газетінде де көтеруге талпынатынмын. Сол талпыныстардың нәтижесі болар, нөмір ­сайын «Ана тіліне» еліктеген затындар (материалдар) жарияланатын. Күндердің бір күнінде Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайынан жазған оқиғатым (репортаж) бір бетке «Дүниені дүр сілкіндірген бір күн» деген атпен жарық көрген-ді. Дүниені жалғыз өзім сілкіндіргендей көңіл күйде жүргеніме бір күн толмай жатып жұмыс телефоным шыр ете қалды. Көтердім. Ар жағынан қоңыр, салмақты үн: – Бұл – «Ана тілі» ұлт апталығының Бас сарашысы (редакторы) Жарылқап ­Бейсенбай ағаң ғой, – дейді. Қапелімде не айтарымды білмей қалдым. Ежелден таныс адамына сөйлеп тұрғандай өзімсінген дауыс. Өз басым ол кісіні бұрын «Лениншіл жас» газетінің беттерінен білгенмін. Әсіресе, сонда жариаланған Шоқан іздерімен жүріп өткен жолсапар уақиғаттарын (очерктерін) қызыға оқығанмын. Сол сүйсінген әсермен ол кісіні алыптар қатарына қосып алғанмын. «Ана тілі» апталығының мынадай деңгейде жарық көріп жатуының бір сыры оның басында осы алыптың отырғандығында, сондықтан бұрын бетпе-бет жүздеспеген соң телефон арқылы сөйлеспек түгілі, алдына баруға именіп жүргенімде алыптың өзі телефон соғып тұр: – Сен бізге келсеңші... Жұмысқа орналасуға ма, әлде жолығып кетуге ме, ара жігін ажырата алмай қалдым.Сөзді өзі жалғады: – Сендей жас журналистер «Ана тіліне» қызмет етуі керек... – Мен «Жетісуда» қызмет етіп жатырмын ғой,.. – дедім күмілжіп. Ойлануыма бір күн берді. Ойланумен екі күн өтті. Жақаң тағы телефон соқты: – Сағатбек, не, «Жетісуыңды» қимай жүрсің бе? – деді төтесінен. Бұрынғыдай жұмсақ емес, дүңк ете қалғандай болды қоңыр үн. Сасқалақтап, өзімнің Бас редакторым Баймолда Мусин ағаға не айтарымды білмей жүргенімді, жұмысқа алғанына үш-ақ ай болғандығын, «әй-шәй» жоқ, кетіп қалғаным адамдыққа жатпай қала ма деп қысылатынымды айтып ем: – «Жетісу» облыс ауқымына, ал «Ана тілі» бүкіл республикаға тарайды. Тағы да ойлан, – деп тұтқаны қоя салды. ­Ойланып отыр ем, «Мирас» деген ұлттық-этнографиялық бағыттағы айдарымызды жүргізуді қолға алған ұстазым Дәркембай Шоқпарұлы кіріп келді. Жарылқап Бейсенбай деген кісінің телефон соққанын айтып ем, ойланбастан: – Енді неғып отырсың? Тұр! Жүр! Кеттік! – деп, мәшинесіне мінгізіп алып, бірден «Ана тілі» апталығының қазіргі Достық пен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы редакциясына апарды. Бас сарашының кабинетіне есігін айқара ашып кіріп барды да амандықтан соң, бірден: – «Жетісу» Сағатбекті жарылқап па, Алып келдім «Ана тіліне», Жарылқапқа,.. – деп тақпақтап алды да: – Орысша айтқанда: «он находиться не на своей тарелке» («өзінің мүмкіндігіне татитын орында жүрген жоқ» дегені деп түсіндім), – деді. Сөйтіп, мен «Ана тілі» ұлт апталығының Елтану бөлімінің редакторы болып қабыл­дандым. Шыны керек, газеттің бағытына бірден ене алмай бір айдай қиналдым. Мұнда бет көбейту үшін көпірме көбік сөз керек емес; «мақтасам» деген ниетпен жазудың қажеті жоқ; дәлелсіз, дәйексіз, айғақсыз сөйлемнің бәрі бірден сызылып тасталады; ұлттың тіліне, тағдырына, тарихына, дәстүріне, салтына, әдетіне, әдебіне, руханиатына қатысты ­айтылмаса, көлденең тақырыптар аса бір мемле­кеттік я ұлттық мәні мен маңызы болмаса, қабылданбайды; жеке адамдарға қатысты мерейтойлық дәріптемелер жариалан­байды; күнделікті сайасат саласында ­болып жатқан оқиғалардың ұлтқа тійістісі ғана қысқартылып беріледі; бірінші бетке билікті жақтаған немесе мақтаған затындар берілмейді; мақала төлиесінің (авторының) атағына, қызыметіне, жасына қарау жоқ; неғұрлым қысқа да нұсқа жазу керек; егер әр сөйлемнің астарында ұлтқа қатысты айтылар ой болса, жазғаныңның көлеміне шек қойылмайды; сырттан келген хат қорытылғанда «төлиенің сөз саптауы, сөйлем құрауы сол күйінде сақталуы тійіс, халықтың газеті халықтың өз тілінде сөйлеуі керек» деген қағида орныққан; ең бастысы – газет бетіндегі әр жариаланымның тақырыбы мен ындыны ұлтқа қатыссыз болмауы керек; ұлтқа қатысты ойы озық, пікірі өткір болса ғана жалғыз өлең жариалануы мүмкін; әдеби көркем шығармалар мүлдем қабылданбайды; заңға сүйене айтылған ­тосын ой, қайшы пікірлерге жол ашық; билік адамдарының өздерін емес, солардың істеген ісін шыншылдықпен сынауға еркіндік бар; ұлттық руханиатқа қатысты жарық көрген кітапқа жазылған сараптамалар қабылданбайды, тек кітаптың мұқабасы және оның аңдатпасы ғана қысқартылып беріледі; апталықтың әр бетінің безенінен (дизайнынан) ұлттық сипат аңғарылып тұруы қажет; жазған-сызғаныңызда алдымен танымдық мән, тағылымдық мағына болуы шарт; кез келген жариаланымның аты кеңестік кезеңдегі аудандық, облыс­тық немесе республикалық ресми ба­сылымдардағыдай қасаң, таптау­рын тір­кестерден құралмағаны дұрыс; әр нөмірден ең басты тақырып – тіл мәселесі түспеуі керек! Осы бұлжымас талаптарды орындауды кәсіби машыққа айналдыруға әжептәуір ізденіс пен ыждағат, табандылық пен ықылас керек болды. Сол жылдардағы газет бетіндегі айдарлар да не туралы жазу керек екенін өзі-ақ айтып тұратын. «Қайнайды қаның, ­ашиды жаның», «Халқын сүйген – салтын да сүйеді», «Көзіңнің қарашығындай», «Сөз төркіні», «Төрт құбыламызды түгендейік», «Білгенге маржан», «Толғауы тоқсан туған тіл», «Ақылдасайық, ағайын!», «Жазылған жайдың жалғасы», «Жердің тілі – елдің тілі», «Түрк дарабоздары», «Тәржімелік тәжірибелер», «Айтылмаса, сөз өледі», «Серке сөз», «Басқа басылымдардан», «Сөзқамшы», «Ойтамызық», «Апталық қоржынынан» секілді айдарларға белгілі тұлғалар ғана емес, ел ішіндегі көзіқарақты, көкірегі ояу жандар өздері де тұрақты түрде жазып тұруды әдетке айналдырған еді. Заманның ауанына, уақыттың сұранысына, ұрпақ қажеттілігіне орай қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі басшы да, қосшы да назар аударуы қажет өзекті мәселелерді; ұлт тарихына, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, тіліне, дініне, діліне қатысты бүгінгі күнге де керекті танымдық-тағылымдық тақырыптарды; саясаттағы, халық тіршілігінің сан саласындағы соқталы проблемеларға қатысты ой-пікірлерді жасқанбай, жалтақтамай батыл айту дәстүрі кейінгі жылдарда да жалғасты. Басшылығы мен редакция құрамындағы мамандар ауысқанымен, пішімі мен безені, бет саны өзгергенімен, әу бастағы ұстанымынан айнымаған газет қазіргі кезде де бұқараның ең сүйікті басылымына айналып отыр. Отыз жылда еліміздің басынан сан ­алуан оқиғалар өтті. Тәуелсіздігімізді баянды ету жолындағы сол күрестерде елдің сөзін сөйлеп, жұрттың жүрегіндегі рухты ­алаулату үшін, әсіресе «тілдің тағдыры –ұлттың тағдыры» деген қағиданы берік ұстап, ана тілінің болашағына алаң жұрттың көкейіндегісін дәл тауып, көңіліндегі сөзді дер кезінде айту үшін орда бұзар жасқа ­келген басылым мылтықсыз майданның үнемі алдыңғы шебінде келеді.

1239 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы