• Әдебиет
  • 19 Наурыз, 2020

ҰЛТ ҰСТЫНЫ

Дихан Қамзабекұлы, ҚР ҰҒА академигі

«Ана тілі» газетінде қызмет істеу – қашанда абыройлы жұмыс деп білемін. Өйткені оның аты мен заты, мақсаты мен міндеті, мәні мен маңызы «газет» деген ұғымға сыймайды. «Ұлт» атауына балама болып кететін де жері бар, оны толықтыратын да сипаты бар. Мені бұл басылымға шақырған яки тартқан көрнекті қаламгер, шоқантанушы Жарылқап Бейсенбайұлы еді. Жақаң – біртоға, асып-саспайтын, әр сөзінде салмақ бар, тасқа басылған әріпке дейін жауапкершілікпен қарайтын, әділдіктен таймайтын, ұлт баспасөзінің көрігінен өткен азамат-тын. Сырттай қатты сыйлап жүретінмін. Студент күнімде «Әдеп әлемі», «Жасын-тағдыр жарқылы» секілді кітаптарын сатып алып, құныға оқығанмын. 1990 жылы наурызда «Ана тілі» газеті жарқ етіп шыға келді. Оны оқымайтын зиялы жоқ. Өз оқырманын бірден тапты. Әр нөмірін асыға күтетінбіз.

Сол жылы мен Ұлттық ғылым ­ака­демиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына қызметке тұрдым. «Ана тілі» газеті мен Әдебиет институты орналасқан Академия ­арасы таяқ тастам жер. 5-7 минутта жетіп барасың. Біздің институттың екі азаматы – Шәмшидин Керім (қазір фольклортанушы және дінтанушы, проректор) мен Сағатбек Медеубекұлы (қазір ҚазҰУ-да журфак деканы, белгілі өнертанушы) осы газетте қосымша істейді екен. Мұның сыртында «Ана тіліне» ізденімпаз журналист Мақсат Тәж-Мұрат, Халық университетінен жиі ұшырастыратын тілші-зерттеушілер Ғарифолла Әнес пен Аманқос Мектеп-тегі, әріптес-дос Амантай Шәріп сынды Алаш тақырыбында шүйіркелесіп қалатын жігіттер де жиналыпты. Мұнда басында ұлт ­зиялыларына қатысты архивтен тапқан деректер және Қ.Кемеңгерұлы туралы мақала әкеліп жүрдім. Олар тоқтаусыз ­жарияланды. Бір күні Жарылқап ағамыз өзіне шақырып: «Бізге келсең қалай болады? Мұнда қадалып отыруың міндет емес. Бір бетке жауапты боласың және өз материалдарыңды бересің. Тағы бір азаматпен жалақыны қылдай бөлісесің, қаламақың да болады» деді. Жақаң біздің көңіл ауанымызды дөп басты. Кеңес өкіметі құлап, алапат қаржылық дағдарыс жүріп жатқан... Айналайын Академияма екі күн міндетті түрде барамын, қалған күндері «Ана тіліме» соғамын. «Сотка» жоқ заман, әп-сәтте екі қызметте де табыласың. «Ана тілінің» мың сан тіршілігін толық сипаттай алмаспын. Бірақ бірер деталь есімде ерекше сақталып қалды. Сарашы. Иә, қазақ тілінің бағын ашамын деп шыққан басылым басшысын – «сарашы», газетті – «үнжария» деген кезі болды. Редактор Жарылқап Бейсенбайұлының басшылық шеберлігі мен азаматтығы ерекше еді. Тапсырманы нақты береді, мәселені сабырмен шешеді. Әр қызметкердің әлеуетін мейлінше толық пайдаланады. Артық әңгіме жоқ. Бес-алты қызметкер бірге отыратын бөлмеге аяңдап басып келіп, әр мақала туралы ойын білдіреді. Газетті шұқшиып оқығанымыз болмаса, журфак бітірмегенбіз. Мақала қорытуды, тақырып қоюды сол ­жерде үйрендік. Ол сәтті шығып жатса, Жақаң көтермелеп қояды. Бұл кісі автор табудың, сол автордан тілші жасаудың ұстасы еді. Ақмолалық ақберен қаламгер Жұматай Сабыржанұлы иісі қазаққа ­солай танылды. Оны айтасыз, бірыңғай жазушылықпен кеткен Марат Қабанбай Жақаңның «тапсырысының» арқасында өткір көсемсөзші болып шықты... Ұжым бірлігі. Әрине, бұл да басшыға байланысты. Бірақ әр азаматтың орны бар. Баяғы салиқалы Сарыбилердің жалғасы, биязы да бірқалыпты Бақыт Сарбалаұлы (редактор орынбасары) жүреді: «Ә, бұл қалай болады екен? Тағы да бір қарайықшы!» деп. Жазушылық атақ-дабысы КСРО асып кеткен ­Марат Қабанбай: «Әкіри!..» деп қойып, әр нөмір сайын жаңа идея айтады. Айрықша ақын болса да тіл ғылымының ұңғыл-шұңғылына енген Байбота Қошым-Ноғай ешкімге ұқсамайтын қарапайым қалыппен бұрқыратып құлаш-құлаш таңдаулы мақала жазып жатады. Төр жақта айнымайтын орны бар Қонысбек Қожамжарұлы үн-түнсіз толайым еңбек атқарады. Аңқылдап жүріп, ұжымды үйлестіретін Ертай Айғалиұлының қолтаңбасы да, қорытындысы да бір бөлек. Ерекеңнің қайталанбас қасиеті – ол жүрген жерде дүние кеңейе кетеді. Әзілі мен суреті қатар өрнектелген Төлеген Ильяш ұжымның берекесін арттыратын. Қыздардан шыққан шебер журналист ­Раушан Төленқызы үлкен-кішіге бірдей ізет жасайтын. Барлық басылымдағыдай «Ана тілінде» де ­«машбюро» болатын. Сондағы қыз-келіншекке жетекші Сегізбайкеліні Ғайша апайдың адамшылығын, шынайы күлкісін ұмыту мүмкін емес. Қоғаммен байланысы. Газеттің ­абыройы күннен-күнге артып, ел көлеміндегі мықты тұлғалар жарияланып тұрды. Ақын-жазушылар жиі келетін. Біз атақты қаламгерлерге барып, сұхбат алатынбыз. Қызығы, газет ұйғарымымен әлгі сұхбаттың көбі олардың «авторлық ма­қа­ласы» болып жарияланып жататын. Академиктердің өз қолымен жазған мақа­лаларын алатынбыз. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының Ә.Қайдари, Р.Бердібай, Ш.Уәлихан, Ө.Айтбайұлы, Н.Уәлиұлы бас­таған ғалымдары келіп тұратын. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері «Ана тілі» материалдарын оқу үдерісіне пайдаланды. Осы басылымның арқасында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының да жалы күдірейіп тұрды. Облыстардан Алматыға келген үлкен-кіші зиялының газетке соқпайтыны некен-саяқ. Аз жылда «Ана тілі» нағыз халықтық басылым, ұлт ұстыны екенін көрсетті. Мұның сыртында аңыз етіп айтатын да, көңіл көтеріп еске алатын да жайттар бар. Мысалы, мемлекеттік рәміздер ­(басында «нышан» деп те аталды) жобасы алғаш осы «Ана тілінде» көп талқыланды. Республиканың түкпір-түкпірінен ­дорба-дорба, қапшық-қапшық хат келетін. Неше түрлі ұсыныстар айтылатын. Бірде Жақаңның тапсырмасымен осыларды тақырып-тақырыпқа жүйелеп, папка-папкаға бөліп Президент әкімшілігіндегі (дәл осылай аталды ма – білмедім) ­жауапты қызметкер, қазіргі ­танымал қаламгер-ғалым, депутат ­Сауытбек Абдрахмановқа тапсырдық. Әлбетте, баланың ойынындай ұсыныстарды газет архивінде қалдырдық. Айтқандайын, жаңылыспасам, парсытекті «рәміз» терминін алғаш қоғамдық айналымға енгізген – Мақсат Тәж-Мұрат. Қазір ғой Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіндегі Абылай хан бастаған хандар мен сұлтандардың зираты туралы түрлі әңгіме айтылады. Әзіз сүйектері жөнінде де қилы алыпқашпа сөз бар. Осының анық-қанығы (тіпті сызбасымен қоса) «Ана тілінде» жарияланғанын тарихшы қауым ұмытып жүргендей. Қазақ тілі рухани жаңғырып, ұлттық пән сөздері (терминология) мен жер-су атауларына кең жол ашылғанда, біздің газет алдына жан салмады. Қаншама сындарлы ұсыныстар жарияланды. Арғы заман мен бергі заманның арасынан шыққан, сөзі түгіл, көзқарасының өзі өнертапқыш Сейілбек Қышқашұлы, Алаш айқындаған шекараны былай қойғанда, бағзы қазақ жерінің бәрін түгендеп-тізіп әкелетін Молдияр Серікбайұлы осында ат басын жиі бұратын. Өнертапқыш дегеннен шығады, сол жылдары бума-бума кестесі, қарабайыр дестесі бар сақалы қауғадай біртүрлі кісілер ұлт газеттері мен ұлттық мазмұны бар академия институттарының арасында жүретін. «Жанармай тілемейтін мәшине ойлап таптым», «Барлық ауруға дауа қазақы трактат қолымда», т.б. дегенді айтатын. Әу баста тәжірибе жоқ, ­соларды ерінбей тыңдайтынбыз. Бір жолы Б.Қошым-Ноғай ма, жоқ Е.Айғалиұлы ма – біреуі айтты: «Бұл кісілер сонау «Білім және еңбек» журналы заманынан осылай жүр...» деп. Айтпақшы, Тіл білімі институтының қызметкері, газет жанашыры Әбдіманап Қаныбекұлы екеуміз әлгі «медициналық трактат» тапқанды екі күн шайға апарып, соңында әрең құтылғанбыз (мұра түгіл, пәле де жоқ)... Сөйтсек, бұл – «жабық қалыптан немесе оның ашыл­ғанынан» туатын психологиялық ахуал екен ғой. Ғылымнан барған бізге газеттің ­ке­зекшілігі, аммиак не азот сасыған гранкаларын (офсеттен кейін осындай да кезең болды) оқу ептеп қиын соқты. Себебі жастай машықтанбағанбыз. Сөйтіп жүргенде, бір қызық оқиға болды. Пленкамен басылатын кез. Нөмірге «Арақ атаңнан қалған ас емес!» деген бір топ зиялылардың ашық хаты шығып бара жатты. Бастамашысы – марқұм Марат Қабанбай. Қол қойғандардың ішінде Шота-Аман Уәлихан, Ақселеу Сейдімбек бастаған мүйізі қарағайдай азаматтар бар. Соңғы рет оқып, қол қойғанымда бәрі орнында сияқты еді... Ертеңіне қарасақ: ашық хат тұр, бірақ қол қойғандар «ұшып кеткен». Таза техникалық себеп. Жақаң қатты ашуланды. Ескертпе жасады. Редактор ренжігені адамға әсер етпей қоймайды. Сол көңіл күймен түсте Академияға келсем, Шота-Аман ағамыз басқаратын көрші «Сәулет және өнер» бөлімі гүжілдеп жатыр. Есікті ашып қалсам, орталарына арақ-шарап қойған, Ақаң тамылжытып тост айтып тұр... Әлгідей ашумен келгенмін. «Шота аға, ренжімеңіз, мыналарыңыз не? Газетке «ішпейік!» деп жазасыздар, бірақ өздеріңіз ішесіздер. Осыны көріп тұрған Құдай ашық хаттарыңыздың соңындағы аттарыңызды қиып тастапты!» деп дүңк еткіздім. Ашық, жайдары Шөкең: «Мынау не деп тұр?» деп таңғалды. Ақаң марқұм: «Ондай-ондай хан қызында да болады. Ештеңе етпейді!» деп күледі. Сөйтсек, Мәкең (М.Қабанбай) «қолдарын» телефонмен алған екен... Менімен Әдебиет институтында бірге істейтін және сол кезде кандидаттығының ыстық-суығы басылмаған ақын Шөмішбай Сариев бір өлеңін редакцияға әкелді. Сірә, Невада-Семейге байланысты. Байекеңде (Б.Қошым-Ноғай) де керемет юмор бар. «Өлеңінің соңына «Ш.Сариев, филология ғылымының кандидаты, ақын» деп жазып жіберейік. Ренжи қоймас» деп біртүрлі күледі. Өлеңі дәл солай басылды. Ертеңіне аңқылдаған Шөкең: «Қалай тамаша жол тауып кеткенсіңдер? Солай жазу ойыма да келмепті...» деп жүр. Аманқос Мектеп-тегі ­(фамилиясына мән беріп, осылай дефиспен жазатын) – ашық, ақкөңіл азамат. Архивті де көп ақтарған. Ғарифолла Әнестің ­«жұма­лық» деген бір шарасы бар. Жұма күні жұмыс аяғында қалып, еркектерше шүйір­келесу және ашық пікір алмасу. Біріншісіне біз үнемі қатыса бермейтінміз. «Возрастной ценз» келмейді. Бірде «ғылымнан газет суатына құлағандар» таяуда кандидаттық диссертация қорғаған Ш.Керімнің Көктөбенің бір қиясындағы құрқылтайдың ұясындай пәтеріне баратын болдық. Әбекең сол күні сала құлаш мақала жариялап, сәл шаршап қалған... Шәкеңнің үйіндегі жеңгеміз дастарқанға барын қойып жатыр. Пәтердің тарлығы сонша – қабырғаға ілінген кітап сөрелері нақ төбеңде тұрады. Бір жағы қабырға да түзу емес, ғалым жиған кітаптар да үйіліп-төгілген. Қанаты талған Әбекең ара-тұра «мен қалғыған жоқпын» дегендей: «Ана тілің – жаның, ана тілі – барың!..» деп қояды. Дауысын көтерген сайын сөреден дастарқанға, кейде төбемізге бір кітап құлайды... «Әне, «Ана тілі» десем, кітаптар да елең ете қалады» дейді А.Мектеп-тегі... Бұл сөзге бәріміз мәзбіз. Міне, осылай қуана да жүріп, қуанышты бөлісе де жүріп, ғылымнан да қол үзбей «Ана тілі» газетіне атсалысқанымызға ризамыз. Жеке архивімде сол жылдардағы газетіміздің бірсыпыра нөмірі сақталған. Ара-тұра оларды парақтап, азаттықтың елең-алаңындағы арманымызды, сенімімізді еске аламын. Басылым отыз жылдан бері тоқтаусыз елдіктің шырағын жағып келеді. Алдағы жолы да ұзақ және баянды болғай!

1216 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы