• Әдебиет
  • 19 Наурыз, 2020

БӘРІ ДЕ КҮНІ КЕШЕ СИЯҚТЫ ЕДІ...

Сәкен СЫБАНБАЙ, жазушы, журналист

Журналистік қабілет-қарымымды шыңдаған, бүгінде ұлт баспасөзіндегі өзіндік бағыты бар беделді басылымға айналған «Ана тілі» газетінің шыққанына 30 жыл толыпты. Бәрі күні кеше ғана сияқты еді...

БӨЛІМ РЕДАКТОРЫ БОЛҒЫСЫ КЕЛГЕН БАСТЫҚ

Менің 90-жылдардың басында «Ана тіліне» қалай жұмысқа алынғанымды өзінің осы газетке берген мазмұнды сұхбатында Байбота Қошым-Ноғай ағам әдемілеп айтып өткен екен. Соның ізін ала «Ана тіліне» тағы бір мақала ұсындым. Тақырыбы – «Арақ жойылсын! Сол үшін алып қояйық!». ­Аты-жөнімді көрсетпей, әдейі лақап атпен бердім, сол мақалаға азды-көпті қатысы бар жақсы ағаларымды ренжітіп алмайын дедім. Газет бетінде жарияланғаннан кейін «мұны кім ­жазды екен?» деген ­сауал көптің көкейін тескені анық. Бірақ уәде бойынша басшылар менің есімімді құпия ұстады. Соның алдында «Ақ ­желкен» журналына «Отырарды шапқан кім, қорғаған кім?» деген мақалам шыққан. Соны оқыған Жарылқап аға Бейсенбайұлы мені «Ана тіліне» жұмысқа қабылдау туралы бұйрыққа қол қойып отырып, біраз ұрысты: «Сондай зерттеу мақаланы балалар мен жасөспірімдер журналына бергенің не? Бізге әкелсең болмас па еді?». ­Жиырмадан жаңа асқан балаң шағымыз, ненің мәнісін аңғарғандаймыз, әйтеуір білместігімізді мойындап, құтылғанбыз. Расында да, «Ана тілі» газеті 90-жыл­дардың алғашқы жартысында сол кездегі бүкіл Тарих, археология және этнография институты жасауға тиіс жұмыстың ­талайын атқарып шықты ­десек, артық болмас. Орыс пен қытайдың, араб пен парсының жазба деректеріне сүйеніп, өзге тілді ғалымдар жазып берген жасанды тарихтан шаршаған қазақ зерттеушілері, ­зиялы қауым, шығармашыл жастар, жалпы жұрт­шылық бұл шаруаға зор ынтамен атсалысты. Нәтижесінде газеттің ­таралымы бүгінгі басылымдардың қай-қайсысы да қызығатындай дәрежеге – 111 мың данаға жетті! Бұл – халықтың өзінің шынайы тарихына сусап жүрген кезі еді. 1990 жылдың 22 наурызында шөлдің ортасындағы көлдей боп алдымыздан жарқ еткен «Ана тілі» іргелі ізденістерге тың серпін берді. Ж.Бейсенбайұлының өз зерттеушілік қыры да басы ашылмаған дауы көп арғы-бергі тарихымыз бен өз елінде өгей балаша босағада жүрген тіліміздің жоғын түгендер сол басылымның бас редакторы кезінде толықтай танылды. «Төрт құбыламызды түгелдейік», «Толғауы тоқсан туған тіл», «Ұлт болам десең, ұрпағыңды ойла», «Көзіңнің қарашығындай...» және тағы басқа айдарлар аясында ұлт тарихының ұмыт қалған беттері қайта жаңғырып отырды. – «Ана тілінің» алғашқы құрамын жасақтап, айдарларын тауып, бөлімдерді ашып, оларды кімдерге жүктеуді ­ойластырып отырған кезімде «Тілтану», «Елтану» бөлімдеріне өзімнің қатты қызыққаным бар, – деп еді бір әңгімесінде Жақаң. – «Тілтану» бөлімін өзім жүргізсем қайтеді?» деген де ой туды. Сол кезде барып, бас сарашы екенім есіме түсіп кетті... Нәтижесінде «Тілтанудың» тізгінін жоғарыда аталған Байбота ағам ұстады. Ол кісінің жұмыс істеу тәртібі керемет екен. Бөлімге келген материалдарды оқып, сұрыптап, қорытып, кәдімгідей қор (запас) әзірлейді. Бұғалтырлардың есеп-қисап кітабы секілді етжеңді қоңыр дәптерге бас редакторға ұсынылған ­дайын мақалаларды тізіп, әрбірінің тұсына тапсырылған күнін жазып қояды. Газетке жарияланғандарының тұсына белгі соғады. Күніне қанша мақала әзірледі – оны да нақтылап көрсетеді. Басуға жарамайтын дүниелердің ­«жаназасын шығарып», оларды бөлек қаттайды. Ол кезде ұшарымызды жел, қонарымызды сай білетін желөкпелеу біз үшін Бай-ағамның мұндай жұмыс тәртібі кәдімгідей таңсық еді. Үйренуге тырыстық. «Елтану» бөлімін Сағатбек Медеубек­ұлы ағам жүргізді. Ұлттық ұғым-түсінік, қазақы салт-дәстүр, әр өңір­дің өзіндік ерекшелігі, қолөнер шебер­лерінің үздік үлгілері және тағы да басқа тақырыптар нөмір сайын жан-жақты қозғалып жататын. Қазақы жөн-жоралғыны қадірлеуге үндейтін Ахмет Жүнісұлы қарияның өнегелі дүниелері де өте әсерлі еді.

ТҮЗЕУ МЕН КҮЗЕУДІҢ КӨКЕСІН КӨРДІК

Әрине, «Ана тілінің» абыройын асқақтатқан тек тарих пен тіл, салт пен сана мәселесі ғана емес еді. Бірте-бірте басылымның тақырып аясы кеңіп, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени салаларға белсене араласып, ақиқатты ғана жолдас еткен жалпыхалықтық ­газетке айналды. Сол жылдары көзі қарақты әр қазақтың бейсенбі ­сайын таңертең дүңгіршекке жүгіріп, «Ана тілінен» «айырылып қалмауға» тырысқаны – көзіміз көрген шындық. Марқұм Марат Қабанбайдың өткір публицистикасын жұртшылық іздеп жүріп оқыды. Арамыздан ерте кеткен тағы бір аяулы азамат – Жұматай Сабыржанұлының шағын болса да, арадай шағар ащы мысқылдары күлдіре отырып, ойландыратын. Сабыржан Шүкірұлы ақсақалдың, Бекділдә ­Алдамжар, Тұрсынбай Жандәулет, Абай Мауқараұлы ағалардың қоғамдық өмірдің түрлі саласындағы мәселелерді қамтыған мақалалары жиі жария­ланып жүрді. Жауапты хатшы Ертай Айғалиұлы, суретші-сықақшы Төлеген Ильяшұлы ағаларымыз газеттің макетін көрікті етіп көркемдеп қана қоймай, өткір мақалаларымен басылым мазмұнын байыта түсті. Қашанда қабағы ашық, үлкен-кіші демей, бәрімен емен-жарқын сөйлесіп, әзілдесіп жүретін мәшіңкеші Ғайша жеңгейдің дәмді шайы естен кете ме, сірә?.. Ақпарат жағына Раушан Төлен­қызы жауап беретін. Апталық газет ақпарат беру жағынан күнделікті басылымдар мен телерадионың қарқынына ілесе ­алмайды ғой. Сондықтан аптаның ең күйіп тұрған жаңалықтары ғана таңдап алынатын. Әзірленген ақпараттардың астына орыс тілінің оралымымен «Дайындаған Пәленше» дей салмай, «Раушан дайындады» деп қазақша жазу да сол жылдары пайда болды. Тіпті Р.Төленқызының аты-жөнін талай адам «Раушан Дайындады» деп те айтып жүрді. «Ақпарат» демекші, өзі шағын болғанымен, «шашты ағартар» ­шаруасы көп осы жанрды мейлінше қазақы қалыпта беру де алғаш осы «Ана тілінде» қарқын алған-ды. «Журналистің сөз саптау, сөйлем құрауының өзі сірескен стильден аулақ, барынша қарапайым (бірақ қарабайыр емес), оқырманның қабылдауына жеңіл де ұғынықты ­болуы керек» дейтін Жақаң. Бірақ оның бұл талабына бала кезден «қазақ ­совет газеттерінің» ресми реңктегі ақпа­раттарын оқып өскен біздің қатып, тікейіп қалған тіліміз оңайлықпен көне бермейтін. «Фактіні сөйлетсең жетеді, ақпаратқа сенің эмоцияңның, жеке көзқарасыңның түкке де керегі жоқ!» деп, бір бүйірден Марат аға Қабанбай қосылатын. Әйтеуір, екеуі әрбір сөзге, сөйлемге жауапкершілікпен қарап, біз әбден қалыптасқанша түзеп-күзеуден жалыққан жоқ. Мәшіңкеге бір басылған дүние Марат аға жөндеген соң бірнеше рет қайта басылып, кейде тек белгілі бір сөйлемдер мен сөздер ғана қайта бөлек теріліп, әлгінің үстіне ­жапсырылатын. ХХ ғасырдың 90-жылдарының орта шеніндегі «Ана тілі» журналисі үшін қалам мен қағаз ғана емес, желім мен қайшының да күнделікті қажетті құрал болғанына компьютермен ғана «сөйлесетін» бүгінгі күні сену де қиын шығар. Сөйтіп, артық сөзден, қасаң сөйлемдерден «арылып», жіптіктей болған материалға ғана қол қойып, бас редакторға жіберетін. Бұл «қосымша жұмыстың» салдарынан газет номері кешігіп жатыр ма, Мәкең оған тіпті де елең етпейтін. «Барлық материал бетке тап-тұйнақтай боп, таза түсуі керек» деген ұстанымнан ол ешқашан тайған емес-ті. Ал басқа-басқа, тілшінің өз ойын сұрау, оның пікірімен (егер көкейге қонымды болса) санасу – Марат Қабанбай үшін еш ұмытылмас қағида еді.

«ӨЗІМІЗДІҢ ҚАРА ШАЛДАН ҚАРАСАҢДАРШЫ...»

Жазғаныңның жартысы жөнделіп, қырық құрау болған соң, кейде шыдамай кетіп, ызаға ерік бересің ғой. ­Сондайда: «Егер ертең біз баспасөз саласында өз орны бар журналист бола алсақ, ең әуелі осы екі «шалға» рақмет айтатын боламыз» деп жұбататын Раушан әпкем. Расында да, «Ана тілінен» кейін де бірнеше жерде қызмет еттік, сонда «е, бұлар баяғыда Жарылқап пен Мараттың тепкісіне шыдап, сынынан өткендер ғой» деп, қандай қиын жұмысты да сеніп тапсыратын. 90-жылдардағы «Ан-Ақ-Айдың» («Ана тілінің» ақпарат айнасы) жаңа­лықтары – ұлт баспасөзінде ақпаратты қа­зақы бағытта жазу машығын қалып­тастырды. Араға бірнеше жыл салып, Қазақ Ақпарат агенттігінің басшылығына басқа емес, дәл Ж.Бейсенбайұлының таңдалуы да бекерден-бекер болмаса керек. Қаншама жақсы журналистің басы біріксе де, олардан ортақ мақсатқа жұмылған тас-түйін команда құра білу – басшыға байланысты. ­Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов тәрізді аттары аңызға айналған редак­тор­лардың шекпенінен шыққан Жарылқап Бейсенбайұлының ­нашар редактор болуға хақысы да жоқ-тұғын. Қайбір жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде «Жарылқап Бейсенбайұлы – редактор» деген тақы­рыпта дипломдық жұмыс қорғалғаны да есімізде. Яғни Жақаң – өз ұстаздарының атына лайық редактор болды деген сөз. Жақаң газет айдарларының да қазақы болуын қатты қадағалайтын. 1996 жылы мен Роза Рымбаева ұйымдастырған «Жылдың үздік әндері» деген концертті барып көріп, көңілім толмай, ­сынап мақала жаздым. Бұл – «Ана тілі» газетінде қазақ эстрадасы туралы жазылған алғашқы жарияланым ба, немене, әйтеуір өнер туралы айдар (рубрика) таба алмай қиналдық. Мұндайда Марат ағамыздың өзіндік ұстанымы болатын: «Айдар өз аясындағы мақаланың бағыт-бағдарын дәл көрсетіп тұруы керек. Егер мақала тақырыбын «үйдің номері» деп түсінсек, айдар – сол үй тұрған «көше» болуға тиіс. Көшені білсең, үйді тура тауып барасың ғой. Егер көшесін білмесең, пәленінші үйді қайтіп табасың? Адасасың. Сол сияқты...» деуші еді ол. Ал Жарылқап аға ондай сәтте: «Өзіміздің қара шалдан қарасаңдаршы, бәрі де содан шығады», – дейтін. Сөйтіп, ертесіне әлгі концерт туралы мақаланың маңдайына «Өлшеніп, өнер тартылса...» деген жаңа айдарды қонжитты. Сөйтіп, «Қалың елім, қазағым», «Қайнайды қаның, ашиды жаның» секілді Абай өлеңдерінен алынған айдарлардың қатары толыға түсті. ...Қандауырын қаламға айырбас­таған белгілі дәрігер-журналист Абай Мауқараұлымен бір бөлмеде отыратынбыз. Таңертең кабинетке кіре салып, «ассалаумағалейкүм, аға!» деп амандасамын, «халіңіз қалай?» деп өзімше ахуал сұраймын. «Шүкір, жақсы» дейтін ол кісі маған көзілдірігінің үстінен тесіле таңырқай қарап. Сөйтсем, атажұртқа оралғанға дейін Абай ағам өмір сүрген арғы бетте «халіңіз қалай?» деп әл үстінде жатқан адамға айтады екен. Менің сауалым біртүрлі қолайсыз естіліп, құлағына түрпідей тиеді екен ғой, қайдан білейін. Бірақ ол кісінің кей сөзі менің де көңіліме келетін-ді. Біреу, әй-шәй жоқ, құлқын сәріден өзіңізге: «Сәкен, денің сау ма?» деп тұрса, қайтіп қабағың тырыспасын... Бақсам, бұл – ол кісінің «денсаулығың дұрыс па, жағдайың жақсы ма?» дегені екен. Осындай қызығы да, шыжығы да мол жастық кезеңді «Ана тілінің» ­редакциясында өткізгенімді, Жақаңдай, Мәкеңдей, басқа да ағаларым­дай ­тұл­­ғалармен әріптес, қызметтес болға­нымды мақтан тұтамын. «Ана тілі» га­зетінің ұжымын, жалпы осы бір ­ай­­рықша басылымға азды-көпті қатысы бар жандардың бәрін басылымның ­мерейтойымен құттықтаймын! ...Апыр-ай, бәрі де күні кеше сияқты еді...

1410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы