• Тарих
  • 19 Наурыз, 2020

АЛАШТЫ АРШЫҒАН...

Біз әңгімеге арқау еткелі отырған ғалымның өткен өмір жолы тартқан сымдай түзу болмағаны көпке белгілі. Шешеден ерте айырылып, әкесі Ораз Жандосовтың «құйыршығы», өзі «халық жауының» баласы деген қасірет таңбасын тағынып балалар үйінде жүргенде жанына да, тәніне де аямай жара түскен. Қарғадайынан білімге құштар қайсар ұл бастауыш сыныптан кейін Алматыға келіп, №18 мектепте оқуын жалғастырады. Бұл кезде сұрапыл соғыстың аяқталғанына бір жыл болған еді. Мектепті үздік бітіріп, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін қызыл дипломмен тамамдаған. Бір жылдай университеттің өзі бітірген бөлімінде оқытушылық қызмет атқарып, жарты ғасырға жуық Ұлттық Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ғылыми-зерттеу институтында еңбек етті. 

Саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеуге, тоталитарлық саяси-мемлекеттік жүйенің құрбаны болған ондаған, жүздеген Алаштың жақсылары мен жайсаңдарын ақтау ісіне зор үлес қосқанын ерекше атап өтуге тиіспіз. Оны «Алаш һәм Алашорда» атты ­мо­нографиясы мен А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Ә.Ермеков, Е.Бекмаханов, т.б. ел ардақтыларының өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған зерттеулерінен көруге ­болады. Д.Қонаевтың тоқсан жылдығына арналып жасалған фильмде бар мен жоқты салыстыра отырып, артық-кем әңгімелердің астарына па­ра­саттылықпен ой жіберіп айтқан байламды талдауларынан алар сабақ та аз болмаса керек... Көрнекті қазақ тарихшысы, саналы өмірін ғылым саласына ғана арнаған, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Кеңес Нұрпейісұлымен көзі тірісінде ой бөліскеніміз бар еді... – Шынында, қазақтың есесі кімге кетпеді дейсіз. Сол есенің кеткенінен есеңгіреп қалдық қой. Енді-енді еңсе тіктеп, ес жиып келеміз. Әйтсе де, ­санада шегеленіп қалған тор мен ноқтаны толық сыпырып тастай ­алмай, ескі сүрлеуді шиырлай беретініміз де бар, – деп әңгіме үстінде ғалым сәл ойға шомып, асқақтап тұрған ақбас Алатауға көз қиығын салып еді. Сол сәтте ­тауымыз мынау, далиып жатқан даламыз анау, біз кімнен кембіз дегенді ақ сары жүзі айқын аңғартып тұрды. – Тарих ғылымы – қоғамдық ғылымдар саласы бойынша жетекші ­болып есептеледі. Өте кірпияз. Бір әрпінен, бір жолынан қате жіберсең, талайды адастырасың. Бүгінгі тарихты біздің алдымыздағы алыптар жасады. Бұрынғы тарих ­бабаларымыздан қалған. Ертеңгі тарих – бүгін жасалып жатыр. Осы үшеуін дұрыс безбендеу бізге жүктелген. Халық пен қоғам тағдырының сабақтастығы тарих арқылы келешекке барады. Соған қарап кейінгі толқын өткенді біледі. Аттың жалы, түйенің қомындағы заман емес қазір. Парасаттылыққа жүгінетін кезең. Несін жасырамыз, қазақ ­тарихын үш жүз жылмен шектеп, тамыры қураған қу ағаштай қоқитып қойған уақыт та болған. Орыс мемлекетінің қол астына еркімізбен кірдік деп, қазақ ­тарихын сол елдің тарихының бір құрамдас бөлігі ретінде қарастырдық. Орта мектеп пен жоғары оқу орындарының оқулықтарында Ресей тарихы түп тамырынан таратыла айтылып, Қазақстан мен Азия ­туралы бес-алты беттік мәлімет берілді. Үстем ­идеология удан бетер екен ғой. Миымыздың айналғаны сонша, күмән келтірмей, илана беріппіз. Біз табынған Ресейді өркениетке ерте жетті дейтін Еуропа ғалымдары менсіне қоймаған. Олар, әсіресе ­Азияны артта қалған ел деп білді. Мәдениет, өнер тек Батыста деді. Сөйтіп, еуроцентристік көзқарасты орнықтыруға ұмтылды. Көне Грекия, көне Рим бүкіләлемдік мәдениеттің діңгегі деп түсіндіруге тырысты. Бұл астамшылық, яғни тарихқа еуроцентристік көзқарас – Еуропа білім мен ғылымның, өркениеттің орталығы деген өрескелдік кейін – біз патшалық Ресейдің отары, одан соң Кеңес өкіметінің құрамдас бөлігі саналғанда, менің жеке пікірім бойынша, орыстық центризмге ұласты. Осылай деп олар ашып айтпағанмен, бүкіл ­тарих орыс тарихынан басталып, қазақ ­тарихы жарымжан күйінде қала берді. Қазақ қазақ болғалы, одан арғы кезеңдер, көне түркі заманынан бергі төлнұсқалар, тастағы жазулар, әр ­алуан таңбалар, құжаттар бізге көпке дейін белгісіз болды. Сөйтіп, көне ­тарихымыздан айырылып кала жаздадық. Оны айтасыз, орта ғасыр тарихына қатысты дереккөздерін Мұхаммед Хайдар Дулати, Қыдырғали Жалайыри бабамыздың еңбектерін жастар тұрмақ, орта буын сенің, ақсақал дәрежесіне жеткен менің қатарластарым білмей келді. Иә, әлемдік тарих бар, бұдан кейін Шығыс тарихы бар. VІІІ-Х ғасырдан бері ислам әлемі тарихының құрамдас бөлігі екеніміз мәлім. Осының бәрі терең зерттелмеді, зерттелсе теріс баға берілді. Мың бір тәуба деп айтайық, тәуелсіздік алғаннан кейін теріс қадам оңға басып, ұлттық рух ­оянып, көзден тасаланған, тарыдай ­шашып, ­тамырына нәр бермей суалтпақ болған құндылықтарымызды жаңарта бастадық. Әрине, бұл бір күннің не бір жылдың жұмысы емес. Өмір бойы құм мен судан алтын іздегендей тірнектеп жиып, тірілтер дүниелер. Бұған ыждағатсыз тірлік, атүсті іс, терең зерттемей, зердеден өткізбей үзіп-жұлқып байлам айту ешкімге опа бермесі анық. Қайта кейінгілер біздің тасқа басып қалдырған үстірт, бір-біріне қарама-қайшы байламдарымыздан ­шатасуы ғажап емес. Олай болса, ­тарихты талдауда, оны орнықтыруда өте сақ болып, тек парасатқа жүгінуіміз қажет. Көргені көп, көңілге түйгені де мол ғалым осылай деп бір түйіп тастап, өзі елу жылға жуық табан аудармай, еңбек еткен институттағы жұмыстар жайына да кең тоқталып еді. – Журналистер «Шерханның шек­пенінен шықтық» дейді. Біздер анау алыптардан кейінгі Ақаңның – Ақай Нүсіпбековтің, өзге тарихшылардың шарапатын көріп өсіп едік, – дей келіп, ол күні кеше құстың қос қанатындай болып бірге өскен, бірге жүрген ­замандасы, академик ­Манаш Қабашұлы Қозыбаевты еске түсірген болатын. Бұл да өмірден өткен ­замандасын бағалаудың, ізетпен ойға алып, ілтипат танытудың үлгісі секілді көрінген. Жалпы айтулы ғалым алдыңғы толқын ағаларына, замандастарына, кейінгі толқын інілеріне, алғыр шәкірттеріне ерекше құрметпен қарауды өзіне парыз санайтынын әр әңгімесінен байқатқан еді. – Сол асыл азаматтың жетекшілі­гімен Қазақстан тарихының жаңа тұжы­рым­дамасын жасауға жұдырық­тай жұмылып қатыстық. Тезис түріндегі тұжырым­дамада қазақ ­тарихы, Казақстан тарихы бірінші кезекте – әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі ретінде қаралды. Шығыс әлемінің, мұсылман әлемінің ­тарихымен сабақтас екені нақтыланды. Соңғы мәселені тереңдете түссек, ­ислам, будда, ­христиан діндері, бұл – діндердің ғана жиынтығы емес, мәдениеттің де жиынтығы екенін естен шығармағанымыз ләзім. Тұжырымдамада бұл да жан-жақты талқыланды. Біз тап күресі қоғамның қозғаушы күші деп, өткен-кеткен тарихқа таптық тұр­ғыдан қарадық. Кеңестік дәуірдегі идеология осы таптық күреске негізделген. Барлық рухани өміріміз сол тоқпақпен бақылау жасалып, нәтижесі соған сай зерттелді. Жоғарыда айтқанымыздай, ел ­болып, ту көтерген соң әлгі идеологиядан арылып, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихын жасауға кірістік. ; Соның бірі әлгі тұжырымдама еді. Бұған Отанымыздағы іргелі оқу орындары ҚазМУ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «кәрі» ҚазПИ – бүгінгі университет те өз үлестерін қосты. Ендігі бір мәселе, кейбір азаматтар үлкен тарихтың үлкен теориясы, ­тарихи философиясы болуы керек дейді. Дұрыс әңгіме. Теориясыз, философиясыз тарихты іздей берсек, жай хронология не шежіре сияқты болып шығады. ­Дегенмен, менің пайымдауымша, тарихтың жалпы тірегі – дереккөздері. Алдымен біз сол дереккөздерін ­жинап, сұрыптап, зерттеп пайдалана білуіміз керек, – деп бір тоқтаған ғалым дереккөздері XVІІІ ғасырдан бері мұрағат қорларында жинақталғанын айтқан болатын. Қазақ жерін зерттеген жүздеген, мыңдаған экспедиция мүшелерінің көбі жеріміздің байлығымен қоса, қазақ кандай халық, кандай құрамдас бөліктерден тұрады, тайпа-ру деген не деп барлау қызметін жүргізіп, ақыры халқымыз бодандыққа түсіп, жеріміз отарланып кеткенін нақты дәлелдермен алға тартқан еді: – Әрине, олардың арасында да жақсы адамдар аз болмаған. Жазып қалдырған еңбектерінде ел өмірінің ақиқаты жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Әсіресе, ­айдауда болған өзге ұлт өкілдерінің жөні бөлек. Олар тырнағын ішіне бүкпеген, шындықтан ауытқымаған. Оған ­Тарас Шевченконың мұралары мысал бола ­алады. Қазақ тарихының көне дәуірінен орта ғасырға дейінгі құжаттар шығыс тілдерінде сақталғаны белгілі. Орыс мұрағаттарында жинақталған негізгі құжаттар – қазақ жеріне орнығып, қызмет істей бастаған отарлау аппа­ратының басқару жүйесіне, билеу тәсіліне байланысты құжаттар, шенеу­ніктердің сапырылысқан жүрістері, жазысқан хаттары, жіберген ақпараттары, т.б. Ал халықтың, ұлттың шын ­тарихына қажет құжаттар жинақталмаған. Кенестік дәуірдегі 80-90 пайыз құжат­тар негізінен партиялық, таптық принциптен, коммунистік идеология бағыттарынан тұрады. Тіпті баспасоз беттеріндегі дүниелер де сол тектес. Академик ұлттық тұтастықты ойлаған ХІХ-ХХ ғасырдағы зиялы кауым өкілдері, Алаш қозғалысының қайраткерлері туралы әңгіме өрбіткенде жүзі әлденеше құбылып, 20-жылдардағы қуғын-сүргінді, ­1937-1938 жылдардағы зобалаңды есіне түсіргенде тіпті түтігіп кеткен еді. – Сол алыптардың өздері секілді, рухани дүниелерін де тұтқындады ғой. Бірақ арам пиғыл дегеніне жете ­алмады. Өздері ақталды, мұралары қайта жаңғырып, халқына оралды. Қаймағын қалқып алған соң ба, сондай ұлылардан ұзақ жылдар тапшылық көргеніміз ­шындық. «Су сүзілмейді, ­тамыр үзілмейді» деп, кейінгі ұрпақтан сондай мықтылар шығады деген үміт сәулесі дәйім жанға жылу беріп келеді, – деген ол сәл тыныстап алып, сөзін қайта жалғады. – Біз Алаш азаматтарын білмей өстік. Олардың соңғы тұяғы кеткенде мен екі жаста екенмін. Білгендер тілін тістеп, ішінен тынды. Ол кездегі тарих екі бағытта зерттелді. Біріншісі – партия тарихы, екіншісі – азаматтық тарих еді. Мен азаматтық тарих маманы болдым. Кеңес өкіметі калай орнады, Азамат соғысы қалай жүрді, ақ пен қызыл қалай соғысты, Казақстанда Кеңес өкіметінің орнау ерекшелігі және басқаларды зерделедім. Материал жинау үшін мұрағат ақтарып, Мәскеудің, бұрынғы Ленинградтың (казіргі Санкт-Петербургтің) кітапханаларында отырдым. Сонда арагідік «Алашордашылар революцияға қарсы болды, өз халқын сатып кетті» деген ­хабарларды кездестіретінмін. Бұлар кім ­болды деймін іштей. Ондай дүниелерді бұрын кездестірмегенмін. Зұлмат ­жылдары өзімізде барды өртеп жіберген ғой. Ешкімге ашып айтпағанмен, оқығандарымды кағазға түсіріп алып жүрдім. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың қазақ жұрты үшін зәру мәселеге айналған жер қатынастарын терең білу, сол арқылы бір тұжырымға келу мақсатында Щербина экспедициясына қатысқаны жөніндегі құжат және 1917 жылға дейінгі біраз еңбектері де сол жолы қолыма түсті. Бір басылымнан Ахмет Байтұр­сынұлы­­ның мақаласын оқыдым. Онда ол қазақтарға Ақпан революциясы жақын, ал Қазан төңкерісі түсініксіз болғанын, бізде анық көрініп тұрған тап күресінің жоқ екенін жазыпты. Жасыратын не бар, заманына қарай адамы деген, алашордашылар туралы мен де әртүрлі жаздым. Бұл арқылы ұлылар алдында қателескенімді ­мойындаймын.Кешірім де сұраймын. Мен мұны бүгіп қалмай, айтып та жүрмін. Темір құрсау сыр беріп, сыры кетіп сыры ашыла бастағанда сол қатені түзетуге тырыстым. 1989 жылдан бастап, Алаш ­азаматтарына телінген қара дақтың бәрі жала екенін зерттеп, зерделеуге үздіксіз қатыстым. Үлкен азамат, мықты журналист Камал Смайылов жұмысын әлі тоқтата қоймаған партия тарихы институтында «Алаштың ақиқатын кім айтады?» деген тақырыпта пікірталас өткізді. Оған Манаш Қозыбаев, Әбу Тәкенов бастаған еліміздің белді де беделді ғалымдары қатысты. Тұмылдырық кигізіп, тұмшалап келген ақиқаттың беті ашылды. Тұрсынбек Кәкішев ағамыз сарт-сұрт мінезіне сай «Жасырып, бүкпей шындықты айтайық!» деген мақаласын жариялады. Григорьев екеуміздің журналға дайындаған дүниемізді сол кездегі ­«Егемен Қазақстанның» бас редакторы Шерхан Мұртаза сұратып алып, жарқ еткізіп шығарып жіберді. Содан бастап, Алаш тарихына шындап кірісуге мүмкіндік туды. 1990 жылдары Тарих институты бар, өзім күш салып жүріп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына рұқсат алып, жарты жыл тапжылмай отырып зерттеу жүргіздім. Алаш қайраткерлерінің кім болғанын сонда анық білдім. ­Албырт кездегі әбестігіме қатты өкініп, ­саяси қуғын-сүргін құрбаны болған әкем Нұрпейістің рухына арналған «Алаш һәм Алашорда» деген кітап жаздым. Ол саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған алғашқы еңбек еді. Оны бар жиған-тергеніміз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан аласапыран кезеңде, иманды болғыр Байзақ Қожабекұлы Албани өзінің «Ататек» жекеменшік баспасынан тегін шығарып берді. Зұлымдықтың сан түрі болады екен. Мұны мен осы шақта, материал жиған кезде көз жеткіздім. Атақты Алаш азаматтарын ­былай қойып, бөлімше бастығы болған менің әкемнің Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 58-бабына сәйкес сотталып, 1943 жылы Карлагтың бір лагерінде қайтыс болғанының өзі-ақ көп нәрсені аңғартады. Сөйтіп, Алаш менің бас тақырыбыма айналып кетті, – деп ғалым өз ойын осылай бір қорытып алып еді-ау! Ғалымның бірнеше шәкірті ­Алашорда қайраткерлері туралы диссертация қорғағанын, өзі бастап бір топ азаматтармен ұлттың рухани дүниесіне ұйытқы бола білгенін, қазақ тарихын жазуға үлкен үлес қосқанын, 1925 жылы Махамбет өлеңдерін алғаш шығарған, мамандығы дәрігер Халел Досмұхамедов туралы кітап жазып жатқанын тілге тиек еткен болатын. – Қазақстанда 27 лагерь, екі мыңнан аса нүкте болған. Оған Степлагты қосыңыз, ол аз болса АЛЖИР-ді алыңыз. Бұл жерлерге Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кетеді. Тек біздің елде 1937-1939 жылдары 100 мыңнан астам адам саяси айыпкер ретінде сотталған, 25 мың адам атылған. Осы сұрапыл кезеңдердің сұмдығын әшкерелейтін екі бөлімнен тұратын қолжазбаны әріптестеріммен бірігіп, әзірлеп қойдық. Оның бірінші бөлімі XX ғасыр басынан бастап 1941 жылдарды қамтыса, екінші бөлімінде 1941 жылдан 1990 жылдың басына дейінгі оқиғалар желі тартады. Ғалымның зерттеу еңбектеріне, айтқан уәждеріне қарасақ, 20-30 жылдарда жылымық кезең екен. ­Алашорда қайраткерлерін тарих сахнасынан күштеп кетіргеннен кейін, зиялы қауым қуғын-сүргінге көп ұшырамаған. Біраз қайраткер мерзімдік басы­лымдарда істеп, жоғары, орта білім беретін оқу орындарында қызмет атқарған. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылы құрылған кеңестік негіздегі Қазақ автономия­лық республикасының білім комиссариатын, 1921-1922 жылдары академиялық орталықты басқарған. Мұны Ұлттық Ғылым академиясының бастауы болған десек жарасады. Мұхтар Әуезов Қазақстан орталық атқару комитетінің хатшысы (қазіргі Мемлекеттік хатшы дәрежесінде) қызметінде істеген. Орта Азия уни­верситетінде сабақ берген. Санжар Аспандияров тұнғыш ректор болса, Мәскеудегі Шығыс халықтары баспасына Нәзір Төреқұлов жетекшілік етіп, Ахмет Байтұрсынұлының «Жиған-тергенін» (Абылай, Наурызбайларды жоқтау), Мағжан өлеңдерін шығарған Қошке Кемеңгерұлы қазақ тарихына арналған еңбектерін, Мұхтар Әуезов «Қараш-Қараш оқиғасын», Қарқара көтерілісін суреттейтін «Қилы заман» шығармаларын жазған. «Қазақтың жер тағдыры» деген толымды дүние жарық көрген. Бұл нені көрсетеді? Алашты сахнадан тайдырғанмен, рухын өшіре алмаған. Оларға іш тартатындар қарсылықтарын жоғарыда аталған еңбектерімен білдіріп отырған. Төніп келе жатқан тоталитарлық жүйені қол қусырып құптамай, өз наразылықтарын сездіріп, ұлттың жаншылып кетпеуіне білім-біліктерімен күш салған. Ұлтын сүйіп, халқын әспеттеп, ата қонысты ардақтау деген осы шығар. Жан-жағынан құрсаулап келе жатса да сондай ерліктерге бару, нағыз жүрек жұтқандық емес пе?! Сол арыстар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген тұста, оны көру бақытына ие болған ұрпаққа дәл осындай жанкешті қайсар қасиет, естір құлақ болса, бүгін керек болып тұрғаны айдан ақиқат. – Шын тарих – талғамды қажет етеді. Мықты дереккөзіне сүйенеді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары тарихшы көбейді. Жазушы, журналист, зейнеткер ағайындар да дүбірлетіп, дүркіретіп жазды. Партия-кеңес қызметкерлері де қалам тербеді. Көне дәуірден осы күнге дейінгі қазақ тарихын таратып айтып жатты. Оның біразы мектепке, жоғары оқу орындарына оқулық ретінде ұсынылды. Кешегі партия тарихымен айналысып жүрген ғалымдар дағдарысқа ұшырап, арасында басқа жұмысқа ауысып кеткендер де, көзқарасын жаңаша қалыптастырып, ел тарихына үлес қосқандар да аз болмады. Молдалардың арасында дүмшелер ­болады деп жатады. Дүмшелік ­тарихшылар арасында да кездеседі. Тарихи кезеңдерді бір-бірімен салыс­тырмай, жекелеген бір дерекпен ­байлам айту еш абырой әпермесі белгілі. Біз бұрын билеушілер өз дегенін істеп, ­тарихымызды бұрмалады дедік. Енді оны түзету, түгендеу, шындық тұрғысынан кейінгіге жеткізу, өз мойнымызға жүктелді. Мұның салмағы өлшеусіз ­болып тұр. Осы жерде менің ойыма ­Джавахарлал Нерудің қызына жазған хаты түседі. «Үстем күш өз ­тарихымызды жасырып, оқытпай келген, өйткені тарихымызды білсек, біз бас көтере бастаймыз» депті. Осы сөздердің тұсына біздің данышпан жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Біздің тарихымыз да солай жазылған» деп ­жазып қойған екен. Ендеше, көне дәуір, орта ғасыр, өткен кезең, қазіргі заман – бәрін де ұлттық тұр­ғыдан, алдымен қазақ тілінде жазуымыз керек. Сонда ғана кейінгі ұрпақ шатаспайды. Осы күні мектепте, жоғары оқу орындарында көп талқысынан өткен тарих оқулығы кемде-кем. Оқушы қалағанын оқысын деген «демократия» бар. Бұл әлгі дүмшелер жазған дүмбілез оқулықтарға жол ашты. Кейбір азаматтар өзі жоқтың сөзі мен ойын пайдаланатын кесел көріне бастады. Бұл жақсылықтың жоралғысы емес, кімді кім біліп жатыр, білгір мен ғана дей салу ұят іс. Тақырыпқа қатысы бар кісілерді еске салып отыру қажет. Тарихтың жаманы жоқ. Жаманы – сабақ алу үшін, жақсысы – үлгі алу үшін қажет. Қазақ – мәуелі бәйтеректей халық. Бәйтерек – үлкенді-кішілі бұтағымен, жүрекше жапырағымен, тереңге тартқан тамырымен мәуелі. Тамыры қураса, бұтақ пен жапырақ өспейді. Күндердің күнінде бәйтерек құлайды. Бұл тағылым болсын деген сөз. Осы күндері батыр көбейді, жақсы көбейді. Бұл орнымен болса, қолдауға болады. Бірақ кейде қызды-қыздымен оларды Абылай хан мен Абайдан асырып жіберетін тұстарымыз бар. Тек таласы да көрініс беріп қалады. Ата салыстырудан өз тұрғымыздан бір-бірімізге есе жібермеуге, қалайда асық тұруға тырысамыз. Әлгі «Ұлық болсаң – кішік болды» «бас-басына би болу» ­басып бара жатқандай. Кім болсаң да, кім болсақ та қазақ деген алып бәйтеректің біріміз – бұтағы, біріміз – жапырағы, тарих тағылымы – тамыры екенін естен шығармасақ екен... Елдік, ұлттық, халықтық мәселелер жөнінде осылай ой өрбіткен академик келесі сәтте басқа бір әңгімені бастаған болатын. – Қалай десек те, бұл сызып тастай алмайтын құндылықтарымыз, осыны шама жеткенше зерделеп, сыңар езулемей тарихтағы әділ бағасын беруіміз керек. Өзіміз ақтаңдақтарды ашына жазып жүріп, көрген-білгеніміздің ақ-қарасын анықтамай, артымызға тағы да ақтаңдақ қалдырып кетуге болмайды. Кейде осындай мәселелерді ­жетеге жеткізбегендіктен бе, қым-қиғаш пікірлер айтылып жүр. Соның бірі – қазақта зиялы қауым бар ма? Кеңес дәуіріндегі әдебиетті құндылық деуге бола ма дегенге ­саяды. Басқа басқа Алаш қайраткерлері Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халел, т.б. зиялы емес деп кім айта алады? Бұлар да кеңес кезінде ұлтқа қызмет етті. Ж.Тәшенов, Ө.Жәнібеков, т.т. Алаш партиясының бағдарламасын жеті адам жазып шыққан. ­Арасында Ахмет те бар. «Оқу-білім» бабы ­Ахметке тиесілі. Себебі онда айтылған ­ойлар – оның еңбектерімен ұштасып ­жатыр. Қазақтың ұл-қызы бастауыш білімді тек қазақ тілінде алуы керек. Ана сүтімен дарыған, ана тілімен ­сауат ашқан бала өз бағасын біледі. Басқа тілді еркін меңгереді деген де сол Ахмет. Біз осыны мүлтіксіз орындап жүрміз бе? Өздерін зиялы санайтындар ұлы ұстаздың осы айтқандарын орындап жүр деп айтуға менің аузым бармайды. Орындаса, «шала қазақ», «жаңа қазақ» қайдан шықты? Одан бері келсек Мұхтар Әуезовті, Қаныш Сәтбаевты, Күләш Байсейітованы, Әлкей Марғұланды, Бауыржан Момышұлын, т.б. қайда қоямыз? Бұлар зиялы емес пе? Әлем мойындаған «Абай жолы» құндылыққа жатпай ма... «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ламасының жүгі Ұлттық Ғылым академиясының қоғамдық ғылым­дарына жүктеліп отырғанын тілге тиек еткен ол, бүкіл бір елдің тарихын үш жылда жазып та, шығарып та үлгеру мүмкін емесін, әйтсе де рухани дүниені танып-білуге бет бұрыстың бас­талғанын құптайтынын, халықтық іске әрқайсымыз иненің жасуындай болса да үлес қосуымыз керегін айтқан еді. Жиналыста сөйлеп, мерзімді басылымға бірлі-жарым мақала ­жазумен шектелмей, сала-­сала ­бойынша түбегейлі зерттеулер жүргізуіміз қажет деп сенген академик-ғалым Жетісу өңірінің арғы-бергі тарихын, мәдениетін, археологиясын, жер байлығын, қазақ жұртының, өзге этностардың, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жариялап тұратын «Туған өлке – Родной край» деген журнал шығарып жүргенін айтқан болатын. Ғалымның қай еңбегін қарап отырсаң да қазақ топырағынан шыққан арыс­тарды өз халқымызға, өзге жұрттарға танытуға ­арналыпты. Т.Рысқұлов, Х.Досмұхамедов, О.Жандосов, Е.Бекмаханов және басқалар ­туралы жазған еңбектерінің жөні бөлек. Әсіресе, айтулы тарихшы, ­аяулы азамат, қайсар талант Ермұхан Бекмахановтың 1948 жылы азуын айға білеген мықтылар арасында талқылауға түскен басты кітабы «XX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясының стенограммасын, оның адал жары Халима Адамқызымен бірігіп жариялауы оқырманды ерекше қызықтырғанын айта кетуіміз жөн. Академик-ғалыммен әңгімелескен сол сәттен бері де талай заман ­аунап өтіпті. Туғанына 95 жыл толу мерейтойында сол ғибратты сөзді оқырманға ұсынғаным да жөн болар-ау деген ­оймен сол бір уақытта ­диктофонда қалып қойып, көпшілікке жетіп үлгермеген әңгімені қағаз бетіне түсірдім.

Сүлеймен МӘМЕТ

1287 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы